1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
26 қыркүйек 2017
Қызылбұлақ құпиясы

Таяуда қазақстандық археологтар Алматы төңірегінен тағы да бір ескі қоныстың орнын тапты. Әлбетте, мұндай мекендер жиі табылады. Бірақ бұл жолғы артефактың маңызы ерекше. Топырақ қабатынан табылған сүйек гравюрасына сонау алыста қалған темір ғасырының аса қатыгез ақиқаты сурет түрінде бейнеленіпті. Теледидары жоқ дәуірдің бізге біршама айқын да нақты қалпында жеткен бейнежазбасы сынды.

Жалпы, көміртектік мерзімдеу методикасы пайда болғалы ғылымның алдынан осыдан мыңдаған жыл бұрынғы оқиғаларды қалпына келтірудің мүмкіндіктері туып отыр. Мәселен, өткен ғасырдың орта тұсында Альпі мұздақтарынан табылған, бұзылмаған мүрдеге ғалымдар «Отци», яғни «Баба» деген ат қойған. Жасушаны заманауи криминалистиканың тәсілімен зерттеу арқылы «Отцидің» осыдан 5000 жыл бұрын өзі сияқты күнәһар пенденің қолынан мерт болғаны және қанды оқиғаның қандай жағдайда, қалай жүзеге асырылғаны жан-жақты әрі нақты анықталды.
Ал темір ғасырының нақты ақиқаттарын бейнелі сурет арқылы көз алдымызға алып келген сенсациялы артефакт Қызылбұлақ шатқалынан, қазақ жерінен табылды. Таулы аймақтағы ежелгі ескерткіштерді зерттеу нәтижесінде Түрген шатқалындағы қола, ерте темір ғасыры мен орта ғасырларға тән – 10, қола дәуірінің 36 қорымы табылды. Бұл археологиялық аймақтың ең маңыздысы Қызылбұлақ шатқалы болғаны бүгінде танымдық сана иесіне жақсы таныс. Қызылбұлақтағы қола және ерте темір дәуірлерінің көне қоныстары бүгінде әлем археологтарының назарын аударуда. Жалпы, «адам бұл төңіректі ерте дәуірлерден бері мекендеп келген» деп түйіндейді археологтар. Қазба жұмыстарына қарағанда, ол заманда да адам баласы тұрақ салуға қажетті жерді, яғни жер учаскесін үнемдегенге ұқсайды. Себебі Шлиман ашқан Троя сияқты мұнда да қоныстар дәуір алмасқан сайын бірінің үстіне бірі қабат-қабат салына берген көрінеді. Алғашында дөңгелек сипатты болған үйлердің қабырғасы біртіндеп төртбұрыштанғанын аңғару да қиын емес. Жалпы, қонысты төртбұрышты етіп салу архитектуралық шешімдердің бастауы болып саналады. Ерте дәуір адамы сол арқылы баспанасын барынша кеңейте алған. Жалпы, мұндай прогрессивті үрдіс Таяу Шығыс өркениетіне телінгенімен, Қызылбұлақтағы қоныстардан осындай да нышандар аңғарылуда.
Бәрінен бұрын Қызылбұлақтың заманауи археологияға берген ерекше сыйлығы – сүйекке ойылып салынған мазмұнды һәм бедерлі сурет. Онда кәдімгідей баяндау, яғни оқиғаны түсіндіру мимикасы бар. Яғни суреттің мазмұнына қарап шебердің нені айтқысы келіп тұрғанын түсінуге болады. Күйме үстінде отырған мәртебелі мырзаның суреті бірден көзге шалынады. Яғни таптық жіктелу сонау ерте темір дәуірінде де болған деген сөз. Әлбетте, мәртебелі вельможаның төңірегінде нөкері немесе әскері болуы шарт. Көсем төңірегіндегі адамдар арасында бір кісі ғана үстіне сауыт, басына дулыға киген. Демек, ол – көсемнен кейінгі тұлға. Вельможаның назары – өзіне кесілген адам басын ұсынып тұрған қызметшісінде. Өкінішке қарай, сүйек полотноның опырылып сынуына байланысты әлгі қызметшінің кесілген басты ұстаған қолы ғана сақталыпты. Бірақ туындының айтар ойы белгілі. Қызметшісі көсемге дұшпанының кесілген басын әкеліп отыр. Одан сәл төменірек әлгі міскіннің басын кескен, қолына семсер ұстаған жаналғыш бейнеленіпті.
Жалпы, адами түсінікте өштескен дұшпанының басын кесу үрдісі бергі заманға дейін сақталды. Ал Қызылбұлақтан табылған артефактың мазмұнына қарағанда, күні кешеге дейін жалғасқан осынау варварлық әрекет адамзат баласына ежелден тән болғанға ұқсайды. Бас демекші, үстем елдер, айталық, біздің заманда отаршыл Ресей де өз үстемдігіне қарсы бой көтергендердің басын кесіп, өз сарайында сақтауды әдет қылған. Алысқа барудың қажеті жоқ, орыс отаршылдығына қарсы табандылықпен күрескен дала батыры Кейкі Көкенбайұлының отаршылар кесіп әкеткен басын таяуда ғана қайтарып алдық.
Кесілген бас мәселесіне келсек, қазақтың әлі де қабырғасын қайыстырып тұрған жайтты айтпай кетуге болмайды. Ол – Кенесарының басына қатысты мәселе. Мәскеу күні бүгінге дейін «Бізде Хан Кененің басы жоқ» дегеннен танар емес.
Әңгіме кесілген басқа байланысты болғандықтан, сөз арасында айта кетуге тиіспіз. Отаршылдар Қап тауындағы Имам Шәміл көтерілісінің бас батырларының бірі, Лев Толстой қабырғалы туындысын арнаған Қажымұраттың да басын кесіп әкеткен. Бірақ Қап тауындағы ағайын түрлі амалдарға салып жүріп Қажымұраттың басын қайтарып алды. Қазақ қоғамының Хан Кененің басын қайтара алмай отырғаны өкінішті-ақ.
Осы әңгіменің бәрі Қызылбұлақтан табылған мазмұнды бейнеден туындап отыр. Әлде әлемдік археология тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі саналатын теңдессіз жәдігердің қазақ даласынан табылуының астарында да «ханыңның басын қайтарып ал, қазақ!» деген ишара жатыр ма екен?..
Қызылбұлақтан табылған бейнелі суреттің композициясы тікелей билеуші дұшпанының кесілген басына байланысты. Жалпы, бас мәселесіне келгенде, әлемдік танымдық сананың әртүрлі тұжырымдары айтылады. Солардың қай-қайсысы да басты аса қадірлі мүше деп есептейді. Осындайда бір діни қайраткердің кезінде айтқан әңгімесі еске түседі. Мысырдағы мыңжылдық тарихы бар Әл-Азғар университетінің мәртебелі бір профессоры ол кісіден «қазақ деген халық кім, оның дәстүрі қандай?» деген сауалдардың арасында «сіздің халық сыйлы қонағына қандай ас тартады?» деп сұрайды. Сонда жерлесіміз «қазақ сыйлы қонағына малдың басын тартады» дегенде әлгі философия профессоры, теолог-ғалым қатты таңғалыпты. Сөйтіп, «Онда сіздің халық шын мәнісінде ұлы екен! Себебі тіршілік иесінің дене мүшелерінің ішінде бастан қадірлі ештеңе жоқ. Сіздің халықтың соны түсінгені, түсінбек түгіл, ұлттық дәстүрге айналдыруы мені қайран қалдырып отыр» депті.
Енді Қызылбұлақтан табылған жәдігерді, яғни сүйекке салынған бедерлі суретті кімдер қалдырды дегенге келейік. Жалпы, тарих ілімі Еуразия аймағын ешқашан бір ғана халыққа телімеген. Еуразия кеңістігінде сақтар мен скифтердің түрлі тайпалары әр дәуірде бір-бірін алмастырып, кезектесіп өмір сүрген. Солардың әрқайсысынан да елеулі тарихи жәдігерлер мен археологиялық мұралар қалды.
Күні бүгінге дейін біз әлемдік археология тарихында елеулі оқиға болған, Есік обаларынан табылған «Алтын адамның» қай этносқа тиесілі екеніне байланысты біржақты байлам жасай алмай келеміз. Дегенмен мамандар көміртектік мерзімдеу тәсілі арқылы жәдігердің салынған кезеңін анықтаумен қоса, оның ерте темір дәуірінде осы аймақты мекендеген тарихи Кангюи тайпасына тән болуы мүмкін деген болжамдар айтуда. Ал осы Кангюиге байланысты да сан алуан пікірлер бар. Біреулер оны «ирантілді халық» десе, енді біреулер «түркітілдес» дейді.
Алайда бір ақиқат белгілі. Ол – осы ежелгі үйсіндерге туыс боп келетін тарихи Кангюилердің бүгінгі ұрпағының қазақ этносы арасында қаңлы тайпасы түрінде өмір сүріп жатқаны. Демек, Қызылбұлақтан табылған жәдігерде қазақтың айқын ізі бар деген сөз.
Тарихи қаңлылардың мекен еткен жері – Сырдарияның орта ағысы мен Арыс, Талас өзендерінің жағалауы. Ал сонда жоғарыдағы сенсациялы жәдігер Жетісу жеріне қалай келіп отыр? Ғалымдар бұл сауалға байланысты «жәдігер – әскери олжа, трофей болған» деген болжамдар айтуда. Бір жағынан, онда да негіз бар тәрізді. Қалай десек те, қаңлылардың сүйекке бедерлеп сурет салу өнерінің Жетісу өңіріне жетуі – әлі де болса ойлануды, зерттеуді қажет ететін тақырып.
Дегенмен Алматы төңірегінен табылған «о дүниеден жеткен... өнер туындысы» әлемдік археологияның үздік жетістіктерінің бірі есебінде бағамдалуда. Бәрінен бұрын ел үшін жанын қиған кемеңгерлерінің басы әскери олжаға айналған қазақ сияқты мың өліп, мың тірілген халықтың жерінен табылған бұл жәдігерде аспани мимика, ишара болуы мүмкін-ау деген ойдың да көңіл түкпірінде жатуы заңды. Себебі сүйек гравюрада бейнеленген нысан – баста қашанда кие болған. Кие бола да береді...

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар