1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
21 қыркүйек 2017
Механикалық тәсілден лирика тумайды

Бұл – біздің қоғамдағы аса өзекті тақырыпты көтерген алғашқы туынды. Оның өзінде көркем фильм. Көруге асықтық. Екі өкпемізді қолға алып, жүгіріп жеттік. Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмінің тұсаукесерін айтамын да. Белгілі киношы Сламбек Тәуекел ағамыз мақтаған туынды осал болмас деп ойлағанбыз. Қателескен жоқпыз, бірақ жартылай ғана. Дегенмен туындыда тәуір жақтары да баршылық. Бәрінен бұрын өз басым «Қазақфильм» ұлттық кинокомпаниясының дижитал форматындағы озық технологиялық үлгідегі түсіріліміне разы болдым. Мұндай суретті әлемнің кез келген өркениетті еліне апарып ұялмай көрсетуге болады.

Экран ішіндегі әлемге өзің кіріп кеткендей, кейіпкерлермен бірге жүргендей сезімде болатын жайлары бар. Бұл тұрғыдан келгенде оператор Марс Умаровтың еңбегіне тәнті боласың. Режиссер ретінде Сәбиттің де ұтымды шешімдері аз емес. Бас кейіпкердің әкесін арқаға салып көтеріп алып келе жатқан тұстарының өзі неге тұрады?! Ауғанстанның тау шатқалында орналасқан Құндыз провинциясындағы түсірілімді көрген адам тұп-тура сонда барып, табан тіреп келгендей-ақ әсерде қалады. Оның үстіне бәрі пуштун-дари тілдерінде сөйлеп, орысша жүгіртпе жолдарды ғана қарап отырсаң...
Ел шекарасын аттаған сәттегі оралман қарияның шекара әскерінен «Бұл қазақтың жері ме?» деп нақтылап алып, тізерлеп отыра қалып қар жамылған мұзды сүйген жеріне келгенде көрермен біз болып, сіз болып көзге жас алып, көңілі бостау біреулер еңіреп жылап жіберуі керек еді.
Бірақ олай тебірене алмадық. Себебі Құндыз провинциясынан шыққаннан бергі ұзақ жолда олар еш қажыған жоқ. Арып-ашымады, бас ауырып, балтыр сыздамады. Ешбір тосын оқиға да болмады. Құндыздан шығарда келіні «Атам осы ауыр жолға төтеп бере алар ма екен?» деп күмәнданған секілді еді, онысы да бекер екен.
Сценаристің сызып қойған түзу сызығымен дызылдатып отырып Қазақстанға топ ете қалды. Оның үстіне қария жерді емес, қар болып қатқан мұзды сүйгені көңілге қонбады. Қазақ үшін киелі дүние топырақ еді ғой. Қарды қолымен сыпыра бастағанда біз топырақ күткенбіз. Бірақ олай болмады. Қазақ баласы «туған жердің бір уыс топырағы», «киелі топырақ тартады» деген сөздерді бекерге айтпайды. Адамның өзі әу баста топырақтан жаралып, жер қойнында топыраққа сіңбеуші ме еді. Ал мұзды сүю соншалықты әсерлі бола қоймады.
Еліне оралған оралман отбасын қабылдаған әкім де тым сүлесоқ. Жалпы, оралмандарға кинодағы Шыңғыс есімді бозбаладан өзге оң қабақ танытып жүрген адам жоқ. Оның өзі сол отбасының бойжеткен қызын ұнатып қалғандықтан ғана болмаса... Бәрі оралманды жауындай көреді, тіпті түтіп жеп қоюға да бар. Атажұртты, дүйім елді иттей ғып бейнелейтіндей олардың не жазығы бар еді?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жан-жақтан ағылып келген оралмандарды иіліп жастық, жайылып төсек болып, жүрекжарды қуанышпен қарсы алған, ерулігін әкеліп, қандастарының аяқ-қолын жерге тигізбей бірнеше ай бойы кезектесіп қонақ етіп, төбесіне көтерген де осы жергілікті бауырларымыз еді ғой. Өнердегі көркемдік шындық тарихи ақиқаттан тым алшақ кетіп ауытқымауы керек еді.
Алайда ауытқығанда тым алысқа ұзап кетті. Әкесінің өлімін естірте келген оралман жігітке ауыл әкімінің «бүгін-ертең бізде мейрам ғой» деп безбүйректік танытқан жері де артықтау. Қазақ баласы топырақты өлімде ешқашан кері тартып, олай керіліп отырмайды.
Әкесінің мүрдесін ұлы жалғыз өзі жабық полигон алаңындағы қорымға жерлеуге бара жатқаны әу баста Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты атақты туындысын еске түсірген. Оны сценарист өзі де аңғарған ба екен, дереу басқаша бағытқа көшіпті. Орыс әскері аяқастынан мейірімді бола қалып, автомат мылтығын тастай салып, қатып қалған тоң жерді қазуға көмектесіп жатыр. (Шіркін-ай, орыс болмаса, арам қатасың дегені шығар.)
Ал жергілікті қазақтар оралманның өлгенін жерлеспейді, дұрыстап көңіл айтпайды, айдаладағы зымыран ұшатын полигонға жалғыз үй тастап, келген бетте қаңғыртып жібереді. Онымен де қоймай, жылқысының етін қымбатқа сатып, оның етін өзі жеп кетеді. Әкімдері жалғыз өзі мешіт салып жатқан оралманның ғимаратына келіп, арақ ішіп, төбелеседі. Екі әкім бір-бірінің шиін шығарады. Екеуі де Ауғанстанда соғыста болған екен. Үлкен әкім оралманнан өш алмаққа ұмтылады. Кейін мешітті өзі салдырған болып, жұртқа беті бүлк етпестен өтірік айтады.
Зымыран ұшатын полигонды күзетіп жүрген оралманды жергілікті қазақ жігіттері соққыға жығып, темір-терсек, кабель үшін өлімші етіп сабап тастайды.
Қысқасы, осындай оқиғалар тізбектеліп өте береді. Кейіпкерлердің өзара диалогтары, жалпы, киноның тілі ресми газеттің қасаң аудармасы секілді тым жұтаң. Сценарист пен мәтін редакторының шалағайлығы мен жазу-сызуға төселмегендігі бірден көзге ұрып тұр. Сөздері құлаққа түрпідей тиеді.
Солай болатын жөні де бар екен. Себебі сценарий авторы Нұрлан Санжар әу баста шығарманы орысша жазған. Бала кезінде «Менің атым Қожа» фильмінде Қожаның рөлін сомдаған Нұрекеңді жазушы емес, инженер деп естігенбіз. Оның үстіне орыстілді «сценарист». Оралмандармен орысша тіл табысып жүрмесе, шетелдегі қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігінен хабардар деп те ойламаймын. Киноның тал бойында селт еткізер шымыр оқиғаның болмауы, көңіл тебірентетін лирикалық көркемдік шешімнің кездеспеу сыры осында жатса керек.
Кино оқиғаларының да механикалық тәсілмен өріліп, автоматты түрде өрбіп отыруы инженер-қаламгердің ғана төлтума туындысы екендігін айғақтай түседі.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, ҚР мәдениет қайраткері

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 25 қыркүйек 2017 13:52
Біздің елде не оңып жатыр."Шіріген"жұмыртқалар ғой.Мен ҚАЗАҚТАН басқа"өзінікіне өзегін жарып беретін"ХАЛЫҚТЫ білмеймін.Тіптен жауына да, танымасына да "төрге шық"дейді.Бұл ақымақтық па, әлде ақылдылық па өрем жетпейді.Бірақ"сілімтік шал"ҚАЗАҚТЫҢ аңғалдығын,бала мінезділігін әбден пайдаланды."Өзіміз ғой"деп орыстілді шуылдаған сілімтіктерді төрге сүйреді.Қай салада болса да ҚАЗАҚ ҮШІН надандар сөйледі."Инженерліктен"нан таба алмаған мына сорлы да,"ҚАЗАҚ қой,көтереді ғой"деп сөйлеген шығар..!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар