1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
26 қыркүйек 2017
«Ән салсаң, Әсеттей сал»

Әйгілі әнші-композитор Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай, дүлдүл өнер иесінің туған топырағында (Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақыт ауылында 1867 жылы дүниеге келіп, 1922 жылы Құлжада (ҚХР) өмірден озған) игі іс-шаралар басталып кеткені белгілі. Әсет бабамыздың ұлттық руханиятқа қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан оның мерейтойы тек туған топырақта ғана аталып өтілмесі анық.

Жуырда Алматыдағы Ықылас атындағы музыкалық аспаптар мұражайында «Ән салсаң, Әсеттей сал» деген атпен концерт ұйымдастырылды. Оны Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстазы, күміс көмей әнші Нұржан Жанпейісов жүргізді. Мұражайға жиналған жұрт, әсіресе жастар жағы Әсет шығармашылығымен танысуға мүмкіншілік алды. Бір айта кетерлігі, Әсет Найманбайұлының артына қалдырған мол мұрасын туған жеріне, Қазақ еліне жеткізген – саңлақ әнші Дәнеш Рақышев. Дәкеңнің шәкірті Нұржан Жанпейісовтің айтуынша, 1959 жылға дейін, яғни арғы беттен Дәнеш Рақышев оралғанша Әсет бабамыздың әндері бір ретке келтіріліп, жүйеленбеген көрінеді. Д.Рақышев өзімен бірге Әсет бабамыздың 15 әнін алып келіп, өңін өңдеп, түсін түстеп, «мынау Інжу-Маржан, мынау Қарагөз, Мақпал, мынауы Үлкен Ардақ, мынауы Кіші Ардақ» деп айғақтап, тайға таңба басқандай етіп көрсетіп кеткен.
1960 жылы Алматыда республикалық ақындар айтысы өтеді. Осы айтыстың арасында Д.Рақышев Әсеттің «Інжу-Маржанын», «Аңшының әнін», өзінің «Саясында алманың» әндерін орындайды. Сонда заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Дәкеңнен Әсеттің әндерін кімнен, қалай үйренгенін сұрайды. «Інжу-Маржанды», «Аңшының әнін» бұрын-соңды естімегенін, «Саясында алманың» өте сәтті шыққан ән екенін айтады. Бұл туралы Д.Рақышев өзінің естеліктерінде жазған. Ғалым-ұстаз Мұрат Әбуғазының айтуынша, Әсеттің әке-шешесі кедей, шаруа адамдары болса да, Әсет ескіше оқып, хат таныған. Дүниетанымы, ой тереңдігі, әсіресе айтыс жанрында ерекше танылған. Оның Рысжан, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмбет сынды ақындармен айтысқаны көпшілікке мәлім. Әсеттің «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз» және т.б. қисса-дастандары бар. Сондай-ақ әнші А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсеттің жыр-термелері де бар. Бұған қоса, ол күй де шығарған. Соның ішінде «Кертолғау» және «Ән шақыру» деген екі күйі осы күнге жеткен. Осы концертте «Ән шақыру» күйін Мұрат Әбуғазының орындауында тыңдадық. Әнші-ұстаздардың айтуына қарағанда, Әсеттің бір ғана «Мақпал» әнінің үш-төрт нұсқасы кездеседі екен. Әнші Еркін Шүкіманның пайымынша, Әсет Найманбайұлының шығармашылығы әлі де зерттеуді, талдауды талап етеді. «Оған бір ғана Нұржан Жанпейісовтің, бір ғана Тілеулес Құрманғалиевтің немесе Ардақ Исатаеваның ғұмыры жетпейді. Мына отырған студент-жастар тек қана ән тыңдап үйренбей, шығарманы зерттеумен, кітап оқып, ізденумен айналысуы керек. Сонда ғана Әсет бабамыздың шығармашылығын барынша толық насихаттауға қол жеткіземіз. Ән өнерінде әнді құбылтып айту деген бар. Мысалы, Затаевич жазбаларында «Сырғақты» әнінің диапазонын екі октаваға жеткізіп жіберген. Көпшілікке етене таныс «Әпитөк» әнін де Әсетке телиді. Затаевич зерттеулерінде де осылай жазылған. Бір жеткізушінің айтуында «Песни азиата» деп беріледі. Сол сияқты Затаевич зерттеулерінде атақты Майраның орындаған «Сметі» бұл басқаша «Смет». Сырнайға арналған кең дүние. Осыны студенттерге үйрету керек. Мәселен, Біржанның «Жалғыз аршасы» Қытайда Әсеттің әні «Жайма-шуақ» деп айтылады. Іледе «Қабанбайдың шоқысы» деген жерде Байеке-Тойеке елінде, Қозыбай деген байдың асында «Жалғыз арша» Әсеттің «Жайма-шуағы» деп айтылған. Міне, осындай ауыс-түйіс дүние көп. Әсеттің айтылмай жүрген әндері де көп. Бабамыздың бір топ әнін күні кеше ғана, өткен ғасырдың 90-жылдары жоғалтып алдық. Өнерге енді келіп жатқан кезіміз. Көп дүниенің парқын біле бермедік», – деп өз ойын айтты.
Концерт соңында Халық аспаптар музейінің директоры Ұлжан Байбосынова өткен жылдары Әсет Найманбайұлының шығармашылығын зерттеу ниетімен арғы бетке барғандарын, Көкқат жайлауында Әсет бабамыздың домбырасын қолымен ұстап, көзбен көріп қайтқанын тілге тиек етті. «Әттең, амал не, музейге алдырудың сәті түспеді. Әлі де үмітімізді үзбейміз, бәлкім, болашақта оның реті келіп те қалар», – деді. Одан әрі: «Әсет Найманбайұлының шығармашылығын тек бір кештің аясына арқау ете алмаймыз. Ол аздық етеді. Шығармашылық ұжымдар, оқу орындары бір-бірімізді қашанда қолдаймыз. Бұйыртса, алдағы уақытта талай ән-жыр кештерін, ғылыми конференция ұйымдастыруға біз дайынбыз», – деген ойымен бөлісті.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
марат | 28 қыркүйек 2017 15:09
"Аңшының әні" Әсеттікі емес, Үкілі Ыбырайдікі
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар