1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
21 қыркүйек 2017
Көрген-баққан

Рахымжан ОТАРБАЕВ
Он күн Италияда болдым. Милан қаласы. Дүниежүзілік кітапхана басшыларының алқалы жиыны. Түрлі баяндама, алуан пікір жарысы... Бес тілге жедел аударылып, сайрап жатты. Өнеге алатыны аз емес, бос сөз де жетерлік. Астанаға қайтқан соң Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлерімен біраз оң тәжірибені бөлісермін деп ойладым.
Қонақүйдің шағын бағында отырып түнімен әңгіме жазамын. Алдымен «Би», сосын «Моно Лиза». Екеуі де сәтті шыққан сынды. «Моно Лизаны» жазғанда Санта Мария көшесін ұзақ кездім. Неткен сәулет, қандай салтанат! Сосын атақты Ла Скалаға билет тауып, концертке қатыстым. Қазіргі өлшеммен алғанда кішкене ғана өнер ордасы. Ал даңқы қандай! Бір грузин қызы мен қытайдың жас әншісі шырқап жатты. Ойыма осында екі жыл тәжірибеден өткен Амангелді Сембин досым түсіп, көңілім құлазыды. Есесі кеткен есіл дарын! Шерхан аға айтқандай, «Сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Бәріміз жабылып жүріп өшіргенбіз». Қазақ десе өзіңе тиеді. Бірақ қай бір оңған халықпыз...
Театрдың жанындағы шағын мұражайына бас сұқтым. Амангелді жайлы бір дерек те таппадым. Оларға несіне өкпелейсің. Өзіміз оның концерттері мен бар сұхбатын теледидардың алтын қорына алудың орнына түгін қалдырмай өшіріп, құртып тастасақ.
Ал мәскеуліктер «Ах, этот серебряный тенор» деп әлі күнге тамсанады.

***
Әртүрлі деңгейдегі әкімдер мен министрлер, чиновниктер көп. Біразы білімді, парасатты. Ал біразы... Ішін жарып жіберсең басы бүтін екі әріп түспейді-ау. Солар халық атынан сөйлегенде қылғынып өлгің келеді.

***
Соңғы он жылда Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық», Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» деген кітабындай ақылды, халыққа соншама шырылдап ара түсер кітапты оқығаным жоқ. Осы екі азаматқа қолымда болса Мемлекеттік сыйлықты ойланбай берер ем.
***
Кейде таң атпаса екен деп жататыным бар. Ешкімді көргім келмейді, сөйлескім келмейді, тыңдағым келмейді. Өзімнен де, өзгеден де қашамын. Тау-тасты кезіп, орман аралап, жападан жалғыз дорба асынып, бәдәуи боп кетуге бармын. Бәлкім, бұл да емі жоқ ауру шығар.

***
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Соғыс салған жара енді біте келген кез. Десе де, қоңторғай тірлік басым. Жалғыздан қалған жалғыз үйленіп, сәби дүниеге келеді. Сонда көрші шешеміз немересін құшақтап отырып армандайды дейді. «Ертең осы қарғам да ержетіп, ел қатарлы арақ ішіп, үйге бұлғаңдап келер ме екен?» деп. Дүниеде ананың махаббатына жетер ештеңе жоқ қой.

***
Құрығанда мал құрысын дейтінім бар. Не себеп? Біреулер дау көтереді. Ғасырлар бойы қазақты сол мал асырады. Жесе еті, ішсе сүті, кисе киімі болды деп. Ол рас. Бірақ соны малданып біздің қазақ ғасырлар бойы надан боп қалған жоқ па? Қарны тоқ, қайғысы жоқ адам өнер, білім, өркениет іздейтін бе еді? Анау заманында түгі жоқ дейтін жапон, қытайларды алыңызшы. Испан, португалдарды алыңызшы. Ашпаған жаңалығы, таппаған өнері жоқ. Тіпті кеме мініп, көк теңізді кешіп жаңа құрлықтарға дейін ашқан жоқ па? Біздің шалдар қара жердің бетіне тіпті дені дұрыс үй де сала алмады. Қысты күні қамсауы аз киіз үйде от жағып, ысқа сүрленіп отырды. Жаз шықса қызықтайтыны ойын-той, бәйге, палуан күрес, айтыс, мешкей жарысы, тоқал қызықтау... Бар ғұмырлары осымен өтті. Жарайды, өткеннің бәріне өкпе жапсыра бермейін. Бірақ біз, кейінгі ұрпағы, әлемдік даму үрдісіне соншама кенжелеп, жатқа жаутаңкөз боп қосылдық емес пе? Оны ешкім жоққа шығармас. Әй, арғымағы ауына сыймай алшаңдаған көкелерім-ай, тым қамсыз жүріпсіңдер.

***
Кейде өзіме де, өзгеге де жөнсіз қаталдығым бар. Кейде өзіме де, өзгеге де жөнсіз жұмсақтығым бар. Әшірбек Сығай, ей, жарықтық, қандай тұлға еді. «Рахымжан, сенің жазуың да, өзің де біртүрлісің» деуші еді. Жек көріп айтпайтын. Жұмсақ әзілдеп, күліп тұрар еді.
Иә, мені қайбір оңған адам дейсің!

***
Бішкекте жүргенімізде Сауытбек Абдрахманов, Өтеген Оралбаев пен Ұлықбек Есдәулетов мені әзілдеп әрқайсысы бір-бір тармақ өлең айтты.
– Рахымжанның сөзіне қарасаң билер сияқты,
– Пьесасына қарасаң Шиллер сияқты,
– Өзіне қарасаң киллер сияқты, – деп.


***
Биылғы жаздың гүлдері көп. Бәрін бірдей иіскейтін мұрын қайда?..

***
Ақша – қолдың кірі, саясат – беттің кірі... Қанша сабындап жусақ та осы «кір» кетер емес.

***
Бал арасы өзінің бал жинап жүргенін білмейді. Білсе аю мен адамға беріп не жыны бар?! Өзі жеп қояр еді.

(Жалғасы бар)
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар