1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
Фурманов Алашқа айнала ма, әлде Базарбековтің арманы орындала ма?

Ит жарыс деген бар. Кәдімгі спорттың бір түрі. Бұл ит жарысыңыз батыс елдерінде жақсы дамыған. Үлкен ипподромдарда өткізіледі. Жұрт озып келеді-ау деген иттерге ақша тігеді. Сөйтіп, иттің өзін бәсекеге, бизнеске айналдырған. Қаптаған қалың итті бір-бірімен жарыстыру да оңай емес қой. Сөйтсе, оның да амалын тауыпты. Иттерге қоянды шырға ғып көрсетіп қояды екен. Содан қоянды қуып жетіп ұстауға ит байғұс тілі салақтап барын салады. Ал бұл адамға қызық, тамаша. Ит жарысқа ұқсас қызықтың бірі біздің елде де көптен бері өтіп келеді. Айырмасы – жарысқа адамдар түседі. Жарыстың жүлде қоры белгісіз. Бірақ көзге түскендер марапатсыз қалмайды. Қызметі өседі. Жарысушылардың мақсаты – президентті мақтау, мадақтау.
О кісінің есім-сойын әр нәрсеге ұсыну. Бұл бәйге неден, қалай, кім бастағаны ешкімнің есінде жоқ. Оны айтасыз, бәйгеге қатысушылар үнемі жаңарып отыратындықтан, ел-жұрт олардың санынан шатасып қалған. Бір жақсысы, іздеп әуреге түсірмейді. Өздері сұранып ортаға шыға келеді. Ұсыныстары әртүрлі болғанымен, негізгі мазмұн біреу – бір кісінің төңірегі. Мәселен, күні кеше Алматыдағы Фурманов көшесін Н.Назарбаевтың атына ауыстырайық деген бастама көтерілді. Ұсыныстың иесі – Думан Базарбеков. Бұл кісі «елімізге белгілі заңгер» деп сипатталыпты. Базарбековтің ұсынысын оқыған соң, мұндай белгілі заңгерді танымағанымызға әлдебір қылмыс жасап қойғандай қатты қысылдық. Енді білетін боламыз. Ұмытпаймыз! Өйткені қаладағы үкіметтік көшені президенттің атына беру туралы бастама көтеріп, оны хатқа түсіріп, қала әкіміне жолдау екінің бірінің қолынан келмейтін асқан «ерлік». Алайда Базарбеков президентке мадақ жарысында қара үзе ме, жоқ па, ол жағы бұлыңғыр. Себебі бұл жарыста әккі, тісқаққан, желдің қай жақтан соғатынын күні бұрын білетін небір «мықтылар» бар. «Мықтылардың» алды марапатын алды, қызметке тағайындалды, тілектері орындалды. Ал Базарбековтің ұсыныс-тілегіне келсек, оның орындалуы қиындау болады-ау. Өйткені Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахет «Фурманов көшесінің атауын ауыстыру мәселесі ономастикалық комиссияның жоспарында жоқ» деген еді. Дегенмен Думан Базарбековтің ұсынысы қала әкімшілігіне ұнап қалса, онда Фурмановпен қоштасып, Назарбаев көшесінің бойымен жүретін боламыз. Бірақ басқа бір ұсыныс бар: ол – Фурманов көшесін Алаш көшесі деп атау. Біріншіден, жалпы, көше, ғимараттарды өз атымен атауға президент қарсы. Оны өзі де талай жиында айтты. Бірақ біздің үкімет пен жарысқа қатысушылар президенттің сөзіне пысқырмайды.
Бастама, ұсыныстарды көтертеді, қолдатады, ақыры президенттің есімін беріп тынады. Жалпы, президенттің есім-сойын көтермелеуге қатысты ұсыныстар жоқ жерден, бекер көтерілмейтіні айдан анық. Сондықтан Думан Базарбековтің идеясы да оған шай ішіп отырғанда аяқастынан келе қалды дегенге біреуді сендіру аса қиын іс. Екіншіден, Фурмановты Алаш атына беру тарихи әділеттілік. Оның үстіне биыл Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толады. Үшіншіден, бұл бүгінгі күннің бағытымен де үйлеседі. Мысалы, үтір-нүктесіне дейін бөлек-бөлек бастама болып көтеріліп жатқан президент Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делініпті. Ал Алаш дегеніңіз – ұлттық кодтың дәл өзі. Фурманов көшесін Алаш деп атаса нағыз жаңғырудың көкесі сол болады. Әйтпесе атышулы мақала іске аспаған кезекті құрғақ сөз болып қала береді. Төртіншіден, өткенде «Жас Алашта» жарық көрген саясаттанушы Айдос Сарымның «Ономастикалық саясат туралы бірер сөз» атты мақаласында айтылған ойлар да Фурмановты Алаш атына ауыстыруға үндес. Мақалада автор: «Ономастика – тарихи сананы қалыптастырып, оны бірегейлендіретін саяси құрал. Көше атауы – елдің идеологиясын, тарихи бағытын, арман-мұратын айқындайтын дүние», – дейді. Ал Алаш тарихи санамыз, елдің идеологиялық негізі, тірегі, тарихи бағыты екенін ешкім жоққа шығармас. Демек, Фурманов көшесіне Алаш атауын беру қай тұрғыдан алсақ та оңынан келіп тұр. Бірақ президентті тарихта қалдыру жолындағы жалынды жарыстың жолына жаңа шыққан Базарбековтің ұсынысы күтпеген жерден қоғамнан кең қолдау тауып, іске асып кетуі ғажап емес. Осы тақылеттес ұсыныстардың жолы болғыш, дереу орындалғыш болып келетініне қарап, Фурманов көшесінің Назарбаевтың атына ауысу ықтималдылығы тым-тым жоғары екенін ішің сезеді. Сезесің де, Алашты аяйсың (Алаш – қазақ елдік атауы, ұраны).
Айтпақшы, Фурманов көшесі туралы википедиядағы деректе мынадай бір қызық мәлімет жүр: «Қазақстанда советтік көше атауларын ауыстыру науқаны Фурмановты айналып өтті. Оның өз себебі бар. Ұзынқұлаққа сенсек, бұл көше болашақта Н.Назарбаевтың есімін ұлықтау үшін сақталып отырған көрінеді». Сонда Базарбековтің ұсынысына википедиядағы осы бір мәлімет себеп болды ма деп те ойлайды екенсің. Ой жүйрік қой. Біздің мұндай қиғаштау ойымызды Базарбеков түсініп, Назарбаев өзі кешірсін!..

P.S. Еуропадағы ит жарыстың бір түрі біздің елде де бар. Оны ит таластыру дейді. Қарап тұрсаңыз, ит жарыстыру мен ит таластырудан қоғамның, жүйенің ішкі бейнесін де көруге болатындай...
 

Таңатар ТАҒАН
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар