1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №66 (16252)   22 тамыз, сейсенбі 2017
22 тамыз 2017
Ресей ыдыраса не болмақ?

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы арнайы «Жас Алаш» үшін
АҚШ-тың өте беделді сараптама орталығы – Stratfor алдағы онжылдықта Ресей Федерациясы ыдырап кетеріне болжам жасады. Оның орындалуы алғаш қарағанда күмәнді көрінеді. Тіпті Мәскеуге шүйліккен батысты одан әрі арандату ісі сияқты көрінеді. Дегенмен Stratfor-дың бұған дейінгі болжамдарының басым бөлігі шындыққа айналғанын ескерсек, тереңнен ой қозғау артықтық етпейді.

Мәселен, 1980 жылдардың басында Совет Одағы күйрейді деген сөзге кім сенді? Немесе мызғымастай көрінетін араб режимдері бірінен кейін бірі құлайтынын, ал бауырлас, ағайынды Ресей мен Украина қас дұшпандай қанды соғысқа түседі деп кім ойлаған? Ешкім де. Міне, адам сенгісіз осы сценарийлер өмірдің ащы шындығына айналды. Сөйтіп, «мүмкін емес» деген ұстаным халықаралық саясат сахнасынан сырғып түсті. Тиісінше тұрақтылықтың тұғырын сақтау болуы мүмкін барлық жорамалдарды жете талдап, қақтығыстар мен күрделі құбылыстардың алғышарттарын алыстан орап кетуге тәуелді етті.
Мақалаға өзек болған Ресейге оралайық. Осы елдің жетекші саясаткерлері мен саясаттанушылары Ресей тұтастығының ыдырау мүмкіндігін жай жорамал емес, айналып өтуге болмайтын кезең ретінде қарастырады. Сергей Илларионов, Николай Сванидзе, Леонид Гозман, Михаил Касьянов, Ирина Хакамада сияқты танымал тұлғалардың пікірталасы негізінен «ыдырау» үдерісі қашан басталып, қалайша өрбитініне тіреледі. Яғни оларда алып мемлекеттің ыдырауы мүмкін емес деген сенім жоқ. Қайта кейбіреулері бұл үрдіс алдағы екі-үш жылдың еншісіндегі іс десе, қалғандары бұл мерзімді 10-15 жылға созады. Олардың болжамынша, ыдыраудан соң Ресей Федерациясы алты немесе сегіз дербес мемлекетке бөлшектенеді ( 25 жеке мемлекет болады дейтіндер де бар). Сарапшылар жаңадан құрылуы мүмкін бұл мемлекеттер бір-бірімен тату көрші болуы, ынтымақ пен сыйластықта қарым-қатынас жасауын неғайбыл іс деп санайды. Қайта саяси-экономикалық, идеологиялық, ұлтшылдық, діни, басқа да кикілжіңдерден шиеленіс, тіпті соғыс өрті тұтануы әбден мүмкін дейді.
Егер осындай күрделі құбылыстар түбі болатын болса, Ресей ішіндегі қақтығыс пен тартыстар, экстремизм, заңсыз миграция, босқындар, қару-жарақ таралуы, қылмыстың етек жаюы сияқты мәселелер көрші мемлекеттерге кері әсерін тигізері анық.
Қазіргі Кремль Ресейді күші тасыған, мемлекет дамуы тұрақты деп көрсетуге тырысады. Алайда ондай үгіт-насихатына сенім аз. Шын мәнісінде Ресейдің бүгінгі қалпы мүшкіл. Ел экономикасы соңғы бес жылда рецессия, яғни экономикалық құлдырауға түсті. Алтын-валюта қоры екі жарым есе азайды. Шетелге тұрғылықты көшуші ресейліктер саны рекордты деңгейге жетті. Мұнай бағасының күрт арзандауынан Ресей экономикасының әлемдегі үлесі 2,5 пайыздан 1,5 пайызға дейін қысқарды. Нәтижесінде тек ресми статистика бойынша 20 миллион азамат кедейліктен де төмен деңгейде күн көріп қалды. Ал Қырым аннекциясы мен Донбасстағы авантюрадан кейін Мәскеудің қос бүйірін халықаралық санкциялар қысып тастады. Путиннің саясатына наразылық күннен-күнге еселеп өсуде. Жемқорлық жайлап алған, технологиясы көш соңында шаң жұтып қалған, «Орыс әлемі», «Сколково», «Сібір қуаты», «Солтүстік ағыс», «Оңтүстік ағыс» сияқты сан алуан саяси-экономикалық алып жобалары басталмай жатып тығырыққа тірелген бұл елде қоғам наразылығы оттай қызып тұр. Сорақысы сол – Ресей билігі мемлекетті тығырықтан алып шығатын алғышарттарды мүлдем көрмей тұрғандай. Қайта одан әрі күшейген санкция соққыларына арқасын төсеп, шикізат бағасы арзандаған сайын тізерлеп барады. Елде оппозицияшыл бағыттағы, оның ішінде жастардың қарсылығы үдеп тұр. Ал осы үрдіс Ресей билігін ауыстыруы әбден мүмкін. Бірақ алаңдататын мәселе болуы мүмкін осы өзгерістен Ресейде демократиялық қоғамның орнауы, мемлекет пен аумақ тұтастығының сақталып қалуы анық емес. Жүздеген ұлт пен ұлыстан құралған, орталық пен жер-жердегі элиталары бәсекелес, Орал тауының шығысына қарай аймақтары өте сирек қонысталған алып империяны бір жұдырықта ұстап тұрған құрал – әзірше орталықтың сесі мен күші. Енді кезінде Совет Одағы ыдырағандай, Мәскеу сол әлеуеттен қол үзуде. Өз-өзін тығырыққа тіреп, әлсіреп тұрған билік жүйесінің еңсесін күні ертең тіктеп, жерге жықпай көтеріп әкетер күш, халық қолдайтын мықты партия, топ, қозғалыс, тірі саяси институттар мен дәстүрлер жоқ. Бұрын олар бар еді. Бірақ Кремль осы күнге дейін оларды жаншып, жойып, ізін қалдырмауға барын салды. Енді билік басында немесе саяси жүйеде қандай да бір бүлік бола қалса, саяси сахнаға өзара ымыраға келмейтін, мемлекет тағдыры мен тұтастығын түсінбейтін түрлі күштердің шығуы әбден мүмкін. Мұндай көріністі біз біртұтас Сирияның әйнектей сынып, қайта бірікпестей бөлшектеліп шашылып түскенінен анық көрдік: парша-паршасы шыққан елде асадиттер, күрдтер, шииттер, сүнниттер, зайырлы оппозиция, «Ислам мемлекеті қозғалысы», «Джабхат Ан-Нусра» болып бірімен-бірі итше таласып, кешегі гүлстанды қызыл қанға бояды.
Сирия сабағын бәріміз түсінуіміз керек. Қауіпсіздік, тұрақтылық, сенімді серіктестік кімге болсын ауадай қажет. Көршіден өрт шықса, оның жалыны жетпей қоймайды. Осы тұрғыдан алғанда жеке билік пен отбасы билігі мемлекеттік биліктен жоғары тұрмауы тиіс. Қазір кез келген саясат мемлекет болашағына қауіп төндірер қатерлерді алыстан байқап, оларды үдетпес үшін бар мүмкіндіктерді дер кезінде ұтымды пайдалануды талап етеді. Ағымдағы оқиғалар мен үрдістерді кеңінен сараптап, қияли көрінген болжамдарды тереңнен талдап, болуы мүмкін тығырықтан алдын ала айналып өтудің жүз қадамын жасау міндет. Бұл – Ресей билігін ғана емес, Қазақстан билігін де ойландыратын мәселе.

ОРЫСТАР АЗАЙЫП БАРАДЫ
Ресей статистика агенттігінің хабарлауынша, туғандар мен елге келгендерден биыл өлгендердің қатары төрт есеге артып кеткен (былтырғымен салыстырғанда өлім 20 200-ге кем. Ал туғандар саны 107 400-ге аз).
Президент Путиннің өзі маусымдағы тікелей эфирде әрбір 25 жыл сайын туудың азайып бара жатқанына алаңдаған болатын.
Ел үкіметі қандай да бір қадамдар жасағанымен, оның нәтижесі күмәнді көрінеді. Демография институтының директоры Анатолий Вишневскийдің айтуынша, демографиялық дүмпу жасау үшін бала мен анаға берілетін сыйақыны қанша көбейтсе де, одан пайда аз. Себебі қазіргі Ресейде 1990 жылдары дүниеге келген бала босануы тиіс әйелдер саны тым аз. Мамандар адам санын, яғни енбек күшін мигранттар есебінен арттырған дұрыс дейді. Бірақ бұл амалға да сенім жоқ. Себебі Ресейге сырттан келетін мигранттардың 60 пайызы Украинаға тиесілі еді. Қазір екі елдің қақтығысы мен Украинаның Еуропаға визасыз кіру есігі ашылғалы украиндар Ресейге қарауды қойған.
Ресей экономикалық даму министрлігінің болжамынша, 2020 жылға қарай еңбекке қабілетті адамдардың саны 3 миллионға дейін азаяды. Мамандар «еңбек күшінің жетіспеуі экономикада үлкен қиындықтар тудырады» деп отыр.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Азат Есен Ноғайлы | 23 тамыз 2017 00:17
Ресей бөлінер, мүмкін бөлінбес. Тек осы федерация ыдыраған жағдайда Ресей құрамынан бөлініп шығатын түркі текті бауырларымыздың көшін бастап, егеменді ел етер амал-әрекет жасайтын көсемдері бар ма? "КІМНЕН ТАЯҚ ЖЕГЕНДЕЙ БІЗ ТҮРКІНІҢ БАЛАСЫ, АЛДЫРЫП ЖҮРГЕН ДҰШПАНҒА АУЫЗЫНЫҢ АЛАСЫ!" Ресей ыдыраса ыдырар, Ресей бұғауынан босаған бауырлардың ауызы бір, бауыры бүтін болса екен! ТҮБІ ТҮРКІ ТҮГЕЛ БОЛ! Тілегім осы...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар