1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
Дәуірге айналған Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін, суреткерлік болмысын талдап жазған кітап, мақала, зерттеулер жетерлік. Өткен ғасырда жазылған, бүгін, ертең де жазыла бермек. Мұның бәрі өзінше бөлек әңгіме. Мені ойландыратыны – осыған қосымша, қоғамымыздың дамуына интеллектуалдық тұрғыда айтарлықтай әсер етіп, аянбай еңбек еткен тұтастай толқынның тәлім-тәрбиешісі, рухани жетекшісі бола білгені. Бұл кез келген қаламгердің еншісіне бұйырмайтын сирек бақыт. Шерхан Мұртаза, міне, сондай бақытты иемденген санаулы жазушылардың бірі. Қазақтың әдебиеті мен журналистикасының зиялы өзегін құрайтын қауымның қатарына көз жіберсек, Шерхан аға мектебінен өтпегені кемде-кем. Басқасын айтпағанда, осы кісінің тікелей ықпалымен әдеби ортаға қосылған Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсыновасыз ұлттық мәдениетімізді елестету мүмкін бе!?

ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап бүгінге дейінгі қалам ұстағандардың біразы өздерін оның шәкіртімін деп есептейді. Мен де солардың бірімін. Сырттай қарасаң, қатқыл көрініп, сұсты түрінен жылылық аңғарыла қоймайтын осынау жанның аузынан шыққан әр сөзінің дуалы екенін біз бірте-бірте түсіндік. Жанарында жасырынған тұңғиық мұңды сезбеу және мүмкін емес-ті. Сол мұң бірақ төңірегіне елеусіздеу ғана шуақ шашып тұратын ұдайы. Мұң мен шуақтың қатар себелейтінін алғаш осы кісіні көргенде байқап едім.
1969 жылы университетті аяқтап, «Лениншіл жастың» қасиетті табалдырығын имене-имене аттадым. Дәл сол күнге шейін редакцияның алдына талай рет жақындап, кіруге жүрексініп кері қайтқанмын. Курстастарым Сейітқазы Досымов, Жарасқан Әбдірәшев, Ырым Кененбаев, Құрманғазы Мұстафин, Мұрат Күлімбетовтің мақалалары жиі жарық көріп, штатқа да еніп үлгерген. Ал менің бұған дейін газетте жарияланған ештеңем де жоқ, соған қарамастан, үмітім зор. Іштей «мен қалайда «Лениншіл жаста» жұмыс істеуім керек» деймін. Хатшы қыз Ғазиза екен, қасында біршама отырған маған кіріп-шығып жатқандар саябырлаған сәтте бас редактордың кабинетіне кіруіме рұқсат етті. Столының қасына кеп жайғастым. Университеттің журналистика факультетін жақында бітіргенімді, тек қана осы газетте жұмыс істегім келетінін айттым. Будақтаған темекі түтінінің ар жағынан қарап, тіл қатпай ұзақ отырды. Аты-жөнімді сұрады-ау әлден уақытта. Темекі түтінінің арасынан жүзіндегі өзгерісті, яғни жақтырған-жақтырмағанын айыру мүмкін емес.
– Ауылыма кетіп барамын, екі-үш айдай сонда боламын, ел жақтан мақалалар жіберіп тұрсам... күзге қарай келсем, жұмысқа алсаңыз... – дегендей сөздерді айтып, жауабын тостым. О кісі тәптіштеп ештеңе сұрамады.
– Екі-үш ай дейсің бе, о кезде мен жұмыста болмаймын, Мысырға жол жүрмекпін, – деді, – бірақ орынбасарыма айтып кетермін. Материалдар жаз, көрейік кейін.
Атымды, фамилиямды алдындағы күнтізбенің бетіне жазып қойды. Іштей қуанып шықтым кеңсесінен. Жаздай туған жерімде болып, шағын хабар, репортаждар жіберіп жүрдім газетке. Күзде редакцияға қайтадан келдім. Шынында, орынбасарына тапсырған екен. Қашан көрсең жүзі жадырап жүретін Қалдарбек Найманбаев ағамыз редакцияға қатар барған Сағат Әшімбаев екеумізге алма-кезек қарап: «Ең алдымен саған бұйрық береміз, әрине, сынақ мерзіммен», – деді. Үш-төрт күннен кейін Сағат та қызметке орналасты. Сейітқазы, Бекділдә, Ырым, Орысбай, Құрманғазы, Жарасқан, Жарылғап, Мұраттардың соңын ала мен де, сөйтіп, жұмысқа іліндім. Қоғалы ауданына барған алғашқы журналистік командировкадан жазған материалым үшін бас редактордың бұйрығымен бір жалақының мөлшерінде қаламақы алып, қайран қалғанмын.
Шерхан ағаның талап қойғыштығы, әділдігі талай жастың жолын ашты. Әркім қабілетіне, қаламының қарымына сәйкес үлкен ұжымда өз орнын тауып жататын. Таланттының жүзі қашанда жарқын жүретініне сол кезден дағдыланған екенбіз, енді ойласам. Бұл аз нәсіп пе? Басшы ретінде рухани пәрменді ықпалы мұншалықты абыроймен жалғасқан Шерхан Мұртаза сынды тұлғалар бізде некен-саяқ. Редакторлық қызметін ағартушылық, қайраткерлік деңгейге көтерген ерекшелігі оның өзін де, шәкірттерін де журналистикада оқшау көрсетіп тұрғанын несіне жасырамыз. Кеңестік жүйенің қасаңдық жайлаған тірлік тынысынан гуманистік қасиеттерді екшеп, әуелден ұлттық мүддені жоғары қойған перзенттік адалдығы қандай лауазымында да нақтылы көрінісін тауып отырады. Соның бір айғағы – «Лениншіл жастың» өзі жетекшілік еткен кезеңдегі шамшырақтай жануы, қазақ үшін осы басылымның адастырмайтын бағдаршамға айналуы еді. Жеке басы үшін мұның өзі тағдырдың сыйы да шығар. Бірақ маңдайына жазылған сол бақытты елінің, жерінің ырысына, берекесіне жалғастыру тіпті мықты деген жазушыларымыздың қолынан келе қояр ма екен?! «Лениншіл жас» шын мәнінде өз уақытының жарық жұлдызы еді. Біртұтас халықтың ізгі дәстүрін, салт-санасын сақтауға тырысқан жанашыры, жоқтаушысы болды. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырынан қарағанда бұл айтуға ғана оңай.
Шерхан Мұртаза басқарған «Лениншіл жастың» киелі шаңырағы әріптес шәкірттерін шынықтырды, күрескерлікке баулыды, ел-жұрттың сүйіспеншілігіне бөледі. Кейін ол қандай орынға барса да («Жазушы» баспасы, «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» басылымдарының бас редакторы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы, парламент мәжілісінің депутаты), әуелден бойына сіңген ұлтжанды мінезі, адалдығы, туған жеріне, Отанына деген шексіз махаббаты іс-әрекетін, ізденісін, мақсатын айқындап отырды. Міне, соның арқасында Шерхан Мұртаза есімі саясат пен руханият кеңістігінде айрықша тәлімгерлік орын иемденіп, бір кем дүниелік құбылысқа айналды. Көркем туындылары, публицистикасы («Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К.Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008), т.б.) суреткерлік табиғатын айшықтай тереңдетіп, қайраткерлігі, саяси көзқарасы азаматтық келбетін құрайтын Шерхан ағаның еңбегі өлшеусіз, сан қырлы. Туындылары шетел тілдеріне аударылған. Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары!», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды. «Қызыл жебе» (1987), «Сталинге хат» (1988), «Бесеудің хаты» (1989) атты пьесалары қойылды. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан» (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері.
Мұның бәрі жан-жақты айтылып та, талданып та жатыр, болашақта да талай зерделі зерттеулердің нысанасына айналары сөзсіз. Шағын ғана мысал келтірсем деймін. «Мен Шерхан ағамыздың «Қара маржан» кітабын оқығандықтан тірі қалғанмын, – дейді мыңдаған оқырманының бірі Тоқтарбек Сүлейменұлы, – қарақұрт шағып, бұлшық еттерім жылан шаққандай ирелеңдеп, жанымды қоярға жер таппай қиналғанымда, жазушының кейіпкеріне қарақұрт шаққанда жасалған әдісін жазғаны есіме түсе кеткені. Қазылған моланың қуысына қолын соза берген қызды (аты есіме түспей тұр) қарақұрт шағып алады. Шаққан жерін сорып, түкіріп тастайтындай жан жоқ, бірақ кітапта суреттелгендей, қарақұрт шаққан тұсын инемен іле ойып алғызып, сіріңке күкіртімен күйдіртіп, есімді жидым». Шерхан аға, сөйтіп, халық медицинасын да айналымға енгізген деп есептеймін. Өмірдің өзінен нақты алынып, шынайы бейнелеген осындай шығармалар ғажап қой, шіркін!
Осындай қарапайым оқырмандар мен сыншы, маман, зерттеуші, ғалымдардың жазушыға деген ыстық ілтипаты, сүйіспеншілігі ерекше болғандықтан да жылы лебіздер, пікірлер тасқыны толастар емес. Халқының мұқтажы, өкініші, зары, запыраны туғанынан бойын буып, бүкіл саналы ғұмырын азаматтықтың шыңына бағындырғаны ақиқат. Адалдық талайымызға тән шығар, алайда соған қоса, азаматтық позициясынан айнымай тірлік кешу тіпті мықтылардың да қолынан келе қоймайды.
Ал біз, ізін басып келе жатқандар, оның қамқорлығын сірә де ұмытармыз ба? Мен үшін осыдан 48 жыл бұрын Шерхан аға демеуінен басталған журналистік қадам сәтті жалғасты. Кім білсін, сол 1969 жылдың қазанында алдына барған кезде селқостық танытып тобына қабылдамаса, қазіргідей үнім шығар ма еді, шықпас па еді? Күнтізбе қағазына дереу аты-жөнімді жазып қойғаны, бір ауыз жылы сөзі шығармашылық жолымды айқындап бергендей көрінеді де тұрады. Әлі есімде, бас редактордың туған мекені Жуалыға редакция тапсырмасымен жолға шыққаным. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысына өзі телефон соғып, көмектесуін өтінді. Кеңес деген жігіт хатшы екен. Барғаннан жастар тірлігінің қызық-қуанышына күмп бердік. Үгіт бригадасының құрамына еніп, мен де әнші боп шыға келдім. Билікөл жайлауын аралап, қойшы қостарына түнеп, таң атқанша ән шырқаймыз. Әрі тілшімін. Ойда жоқта кездескен Әміртай Бөриев те бізге қосыла кетті. Жайма-шуақ, ашық, талантты жігіт еді. Тіпті командировкаға келгенімді естен шығарыппын. Редакция іздеу салғанда ғана тілші екенім есіме түсіп, әбден кешігіп оралғанымды қалай түсіндірем деп қатты қиналғаным бар... Еркіндікке, еркелікке, өрлікке тұнған қайран сол жылдар, қайран жастық десеңізші. «Лениншіл жастың» лапылдаған жалыны, анау-мынауды шаңына ілестірмейтін екпіні, асқақ рухы ғой бізді адам қылған, көзімізді ашқан, ел қатарына қосып қалыптастырған! Сол жалын, сол екпін, сол асқақ рухтың аясында, дәл сол жылдары Шерхан Мұртаза тұрды. Сол кезеңдегі тазалық, мейірім, бауырмалдық, әділдік, бір-бірінің шығармашылық табысына қуану, дарынды жандардың достығы да ерекше еді. Рушылдық, жершілдік, сыбайластық миымызға да кірмейтін. Ана тілі, туған тарих, атамекен, ұлт мүддесін қорғау ғана тұратын көкейімізде. Жан-жақтан анталаған жат әдет-қылық, өгей пиғылдан қалайда ел-жұртымызды арашалап қалу мазасыздандыратын. Қазақтың қысылып-қымтырылған, тегі бұзыла бастаған хал-ахуалы Шерхан Мұртаза шәкірттерінің де жүрегін жаралап, творчестволық ерліктерге жетеледі. Солардың ішінде мүмкіндігімнің деңгейінде, шама-шарқымша өзімнің де жүргенімді, Шерхан аға мектебінен өткенімді мақтан етемін. Мұндай сөзді басқа да көптеген жанның менен гөрі әлдеқайда асырып айтатыны анық.
Сөзімнің басында айтқанымдай, алғаш көргенімде сұсты жүзінен мұң мен шуағы қатар себелеп қайран қалдырғаны, енді зерделесем, шығармаларына, аудармаларына, драмаларына көшіп, тұтастай бір дәуірге айналған Шерхан Мұртазаның ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын шежірелі де шерлі тағдыры екен-ау. Неткен шер десеңізші соңынан бір елі қалмай қойған...

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, журналист, жазушы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар