1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №65 (16251)   17 тамыз, бейсенбі 2017
17 тамыз 2017
Иін тірескен инвестор Қазақстанға келу үшін не істеу керек?

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
Үкімет тағы да стратегиялық бағдарлама қабылдады. Бұл жолы бұрын-соңды болмаған соны тәсілдерді қолданып инвестиция тартпақ. Шенеуніктер бұл жоспарын «Инвестициялық саясаттың ұлттық стратегиясы» деп атапты. Бір қарағанда ойлары дұрыс сияқты. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп ақылдаса жазыпты. Мұнысы құптарлық жайт. Әсіресе «инвестицияны шикізаттық емес салаларға тартуға басымдық беріледі» дегені көңілге өте-мөте қонымды. Өйткені осы жылдар ішінде Қазақстанға шетелден келген қаржының денін қазба байлықтардың сиқырлы магниті «тартып» келді. Енді жаңа бағдар баяғыдан айтып келе жатқан «экономиканы диверсификациялау» ісіне қозғау салса нұр үстіне нұр болар еді.

Жаңа стратегияда шетел инвестициясын айтып қана қоймай, ішкі мүмкіндіктерді қарастыру жайы қозғалғаны жақсы. Ішкі мүмкіндіктерді үкіметтегілер 46 пайызға арттырмақ. Бұған қалай қуанбайсың? Үкімет Қазақстанға инвестиция құймақ шетелдіктерге жеңілдіктер қарастыруды да ұмытпапты. Онысы да жөн. Өйткені жайлы жағдай болмаса, елге қаржы қайдан және қалай келеді? Дегенмен шетелдіктерге жасалар жеңілдіктер бюджетіміз бен отандық бизнеске ауырлық көрсетпесе болғаны.
Несін айтамыз, мәтінін әп-әдемі жазып, ел мен президентті серпілтіп тастауға шенеуніктер әбден машықтанып алған ғой. Керім көрінген осы құжатта көрінбей қалған, үкіметтің ойындағы жаңа «инвестициялық ахуалға» тікелей әсер ететін шарттарға назар аударайық.
Біріншіден, кез келген елдің инвестициялық жағдайы қағаз жүзіндегі талаптар, заң немесе қандай да бір қаулылармен анықталмайды. «Практика» деген ұғым һәм болмыс бар: қағаздағы қағида мен күнделікті өмірдегі шындық бір-біріне сәйкесе бермейді.
Қазақстанға ақша салмақ шетелдік бизнесмен ресми баспасөзбен қатар, тәуелсіз басылымдарды салыстыра оқып, елдің ішкі жағдайына қатысты жан-жақты объективті мағлұмат алады. Яғни мемлекеттік органдарды жайлап алған жемқорлық дертін білмей, естімей, байқамай қалулары мүмкін емес. Оның үстіне шетелдік инвестицияны да жемқорлық айналып өтпегені баршаға белгілі. Ел арасында астаналық кейбір шенеуніктердің шетелдік инвесторлармен жеке кездесулерінде параны «өркениетті түрде» бопсалайтыны туралы алып-қашпа болса да, негізсіз емес әңгімелер жайлап жүр. «Жел болмаса, шөптің басы қозғалмайды».
Екінші мәселе сот жүйесіне қатысты.
«Үй іші болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Бизнес болған соң, ертеңгі күні әріптес арасына сына қағылып, бір-біріне арыз жазып сотқа жүгінуі мүмкін. Ал біздің соттардың жайы бесенеден белгілі: кім көбірек пара берсе, соның пайдасына үкім шығара салады. Сондықтан да шетелдік инвестор ертең түлкібұлаңға салып кетуі мүмкін министр не әкіммен соттасса, сөзсіз, жеңіліске ұшырайтынын сезеді, біледі.
Әрине, президент о баста Астанада ағылшын құқы негізінде жұмыс істейтін арнайы халықаралық қаржы орталығы құрылатынын айтқан болатын. Бірақ біздің «түйені түгімен, биені жүгімен жұтып жүрген» жемқорларға ондай құрылым кедергі бола ала ма? «Ауру қалса да, әдет қалмайды», сондықтан өз басым оған үлкен күмәндімін.
Біз үшін айта-айта жауыр боп кеткен таза демократиялық үрдістерді шетелдіктер болашақта инвестор ретіндегі өз құқын қорғаудың бір мықты кепілі ретінде қарастырады. Мәселен, сөз бостандығы сияқты талапты олар ауадай қажет деп санайды. Өйткені кез келген түсінбеушілік не үкімет тарапынан болуы ықтимал біржақты басынушылықты олар тек қана тәуелсіз баспасөз арқылы қоғамға жеткізе алатынына сенімді.
Кешегі сөзінде үкімет басты инвесторлар ретінде 36 мемлекетті атапты. Оның ішінде қарыштап дамыған елдердің бәрі бар: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Жапония және т.б. Бір қызығы, осы қатардан батыстың санкциясының астында қалған Ресей де табылған. Осы жайт батыс елдерінен инвестиция тартуға кері әсер етпей ме? Бұл, меніңше, үкіметтің дербес бір стратегиялық жоспарын қажет ететін мағызды бір бағыт.
Бұл талаптардың бәрі, шынтуайтына келгенде, аса үлкен жаңалық емес, кез келген инвестицияға зәру елге қолдануға болатын шарттар. Ал инвестиция қажет ететін ең басты талаптардың бірі – биліктің тұрақтылығы. Бізде ол бар ма?! Баршамыз қазір постназарбаев кезеңі туралы айтып жатырмыз. Н.Назарбаевтан кейін таққа кім отырады? Бүкіл экономикалық және саяси элита кімге бас ұрады – сол іс жүзінде инвестицияның нағыз кепілі болмақ. Меніңше, дәл осы мәселе анықталмай, елге аса зор көлемде шетел инвестициясы келуі әзірше неғайбыл...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар