1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
Жалғандағы жалғыз адам

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
 

Шарасыздықтан прокурор мен тергеушіге оқ атып, кейін өзіне-өзі қол жұмсаған Өмірбек Жампозовтың адам басына бермес трагедиялық тағдыры туралы әңгіме таяу арада басыла қоймас. Өйткені көкірегі ояу, көзі ашық кез келген адам осы шенеунікке қарап, оның видео арқылы билікке жеткізгісі келген ащы шындығын естіп, «осы азаматтың орнында мен де болуым әбден мүмкін еді ғой, сол кезде мен не істер едім?!» деп бір сәт болса да ойланып қалары сөзсіз. Сондықтан бұл тақырып баспасөзде, асүйлерде, дастархан басында әлі де өз жалғасын табары хақ.
Әрине, мәселенің ақ-қарасын, себеп-салдарын сот анықтай жатар деп мәселені жылы жауып қоюға болар еді. Бірақ өзім олай ете алмаймын, өйткені, шынымды айтсам, өз басым ол сотқа сенбеймін де: біздегі соттардың сот емес, от екенін дүйім жұрт көріп-біліп жүр ғой.
«Жампозов» феноменінің ең басты бір себебі бар: оның мәнісі мынада – балық басынан шіріген секілді бізде Конституция ең алғашқы, бірінші бабынан бұзылған. Онда «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Қайдағы адам?! Бізде мемлекеттей киелі ұғымның орнын баяғыда-ақ «өкімет» пен «билік» деген ағымдағы (және де нақты тұлғалардың келіп-кетуіне тәуелді!) институттар басып алған. Ал олардың «ең қымбат қазынасы» – жалғанды жалпағынан басқан нақты топтар мен тұлғалардың өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Заңдар да ат төбеліндей топтардың мүддесіне сай өзгертіле салады. Мемлекеттік машина да солардың айтуымен жүреді. Кейде ішкі саясатты былай қойғанда, сыртқы саясат та солардың қалауымен жүзеге асып жатады.
Ал қарапайым адам күнделікті күйбің тіршіліктегі түйткілдерімен бетпе-бет жалғыз қалады (әрине, бұл жерде мен әлем әдебиетіне арқау болған «қарапайым адам» тақырыбы немесе өз еркімен елден безіп, жалғыздықты философиялық тұрғыдан қабылдаған адамдар туралы айтып отырған жоқпын, менің айтпағым – «жалғыздықтың» әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әрі құқықтық, моральдық астары бар).
Және де ол қиындықтардың табиғи катаклизмдік сипаты болса бір жөн. Оның бәрін қолдан жасап жатқан – биліктегі қолынан ел басқару келмейтін шенділер.
«Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі». Көргені – азап пен мазақ, естігені – бос уәде мен сыпайы шығарыпсалушылық. Іздегені – шындық пен әділеттік, ал тапқаны – көпе-көрінеу өтірік пен теңсіздік.
Тұтас бір мемлекеттік машина адамды қорғаудың орнына оны қорлау құралына айналып кеткен. Әйтпесе биліктен түсіністік пен қолдау тапса Жампозов суицидке барар ма еді?!
Ұжым дейміз, қоғам дейміз – бәрінің де бір, өзгермес өлшеуіші бар. Ол – адам. Яғни аты-жөні, нақты мекенжайы, ешкімге ұқсамас тірлігі, паспорты бар бір адам. Адамзат қолмен ұстап сезетін физикалық субстанция болса, адам – атом.
Бір классик: «Нағыз жалғыздықты үлкен қалалардан іздеу керек», – депті. Мен айтар едім: «нағыз жалғыздықты адам секілді құндылықты тәрк еткен саяси жүйелерден іздеу керек».
Конституция дейміз, басқасын айтпағанда, Құран да адамға арналып жазылды емес пе?! Онда адамның құқы мен міндеттері айқындалып берілді емес пе?
Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Ал бізде адам жалғыз қалды: мемлекет ол туралы ұмытып кеткелі қашан.
Өзіне-өзі қол жұмсаған адамды кейбір дін айыптайды, тіпті өз канондарына сай басқалармен бірге жерлеуге тыйым салады.
Жалғыз жансебіл келеді, бірақ шыдамның да шегі болар.
Жампозов өз проблемаларымен жападан-жалғыз қалғанымен, оның бұл әрекетінің ап-анық қоғамдық сипаты бар: ол сұмдық әділетсіздікке қарсылық білдірді, сөйтіп, жанайқайын қоғамға жеткізгісі келді. Ол дауысы жетті де!
Жалғыздықтың «жарылғыштық» қасиеттері де бар: осыдан бір жыл бұрын Күлекбаев жалғыз өзі Алматының барлық құқық қорғау әрі күштеу органдарын аяғынан тік тұрғызып, масқара еткен жоқ па?! Оның террорлық шабуылының да бір себебі полицейлерге деген жеккөрініш сезімі болды ғой.
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады», кезінде базарда жеміс-жидек сатуға лицензиясын ала алмаған бір тунистік жігіттің өз-өзін өртеуі «домино» эффектісіне әкеліп, тұтас бір жаһандық аймақ – араб елдері революция жалынына оранып, өмірбойлық режимдердің күлі бір күнде көкке ұшқан жоқ па?! Жампозов АЛЖИР мемориалының аумағында емес, Астананың бас алаңында өз-өзіне қол жұмсағанда не болар еді?!
Осынау қоғамдық жалғыздықтан құтылудың бір жолы ғана бар: ол – жүздеген, мыңдаған, миллиондаған «жалғыздардың» бірігуі, өз құқықтарын қорғау мен билікті тәубесіне келтіру жолында тізе қосуы. Бағзы заманнан «жалғыздың жары – Құдай» болса, тірегі – қоғам болмақ.
 

P.S.  Айтпақшы, бізде Конституцияның тағы бір бабының аты бар да, заты жоқ: 3-бапқа сәйкес, «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық». Ал халық болса жоғарыда аталған жал­ғыз адамдардан тұрады...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар