1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Не үшін?
Қаланы қоқысқа толтырғаны үшін
Анекдот болсын деп...
Метро салғаны үшін
...Құдай болсам дейді
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (15801) 23 сәуір, сейсенбі 2013
23 сәуір 2013
Атаққұмарлық адалдықпен сыйыспас

“Колледж түлегi өзiн “академик” санайды” атты М.Мыңжасарұлының мақаласына (29 наурыз) “Күншiлдiк – жазылмайтын дерт” деген тақырыппен (11 сәуiр) Ж.Зекейұлы қарсы мақала жазды. Екеуi де газетiмiзде жарияланды. Алғашқысында “Жас-Ай” медициналық орталығының басшысы Жасан Зекейұлының дәрiгерлiк бiлiмiне, медицина ғылымы саласындағы атақ-дәрежесiне қатысты күмән келтiрiлген едi. Сағидолла Әлиұлынан мақаладағы пiкiрлердiң дұрыстығын қуаттаған хат келдi. Соны және Ж.Зекейұлының өзi дәлел ретiнде ұсынған қытай қарпiндегi құжаттарды редакция өтiнiшi бойынша сарапқа салып, қазақшалаған Ибраһим Қошқаридiң – Қытайда кәсiпқой тiлгер (лингвист) болып 24 жыл жұмыс iстеген маманның түсiнiктемесiн қоса жариялауды жөн көрдiк.

“Жас Алаш” газетiндегi (№24, 29 наурыз) Жасан Зекейұлы туралы мақаланы оқыдық. Оқып отырып қынжылдық. Неге дейсiз ғой, мынау адамдары адалдықтан, тiптi ар-ұяттан арылып бара жатқан заманаға, Абай атамыз айтқандай сол замананың “илей­тiнiн” бiлмей “билеп” жүрген, пайда қуып, пайданың керегi үшiн атақ қуып кеткен, адасып жүрген бауырларымызға жанымыз ашыды, бұндай iндет­тiң жайыла беруiнен алаңдап, тiптi ұрпағымыздың қамын жеп қамырықты көңiл-күй кештiк.
“Жә” деп бiр қоялық. Ендi не болса да болар iс болды, “сен не дейсiңге”келелiк.
Жасан туралы мақала, “әкең өлсе де естiртедi” демекшi, ащы болса да шындықты жазыпты, дәлел-айғақтары талас тудырмайды. Жасан бауырымыз оқып бiтiрдiм деп отырған “ҚХР СУАР медицина универси­тетi” (шындығында бұл оқу орны бұлай аталмайды, оның аты – Шинжяң медицина университетi) мен Iле медицина техникумы екеуi екi басқа дүние, шатастыруға келмейтiн екi бөлек ұғым. Шинжяң медицина университетi – Батыс-солтүстiк қытайдағы 5 өлке арасындағы ең көлемдi, ең жоғары медициналық оқу орны, ол жалпы медицинаның әр саласы бойынша маман даярлайды, дәрежесi де, бiлiм беру сапасы да жоғары. Ал Iле медициналық техникумының көздейтiнi – медицинаның әр саласына фельдшер жә­не акушер тәрбиелеу. Кейiнiрек Қытайдың бiлiм беру саласында, өз оқу орнының беделiн көтеру үшiн осындай техникумдар iшiнен “да жуан бан”(яғни, “жоғары техникум сыныбы”) ашып, 1-2 қарар шәкiрт қабылдау үрдiске айналған. Десе де, ол бәрiбiр жоғары оқу орнын тәмамдаған толық курс студентi саналмайды. Иә, бұл оқу орнын тәмамдау, медицина ғылымы бойынша жоғары дәрежеге жету үшiн шынында төменi­рек саты болмақ. Бiрақ бұдан бiтiргендер жоғары сатыға көтерiле алмайды деген мағына шықпауға керек. Көтерiлуiне болады, бiрақ, қысқа уақыт iшiнде жоғары сатыға көтерiлуге мүм­кiндiк бермейдi. Ұзақ уақыт еңбектенудi, қайталай бiлiм ұштауды қажетсiнедi. Сол себептi Жасан бауырымыздың еңбек жолы туралы дәлелдерге жүгiнсек, ол Қытайдан тарихи отанымызға келерден бұрын “аурухана дәрiгерi”(яғни, жай врач) дәрежесiне ғана жеткен екен. Демек, ол медицина саласының жоғары сатысына көтерi­лу үшiн әлi де жауапты дәрiгер, тете-аға дәрiгер дейтiн сатылардан өтiп, сосын аға дәрiгер дәрежесiне қол созуы керек. Ол үшiн әлi де 15-20 жылдың басын шалмай болмас едi. Мен көрген Қытайда басқа ғылым саласынан гөрi дәл осы медицина саласындағы ғылыми атақ беру өте қатаң ұсталған, гуманитарлық салада жүрген тұстастарымыз ең жоғары дәрежеге жетiп болғанда, медиктер олардан талай жыл кейiндеп барып әрең iлiнiп жатамыз. Бұның себебi, әрине, осы салаға жүктелген жауапкершi­лiк­тiң ауырлығынан, адам ден­сау­лығын, адам өмiрiн қорғап, қастерлеуден туындаған деп түсiн­бегiмiз ләзiм.
Ал ендi “академик”жөнiне келсек, бiздiң қазақта “естiге­нiм­дi айтайын ба, көргенiмдi айтайын ба?” деп бастайтын жосын бар. Көбiнше, көрген – шын, естiген жаңылыс келедi. Бiз бәрiмiз Қытайдан келдiк қой. Сол себептi сөздi солардан бас­талық. Жалпы, Қытайда, академиктер – Қытай ғылым академиясының академигi, Қытай инженерия академиясының академиiгi деген екi-ақ түрлi болады. Халық саны миллиардтан неше 100 миллион асып отырған елде, олардың академиктерiнiң саны мыңнан әрең асып түседi екен (1997 жылы осы екi академияның академиктер саны 1095 адамды әрең құраған. Әрең құраған дейтiнiмiз осының iшiнде 46-сы академия сыртындағы академиктер екен). Бұл академиктер Қытай елiнде аса зор беделге ие, сондай-ақ, әлемдiк аренада да белгiлi орны бар адамдар. Қытайдың өздерiнiң сөз мәнерi­мен айтсақ, олар ғылым-бiлiм саласында “Жердегi Тайшан тауындай, аспандағы Жетiқарақшы жұлдызындай” бағыт-бағдар сiлтеушi кемеңгер жандар санатына жатады. Қытайдың атом бомбасын, сутегi бомбасын жобалаған – солар, аспанға спутник ұшырған – солар, айға адам жiберген – солар, Қытайдың осы заман медицинасының iргетасын қалаған – солар… Демек академик деген де әркiм белiне байлай беретiн шоқпар емес.
Ал Қазақстанда жағдай қандай? Бiздiң бiлуiмiзше, Қазақстанда да Ұлттық ғылым академиясы бар. Онда да ғылымға елеулi еңбегi сiңген, тiптi әлем аясында да танымал болған академиктер жұмыс iстейдi екен. Тағы осы “Жас Алаштың” таяудағы санында ҰҒА-да академик сайлауы өткенiн, әрi оның барынша әдiл өткенiн, әрi танымал, ғылым саласына көп тер төккен ғалымдардың сайланғаны жазылыпты. Кiсi қуантарлық жағдай ғой мынау! Қазақтың ғылым-бiлiмi дамып отырса, маңдайымыздың жарқырағаны болмағанда не? Тек кiсi көңiлiн күптi қылатыны осы академиктердiң қатарына қайдағы “Халық емшiлiгi және Ғарышқуат мамандығы бойынша ХМжҒҚ академиясының академиiгi”, “Ресей шығармашылық академиясының ака­демиiгi” деген жандайшап әрi түсiнiксiз академиктердiң қосамжарланып жүргенi. Ал бiр елдiң “академиясы” ендi бiр елдiң азаматына, тiптi өздерiнiң тiлiн бiлмесе де академик атағын бере салу үрдiске айналған ба, қалай? Жуырда “Қазақ әдебие­тiнде” (№9 (3329) 1.03.2013) жарияланған ғалым Зардыхан Қинаят­ұлының сұхбатында осы тәрiздес бiр жайт сөз етiлген: “Моңғолияда екi адамды асырап отырған «Халықаралық Шыңғыс хан академиясы» деген аты бар да, заты жоқ ұйым бар. «Академик» атағын қолдан жасап, тапсырып жүрген солар. Қаражатына қатысты ма екен, өз елiнде бұл атақты алуға адамдар ынталы емес, қайсыбiреулер берсе де алмайды екен. Ал бiздiң Қазақстанның баққұмарлары ол атаққа дән риза көрiнедi” делiн­ген. “Жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты” деген осы болар. Мұндай жағдай бел­ең ала берсе, отандық ғылымда жүрген көшбасшыларымыздың беделiн қорғаудың өзi бiр әңгiме болып қаларын ескерiп, бiлiм және ғылым министрлiгi сияқты орындардың оны жiтi бақылауына алғаны жөн шығар.
Ал Жасан мырза жөнiнде мақалада көп рет ауызға алынған тағы бiр жайт менi таңғалдырып отыр. Жасан мырза жай врач кезiнде-ақ қазiргi заман медицинасын тибет медицинасымен ұштастырған көрiнедi, Қазақ­стан­ға келген соңғы бiрiне-бiрi жалғанған атақтарды еншiлеген­де де белгiлi шамада осы “тибет медицинасына «қол артқан сыңайлы, тiптi Алматыда өзi ашқан клиниканың атын да “Жас Ай Шығыс-Тибет медициналық емдеу орталығы” деп атаған көрiнедi. Мен бiлетiн Қытайда мойындалған iргелi дәстүрлi медицина түрлерiнен Қытай дәс­түрлi медицинасы, Ұйғыр дәс­түр­лi медицинасы (Ұйғыр тыбабетчiлiгi), Моңғол дәстүрлi медицинасы, Қазақ дәстүрлi медицинасы, Тибет дәстүрлi медицинасы сияқтылар бар. Iргелi деп атайтынымыз осы аталған халықтық дәстүрлi медициналардың барлығында өз ұлтының тiл-жазуымен атам заманнан үзiлмей келе жатқан медициналық iрi-iрi шығармалары бар, олар осы дәстүрлi медициналардың теориялық негiзiн құрап отыр. Оны өз тiл-жазуында меңгермей тұрып, “бiлдiм, игерiп алдым”деуге келмейдi. Қытай дәстүрлi медицинасының тiл-жазуы қазiргi қытай тiл-жазуы емес, ол ертезаман қытай тiл-жазуы, оны бiлген маман арнаулы мемлекет­тiк емтиханнан өтiп, сертификат алады, оның өзi бiр шетел тiлiн меңгерумен теңестiрiледi. Ал тибет дәстүрлi медицинасы – қытай дәстүрлi медицинасынан кейiн ең қиын, тылсыматқа толы бiреуi, жазуы индi жазуымен туыстас, теориясы да индi медицинасымен және буддизм дiнi­мен сабақтасып жатады. Дәрi­лерiнiң шикiзаты Гималай тауының дәрiлiк өсiмдiктерi мен хайуанат мүшелерiн қолданудан тыс, көбiне-көп индi шөп дәрi­лерiн қолданады, әрi жасаулы оқдәрi, құмалақ дәрi, таблетка түрiнде қолданысқа шығады. Мен көрген тибетше дәрiлердiң көбiне тибетше, ағылшынша және қытайша жазулармен түсiнiктеме берiлiптi.
 Қытайдың жоғары-орта медициналық мектептерiнде ешқашан ұйғыр, қазақ, моңғол, тибет дәстүрлi медициналары сабақ ретiнде сөйленiп көрген емес. Тек қытай дәстүрлi медицинасынан ғана қосымша дәрiс оқылады. Арнаулы ашылған қытай дәстүрлi медицинасын оқытатын жоғары-орта медициналық оқу орындары да баршылық. Тибетте, iшкi Моңғолияда өз дәстүрлi медицинасын оқытатын оқу орындары да болуы мүмкiн. Сондықтан бiздiң қазақ жастары үшiн тибет медицинасын үйрену – солардың тiл-жазуын меңгерiп, арнаулы оқу арқылы ғана мүмкiн болмақ. Қазақтың қатардағы дәрiгерi үшiн егер қызығушылығы болса, өз халқымыздың, яғни қазақтың дәстүрлi медицинасын зерттеп, орайы келсе, қолдана жүру әлдеқайда ойға қонымды, болмысқа жақын, әрi тиiмдi, айтуға да нанымды болар едi.
Солай да солай, бiреу Қытайдың сонау Таң заманындағы классик ақыны Ли Байды қазаққа айналдырғысы келсе, ендi бiреуi баяғы өткен замандағы әлемге мәшһүр моңғол ханы – Шыңғыс ханды қазақтың әйгiлi бiр руынан шыққан деп көрсеткiсi келедi. Жалпы, осылардың бәрi не себептен туындап жатыр? Оның түпкi себебi адалдықтың әлсi­реп, имандылықтың жоғалып кетуiнен шығар. Адамның ең қастерлi нәзiк, әрi сезiмтал мүшесi көз ғой. Оған болымсыз титiмдей ғана шаң-тозаң қонса да көтере алмайды, тазалап тас­тағанша жаныңа тыныштық бермесi анық. Ғылым да сондай, титтей де жалғандықты көтере алмайды, оған жайшылықта айтатын “Бәрi өтiрiк болса бiлiнiп қалар, жарты шынға жарты өтiрiктi қоса қойсаң, жымпиып кетедi” дейтiн тұрпайы ұстанымды жарата алмайсың. Ендi бiр айтпаса болмайтын жайт, бiз бәрiмiз бағымызға жарай тарихи отанымызға оралған жандармыз. Әрқайсымыз шамамыз келгенше ғана, қай бiреуiмiз қомақтырақ болса, ендi бiреуiмiз шамалы ғана қолдан келген үлесi­мiздi қоса жатармыз. Бiрақ отандастарымызға қате ақпарат беруден, жалған сөйлеп “аңқау елге арамза молда болудан ”сақтануымыз керек, қайта көзқарақты жандар қол ұстаса жүрiп қарыс жерге өтiрiк айтып жүр­ген­дер­дiң жолын кескенiмiз абзал.
Сағидолла ӘЛИҰЛЫ, еларалық “КӨРШI” журналының жауапты редакторы, Шинжяң медицина университетiнiң түлегi, бұрынғы тете-аға дәрiгер
 
ЖАСАННЫҢ «КУӘЛIКТЕРIНIҢ» СЫРЫ
Ж.Зекейұлының «Жас Алаш­қа» өз жазғандарына дәлел ретiнде ұсынған “құжаттары” туралы мына жайттарды баяндаймын. Жасанның куәлiктерi дегенде, өкiнiшке қарай, ауыз толтырып айтарлықтай бiр­де-бiр қағаз жоқ болып шықты. Ең жарамды деген куәлiгi – ғылыми қызмет атағын алған куәлiк екен. Қытайда әр кәсiптiң ғылыми қызмет атағы өзiнше басқа-басқа аталады. Мәселен: ғылыми зерт­теу саласының, редакторлардың, аудармашылардың, медик­тердiң деген сияқты. Ал ме­диктер­дiң ғылыми қызмет атақтары: аға дәрiгер (профессормен теңестiрiледi), тете аға дәрi­гер (доцентпен тең­ес­тiрiледi), жауапты дәрi­гер, дәрi­гер деп бөлiнедi. Жасанның алып отырғаны – yishi жай дәрiгер, яғни дәрiгерлердiң бастауыш атағы – ең төменгi атақ.
Жасан мырза газет ре­дакция­сына тапсырған екiн­шi куәлiк – ғылыми мақала куәлiгi. Мақаласының аты: “Хошимото науқасын қалқанша без иқуатының асқынуы деп жаңылыс диагноз қой­ған бiр мысал туралы мәлiмдеу” екен. Бiрiншiден, ғылыми мақала куәлiгiн берген орын – Iле қазақ автономиялы облысының Күйтүн емханасы, ал куәлiкке “қы­тай медицинасы әмбебап емдеу орталығының” мөрi басылған. Сонда деймiн-ау, бiлдей бiр емхананың өз мөрi болмауы мүмкiн емес қой. Тiптi осы Жасанға байланысты интернетте жарияланған материалдардан емхана мөрiнiң нұсқасын да көрiп отырмыз. Қалай дегенмен басқа мекеменiң мөрi басылған бұл куәлiк – заңсыз құжат. Екiншi­ден, халықаралық емес, мемле­кеттiк емес, автономиялы райондық емес, тым құрыса аймақтық та емес, бiр ау­дандық қаланың емханасында оқылып үшiншi дәре­желi сыйлық алған мақаланы да “академик” болған адам мақалам бар деп малдана ма?
Жасан мырза газет редак­ция­сына берген үшiншi “құжат” Шинжяң медицина универси­тетiнiң кiтапхана­сынан материал қарауға және олардан көшiрме алуға берiлген таныстыру екен. Мәтiнiнiң аудармасы тө­мен­дегiдей:
«Сыртқы iстер кеңсесiне:
Бiздiң Iле облыстық аурухананың врач хирургi Жасан жолдас шетелде доктарантура оқып жатыр екен, қазiр Шинжяң медицина универ­ситетiне келiп кейбiр материалдарды оқымақшы, ол Бiлiм беру комитетiмен байланыс жасап беруiн өтiнедi, сiздер кө­мек­тесiңiздер.
Қол қойған: Уаң Дыло
18 желтоқсан 1997 жыл
Шинжяң медицина уни­верси­тетiнiң сыртқы iстер кеңсесiне:
Iле облыстық аурухананың врач хирургi Жасан жолдас қазiр Қазақстанда ғылыми атақ алу үшiн оқып жүр екен. Зерттеу iсiнiң қажетi үшiн сiздердiң уни­верситеттiң кiтапханасынан материал оқып, қатысы барларын көшiрмелеп алмақшы, көмек­тесу­лерiңiздi сұраймыз. Мате­риал­дарды көшiрмелеу жөнiнде сыртқа қаратылғандары негiз етiлсiн, мемлекеттiң құпиялық сақтауға қатысты белгi­лемелер бойынша берер­сiздер!
Шинжяң бiлiм беру коми­тетiнiң сыртқы iстер басқармасы
17 желтоқсан 1997 жыл».
Бұл жазбалардың ешқандай құжат еместiгiне дәлел керек болмас.
***
Жасан Зекейұлының “Жас Алаш” газетiнде жарияланған “Күншiлдiк – жазылмайтын дерт немесе М.Мыңжасарұлының мақаласына жауап”деген (“Жас Алаш” №28 11 сәуiр 2013 жыл) қарсы мақаласындағы бiлiм дә­режесi жөнiндегi жөнсiз ақталуларына да тоқтала кетейiк:   “Дажуан – институт деген сөз. Қытайшасы — оқылуы (dazhuan/zhuanke xueyuan) – ұғымын М.Мыңжасарұлы арнаулы курс деп қате аударған”. Жоқ, Жасан мырза, керi­сiнше, Мыңжасарұлы дұрыс аударған. Қы­тайда, адамдардың бiлiм дең­гейi 6 дәрежемен өлшенедi. Олар:     Яғни дашө жоғары бiлiм (университет немесе институттарда оқу бiтiрген­дер), даджуан ( орта дәрежелi арнаулы бiлiм беретiн оқу орындарындағы арнаулы курс­тарда оқу бiтiргендер), джұң­джуан (техникум, училище, немесе колледж бiтiрген­дер) гауд­жұң (толық орта мектеп бiтiр­гендер), чуджұң (орталау мектеп бiтiргендер), шяу­шө (бас­тауыш мектеп бiтiргендер).
Даджуан дәрежелi арнаулы сыныптар техникумдарда, кей­бiр институттарда да ашылуы мүмкiн. Тiптi ШҰАР-дың Қашқар қаласында даджуан дәрежелi арнаулы педагогикалық оқу орны да болған. Даджуанның оқу мерзiмi техникум сыныптарынан бiрер жыл ұзақ, ал институт курс­тарынан бiрер жыл қысқа болады. Бiрақ бәрiбiр, даджуан сыныбын бiтiр­гендердiң жалақысы университет бiтiргендерден бiр дәреже төмен, техникум бiтiр­ген­дер­ден бiр дәреже жоғары болады. Даджуан дәре­жесiндегi бiлiмi барларға ең жоғары ғылыми қызмет атағы берiлмейдi. Өмiр бойы ғылыми жұмыс iстеген, Қытай ғылымы үшiн ерекше есе қосып, жаңалық ашқан адамдар болса, жоғарғы үкiмет орындарының құптауымен ғана жоғары дәрежелi ғылыми қызмет атағы берiлуi мүмкiн. Салыстыру үшiн бiр мысал келтi­рейiн. Бiздiң “Көршi” журналының жауапты редакторы Сағидолла Әлиұлы Қытайда дәрiгер-хирург болған. Ол медицина университетiн бiтiрген, жұмыс өтiлi 33 жыл, ол жасаған операциялар жүздеп саналады, оның iшiнде не­бiр күрделi оталар да бар, Ағылшын тiлiне жетiк (АҚШ-қа барып докторантура оқитындардың емтиханынан да өткен), полиция бо­йынша шенi полковник. Сөйте тұра, алғаны аға дәрi­гер емес, тете аға дәрiгер. Сонда деймiн ау, Жасанға түсiп қалған қайдағы ең жоғары атақ?
Бұларды мен неге айтып отырмын? Себебi мен 1983 жылдан 2003 жылға дейiн ШҰАР тiл-жазу комитетiнiң терминология кеңсесiнде жұмыс iстедiм. Онда академиялардың, басқа ғылыми мекемелердiң, жоғары оқу орындарының, баспасөз-ақпарат орындарының мамандарынан құрылған “Қазақ тiлiнiң атау-терминдерiн арнаға түсiру және бекiту алқасы”деп аталатын комиссия болды. Бiздiң мiндетiмiз — комиссияда қаралып бекiтi­летiн атау-термин­дердiң жобасын дайындау және мәжiлiс шақырып дайындалған атау-тер­миндердi бекiттiрiп баспасөздерде жариялау болатын. Сондықтан бекiтiлiп қолданылған әрбiр термин менiң қолымнан өткен деуiме болады. Қытайда жоғары оқу орындарында және деп аталған екi түрлi оқыту бағдарламасы болды. Жоғарыда аталған комиссияда бiз университет бағдарламасын толықтай оқып бiтiретiн -ны толық курс деп, ал оқу мерзiмi қысқа әрi оқыту бағдарламасы да жеңiл болатын   -ды арнаулы курс деп аударып бекiткенбiз.
Демек, М.Мыңжасарұлының аудармасы – дұрыс әрi заңды. Ал Жасан Зекейұлының дад­жуан дегендi институт деп түсiндiрмек болғаны – бүйректен сирақ шығарғандық.
Тарихта мүлде болмағанын, саясаттың қажетi үшiн қолдан жасалғанын Пекин ғалымдарының өзi анықтаған “Түркi халықтарының ұлы ақыны Кехменер” дегендi Қазақстанға әкелiп,    ҚазҰУ-дың оқыту бағдарламасына, тiптi энциклопедияға дейiн енгiзiп жiберген Дүкен Мәсiмхан деген профессор шығып едi. Сосын, Анкара университетiне Қытайда үш айлық курста оқы­ған куәлiгiн универ­ситеттiң дипломы деп көрсетiп қуәландырмақ бол­ған, Қазақстанға келiп қытай Ли Байды қазақ ақыны жасаған, бары-жоғы сегiз сынып бiтiрген Мұх­тархан Оразбай деген ғылым докторы бой көр­сеттi. Ендi мiне, Жасан Зекейұлы деген академикке кезiктiк...   
 Ибраһим ҚОШҚАРИ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар