20 шілде 2010
«Алтын адамның» қадiрiне жете алмай жүрген секiлдiмiз
Мiне, Қарқаралы өңiрiнен тағы да бiр «Алтын адам» табылды.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бөлiм меңгерушiсi, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов бастаған археологтардың айтуынша, бұл Алтын адам бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi VII-VI ғасырда өмiр сүрген. «Қарқаралыдан табылған алтын адамның киiмiндегi алтын әшекейлер әйел киiмiне тән», – дейдi ғалымдар. Десе де, алтын адамның бас сүйегi мен дене сүйектерi экспертизаға жiберiлдi. Мұның «Алтын ханзада», не болмаса «Алтын ханшайым» екенi содан кейiн анықталады.
Тарихшы ғалымдардың уәжiне сенсек, алтын қай заманда да қат болған. Алтынды өндiру де оңай болмаған. Соған қарамастан ежелгi қазақ даласында өмiр сүрген адамдардың алтыннан киiм киюi...
Сөз жоқ, бұл – байлықтың, барлықтың белгiсi. Көне Қазақстанды көрген жиһанкездердiң жазып қалдыруынша, ежелгi қазақ даласында 60 мың, 75 мың, 120 мың, 130 мың жылқысы бар байлар болған. Осы жиһанкездердiң айтуынша, екi тайтұяқ алтынға (бiр тайтұяқ алтын – 400 грамм) Бұхардың базарында бiр қос жылқы (яки, мың жылқы) сатып алуға болады екен. Бастан-аяқ алтынмен әшекейленген киiмге кем дегенде 6-7 келi алтын кетедi. 6 келi алтыныңыз қанша тайтұяқ алтын? 15 тайтұяқ алтын. 15 тайтұяқ алтынды қанша жылқыға сатып алуға болады? 7 мың, әрi кетсе 8 мың жылқыға. Ал ендi 60 мың, 75 мың, 120 мың, 130 мың жылқысы бар байларға бұл не тәйiрi?!
Сонымен бiрге бастан-аяқ алтыннан жасалған киiм – тек сақылықтың ғана емес, сонымен қатар биiк мәдениеттiң де белгiсi. Не десек те, Қазақстан территориясынан «Алтын адамның» жиiлеп табыла бастауы қазақ тарихшыларын мықтап ойландыруы керек. Ендi мына жайтқа назар аударыңызшы. Қазақ даласын мекендеген адамдар аса биiк талғаммен алтыннан киiм киiп, алтын әшекейдi торғынға, жiбекке жапсырудың, яғни «алтынмен аптаудың, күмiспен күптеудiң» бүкiл технологиясын меңгерген кезде Еуразиядағы славян тайпаларының аң терiсiн жамылып жүргенi ешкiмге де құпия емес.
Қазақ даласы – қасиеттi құтхана. Осы қасиеттi құтханадан «Алтын ханзада» да, «Алтын ханшайым» да табылып жатыр. Табуын тапқанымен, оны жерiне жеткiзе насихаттай, әйгiлей, бұлдай алмай жатырмыз-ау...
Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi VII – VI ғасырларда ежелгi қазақтардың бастан-аяқ алтыннан жасалған киiм тiгуi және оны киюi – бұлардың өзге халықтармен салыстырғанда ерте есейгенiнiң, ерте дамығанының белгiсi ғана емес, сонымен бiрге бұл – бекзада болмыстың, тектi бiтiмнiң де нышан-сипаты. Киiмiнен бастап кебiнiне дейiн алтынға малынған адамды Қазақстаннан басқа қай жерде кезiктiрiп едiңiз?!
Алты акула ауыз салмады
Испания тұрғыны Давид Кальво небәрi 76 секунд iшiнде екi механикалық басқатырғышты жинапты. Ең қызығы, ол мұны алты акуласы бар бассейн түбiнде тұрып iстеген.
Бассейн Испанияның Бенидром қаласындағы саябақтардың бiрiнде орналасқан. Сол бассейн түбiнде тұрған Д.Кальво әр қолына бiр-бiр кубик ұстап, оларды бiр мезгiлде жинапты. «Мен толықтай басқатырғыш шешiмiн табуға ғана талпындым. Сондықтан маңымда жүзiп жүрген акулаларға назар аударғаным жоқ», – дейдi ол.
Осылайша кубик Рубик жинау жөнiндегi Испанияның экс-чемпионы 2010 жылы сәуiрде қол жеткiзген өзiнiң рекордын жаңартты. Бәлкiм, бұған бассейнде жүрген жыртқыштар таңданған шығар. Ойын қызығына түсiп, жем боларын ойламаған бұл неткен пенде деп.





Уәж айту