1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
19 қыркүйек 2017
«Алатау алабында»

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер орталығының ашылғанына жыл толды. Қалың көрерменге есігін айқара ашқалы бұл театр түрлі қойылым-концерттерімен көпшілікті рухани қуанышқа бөлеп келеді. Таяуда ғана сондай бір керім кештің куәсі болдық. Бұл жолы да дәстүрлі өнер ордасының іші тыңдарман қауымға лық толы. Мұнда кездейсоқ келген адам жоқ. Жұртшылық төл өнеріміздің інжу-маржанынан ләззат алуға әлдекімнің айдауымен емес, өз жүрегінің қалауымен келеді. Мұның өзі зор ғанибет емес пе?

Эстраданың даңғаза айқайынан мезі болған жұрт бір уақ шынайы саф дауысты естігісі келеді. Қайда барсаң да фонограмма. Мұндайда құмарыңнан шыға ән тыңдау мүмкін емес. Сосын қайда барасың? Үйіңде тыныш жатасың. Осы кемшін тұсымызды «Алатау» дәстүрлі өнер ордасы толықтырды. Дәстүрлі өнер ордасының тізгінін жуырда танымал жыршы-ғалым Берік Жүсіп ұстаған еді. Кәсіби өнер иесінің қолтаңбасы кештің мазмұн-мәнінен анық көрініп тұрды. Өнерпаздар сахнаға бұрынғыдай кезек-кезегімен шыққан жоқ, ер жігіттер төрде малдас құрып отырды. Айнала қос етек, бұраң бел қыздар. Көз тоймас көркімен орта толтырды. Кештің шымылдығын күміс көмей әнші Сәуле Жанпейісова халық әні «Иә, пірім-аймен» ашты. «Япур-ай» атауымен Бекболат Тілеуханның орындауында біздің құлаққа сіңісті болған бұл ән Сәуленің айтуында да ерекше шықты. Қала күні мерекесі мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының құрылғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылған осынау кешке Сарыарқадан ат арылтып Ербол Айтбаев «Дудар-айымен» келді. Баритон дауысты бұл саңлақтың Алматы сахнасына жиі шықпайтыны белгілі, халық оның өнеріне зор ілтипат көрсетті. «Қаратау шертпесін» шерткен дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев пен жыршы Эльмира Жаңабергенованың өнеріне алматылықтар дән риза. Эльмирадан көпшілік алқалап тағы жыр сұрады. Жырдан шашу шашқан Ұлжан Байбосынова да дүйім жұртты жан рахатына бөледі. Астанадан сырнайын сызылтып жеткен Клара Төленбаева атақты Нартайдың «Игигайына» басқанда өнерсүйер қауым жан-жақтан алқалап қошемет көрсетті. Айгүл Үлкенбаева Дина шешеміздің «Науайы» күйін күмбірлеткенде көрермен іштен тына тыңдады. Бір өзі бір театр іспетті күйші Нүркен Әшіров Нұрғисаның атақты «Аққуын» құйқылжытты. Көрермен Нүркеннен тағы бір күй сұрады. Күйші де халықтың көңілін жықпай әйгілі «Әлқиссаны» аңыратқанда хас шебердің өнеріне сүйсінген дүйім жұрт залдың ішін дуылдатып жіберді. Мұхит пен Ғарифолланың өзі болмаса да, көзіндей болған Қайрат Кәкімов Мұхиттың «Көк Айдайына» басқанда зал сілтідей тынды. Бұлбұл әнші Айгүл Қосанова «Кіші Айдайды» орындап ет-жүрегімізді елжіретсе, Гүлмира Сарина «Қысметті» құйқылжытты. Қазақстандағы біз білетін жалғыз сыбызғышы Талғат Мұқышев қурайымен «Жаутөбе» күйін толғады. Саян Ақмолда қобызымен «Әкеге арнау» күйін, Батыржан Мықтыбаев «Терісқақпайды» шертіп, шерімізді тарқатты. Жезтаңдай әнші Ардақ Исатаева Біржан салдың әні «Жонып алдыны» әуелеткенде даусы алты қырдың астынан естілді. Қазақ өнерінің кіл шеберлері жиылған қоңыр кешті Рамазан Стамғазиев Ақан сері Қорамсаұлының «Шәмсі-Қамар» әнімен қорытындылады. Артынша көрермен сұрауы бойынша Рамазан Балуан Шолақтың атақты «Ғалиясын» шырқап берді.
Екі сағатқа созылған ән-күй кешінде ерекше сезімге бөленген көрермен қауым өнерпаздарды қимай, әрі-сәрі күй кешті. Сірә, бұл ұлттық өнердің киесі болар деп ой қорыттық.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ


МЕДИА-МЕКТЕП БАЙҚАУ ӨТКІЗЕДІ
Алматыдағы балалар медиа-мектебі жас таланттар арасында байқау жариялады. Мұндағы мақсат – жас қаламгерлерді қолдау арқылы ана тілімізді дамыту, өскелең ұрпақты шығармашылыққа баулу, қазақ балалар әдебиетін дамыту.
– Қазақ балаларының көпшілігі ұялшақ, жасқаншақ. Соның салдарынан біліп тұрған нәрсесін айта алмайды, қанша талантты болса да көзге түсіп, топ жара бермейді. Сол себепті де біз оларды осы әдеттен арылтып, көшбасшы болуға, камера алдында еркін сөйлеуге үйреткіміз келеді, шығармашылық шабыт беріп, дұрыс жол сілтесек дейміз. Сондай-ақ қазіргі заманауи технологиялар балаларды әдебиеттен, жазу-сызудан қол үздіріп бара жатыр. Мұндай байқаулар осы олқылықтың орнын толтыру үшін де өте маңызды, – дейді медиа-мектептің жетекшісі әрі жоба ұйымдастырушысы Ләззат Оңғар.
Жас қаламгерлердің «Балбұлақ» І республикалық сырттай байқауы видеоблогер, фоторепортер (сурет), сұхбат, мақала, әңгіме, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ, юморлық шығарма, тақпақ, өлең номинациялары бойынша өтеді. Байқауға 7-16 жас аралығындағы балалар қатыса алады.
Бір айта кетерлігі, әр айдың қорытындысы жеке шығарылып, орындар беріліп отырады. Ал жылдың соңында үздік жұмыстар жеке кітап болып шығарылады. Қосымша ақпарат алу үшін балалар медиа-мектебіне хабарласуға болады.

РУХАНИ БІЛІМ – ІЗГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ
Абай атамыздың 38-ші қара сөзіне үңіліп көрейікші. «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында баланы алдаушылықпен үйір қылу керек, үйрене келе өзі ізденгендей болғанша. Қашан бала ғылым, білімді махаббатпен ұғынатын болса, сонда ғана оның аты адам болады» дейді данышпан ақын. Демек, дұрыс өмір салтын ұстануға баулып, жанашырлық пен қайырымдылыққа үйрету үшін баланы жастайынан жақсылыққа үйрету керек. Рухани білім беру – өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі дамытуға, адамгершілік көрсетуге, рухани және жалпыазаматтық құндылықтарды ажырата білуге, жауапкершілікті сезінуге, өз кәсібін және қызметін өзі анықтауға үйрету. Бұл – баланың өмірден өз орнын табуына және өркендеуіне ықпал ететін маңызды қасиеттер.
Абай атамыз рухани-адамгершілік жайында көптеген пікірлер қалдырды. Оның бірінші талабы – ұстамды, сыпайы мінезді, жақсы қылықты, әділетшіл, шыншыл болу. Әдепсіз, арсыз, өсекші, өтірікші, алдамшы сияқты жаман мінездерден, жарамсыз қылықтардан сақтанып, ондай қылықтарды бойына лайықсыз көрсе ғана адам парасатты болады. Абай атамыздың екінші талабы – тұрақтылық. «Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын» дейді. Үшінші талабы – әділеттілік. Сол үшін қазіргі кезде білім берудің өзекті мәселесі – жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру болып отыр. Бұрынғы кезде білім беру саласында білімнің сапасына үлкен мән берілсе, бүгінде білім сапасымен бірге оқушының рухани, ішкі дүниесіне де үлкен көңіл бөлінуде. Себебі біз тәрбиелеген ұрпақ ертеңгі күні еліміздің тірегі болмақ. Баланың бойына жалпыадамзаттық қасиеттерді сіңіру – өміріміздің мәні, сәні, мәртебесі. Өйткені баланың әдепті өсуі, ұядан көрген тәрбиесімен қоса, мектептен алған тәрбиесіне де байланысты.

Аида МАНАП, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің педагогі

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар