1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
19 қыркүйек 2017
Мен жеңiлдiм сағыныштан iште өлген...

ЖЫЛҚЫ ЖЫЛАҒАН ЖЫЛ
Жауға мінсем – айбарым,
Тойға мінсем – жайнағым,
Төбемдегі – байрағым..
«Көкмойнақтың үйірі»

Белгісіз бірнеше жыл бұдан бұрын,
Тырнағын қанға малып қызарды күн.
Келеді салып ұрып он қаралы,
Сапырып құмын шағыл Құландының.

Алыстан қыбырлаған кімдер еді,
Біздерге болмас па еді бір дерегі.
Айырмай жау мен елді тас боп қатып,
Терекбай тілін жұтып, үндемеді.

Бәйбіше бәйек болды қазан асып,
Немере қыңқылдайды жағаласып.
Қобырап шашы кетті желмен ойнап,
Тәйтек ұл орамалды ала қашып.

Үрейін кеудесіне қысып, бетті
шымшылап тұла бойы ысып кепті.
Келе сап кәуміс неме кәрін төкті,
Қолынан кәрсен кесе түсіп кетті.

Бір жендет шапшаң басып иек қақты,
Командир жантайды кеп жиекке әккі.
Әкеңнің құны бар ма, – деп еді шал,
Бердеңке ыс етті де, сүйек қапты.

Үй ішін тінтіп әуре қораш төбет,
күбіні қотарды кеп олақ неме;
Тұрғандай бір ит аз боп кәпір жатты,
«Кәмпеске! Приказ!» деп, – тамақ кенеп.

«Аллалап» үй иесі тұрды атылып.
Саумалап жылқы айдалды, із жасырып.
...Бір қылын қалдырмады туған үйге,
Ұрлығын командирдің түн жасырып.

Ішіне құпияны бүккен дәйім
Үрленген дала жатты күпсердейін.
Сызылып мыстансиды қиянат-қыз,
Үзіліп қою түннен түскендейін.

Шал қалды, кемпір қалды нәумезденіп.
Шықты кеп аяқасты ән де өзгеріп.
Жылқысы кіл көкмойнақ бұл өңірдің,
Үркітіп алмаңдаршы таңмен келіп.

ҚАРАША ТУҒАНДА
Әжем шашы секілді түскен аппақ,
Тереземнің алдына шық қонақтап.
Қара суды жағалап қаз кеткенде,
Өлең жазам күйдіріп іштегі аптап.

Қарындас жұрт қалбаңдар қарашада,
Қазан-ошақ жанында бала-шаға.
Етек жиып елеңдеп ертеңшіл ел,
Қауқылдасып жатады оңашада.

Қиқар-қаңтар тоз-тоз қып түмен елді,
кеткенде апам бір аунап түрегелді.
Жанашырым мен келсем жан ұшырып,
Қарашығым! – деуші еді күрең өңді.

Күпілі елдің айтқанын көп екшедік,
Мұқым ердің ішінен бөлектеніп.
Тарығып өскен жоқпыз, таң бозында –
«Жарығым!» деген дауыс қорек болып.

Қалмаса егер кеудемнен үміт сөніп,
күлік мінем алшайған, ұлық болып.
Жұртқа жат боп, ат мініп, ұртта – малта,
Мұрт та шығып келеді түбіттеніп.

Тұл тірліктен талғажау тоят тауып,
Тоқмейілсіп жүр едік, ой ақтарып.
Түзде түтін түтеткен түндік керіп,
Біз де кеткен екенбіз саяқтанып.

Күз келгенде қаз даусы құмық шығып,
Қызығымды барады ұмыттырып.
Қараша айы – қартайтар мезгіл екен,
Шығатұғын батпандап, күліп кіріп.

ЖАЗМЫШ
(Фариза шешейге)

«Адамша өмір сүріп, ақынша
өле білген...»
М.Цветаева


Тарықтырды жалған-достың сұсы қай?
Құйылғандай қасық қаным құтыға-ай.
Иір-иір жол торабын қақ бөліп,
Аят оқып отыр дейді бүкір Ай.

Мені өмір күлімсірей кекетпек,
Бұл дәуренге қарайласаң сөкет көп.
Арыз айтып ап кетіпті ақынын,
Ажал деген досы келіп жетектеп.
(«Осы ғұмыр саған, күнім, жетет!» – деп.)

Тірсегімді тікен тіліп боз құштым,
Құзға қарай сүйрелейді озмыш күн.
Бозінген жел бода-бода боздайды,
Жасын сығып жанарынан жазмыштың.

Қараша ауыл қабағына шық тұрып,
Жанарынан жас ыршиды тұп-тұнық.
Әлсін-әлсін бата оқиды Қаңтар-шал,
Қарағайдың белін әрең бүктіріп.

Қырат жақта сыбызғы-жел еседі,
Желмен еріп Ару жүрген деседі.
Ақ құба қыз ән айтпайды дейді жұрт,
Қар қызының әнін айтқан кешегі.

Қауқар құрып қыл бұраудан сытылып,
Құтылмады ақын сөзден ұшынып.
Тамағына тас кептелген бұл ғалам,
«Ақын өлді!» дей алмай тұр тұтығып!
Ей, Жалған!

ТОПЫРАҚ
(Хикая)

Біздің елде өсек гу-гу еседі.
Рас? Өтірік?
Жақсылық болар е, тегі!
Алшағырдың елге кепті баласы.
Түгелбай ма?
Шау тартыпты деседі.

Бірнеше күн біздің жұртта дамыл жоқ,
Түкең келді! Сүйінші бер, Сабырбек!
Қайтсін енді?
Туған жер ғой! Топырақ!
Келген екен дұғалары қабыл боп!

Кісінесіп айыр қырдан кіл қасқа,
Шаң бұрқ етті ашылғанда зіл қақпа.
Қазан қайнап, бәйбішелер бәйек боп,
Ұры көсеу дамыл-дамыл кірді отқа.

Үш шомбал ұл отын етіп бұтақты,
Үйге әкелді толтырып ап құшақты.
Төбел үйдің түтетіп көк түтінін,
Алшағырдың өшкен отын тұтатты.

Маңдайына осы күнді жазғанға,
Түгесіліп, табаны һәм тозғанда.
Күбірлейді көзін сүртіп жеңімен,
Көктемдегі қиқулаған қаздарға.

– Осы күні қайтқан еді шешеміз, –
деп сұрланды.
Азап көрдік неше біз?
Темекісін ұзақ тұрды сорғыштап,
Кешеу түні қас қарайып көкеміз.

Бүкшиді ағам шөгіп жатқан үлектей,
Тұнжыраған мен емеспін, түнек қой!
Туған жердің топырағы бұйырып,
Түгекеміз елден кетті жыл өтпей.

Біздер рас, сөйлейміз ғой кейде өктем.
Мен не істейін, ойхой көктем, ой, көктем!
Жоқтау айтып таң азаннан кер байлап,
Далақтап жүр Үртай кемпір көйлекшең.

Адам жетті қырқы өткен күн кеденнен,
Хабар көпті құлазытты дегенмен.
Басқа ештеңе айта алмады бас шұлғып,
Топырағы торқа болсын! – дегеннен.

ЫМЫРТТА
Көктем кеші. Зауза-мамыр. Іңір. Бақ.
Кектенбеші, ұғысайық cыр, ымдап.
Сосын... сізбен жүре бердім ақырын,
«Желсіз түнде жарық айды» ыңылдап.

Екеумізге сонда кешкен күй мәлім,
Сондай шақтан естеліктің жи бәрін.
Ақ жүрегім буырқанып бақ іші,
Қолыңды ұстап ақ раушан сыйладым.

Мүлгуіндей ұзақ қоңыр бесіннің,
көз алдымда есінейді есіл күн.
Мен жинаған ақ раушанның...
...солып қап,
әнтек өмір сүргеніне өкіндім.

Көйлегіңді жел ырғады күлгін көк,
Үркер аумай... ауды ма екен... күлдің кеп.
Нәзік қана саусағыңмен раушанның,
Күлтешесін жұлдың сосын бір-бірлеп.

Екеуміз де сонау түні гөзәл ек...
Көз алдымда желді құшып сөнеді от.
соға бер де, сола көрме, жүрегім,
Дәл сол күнгі ақ раушандай...
Жо-жо-жоқ...

***
Көктем енді келмейді – бәрі өтірік,
Бұрынғыдай болмайды әуе тынық.
Мен ұнатқан қыздайын қайрылмайды ол,
Сәл мұңайып, бұртиып және күліп.

Құлағымның түбінде – әулекі жел,
Ойнақшиды түнімен әуре етіп ол.
Нем бар еді әу баста таң ернінен,
Төгілетін сүйісіп сәулесімен?

Келсе ендігі болмас па бір дерегі,
Cуық торғай дір етті іргедегі.
Сығымдалған іштегі ойларымды,
Бір-ақ сәтте қалғыған түн көмеді.

Маужыраған, ызыңсыз үр қаланың,
Жұлдыздары жамырап
...бір қарадым.
Ұзақ кеткен ғашығым кеп қалардай,
Үміт етіп күзетем түн жанарын.

Бұлт жауады аулақта жаяу-жалпы,
Тереземнің түбіне таянғансып.
...Шыныменен келмей ме көктем биыл,
Мені қойшы, көкемді аяңдаршы.

***
Сенің үйің – үш қабатты жалқы есік.
Кеше... кеше дүниені тәрк етіп,
Жасыңды әрең тыйып алып сен кеттің,
Ашылмады ол, жабылғалы тарс етіп.

Кері айналып соққамын жоқ, іздеген
жоқпын қайтып, қателестік біз неден?
содан бері арбайды кеп қылымсып,
жанарымнан ағып түскен қыз бәден.

Жүрегіме қадалды кеп сан ине,
білегіңнен ұстап алып фәниге
алып келген мен емеспін, кешірші,
сен періште емессің ғой, әрине.

Мен жеңілдім сағыныштан іште өлген,
Содан бері есі түзу түс көрген
емеспін мен, тіреу тапқан боп жүрмін,
түсініксіз физикалық күштерден.

Менің мына дертіме енді дауа жоқ,
сияқты боп көрінеді ауа көп –
бірақ-бірақ бәрі маған тымырсық,
сенен ғана тұратындай тарап от.

Сенің үйің – үш қабатты қоңыр үй,
қуанышқа, ренішке толы күй
мазаңды алып, мезі қылды, түсінем
меңдеп кетіп ішіңде өлген жегідей.

Сенің үйің – соңғы көше, қоңыр үй...

***
Сілбі жаңбыр құшағына көміліп,
Жылап тұрған шықты көрдім егіліп.
Қою түннен біз махаббат іздейміз,
Тудық деші не біліп?!

Қызыл шақа таң шашады аппақ нұр,
Сен де, қалқа, осы маңға аттап кір.
Жақындасаң ұшып алыс кететін.
Бақыт деген сияқты екен бақбақгүл.

Бала шақтан жүрген кезде бал татып,
Кетті көктем қабырғамды қаусатып.
Алқымыңнан көк шәліңді шешіп ең,
Үнсіз сосын бұрымыңды тарқатып.

Найза-кірпік нәзіктікке шаншылған,
Не күтеміз көктем дейтін маусымнан?
Жасқанбашы, гүл мінез қыз, өтінем,
Менің әлгі қарлығыңқы даусымнан.

Өзегіңе тұмшалайсың не сырды?
Өпкен кезде кербез самал бетіңді.
Бақ дегенің бір-ақ сәттік екен ғой,
Сендік мөлдір көздің жасы секілді.

Керімсал жел көктем көзбен тұр ұлып,
Байқатарын кім біледі жылылық?
Көк шәлің тұр көлбегейлеп көл бетін,
Сосын... сосын... көк аспанға ілініп.

Құс қанаты жауған кешті көрдім мен,
Естелік пе сол күннен?
Байқаған ем нәзіктеу бір дірілді,
Сәл кезерген ерніңнен.

Сілбі жаңбыр, кел де тағы құйып кет,
Құшағыңда тұрайықшы ұйып көп.
Келер деумен күтіп жүрмін мен бақты,
Көк шәліңді иіскеп...
Сен...
Сен сүйіп кет... 

Абай ОРАЗ 1994 жылы 16 желтоқсанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар