1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
21 қыркүйек 2017
Ауыл мен дауыл

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
Ауыл өмірі қазіргі қазақ баспасөзінде кеңінен талқыланып, тұрақты трендке айналған таптаурын тақырып. Құлаш-құлаш мақалалар жазылып жатыр. Содан да болар, бұл тақырыпта елді елең еткізер жаңалық ашу да қиын: бәрі де айтылып біткен сияқты.

Өзіміз ауылдан шықтық, ол жаққа жиі-жиі барып та тұрамыз. Ауыл қам-қарекетімен бір адамдай таныспыз. Жақында ғана Алматы, Қызылорда, Атырау облыстарын аралап қайттым. Әрине, ауылда жетістіктер жоқ емес, бірақ ол тым аз. Асанқайғыға салынғың да келмейді, алайда ащы шындықты мойындау керек: қазіргі ауылдың халі мүшкіл әрі жан ашытады. Құлазыған өмір мен одан бетер құлазыған көңіл. Аузы қыста қызылға, жазда аққа жарымай, битін сығып, қанын жалап отырған ағайын...
Әрине, ауыл мәселесін бір күнде шешіп тастау мүмкін еместігін түсінемін. Бірақ қынжылтатыны сол – бір қадам болса да алға жылжушылық жоқ қой. Сол баяғы құр уәде, бос сөздер.
Әкімдердің есептеріне қарасаң – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатыр», ал өз көзіңмен көрсең – «қойың да, бозторғайың да, оның жұмыртқасы да көрінбейді».
Осынау ресми статистика мен нақты болмыс арасының жер мен көктей алшақтығын өз көзімен көріп жатқан жұрттың да жалған ақпарат таратуды дәстүрге айналдырған жергілікті шенділерге, сол мәліметтерге сенгіш жоғары жаққа деген көзқарасы да өзгерген. «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін!» деген ел баяғыдай емес, билікке сынын ашық айтып жатыр. Оның үстіне «Алла деп арақ ішіп, Құдай деп қуырдақ жеп», түйені түгімен жұтқан, оған қоса, әрекеті де, берекеті де жоқ басшыларының тірлігін олар күнде көріп жүр.
Ауылдың әлеуметтік портреті де өзгерген. Мамандық пен кәсіп мәртебелері де нарыққа сай қайта қаралып қойған. Ең зәулім, көрікті үйлер – әкімдікі, соттыкі, прокурордыкі не жергілікті базаркомдыкі. Ақ иттің артын сұқ ит жалаған заманда олардың дәулеті де қатар өсіп жатыр. Бұрын төрді ұстазға ұсынса, қазіргі төр – шенділер мен байшыкештердікі. Ауыл ішінде олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс.
Көзге ұрып тұрған осындай теңсіздікті көрген жастар мұғалім не дәрігер болғысы келеді деп ойлаудың өзі саяси қателік.
Бір сөзбен айтқанда, қазіргі ауыл, оның аянышты халі – 26 жыл ішінде жүргізілген, антиауылдық мемлекеттік саясаттың жемісі. Бізге «қоғамды жікке бөлмеңдер!» деп, конституциялық тыйым салып тастаған билік өз қолымен елді «ауылдық» пен «қалалық» деп бөліп тастады. Қазіргі ауыл – XXI ғасырдың геттосы. Барар жері, басар тауы жоқ жастар алтын бесігі – ауылдан еш нәрсе таппаған соң қалаға бармағанда, қайда барады? Ол да қазақтың қаласы емес пе?!
Сарапшылар «ауыл жұртының көп нәрседен хабары жоқ, олар көнбіс, саяси белсенділік тек қалаға шоғырланған электоратқа тән» деп бөсіп жатады. Алайда ол жағдай өзгерген сияқты. Ресми баспасөз бен телеарнадан зомбиланғандар қатары сиреп, керісінше, заманауи байланыс құралдары мен интернет арқылы WhatsApp, Facebook, басқа да әлеуметтік желілерден тараған ресми ақпаратқа балама хат-хабар алып дағдыланып қалған ауыл ағайыны қазір Ақордадан бастап, Америкада не болып жатқанынан хабардар. Мұның өзі елдің, әсіресе жастардың қоғамдық санасының оянып, жанданып, бұған дейін ашылмай келген аса өткір тақырыптарға бойлауына себеп болып жатыр. Мәселен, ол ортада демократия, биліктің жүйелі түрде ауысып тұруы, жемқорлық, Жаңаөзен қанды қырғыны, жер дауы мен жерді қорғаған батырлар тағдыры талданып жатыр. «Осыншама жер байлығынан біз, ауыл адамдары, неге құралақанбыз? Құдай берген қазынаның қызығын неге көрмей жатырмыз?» деген ащы әрі әлеуметтік-саяси салдары бар сауалдар да бет-жүзге қарамастан, ашық қойылуда.
«Жабы емеспіз, тұлпармыз, құладын емеспіз, сұңқармыз!» деп, өзінің ауылдан шыққанын мақтаныш етіп, ауыл тұрмысын өзгерткісі келетін жастар көбейді. Сондықтан осынау жасырын әрі жария наразылық күннің бір күнінде нақты қимылға ұласып, ауыл алапат дауылдың алдында тұрған сияқты көрінді маған...
Айтпақшы, «ауылым, ауылым» деп, елін сағынып, жыр жазып жүрген ақын-жазушыларды оқырманы тек қана олардың мерейтойын өткізіп, елден «жылу жинау» үшін келген кезде ғана көріп қалады екен. Оларға елдің өкпесі қара қазандай. Өйткені сол жерлес интеллигенттердің ішінде ауылдың ауыр ахуалы туралы биліктің бетіне ашық айтып жүргендері некен-саяқ. Бәлкім, жергілікті әкімдерден көрген сый-сияпаттары қалың жұрттың қамын ойлап, ақиқатты айтуларына мұрша бермей, ауыздарына құм құйылып қалған шығар...
Бір сөзбен айтқанда, ауылды апаттан құтқару керек. Ол үшін не істеу керек? Менің үш нақты ұсынысым бар.
Біріншіден, президент не премьер ел аралағанда міндетті түрде ауылдарға баруы керек. Онда да жергілікті әкім алдын ала әзірлеп қойған көзбояушылық «потемкин деревнясы» емес, президент әкімшілігіне не үкімет кеңсесіне мейлінше көп арыз-шағым жазып, жанайқайын жоғары жаққа жеткізе алмай жүрген ауыл болуы тиіс. Әйтпесе олайша, тиіп-қашып ел аралағанының құны бес тиын. Сосын облыс әкімдері мен салалық министрлердің жұмысына баға бергенде олардың ірі қалалардағы жетістіктерімен ғана емес, алыс ауыл-аймақтарда қол жеткізген табыстарымен өлшеу керек. Сонда ғана олар қимылдай бастайды. Әйтпесе индустриалды әлеуеті мен қаржылық мүмкіндігі мол ірі елді мекендер мен не мұнайы, не басқа қазба байлығы, не суы мен газы жоқ, азып-тозып, жастары қалаға үдере көшіп кетіп жатқан ауылда нақты экономикалық жетістікке жету ісін тіпті салыстыруға да болмайды ғой.
Екіншіден, билікке ауылдан шыққан, ауылдың иісі мұрнына баратын, оның тұрмыс-тіршілігімен жете таныс адамдар шақырылуы тиіс. Әрине, қалада туып-өсіп, Гарвард пен Оксфордта оқып-тоқығандар да үкіметке керек. Бірақ ауылды өз көзімен көріп өскен, оның қыр-сырына қанық кадрлар да қажет. Әйтпесе ауылға барып, тыста әжетхана бар екенін білмейтін бастықтар туралы талай естігенбіз. Оның үстіне ұлттық идеология туралы көп айтамыз, сол жаратылыстың тұғыры нақ осы ауыл емес пе?!
Бұдан да қаттырақ батырып айтайын: келесі президенттің өзі ауылдан шыққан, тұла бойы мен ақыл-ойынан ауылдың иісі бұрқырап тұрған, халқымен қазақша ашық әрі таза сөйлесе алатын болуы керек.
Ауыл жақта тәртіп пен әділеттік орнауы үшін жергілікті мәслихаттардың өне-бойына қан жүгіртсе артық болмас еді: тиісті өкілеттік берілсе, тәуелсіз әрі айтары бар депутаттардың өзі жоғарғы жақтың қатысуынсыз-ақ өз әкімдерін тәубасына келтіре алар еді.
Үшіншіден, бар шаруаны ысырып қойып, қазақтың әр ауылына жол салу, су, газ жеткізу мәселесін шешу керек. Ол үшін нақты, әр ауылдық округтің атын атап, түсін түстеп, белгілі бір уақыт мерзімін шегелеп қойып, жоспар жасалуы тиіс. Қаржы саясатындағы басымдылықты да өзгерту керек: осыдан кейін ЭКСПО секілді түкке тұрмайтын қымбат жобалардан бас тартып, ақша мен инвестицияны ауылға бағыттау қажет.
Ол жоспар президент үстелінің ең көрнекті жерінде тұруы қажет. Президент қолы қалт еткенде сол қағазға бір қарап қойып, мәселені анықтау үшін сол ауыл әкіміне тікелей қоңырау шалып, мән-жайды біліп отыра алатындай болуы шарт. Әйтпесе ешқандай да өзгеріс болмайды.

PS. Айтпақшы, ауыл көшелерінің ономастикасын реттеу керек. Ең алдымен, басты көшелерге кешегі жергілікті совхоз директорлары мен әкімсымақтардың атын беруді доғару қажет. Керісінше, әр ауылда қазақтың ұлы ұлдарының аты менмұндалап, жас ұрпақты алға жетелеп тұруы тиіс.
Біле білсек қазір билік науқаншылдыққа айналдырып жіберген рухани жаңғырудың өзі ауыл көшелерін «әл-фарабиландыру, абайландыру және махамбеттендіруден» басталады.

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Гуджазира | 22 қыркүйек 2017 12:22
Дұрыс айтасыз.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 25 қыркүйек 2017 13:11
Өз еріктерімен"Заңды тұлға"болып біріккен ауыл өздерінің басшыларын өздері сайлап алсын.Сосын олардың жасайтын жұмыстарына сай, сұраған ақшаларын Ақорда тура өздерінің есептеріне жіберсін.Адамды мезі қылатын"мырыңбай талаптар"көбейсе ешкім де ауылға келмейді,ауыл көтерілмейді.Егер"Ақорда"ешкімді араластырмай,халқы 500адамнан асатын ауылға 500 млн.теңге берсе ауылға барып,күріш егуге,мал бағуға,сүт,ет өнімдерін өндіруге барар едік.Әйтпесе жастарға ештеңе бермей"дипломмен ауылға"деу ақымақтық..!
РЫСБЕКУ | 25 қыркүйек 2017 14:06
Оте дал уакытысында котерилген шаруа Ауылдын жагдаиын ауылдагылар жаксы биледи откенде откен ауыл акимдерин саилау биздин мемлекетин кандаи екенин корсетип берди БИЗ АУЫЛ азаматтарымыз барин оз козимизбен кордик кандаи адилетсиздик Бари жаттанды сценари боиынша ЖУИЕ озгермеи ауылда жаксылык болмаиды
казах | 25 қыркүйек 2017 14:12
Әміржандаи азаматтар биликке келу керек сонда озгерис болады
Қазақ үні | 26 қыркүйек 2017 12:03
Бәрі дұрыс қой Әбеке, бірақ қиялдау басым. Себебі, қазіргі билік халықтан әлдеқайда "қашық", арасы жер мен көктей.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар