1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 77 (16263) 28 қыркүйек, бейсенбі 2017
28 қыркүйек 2017
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: МЕНI КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТIҢ КӨШI ТӘРБИЕЛЕДI

Жазушы Несіпбек Дәутайұлы ағамен әңгімелесу бір ғажап... Ашық-жарқын, езуіңді жиғызбай күлдіре отырып, еркін көсілетін оның өте көп оқитыны, көп ізденетіні, осынау өмірден көргені, көңілге түйгені мол екені ә дегеннен байқалады. Қай тақырыпта әңгіме бастасаңыз да, Несіпбек аға тереңінен қозғап, түбімен шайқап, еліктіріп алып кетеді. Әрине, бұл жазушының әңгімелері туралы талай-талай жақсы дүниелер жазылды ғой. Әдебиетсүйер қауым әлдеқашан мойындап, әрбір әңгімесін асыға күтіп жүретін Несіпбек Дәутайұлымен біз бүгін шығармалары туралы емес, осынау өмірден көргені мен түйгені жайында сыр бөлісуді жөн көрдік.
– Несіпбек аға, қалай ойлайсыз, жұмыр басты пенде өз өмірін, өз тағдырын өзгерте ала ма? Әлде пенденің барлығы «пешенемде не жазылған, соны көремін» деп, жақсы күнге ұмтылмай, мойынсұнып жүре беруі керек пе? Жалпы, өзіңіз осы жасыңызға дейін өміріңізді өзгертуге, мүлдем басқа адам болуға, басқаша өмір сүруге талпындыңыз ба? Оған не әсер етті? Және өміріңізді өзгерту қолыңыздан келді ме?
– Ғұмырдың жолы бұралаң. Айың қай жағынан, қай тұсыңда туады? Алдын ала біле алмайсың. У.Фолкнер айтады ғой: «Адам таңдау болмаған жағдайда да өз тағдырын өзі таңдайды», – деп. Әңгіме, кім қандайын. Біреулер, өзің айтып отырған, «пешенемде не жазылған, соны көремінге» мойынсұнса, енді біреулер басына түскен кез келген іспен келісімге келе алмайды, қай ағысқа да қарсы ағады. Жарық дүниеге солай, жанын жеп келгендіктен... Жаратылысында жанұшырып жатқан мінез. Осындай жағдайда өзі жалғыз ғұмырды өзгертуді ойлау, басқа адам болсам деу, өзге бір өмірді көксеу өзімен кетсін де.
Қайсыбір данагөйден сөз қалған. Оның айтуынша, тағдыр да арқан іспеттес. Бір ұшы Құдайдың, келесі ұшы өз қолыңда тұрады. Сол ұшынан тастай жабысып, айырылмай, Жаратушыға жақындай түсуді ойлағандар ғана дегеніне жетеді.
Данагөйдің бұл сөзін, әрине, кейін естідім. Қазір ойлап отырсам, мен өз өміріме біраз өзгерістер енгізіп, бүгінгі тағдырыма қарай талмай талпыныстар жасап отырған сияқтымын. Тұрмыстық тауқыметтен он төрт жасымнан жиырма екі жасыма дейін қой бақтым. Сосын... Түйсікте өзге бір әлем қылаң беріп тұрып алды. Он жеті жасымда шығар, өн бойымда өлең өрімдерінің өрнектері пайда болған. Ақынмын деп ойладым. Сол мені аудандық газетке алып келді. Сонысына рақмет. Болмаса ақын емес, жай өлеңші екенмін. «Қош бол, өлең!» дедім. Мақаланы бұрқыратып жазып жүрдік. КазГУ-дың журналистика факультетіне сырттай түстім. Нағыз мықты, сұмдық журналист болайын деп қой. Екі курстан кейін мұны да жайына қалдырдым. Мақала жаза аламын ба – жазамын, очерк жаза аламын ба – жазамын. Редакциядағы қолақпандай дипломы, көпжылдық немесе біраз жылдық жұмыс мерзімі барлар жарыса жазғанда, шаңыма ілесе алмай қала ма – қалады. Ендеше, алтын уақытымды журналистика факультетінің дәл маған пайдасы жоқ лекцияларына неге рәсуа етуім керек еді?!
Журналистикаға, әрине, үлкен алғыс. Он сегіз жыл облыстық газетте меншікті тілші болған кезде уақыттың молдығын пайдаланып, әдебиетке шындап бет бұрдым. Жазылым арқылы (оған ол кезде әркімнің қол жеткізуі қиын) әлем әдебиеті және әлемнің балалар әдебиеті кітапханасына қолым жетіп, көзім ашылды. Мені сол көркем әдебиеттің көші тәрбиеледі.

– Байқауымша, сіз өте қиын адамсыз. Бір қарағанда кісікиік, түсі суық, енді бір қарағанда жарқылдап күліп, емен-жарқын әңгімелесіп отырасыз. Сонда ашылу үшін де адам таңдайсыз ба, қалай өзі? Бастық екен-ау, әкім екен-ау деп қызметіне қарамай, көңіліңізге жақпаған нәрсені айтып тастайтын, ұнамай қалғанды табанда қағып тастайтын қасиетіңіз тағы бар. Осыдан опық жеген кезіңіз болды ма?
– Кісікиік, түсім суық болатыны, алдын ала болжап болмайтын мінезімнен шығар. Мұндай мінез, сірә, қоршаған ортада біраз қиындықтар тудыруы мүмкін. Жұрт жабыла әлдекімге немесе әлденеге жабыла қол соғып жатқанда селт етпеймін. Ананы да, мынаны да ауыз жаппай алма-кезек жарыса мақтап жатқанда да солай. Өйткені көбі көрер көзге көлгірсу, көпе-көрінеу өтірік. Той-томалақ, жиындарға бара бермейтінім сондықтан. «Неге бұлай?» деген сұрақпен денем мұздап қалады. Оларды осыншама әртіскештікке дейін жеткізген ненің құдіреті?! Қарадай өтірік құлдық ұру қайда апарады? Ал енді емен-жарқын әңгімеге келсек, бәрі кісісіне байланысты. Айтарыңды алыстан аңдайтын, азаматтығы алдыңды орайтын, бітімі бекзат, біліктілігі бірегей, бірсөзді, бүтін ойлы адамдармен әмпей-жәмпеймін. «Жақсымен өткен бір күнім мың күніме татиды» деген әңгіме. Сосын жай, қарапайым адамдармен сөзім жарасады. Солардың көрген-білгені, көңіл түкпіріндегі мөлдір тазалыққа тәнтімін.
Жалпы, ылди-төмен сөйлейтін, ырбыңбайы көп немесе өркөкірек өлермендерді өлерше жек көремін. Олардан көңіл қалғанда өмірді осындайларға ерегісіп те сүру керек деген ой келеді кейде...
Бастық, әкімдер... Олар аспаннан салбырап түскен жоқ. Осы елдің баласы. Өз бауырларымыз. Басына бақ қонса, реті солай шығар. Ал бақты қайсысы қалай түсінеді? Егер оны халыққа адал қызмет көрсетуге берілген бірден-бір мүмкіндік деп білсе, жұрттың көсегесі көгереді, олай етуді ойламаса, кез келген сәтте ат құйрығынан сыпырылып түсіп қалады. Осыны естеріне салып қоятын кездер бар. Керісіп емес, кесіп сөйлейтін сәттер де болады. Құдай берген жанды құдай өзі алмай ма?! Айтсаң адалын айтасың, аман болсын деп айтасың. Осы биыл мынандай бір жағдай болды. Атырауда белгілі бір қайраткер азаматтың үлкен кеші өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі бастан-аяқ қатысып отырды. Осындай шараларға қанша рет баруым, бәрінде өзі жүреді. Содан да азаматпен жақсы таныспыз. Шара ойдағыдай өтіп, дастархан басына келгенде екеуміз қатар отырдық. Сонда ол маған: «Сізге де арнап, осындай үлкен шара өткізіп берсек, аға», – деді. «Оныңа рақмет, алайда бір бұйымтайым бар», – дедім. «Қандай?» «Аман бол», – дедім. Шын көңілімнен айттым. Ақ ниетім мен тілегім. Қазаққа қай қазақтың да қадірін білер осындай азаматтар керек. Бір бойында білімі, біліктілігі, жан-жақтылығы, кісілігі мен түсінігі қатар тоғысып тұрған азаматтың билікте жүруін тұтастай ұлттың ұзағынан сүйіндірер мияты деп білу қажет. Жамбыл облысын бірінен соң бірі басқарған Серік Үмбетов, Қанат Бозымбаев сияқты әкімдер ел-жұрттың есінде, халыққа, оның асып туған асылдарының рухына жасаған кісіліктеріне алғыстан басқа айтары жоқ қой. Тектімен тіресіп, теріс қарап емес, терезең тең сөйлесесің. Одан өз басым опық жеген емеспін. Осы ағамыздың ойда жоқта осып айтатыны бар ғой деп жатса өздері білер.

– Кейде адамның қиялы мен арманы тәтті кәмпиттей таңдайға жабысып, тым-тым алыстарға алып кетеді. Қазір нені армандайсыз, нені қиялдайсыз? «Кейінгі ұрпағым жазушылық жолымды жалғастырса екен, балаларым, немерелерім қаламыма ие болып қалса екен» деген арман болды ма?
– Жазушының жан серігі осылар болар. Әсіресе қиял. Көбіне-көп сонымен жүріп-тұрамын. Сонда сан түрлі құбылыстардың құлақ естімес, көз көрмес қилы-қилы құбылыстарының құйыны көрініс береді. Үйіре соғып, үдере көшетін ойлардың қанатымен жұмбақ, тылсым әлемге самғап бара жатқанымды сезінетін сәулелі сәттерімнен күш аламын, сенімім нығаяды, ерік-жігерім еңсе көтереді.
Қиял – көркем шығарманың кілті. Ол жоқ жерде бәрі қарадүрсін. Қырғын қиялсыз жақсы шығарма жазылуы екіталай. Көрген-жеткені, естіген-білгенімен ғана итшілеп, иір қамшылайды.
Шынымды айтайын, қанша жылдан бері осы біз «шіркін-ай, «Анна Каренина» сияқты бір шығарма жаза алсақ» деп армандап-қиялдаумен келеміз. Сірә, бұл өзімізден кейінгі талантты ұрпақтарға қалатын аманат шығар.
Өз ұл-қыздарым, бұдан арғы үрім-бұтағымнан жазушы шығары неғайбыл. Әкеге тартып ұл туа бермейді.

– Сіз Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы филиалын басқарып отырсыз. Бұл қандай қызмет? Қандай құзыреті бар? Бұл жұмысыңызға билік тарапынан қандай қолдау бар?

– Оны қызмет дегенде, ақысыз қоғамдық шаруа бар-жоғы. Өңірде жақсы ақын, жазушыларды әкімдік те, филиал да қалыптастыра алмайды. Әбіш ағамыз айтатын «ұжымдық талантсыздық» қай өңірде де қайсыбір жылдан бері бас бермей жүргені бәріңе аян. Қанша жерден «алтынмен аптап, күміспен күпте», дарынсыздың аты – дарынсыз. Есенғалидың «қазір бізде журналист жоқ, бары – тілшілер» деп айтқаны жазушы атында жүргендерге де тиесілі. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» жазгерлер көп. «Мен ше, мен ше?» деп өңмеңдейтіндері көп жағдайда не қалмайтын, не озбайтын ортақолдар.
Провинцалдық деңгей деген пәле бар. Басқаша айтқанда, әуесқойлық. Ондайлар әдебиеттің тарихын, оны жасағандардың тағдырын, өмір шындығы мен көркем шындықтың айырмасын, концептуалдық жетістігінен хабарсыз, өзіндік қолтаңба ерекшелігінен мақұрым, тілдің көрікті реңін, ой-жүйенің тереңдігі мен шебер шешімнің үйлесімінен қаперсіздер. Бары да, бағы да – одаққа мүше билеттері. Жергілікті шенеуніктер қайдан білсін, әлгі билеттерін көріп, оларды жазушы санатына қоса береді. Жыл сайын стипендия береді, кештерін ұйымдастырады, тіпті мерейтойларын да өткізіп, шапан жауып, ат мінгізіп алашапқын болып жатады. Александр Македонскийдің әкесі Филипп патшаның: «Есектің арқасына алтын байлап қойсаң, ол кез келген патшаның сарайына емін-еркін, еш кедергісіз кіре береді. Егер алтынды алып қойсаң, жан баласын жанына жолатпайды», – деген сөзі еске түседі. Енді ойланыңыз...
Әуесқойлық – әдебиеттің соры екен. Филиал сонда, ондайлармен қалай жұмыс істеуі керек?! Әдебиет – көркемөнерпаздар үйірмесі емес.
Мен жауқазындай жайнап өсіп келе жатқан жамбылдық жас талапкерлерге ден қоямын. Мен оларды, олар мені іздейді. Дүниеге поэзияның жаңа сипатымен қоңыраудай сыңғырлап келген жігіттер мен қыздар. Алды талай-талай республикалық әдеби жабық бәйгелерде жеңімпаз, жүлдегер атанып жүр. Хамит Есаман, Нұржан Қадірәлі, Табиғат Абаилдаев, Наурызбек Саршаев, Жанғазы Ахметов, Арайлы Жақсылық, Тұрсынбек Сұлтанбеков және тағы басқалары бүгінде еліміздің жыр-жүрегінен «тепсініп теңдік сұраған» жас ақындармен үзеңгі қағыса алатын үкілі үміттеріміз. Құдай осылардың жолын оңдасын деймін.

– Өзіңіз шығарып отырған «Жамбыл» журналына оқырмандардың сұранысы өте жоғары. Өзіндік орны бар журнал. Соңғы жылдары бұл басылымның жекешеленгенін де білеміз. Қазіргі жағдайы қалай? Жекешеленгеннен кейін билік тарапынан қолдау тоқтап қалған жоқ па? Қандай қиындықтар бар?
– Осы жағынан менің жолым болды. Серік Үмбетовтің тікелей қолдауымен дүниеге келген «Жамбыл» журналы билік тарапынан тұрақты қолдау тауып келеді. Секең Алматы облысына ауысқан соң да, сондағы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыстырып, қаржыға қол жеткізген кезіміз де есте. Таралым да өскен.
Басылымды облысты Қанат Бозымбаев басқарған кезде жекешелендірдік. Қанат Алдабергенұлы да, одан бұрынғы Бөрібай Жексембин де, қазіргі облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев та «ал енді өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп сырт айналған жоқ. Бұлардың қай-қайсысы да «Жамбыл» журналы ұлы бабамызға қойылған рухани ескерткіш екенін терең түсініп, азаматтық көрсетті. Кәрім Көкірекбаев облыс әкімінің бірінші орынбасары кезінде мемлекеттік сатып алу процесінде ұтысымыздың 2 миллион теңгеге ұлғаюына ықпал етті, одан өзі әкім болғанда бардым. «Бірінші орынбасар болып жүргеніңде өстіп едің, енді өзің әкімсің, ұтысымды тағы бір 3 миллионға көбейтсең қайтеді?» – дедім. Сөзге келмеді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 2017 жылы аймақтағы жазылым таралымының 2000 данаға жақындауына септігін тигізді.

– Егер Алла тағалам қайта өмір сүруді жазса, жазушылық жолды тағы да таңдайтын ба едіңіз? Қаламгерлік жолда жүріп не таптыңыз, не жоғалттыңыз? Қандай қиындық көрдіңіз? Қандай рахат сезімді бастан кешірдіңіз?
– Қаламгерлік жолда дүние, заман, адам, қоғам таныдым. Соның арқасында тарихи тағдырымыздағы құдіретіміз бен қасіретімізді қатар қойып роман жаздым. Енді осы әлеуметтік көркем еңбегім баспада «әне шығады, міне шығадымен» сегіз жыл жатып қалды. Ол кез кеңестің қаһары қайта қоймаған, сірә, әліптің артын баққан немесе бәлесінен аулақпен сақтық пен қорқыныш болған шығар, кім білсін. Реті келгенде айта кетейін, оның жолын ашқан – «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкенов пен Мұхтар Мағауин. Бірі «Таңшолпан» журналында 100 бет үзіндісін, бірі «Жұлдыз» журналында тұтас басып шығарды. Одан Нұрлан Оразалиннің ықыласымен «Ан-Арыс» баспасынан кітап болып басылды. Рахат сезімі – алғаш рет ақиқатты, жанкештілік рух пен азап-шерді өз әл-қадірімше тереңнен қозғап, көркем шындықпен айта алғаным.

– Баяғыда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне бір күн меншікті тілші боп кеткен хикаяңызбен жақсы таныспыз. Одан кейін орталыққа, ел астанасында жұмыс істеуге, үлкен әдеби ортаға қойып кетуге мүмкіндік болмады ма, жоқ әлде өзіңіз қажет деп санамадыңыз ба? Бұдан шығармашылығыңызда пәлендей өзгерістер болар ма еді?
– «Лениншіл жасқа» бір күн ғана меншікті тілші болып, ары қарай жайнаң көздің кесірінен ауылға қайтқаныма сол кезде өкініш болғанымен, қазіргі пайдасы – тағдырдың алдын ала кесіп-пішіп қойған қолайлы ісі сияқты. Егер республикалық газеттің үш облысқа меншікті тілші болып кете барғанда не болып, не қоятын еді? Қай қазанда қалай қайнайтын едім? Қайдам... Мінез бар, серілік-перілік бар, иір бұтақты тірлік бар. Қазір ойласам, бәлкім, сол меншікті тілшіліктен құдай қаққан шығар... Алматыға біржола келу, жұмыс істеу қаперімде болған жоқ. Үлкен әдеби орта дегенің... Әдебиетке кештеу келдім. Ес біліп, етек жиған кез. Одақтың «Қаламгер» кафесіндегі қырғын ішіс, қым-қуыт «жүрісті» көргеннен кейін мұндай ортадан оңбайтынымды білдім. Қаншама таланттың түбіне жетті, әлгіндей жынойнақ. Қазақ әдебиетінің бағына туған қайран да қайран дарындар жетуге тиіс жеріне жете алмай, жер томпайтты.
Жалпы, үлкен әдеби орта жаңа бастап жүргендерге керек те шығар, тұла бойыңдағы құбылысты тереңірек сезініп, көкірегің оянып, көзің ашылған сайын әдеби орта өзіңе-өзің болып шығатыны ақиқат. Оқып-тоқуың, ізденісің, жанкешті еңбегің. Парасат-танымың, дүниені, заманды, қоғамды, адамды көкірек сәулесімен көріп-білуің табиғи бітіміңе байланысты. Нағыз шығармашылық адамы өзінен басқаға ешқашан тәуелді бола алмайды. Өзінің пайымына, ойлау жүйесіне, қиялына, басқаша жазу ізденісіндегі жанкештілігіне сенеді.

– Шығарманы қалай жазасыз? Тәсіліңізді айтамын... Біреулер оқиға, біреулер кейіпкер іздеп жүремін дейді...
– Ел кезіп, етік тоздырып, кейіпкер немесе оқиға іздемеймін. Айтпақ болғаным пісіп-жетілген кезде, соған қызмет ете алатын қоршаған ортада оқыс көрініс беретін детальдар. Ары қарай шығарманың өзі өрбіп кетеді. Өздігінен өмір сүре бастайды. Соған қарай кейіпкерлер де өздігінен өсіп шығады. Автор ретінде, рас, шығармамның шешімінде оқыс шыға келетінім бар.

– Кейде жастық шақта өткен қызықты бір хикаялар есіңізге түсіп, сол кездегі аңғалдығыңызға күліп отыратын сәттер бола ма?
– Жастық шақтың қызығының қайсыбірін айтасың. Аңғалдығым есімде қалмапты. Шыным.

– Тәуелсіздік жылдары шыққан кітаптарыңызға қаламақы алып көрдіңіз бе? Біздің елде жазушы еңбегі өз дәрежесінде бағаланып отыр ма?
– Алдым. Рас, мардымсыз. Бірақ жазбай тұра алмадық. Қаламақы үшін жазуды мақсат ету мүлде ойға келмепті. Өйткені біз қандай да еңбектің өтеуі – сені асыраушы бірден-бір мүмкіндік екенін сөзсіз мойындайтын, нарықтың парқына тәрбиеленген елде тумадық. Мысалы, Мураками сияқты. Ол, өзінің айтуынша, алғашқы кітаптарын коммерциялық мақсатта жазған. Әдебиет – адамдардың жан дүниесінде, оның интеллектуалдық дамуының жаңа өрістері мен жойқын жарылыстарын жасап отыратын өнер. Мемлекет мұны білмеді емес, білді. Бірақ ол еңбекті мемлекеттік тұрғыда бағалау жағдайына енді-енді жетіп отыр. Бұған бізден кейінгі жас ұрпақ – әдебиетшілердің айы оңынан туды деп қарап, шүкір етіп қуану керек.

– Мүшәйра, әдеби бәйгелер әдебиетті өсіре ме, әлде қаламгерлер арасындағы тартысты күшейте ме?
– Тапсырыспен жазылғандардың көркем шындықтың көгіне шығуы екіталай. Шарттарға тәуелділік ойдың еркіндігін, өзгеше өрнек, бояуын шектейді. Егер мүшәйра, әдеби бәйгелер еркін тақырыптарға арналса әңгіме бір басқа.
Мұны жастарымыздың дені түсінеді. Оларды қолды-аяққа тұрғызбайтын екі нәрсе – қызуқанды қызығушылық пен тәуекел. Әрине, және тиын-тебен. Жазғыра алмайсың. Жабырқап қалатының тағы рас.
Бәсеке дегеніміз, өзімнің пайымдауымша, шығармашылықтың өн бойында үздіксіз жүріп отыратын жүрдек ойдың жүрек соғысы. Ол біреудің білгенін сенің де білуіңе ұмтылдыратын жанталас. Біреудің білгенін білмей өтудің күйігі жаман. Федор Достоевскийдің өлгенін естігенде, Лев Толстой: «Қап, әттеген-ай, білмегенімді сұрап алатын едім», – депті. Мұны бәсекелестіктің, егер осы тұрғыдан қарасақ, ұлы мәдениеті дейді. Ұлының ұлыны, мейлі олар өмірде бір-біріне табынбағанымен, реті келгенде мойындауы.
Бір тақырыпты, мысалы, әр жазушының өзгеше толғауы әрқилы. Соғыс қашқыны туралы Шыңғыс Айтматовтың повесін алыңыз. Бұл тақырып Валентин Распутиннің де назарынан тыс қалмады. Құдайшылығын айту керек, ол Шықаңнан асып түсті. Бұл сонда бәсекеден бе? Солайы солай да шығар. Алайда басымдықтың күні дәл сол бәсекеге қарап тұрмайтыны тағы рас. Бәсеке – әуелі өзіңді жеңу, кемшілігің мен артықшылығыңды қатар мойындау, үздіксіз үйрену, ерекшелігіңді еңсеру, әйтеуір, бақталасқа айналмау. Бәсеке – көрінген көгенкөзді көктей өтетін шеберлердің шеруі. Ақтық деміне дейін асып түсуді армандап өтетіндердің аламаны. Жастарымыз ең әуелі осыны пайымдап алуы тиіс деп ойлаймын. Иә, осылай ойлаймын.

– Жас буын жазушыларға айтар үш кеңесіңіз.
– 1.Көркем шындық. 2. Концептуалдық жетістік. 3. Интеллект.

– Әңгімеңізге көп рақмет.
 

Әңгімелескен  Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар