1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Депутат Тито Сыздықов Анкарадан бұрын Н.Назарбаевқа ескерткiш Астанада қойылуы керек екенiн айтты да, шек-сiлесi қата күлдi. Ол неге өйттi?
Кеңес өкiметiнiң көсемдерi туралы анекдот есiне түскендiктен (17.7%)
Не айтып тұрғанын өзi де түсiнбей қалғандықтан (26.2%)
Жағымпаздығын жуып-шаюды ойлағандықтан (46.8%)
Түрiктердiң әрекетi күлкiлi көрiнгендiктен (9.2%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №08 (15466) 28 қаңтар, бейсенбі 2010
28 қаңтар 2010
Мақтау сүйетiн бастыққа мақтай бiлетiн малай керек

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒЫМПАЗДЫҚҚА БРЕЖНЕВТIҢ ДЕ ҚЫЗҒАНА ҚАРАУЫ МҮМКIН»

14 қаңтар күнi Венада ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесiнiң отырысы болып өттi. Дәл осы күнi ЕҚЫҰ төрағалығына ресми түрде кiрiскен Қазақстан Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевтың мәлiмдемесi мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың теле-үндеуi тыңдалды. «Егемен Қазақстан» газетi бастаған ресми БАҚ өкiлдерi бұл оқиғаны «ғасыр жаңалығына» балап, оған iрi «тарихи» сипат беруге тырысты.
Мемлекет басшысы бұрыннан бiлдiрiп жүрген ойын қайталап айтып, ЕҚЫҰ-ны «4 Т» ұранымен басқаратынын мәлiмдедi. Оның мән-мазмұны неде екенi мемлекеттiк басылымдарда жазылды, ал жалаң ұрандар мен даңғаза әрi даурықпа үндеулер қарапайым оқырманды мезi етiп болғандықтан, оған сөз шығындамауды дұрыс санадық.
 
Ал Қазақстан Сыртқы iстер министрi Қ.Саудабаевтың баяндамасын елемей өту мүмкiн емес. Президент Назарбаевтың «жеке қарым- қабiлетiн», оның «көреген сая­сатын» жер – көкке сыйғызбаған Қанат Саудабаев жағымпазданудың «қазақстандық моделiн» бүкiл әлемге паш еткен тәрiздi. Бұрындары да жантықтығымен көзге ерекше түсiп жүрген мемлекеттiк хатшы әрi Сыртқы iстер министрi бұл жолы елдегi барлық жағымпаздарды шаң қаптырған секiлдi. Оның баяндамасындағы теңеулер мен эпитеттерге бай тiркестерге тоқталсақ: «ЕҚЫҰ -ға төрағалық – бұл президент Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы белсендi де мақсатты қызметiнiң таңғажайып нәтижесi де»; «ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемле­кеттердiң бiрауызды қолдауы Қазақстанның және оның Тұңғыш президентi­нiң өңiрлiк те, сондай-ақ жа­һандық та деңгейде бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiк­тi қамтамасыз етуге қос­қан сүбелi үлесiн халық­аралық қоғамдастықтың мо­йындайтынын көрсетiп бердi»; «Бiздiң прези­денттiң бай саяси және өмiрлiк тәжiрибесi, баурап алатын жарқын қасиетi, стратегиялық көрегендiгi, сирек кезде­сетiн iшкi күш-қуаты және қағидатшылдығы, асқан дипломатиялық шеберлiгi Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының баға жетпес активiн құрайды»; «Тұтастай алғанда, қазақстандық төрағалықтың басымдлықтары Президент Н.Ә.Назарбаев халықаралық аренадағы өз қызметiнiң алғашқы күнде­рiнен бастап басшылыққа алған «жасампаздық көшбасшылық» филосо­фия­сын толық бейне­лей­дi».
Осындай тiркестерден құралған баяндамада 28 рет (!) Н.Назарбаевты атап, оның «ерекше дарыны» жөнiнде әңгiме қозғалған. Жоғарыдағы сөздерiне қарасаңыз, Қазақстан президентi деңгейiне жететiн бiрде-бiр тұлға әлемде жоқ сияқты. «Қазiргi таңда Еуразияның ұлан-байтақ кеңiстiгiнде қауiпсiздiк пен ынтымақтастық үшiн сондайлық көп iс атқарған және атқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев секiлдi басқа адамды атау қиынға түсетiнi анық», - деп мәлiмдедi Қ.Саудабаев. Дәл осы сөздi сыртқы iстер министрi ел аумағында айтса түк те емес-ау, (бұған үйренiп те, етiмiз өлiп те кеткелi қа­шан!) бiрақ бұл ЕҚЫҰ мүше – мемлекеттерiнiң лауазымды шенеунiктерiнiң алдында мәлiмдедi. ЕҚЫҰ қабырғасында жасалған баяндамалардың тарихи мұрағатына Саудабаевтың осы сөздерi кiрдi. Қа­зақ елiн де, оның президентiн де масқара ететiн сөздер бұл. Қазақстанның он бес-он алты миллион халқы ғана бар шағын мемлекет екенiн, әлеу­меттiк- экономикалық, әскери-саяси жағынан Батыс тұрмақ, бiр­қатар ТМД елдерiнiң де көш соңында қалған мемлекет екенiн Еуропа жақсы бiледi. Н.Назарбаевтан басқа мемлекет басшылары қауiп­сiз­дiк пен ынтымақтастық үшiн еңбек етпей жүр деу – өз-өзiңдi масқара етумен бiр­дей. Ұлыбритания, Франция, Италия тәрiздi мемле­кеттер­дiң басшылары әлем­дегi қауiпсiздiктi нығайтуға бағытталған көптеген бастамаларды ұсынды. Мәселен, британ саясат­керлерi Еуропадағы ғана емес, Таяу Шығыстағы, Азия мен Африкадағы шиеленiстi жағдайды реттеу мәселесi бойынша бiрқатар шараларды қолға алуда. Бiрақ, бiрде-бiр жерде Британ Сыртқы iстер министрi Д.Милибэнд елдiң премьер-министрi Гордон Браунды дәл «саудабаевтарша» мақтамайды. «Қа­уiп­сiздiк пен ынтымақ­тас­тық үшiн сондайлық көп iс атқарған Гордон Браун се­кiлдi басқа адамды атау қиынға түсетнi анық» деп асыра сiлте­мейдi. Мәде­ниеттi әрi өрке­ниеттi мемлекет үшiн бұл ұят тiрлiк. Саудабаевтың сөзiне қарағанда, Ху Цзиньтао, Путин мен Медведев тәрiздi алып мем­лекеттердiң басшылары да далада қалыпты. Мер­кель мен Саркозидi қоспағанда. Тағы бiр айтатын жайт, ЕҚЫҰ-ға төрағалықты Н.Назарбаевтың жетiстiгi ретiнде көрсету. Бұл ұйымға төраға болуды ұсынған әрi осы мәселемен тiкелей шұғылданған бiр­ден-бiр адам Рахат Әлиев екенiн жұрт бiледi. Қашқында жүрген бұрынғы күйеу бала елде қылмыскер атанып, 40 жылға бас бостандығынан айрылды. ЕҚЫҰ-ға төраға болу – содан қалған идея. Демек, бұл ұйымға басшылық ету Назарбаевтың ғана «жетiстiгi» емес, Р.Әлиевтiң де «ең­бегi». Аса ауыр қылмыстарға барған Әлиевтiң бастамасын жүзеге асырып, соның идеясын қолдаудың өзi бейбастық емес пе?! Ал Саудабаев мұны «жетiстiк» ретiнде бағалайды. Тапқан екен «жетiстiктi»! 
Мұрағаттан КСРО Жо­ғар­ғы кеңесi төралқасының және Министрлер кеңесiнiң Леонид Брежневтi 70 жасқа толуына байланысты газеттерде ба­сыл­ған құттықтау хатын тауып алдық. Құттықтау сөз былай басталған: «...70 жасқа толуы­ңызға орай кеңес хал­қының адал азаматын, Коммунистiк пар­тияның, Кеңес мемлекетi­нiң және халықаралық комму­нистiк қозғалыстың ұлы қайрат­керiн, бейбiт­шiлiк пен әлеуметтiк прог­рестiң жалынды күреске­рiн, марксизм-ленинизмдi жүйелi түрде ұстанған тұлға ре­тiнде Сiздi құттықтаймыз!». Бұдан кейiн Брежневтiң атына мадақ пен мақтау «қарша борайды»: «бiздiң партия мен халықтың өмi­рiндегi басты оқиғалар, Кеңес Одағының лениндiк iшкi және сыртқы саясатының жетiстiктерi Сiздiң КОКП Орталық комитетiнiң Бас хатшысы қызметiндегi жемiстi жұмысыңызбен байланысты .Сiз, Леонид Ильич, партияның басты лениндiк бағытының қалыптасуы мен оның iске асуына ұлы әрi сүбелi үлес қосудасыз, ал оның дұрыс­тығы және әдiлеттiлiгi бiздiң Отанымыздың әрi әлемдiк тарихи процестiң дамуынан көрiнiп тұр »; «Бiздiң партия мен оның Сiз, Леонид Ильич, басшылық ететiн Орталық коми­тетi кеңес халқы өмiрiнiң үнемi жақсаруы үшiн де үздiксiз еңбек етуде». Бұдан соң Брежневтiң халықаралық аренадағы табысты тiрлiгi «суреттелген». Онда былай делiнедi: «Леонид Ильич, Сiз КОКП XXIV құрылтайында ұсынған Бейбiт­шiлiк бағдарламасы халықаралық қатынастарды жақсартуға, текетiрестi азайтуға және В.И.Ленин күрес жүргiзген әр түрлi әлеуметтiк құрылыста өмiр сүрiп жатқан мемлекеттер­дiң өзара тату-тәттi тiршiлiк қағидасын одан әрi күшейтуге ықпал еткен пәрмендi бастама болды ».
Осыдан не ұқсастық таптыңыз? Назарбаев пен Брежнев билiк еткен заман екi түрлi, әрине. Бiрақ, жағымпаздық әдет пен жантықтық, асыра сiлтеу мен жалған дәрiптеу сол қалпында орныққан. Бүгiнгi «саудабаевтар» осы дәстүр­дiң iзiн жалғастырушыға айналды. Ендi 20, 30 не 40 жылдан кейiн ел қандай болады? Дәл осы қалпымызбен жүре берсек, Брежнев заманынан қалған «сара» жолдан танбасақ, ертең елiмiз, мемлекетiмiз қандай күйге душар болады? Бүгiнгi сыртқы iстер министр­лерi мен мемлекеттiк хатшылардың шетелде оқыған баяндамалары «Жантықтық» пәнi бойынша оқу-әдiстемелiк құралына айналмай ма? Қауiптi әрi қатерлi жолда тұрғанымызды түсiнетiн кез келдi. Бүгiн ойланбасақ, ертең кеш болары анық.
 
«ЦИРКАЧ» ӘРI «ДЕЛДАЛ»
Қоғамдық-саяси ортада Қанат Бекмырзаұлын «циркач» немесе «клиринг» деп атайды. «Циркач» деп атайтын себебi, Қанат Сауда­баев 1968 жылы Ленинград мемлекеттiк мәдениет институтын «режиссер» мамандығы бойынша бiтiрiп, «Табунщики – джигиты» атты ансамбль құрған әрi оны бас­қарған. Кейiн ол Қазақ мемле­кеттiк циркiнiң алғашқы директоры қызме­тiн атқарды. Оның «циркач» аты осыдан қалған екен. Ал «клиринг» деген терминдi қарапайым тiлге аударсақ, бұл екi тараптың шаруасын реттеп, соның арасында жүретiн кәдуiлгi делдал. Шыны керек, қос аттың екеуi де Сау­дабаевқа «лайықты» деуге болады. Бiрiншiден, ол саясатта да әр түрлi «циркачтық» қимыл-қозғалыстар жасап, президентке де, Б.Өте­­мұратов, Ө.Шүкеев, Ж,Түймебаев, Қ.Мами, Қ.Қарбозов тәрiздi iрi қызметтегi шенеунiктер кiретiн топқа да ықпалды кiсiге айналды. Әсiресе, Қ.Саудабаев президенттi өз дегенiне көндiрiп, шен- шекпендiлердi лауазымды қызметке тағайындау, яғни елдегi кадр мәселесiмен айналысуды қолына алды деген әңгiме бар. Мәселен, Ж.Түймебаевты Ресейге елшi етiп жiберген де, Бiлiм және ғылым министрi қызме­тiне тағайындауға көмектескен де, қоғамның министрдi сын садағына алуына, бiлiм саласындағы көптеген ол­қылықтарға қарамастан өз орнында тапжылмай оты­руына себепкер болып жүрген де – Қ.Саудабаев көрiнедi. Бұл туралы бiрқа­тар БАҚ-та жазды. Қауiп­сiздiк кеңесi­нiң хатшысы болған Қайырбек Сүлей­меновтi тақтан тайдыруға да Саудабаевтың бiршама әсерi болғаны белгiлi. Екеуiнiң арасындағы жағымсыз қарым-қатынас жайында қоғамда айтылып та, жазылып та жүр. 2000 жылы «Казспецэкспорттың» директоры Талғат Ибраев өлтiрiлiп, бұл iспен елiмiздiң iшкi iстер министрлiгi айналысқан едi. Ол кезде Қайырбек Сүлейменов елiмiздiң бас полицейi болатын. Ол «Казспецэкспорттың» iсiмен айналысып, бiраз былық- шылықтың бетiн ашты. Бұл мекеме әлемнiң қауiптi аймақтарына қару-жарақ сатқаны да әшкере болды. Нәтижесiнде, «Казспецэкспорт» Қорғаныс министр­лiгiнiң қарауына берiлiп, дау­лы оқиғаға нүкте қойылды. Кейiн бұл мекеменiң Қанат Саудабаевқа қатысы бар-жоғы анықталып, ол шұғыл түрде АҚШ-қа елшi болып тағайындалды. Мем­лекеттiң беделiн, ұлттың абыройын тәрк етiп, қару-жарақты шетел асырып, ұлан-асыр пайдаға кенелмек болған шенеунiктер жазадан оңай құтылады. Мұның Қазақстанда мысалы жетерлiк.
Бiр кездерi Қанат Бекмырзаұлы Р.Әлиевпен де жақын қарым-қатынаста бол­ған. Құдiреттi «күйеу бала» Қ.Саудабаев мырзаны Қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы қызметiне ұсынғаны жайында да талай әңгiме бар. Алғашқыда президент бұған көнiп, кейiн «ақылмандары» мемлекет басшысын Р.Әлиевтiң ойын әшкерелеп, оны бетiнен қайтарған болса керек. Әлиевтiң ойы – Саудабаевты бұл қызметке тағайындау арқылы күштiк құрылымдардағы өз ықпалын күшейту едi. Оның жоспары орындалғанда, мем­лекеттiк төңкерiс дайындаған Р.Әлиевтiң қасында Қанат Саудабаев та жүрер ме едi, кiм бiлсiн?
Бiрақ, қазiр Саудабаевтың жұлдызы Назарбаевтың тұсында оңынан туып тұр. Президентке ықпалды тұл­ға­ға айналды. Екiншiден, Нұрсұлтан Әбiшұлы комму­нистiк дәуiрден оны «делдал» есебiнде пайдаланғаны анық байқалады. Кеңес Одағы ыдыраудың аз алдында тұрған 1991 жылы мемлекет басшысы Саудабаевты Қазақ КСР-нiң КСРО-дағы өкiлi етiп жiбер­дi. Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнап жат­қан тұста да Қанат Бекмырзаұлы осы елде елшi қыз­метiн атқарды. Америкада «Қазақгейт» атты сот про­цесiнiң мәселе­сiмен тiкелей айналысып, жоғары билiк өкiлдерiнiң тапсырмасын орындаған да Қазақстанның АҚШ-тағы елшiсi Қанат Сау­дабаев едi. Оның қызметтiк тарихындағы ең iрi «жеңiсi» де осы атышулы процестiң дау-дама­йын реттеп, оны тыныштандыру болды. Парасатты, мәде­ниеттi түрде дипломатиялық қатынас орнатуға қарағанда Қ.Саудабаев «астыртын ойын жүргi­зудi, жасырын жоспар құру­ды жақсы меңгерген бе» дей­сiз. Себебi, бiрқа­тар елдерде елшi болған Саудабаев қазақ мемле­кетiнiң сол жерде ықпалын күшейтiп, байланысын нығайтты деп айта алмаймыз. Швейцария шоттарындағы 84 миллион доллар қаржыны АҚШ әкiмшi­лiгiнiң бақылауына берiп, «Бота» қорын құруға атса­лыс­қаны да бар. Ақшаны шетелдiк­тер­дiң бақылауына беру арқылы Қ.Саудабаев та, қазақ билiгi де бұл ақшаның көлеңкелi әрi заңсыз жолмен келгенiн мойындағандай болды. Қазiргi кезде де Қанат Бекмырза­ұлы президент «елшiсi» қыз­метiн ешкiмге де босатқан жоқ. Ол билiктiң ЕҚЫҰ-дағы өкiлi болуымен қатар бiрне­ше президенттiк комиссиялардың жетекшiсi. Бiр сөз­бен айтқанда, мемлекет басшысының сенiмiне кiрiп, «үлкен» кiсiнiң шаруасын реттеумен айналысып жүр. Қоғамды мазалайтын тағы бiр сұрақ – Қ.Саудабаевтың екi лауазымды қызметтi бiрдей иемденуi. «Неге бұ­лай?» деуiңiз мүмкiн. «Мем­лекеттiк хатшы» қызметiн 1993 жылы ұсынған әрi оны бекiттiрген – Қанат Бекмырзаұлының өзi. Содан берi ол өзi «ойлап тапқан» қызметте отырған жоқ. Араға жылдар салып, Мем­лекеттiк хатшы қызме­тiне жайғасқан соң оны босат­қысы келмеген шығар, сiрә. Қалай десек те, бұл да оның президентке ықпалын жүргi­зе алатынын көрсете­дi. Әйтпесе, «босат орныңды» десе, Саудабаев қызметтен кетпес пе едi?      
Десек те, Ақорда «басшысы» Қанат Саудабаевқа ынты-шынтысымен берiлiп, оған толық сенедi деу де қиын. Себебi, қазiргi Мем­ле­кеттiк хатшының билiк баспалдағына көтерiлiп, жоғары лауазымды қызметтерге өсiруге ықпал еткен Дiнмұхамед Қонаев екендiгi айтылады. Бiрақ, Сауда­баев өзiнiң қалыптасуына мүмкiндiк жасаған Димекең­дi аузына алып, ол туралы жылы сөз айтқанын естiме­дiк. Қазақстан президентi мұны да қаперiне алса керек. Қолынан билiгi, басынан бағы тайса, Қ.Сауда­баев өзiнiң қазiргi басшысын ұмытып, қарсы жаққа өтпе­сiне кепiлдiк бар ма? Д.Қонаевты ұмытқанда, Н.Назарбаевты да жадынан шығармайды деп те ешкiм айта алмайды. Сосын Қанат Бекмырзаұлының саяси амбициясы да жоқ емес. Мемлекет басқаруға талпынбаса да, өзi кiретiн топтан әлде­бiреудi саяси додаға да­йындауы да мүмкiн. Осының бәрi де президенттi Саудабаевтан қауiптенуге итер­мелейтiнi хақ.
Билiктегi басқа пенделер сияқты Саудабаев та өзiнiң экономикалық «пайдасын» ұмытпайды. Бұл туралы атышулы ГЕО сайтында былай деп жазды: «Түр­кия­да елшi боп тұрған кезiнде Қ.Саудабаев түрiк кәсiпкерлерi арқылы Қазақстан үшiн ондаған миллион доллар кө­лемiнде несие алуға мүм­кiндiк тапты. Бұл несие Қанат Саудабаевқа жақындығы бар «Тағам» фирмасы мен «Ынтымақ» сауда үйiнiң еншiсiне тидi. Түптiң түбiнде, фир­­­­­­малар банкротқа ұшы­рап, ақша ұшты-күйлi жоғалды. Несиенi Түркияға фирмалар емес, мемлекет қайтаруға мәжбүр болды. Осы схема бойынша, БАҚ- тың айтуынша, Қ.Саудабаев 24 миллион дол­лар­ға жуық ақшаны қалтасына салды».    
Дәл осы сайттың ай­туын­ша, қазiргi сыртқы iстер миистрi Мемлекеттiк цирк­тiң директоры кезiнде де ақша қымқырып, iстi болған. «Қанат Саудабаев циркте iстеп жүрген ке­зiнде, оның үстiнен тағы да қыл­мыстық iс қозғалды. Цирк кассасынан аса iрi көлемде қаржы жымқырылғандықтан. Алайда, оның Компартияның ОК – дегi жебеушiлерiнiң арқасында бұл iс ың-шыңсыз жабылды» дейдi әлгi «бiл­гiштер». 
Қанат Бекмырзаұлының Қазақстанмен қатар Ресей азаматтығын алғаны жайындағы мәлiметтi елiмiздiң аты­шулы интернет газетi жариялады. Егер бұл рас болса, оған қазақ елiмен қатар өзге мемлекеттiң азаматтығын алудың не қажетi бар едi? Әлде ол өзiнiң де, отбасының да тағдырын Қазақстанмен байланыстырмай ма?
Қысқасы, Қанат Саудабаев жайында осындай жағымсыз әңгiмелер шаш- етектен. Интернетте де, бiрқатар БАҚ-та да мемле­кеттiк хатшы әрi Сыртқы iстер министрi туралы түрлi сөз өрбiтiп, оның өмiрi мен қызметiнiң көлеңкелi тұстарын ашық жазып жүргендер бар. Бiрақ, оның қайсысы рас, қайсысы жалған сөз екенiн дөп басып айта алмаймыз. Себебi, Сауда­баев мырзаның өзi бұл әңгi­мелердiң бiрде-бiреуiн растаған да емес, оны жоққа да шығармады.
 
«ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ МҰРЫН ШҮЙIРЕ ҚАРАЙТЫН ШЕНЕУНIК ПЕ?»
Бүгiнгi таңда Қ.Саудабаев қалың жұртшылықтың алдында бiр «ерекшелiгi­мен» танылып жүр. Оның мемлекеттiк тiлге, мемле­кет­құрушы ұлтқа қатысты көзқарасы. Кей сарапшылардың пiкiрiнше, Қ.Саудабаев мемлекет басшысына Нобель сыйлығын алып беру мәселесiмен тiкелей айналысып жүрсе керек. Осы жұмыспен 2008 жылы Норвегия астанасына да барып қайтқаны жөнiнде әңгiме қозғалған болатын. Мәселеге зер салып қарасақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы екi ұранмен бас­талды. Оның бiрi – Семей ядролық полигонының жабылуы, елiмiздiң ядролық қарудан бас тартуы, Ауғанстан мәселесiн реттеу болса, екiншiсi – Қазақстандағы ұлтаралық татулық мәселе­сi. Билiктiң жаппай қырып- жою қаруынан бас тартқаны жайындағы әңгiме ескiрдi әрi тозды. «Ауғанстан мәселесiн реттеймiн» деу де даурықпа әрi даңғаза ұранның бiрi. Ендi қалғаны – елiмiздегi ұлтаралық және дiнаралық татулық пен береке-бiрлiк. Қазан айында қоғамға ұсынылған «ел бiрлiгi» доктринасы – соның айқын көрiнiсi. «Қоғамда жiк туғызған, арты дауға айналған доктринаны халықаралық қауымдастыққа көрсету, оны шетелде насихаттау, сол арқылы Н.Назарбаевқа саяси ұпай мен бедел жинау идеясын көтерген Қанат Саудабаевтың дәл өзi» деген пiкiрлер елде айтылып жатыр. Расында да, бұл ойды жоққа шығару оңай емес. ЕҚЫҰ-ға төрағалықты пайдаланып, президентке атақты сыйлықты әперуге оның «сенiмдi» адамы құлшынбағанда кiм құлшынсын? Бiрақ, оның әрекетi әшкере болып, ел iшiнде бұл доктринаға үлкен тойтарыс берiлдi. «Ойыннан от шыға жаздады». Бiздiң­ше, мұндай бастамаларды қолға алмастан бұрын Саудабаев мырзаға қазақ тарихын егжей-тегжейлi оқып шыққаны жөн болар едi. Әлде Қ.Саудабаевтың тобы ұлттың қитығына тиетiн осындай мәселелердi әдейi көтерiп жүр ме? «Бiреудiң шашбауын көтергенше, өзiмiз билiкке неге келмей­мiз?» деген ой олардың басында қылаң етпеуi мүмкiн бе? Әбден мүмкiн. Өйткенi, бiреудi асыра дәрiптеуге құмарлар өзiн де бiреулер сөйтсе екен деп дәмеленiп жүредi. Ал оған жетудiң жолы – билiктi қолға алу.
Қысқаша қайырғанда, Қанат Саудабаевтың саяси бет-бейнесiн осылай кел­тiруге болады. Оның мемлекетке, елге жасаған осындай тiрлiгiне уақыттың өзi төрелiгiн айтар. Сондықтан да, Саудабаев мырза бiр адамға ғана емес, жауапты қызметте отырғандықтан, тұтас ұлт үшiн, халық үшiн тер төгуi керектi­гiн ұмытпас. Әрине, оған ынтасы болса, өресi жетсе.
 
«САУДАБАЕВТЫҢ ОРНЫНА ЛАВРОВТЫ ҚОЯЙЫҚ»
Қ.Саудабаев пен Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин арасындағы әңгiме туралы бiрқатар басылымдарда жазылды. Елдегi жағдайды, ұлттық проблемаларды ортаға салған жазушыға Саудабаев тарпа бас салып, «Давай, остановите!» деп зiлденген. Қоғамдық проблемаларға қатысты оның бiлдiрген пiкiрiн «Жас Алаш» қаз-қалпында жариялаған едi. Бұған қатысты жер-жерден оқырмандар хабарласты. ШҚО, Зайсан қаласынан телефон шалған ақсақал былай дедi: «Саудабаевтың сөзiн оқыдым. Сұмдық емес пе? Осындай адамды жа­уапты қызметке президент қалай тағайындаған? Өмiр бойы мал баққан менiң өзiм Саудабаевтан тәуiр сөй­лейтiнiмдi түсiндiм». Бұл алыстағы ағайынның пiкiрi. Қарапайым оқырман осыны айтып отыр. Атыраудан хабарласқан газет оқырманы мынаны айтты: «Саудабаев пен Назарбаев ЕҚЫҰ мүше­лерi алдында неге орысша сөйлейдi? Сыртқы iстер министрi мемлекеттiк тiлде сөйлемесе, ондай шенеу­нiктiң халыққа не қажетi бар? Орысша сөйлейтiн министр керек болса, Ресей сыртқы iстер министрi Сергей Лавровты елге шақырып, оған қос елге министр болуды ұсынайық. Айырмашылығы жоқ емес пе? Тым құрығанда, Лавров жүйелi сөйлейдi ғой». «Сөзiне қарап, өзiн таны» дейдi қа­зақ. Елдiң iшiнде жүйелi сөз айтып, қабырғалы ойларын бiлдiре алмаған шенеунiк Қазақстанды әлем алдында масқараламай ма? Аталы сөз, салиқалы ой айта алмайтын адамға тұтас мем­ле­кеттiң iшкi, сыртқы саясатын қалай сенiп тапсырдық?
Қ.Саудабаевтың сөзiне, оның әрекетiне қарап, Сырт­қы iстер министрiне «жарыған екенбiз» деген ойға ерiксiз қаласыз. Мiне, осындай адамдар ел билеп, мемлекет басқарып жүр.
 
Жанболат МАМАЙ
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (8)
Саян | 28 қаңтар 2010 20:15
Бұлай жазуға болмайды, Қ. Саудабаев шетелде көп болғандықтан елдегі шынайы жағдайды білмеді, сондықтан ол келгенде Қазақстанның жетістіктерінің барлығын айтып, оны Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырып берді, соған сенген ол Н. Назарбаевты шын көңілімен мақтап жүр
Реке | 28 қаңтар 2010 23:50
Эй, Кана !!! Сен кетші, ол жерден. Сен біздің общягты бүткіл жер бетіне позор қылып жүрсің ғой.
Маке | 29 қаңтар 2010 11:59
Аллаh тагала баршаңа иман берсін! Барша мадақтауларға тек Аллаһ лайық қой!
межін | 29 қаңтар 2010 12:50
Бос сандырақ Жас алаш соңғы кезде бір жақты жазып жүр.
ҚАЗАҚИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ | 30 қаңтар 2010 02:38
Бос сандырақ Жас алаш соңғы кезде бір жақты жазып жүр.

Сен межін емес,мешін(маймыл) екенсің,ЖАС АЛАШ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ СҮЙІКТІ ГӘЗЕТІ.
алтай | 30 қаңтар 2010 13:57
мундай сауатсыз мемелекеттик тилде дурыс сойлей алмайтын адамга ишки сырткы саясаттын тизгинин устату кылмыс мемелекеттин тагдырын устарананын жузине кою деп тусинген жон болар
Бекболат | 1 ақпан 2010 16:07
Осындай мақаларды оқыған кезде, болашақтан түңіліп кетесің....
шынымен "Қазақ" "Қазақ" болып қала ма? жоқ әлде осылай түпсіз шыңаруға түсіп кете барамыз ба? Алла сақтасын, елімізді, қарапайым халқымызды!!!
Орынбек | 5 сәуір 2010 11:54
Қазақтың болашағының бұлыңғыр болуы осындай жоғары сауаты болғанымен сауасыз, тіптен мүлдем сауасыз адамдардың тұтқалы орындарда бірен-сарандап емес, көптеп отырғандығына байланысты емес пе? Бұлар тек жайлы креслода отыра бергенды ғана қалайды, қандай жолмен болса да... Тіптен Қазақстанды түгел сатып жіберсеңіз де, оларға бәрібір... Әйтпесе, Қазақстанның жағдайы мақтауға лайық па, жоқ па, көзі ғана емес, көкірегі соқыр адам болмаса көрініп-ақ тұр ғой?! Күнкөріс үшін, бір жапырақ нан табу мақсатында елінен, жұртынан безіп жұмыс іздеп қаңғып жүргендер аз ба бізде... Бұл елдің тұрмыс жағдайының жақсылығынан емес қой!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті