1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 77 (16263) 28 қыркүйек, бейсенбі 2017
28 қыркүйек 2017
27 қыркүйек – ұлттық қаралы күн

1937 жылдың 27 қыркүйегі – Алаш қозғалысының көшбасшысы, Алаш автономиясы, Алашорда үкіметінің төрағасы, ХХ ғасырдағы қазақтың ұлы саясаткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның Cовет өкіметі тарапынан ату жазасына кесіліп, атылған күні. Қазақстан саяси тәуелсіздігін жариялаған 26 жыл ішінде Алаш мұрасы кеңінен зерттеліп, Алаш қайраткерлерінің есімдері ұлықталып келеді. Бірақ өз дәрежесінде емес. Мәселен, 22 қыркүйек күні Семей қаласында ашылған Ә.Бөкейхан ескерткішінің ашылуына Астанадан президент демейік, мемлекеттік хатшы да келмеді. Хатшы былай тұрсын, облыс әкімінің өзі Алаш көсемінің ескерткіші ашылуына келуді қажет деп санамапты. Ал 27 қыркүйек – Әлекеңнің атылған күні – мұқым Қазақстан тым-тырыс. Түк болмағандай.
Әр мемлекет өзінің тарихына, тарихи тұлғаларына арқа сүйейді, иек артады. Солардың идеясын жалғастырады, жаңғыртады. Біз ше? Біз Әлекеңдей асыл тұлғаның ескерткішін Ленин көшесінің бойына орнатып, өзіміздің отарлық қамытты әлі сүйреп келе жатқанымызды айдай әлемге паш етіп отырмыз.
Әлихан Нұрмұхамедұлының ату жазасына кесілгені – саяси өлім. Біздің тарихтағы саяси қайраткерлердің өлімі аз ба? Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, қазақты азаттыққа жетелеген Кенесары Қасымұлының да басын алған саяси қылыш болатын. Тәуелсіздік кезеңіндегі саяси қайраткерлер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовті де қапияда құлатқан саяси оқ еді. Демек, Ә.Бөкейханның атылған күні – 27 қыркүйек – қазақтың саяси жүйелердің оғынан қаза тапқан саясаткерлерді еске алатын ұлттық қаралы күн. Егер ұлт өз қайраткерлерін жоқтай алмаса, өзі қор, ісі сорға айналмақ.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, алаштанушы ғалым:
– Тәуелсіздік кезеңінде Алаш қызметіне, Алаш қайраткерлеріне толыққанды саяси баға берілмеуі, Алашқа қатысты көзқарастың соншалықты өзгермеуінің басты себебі – кешегі кеңес дәуірінде коммунистік партия мен комсомолда қызметте болғандар әлі де Қазақстан билігінде жүр. Тәуелсіздіктің 26 жылында мемлекеттің ұлттық идеологиясы қалыптаспады. Мәселен, Совет өкіметінің құрамында болған Шығыс Еуропа елдерінде тәуелсіздік алысымен отарсыздану саясатын жүргізіп, биліктің барлық саласындағы советтік кадрлар биліктен, қызметтен аластатылды. Яғни қоғамдық сана мен тарихи кезеңде аластау үрдісі жүрді. Ал біздің жағдай басқаша өрбіді. Содан да болар, Алаш автономиясы құрылғанына 100 жыл толып, арада ғасыр өтсе де, Алашқа қатысты көзқарас түбегейлі өзгере қойған жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда Алаш қайраткерлері және олардың мұрасы екінші рет, осы заманда қыспақ көріп отыр деп айтуға мәжбүрмін. Мысалы, күні кеше Семейде Әлихан Бөкейханға орнатылған ескерткіш жоғарыда айтып өткен көзқарастың көрінісі дер едім. Өйткені бір қолы қалтасында, бір қолына асық ұстаған Әлиханды ұлт көсемі, ХХ ғасырдағы Алаштың саяси көшбасшысы деп айта алмас едім. Ескерткіште Әлихан алыс болашаққа емес, әлденеден қуыстанған адамдай төмен қарап тұр. Бір сөзбен айтқанда, ескерткіш көңілімнен шықпады. Осы ескерткішке байқау жарияланғанда жергілікті билікке хабарласып, бізбен, алаштанушылармен, кеңесуін, бірлесіп жұмыс істеуін айтқанбыз. Мысалы, менің қолымда Әлекеңнің қаншама суреті бар. Ол кісінің қандай киім кигенін, бет-әлпетінің негізгі ерекшеліктерін, жалпы тұлғасына қатысты дүниелердің бәрін айтар едім, көрсетер едік. Бірақ жергілікті билік оған құлақ аспады. Ең өкініштісі, ескерткіштің ашылуы мен одан кейінгі Алаш тақырыбындағы конференцияға бірде-бір алаштанушы ғалым шақырылмаған. Ең жанға бататыны – Әлиханның ескерткіші Совет өкіметінің көсемі – Ленин атындағы көшеде тұр.
Болашақта Әлиханның атылған күні ең жоғары ұлттық деңгейде жалпыұлттық қаралы күн ретінде аталып өтіледі деп ойлаймын. Қазақстанның шекарасын белгілеп, жаңа тұрпатты тәуелсіз мемлекет құру жолында күрескен, белгілі дәрежеде сол мақсатқа жеткен ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға нақақ жала жабылып, жат жерде атылып, сүйегі өртеліп, Бауырластар зиратында сүйегінің күлі ғана жатуы қазақ халқы үшін орны толмас ұлттық қасірет. Сондықтан да Әлихан Нұрмұхамедұлының атылған күні ұлттық қасірет күні ретінде аталып өтуі тиіс. Ал ол тарихымыздағы мемлекет басшыларына, саяси тұлғаларымызға деген тағзым болар еді. Бұл – қазақтың рухын көтеретін, бірлігін арттыратын іс. Осындай ұлттық һәм тарихи маңызы зор істі бүгінгі мемлекет басшылары қолға алатын болса, ертеңгі болашақ олардың өздеріне дәл сондай құрмет көрсетер еді. Өкінішке қарай, мемлекет, ұлт идеологиясына қатысты жақсы бастамалар көтерілгенімен, жер-жерде ондай мұратты істер науқаншылдыққа айналып кетіп жатыр. Совет өкіметі кезіндегі науқаншылдықтың киімі өзгеріп, бояуы сәл басқаша түрге енгенін көріп отырмыз. Бұл өте өкінішті жағдай. Дегенмен түптің түбінде Алашқа деген көзқарас түбегейлі өзгереді. Алаш қызметіне, қайраткерлеріне берілер саяси баға алдағы уақыттың еншісінде.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Төре | 28 қыркүйек 2017 17:33
Ертеректе қай жылы екенін ұмытыппын. Алматыдағы Есентай өзенін жағалап келе жатсам, мұңайып суға қарап, Иманды болғыр, Асқар Сүлемен отыр екен. Ол маған: "Ей Төре, шүйінші! Кеше сенің Бабаң Әлихан Бөкейхан ақталды! Рудный Алтай газетіне шықты. Жумайсың ба?" дгені есімде. Содан бері қанша уақыт өтседе Асекеңнің осы шүйнші сұрауы есінен бір шыққан емес ...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар