1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Не үшін?
Қаланы қоқысқа толтырғаны үшін
Анекдот болсын деп...
Метро салғаны үшін
...Құдай болсам дейді
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №95 (15865) 28 қараша, бейсенбі 2013
28 қараша 2013
Украина Еуромайданы Ресеймен интеграцияға наразы

2004 жылы қызғылт-сары төңкерiстi бастан кешiрген Украинаның Майданы алты күннен берi толқып тұр. Бұған дейiн не Ресейге, не Еуроодаққа бұрыларын бiлмей қалт-құлт күй кешкен Украина президентi ақыры таңдауын жасағандай. Виктор Януковичтiң Еуроодақпен қауымдастық жөнiндегi келiсiмдi тоқтатып, Ресейге бүйрек бұруы украин оппозициясы мен халқын көшеге алып шықты. Наразылық танытып жатқан жұртқа кешелi берi 1,5 мың студент қосылды.

ҚОС МАЙДАН БIРIКТI
Бастапқыда митингiлер Тә­уелсiздiк Майданы алаңы мен Еуропа алаңында өтсе, сейсен­бiде екi наразылық шарасы бiрiктiрiлетiнi хабарланды. Еу­ропамен интеграцияны жақтаушы “Батькивщина” оппозициялық партиясының жетекшiсi Арсений Яценюк екi алаңға жинал­ған жұрттың талап-тiлегi бiр болғандықтан, бiрiгу қажет деп мәлiмдедi. Мұны “УДАР” оппозициялық партиясының жетек­шiсi Виталий Кличко құптады. Екi алаңдағы наразылар бiрiк­сiн деген үндеудi түрмеде жатқан Украинаның бұрынғы премьер-министрi Юлия Тимошенко тастаған. Ю.Тимошенко Украина билiгiнiң Еуроинтегра­ция­ны тоқтатқанына наразылық бiлдiрiп, түрмеде аштық жария­лады. Тимошенко мен 2004 жылы қызғылт-сары төңкерiстiң арқасында билiкке келген бұ­рын­ғы президент Виктор Ющенко о бастан Еуропамен интеграция орнатуды жақтаған. Алайда 2010 жылы сайлауда жеңiске жетiп, билiкке келген В.Янукович осы аптада Украинаның экономикалық тұрғыдан Еуроинтеграцияға дайын емес екенiн мәлiмдедi. Прези­денттiң есеп­теуiнше, еуропалық стандарт­тар­ға өтiп, экономиканы модернизациялау үшiн Украинаға жылына 20 миллиард доллар жұм­сауға тура келедi. Осыны алға тартқан шарттары тиiмдi бол­ғанда ғана, Еуроодақпен қауымдастыққа қол қоятынын мәлiм­дедi.
“Тiл тигiзгiм келiп тұрған жоқ, десек те бiздi бүйтiп қорламай-ақ қойыңдар дегiм келедi, – дедi Янукович Еуроодақ пен Халықаралық валюта қорына қарата. – Бiз кәмпитке алдана салатын бала емеспiз”. Бұл ретте Янукович Еуроодақтың коммуналдық тарифтердi өсiру, зейнетақы мен жалақыны қалпында сақтап, байлап қою тәрiздi талаптарды меңзеп тұр.
Бұған жауап ретiнде Еуропа кеңесiнiң төрағасы Герман ван Ромпей мен Еуропа комиссиясының төрағасы Жозе Мануэл Баррозу бiрiгiп “Бiздiң ұсынысымыз әлi де өз күшiн жойған жоқ” деген мақала жариялады. Олар 28-29 қараша күндерi Вильнюсте өтетiн “Шығыс ынтымақтастығы” саммитiнде Украинаны Еуроодақпен қауымдастық туралы келiсiм­ге қол қоюға шақырды.
Киевтегi Еуропа алаңынан Тәуелсiздiк майданына көшiп барып, күш бiрiктiрген наразылар да осы талапты қойып жатыр. Алайда президент Янукович Вильнюске барам десе де, келесi аптадан бастап Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтiру жөнiндегi келiссөздердi бастауға дайын екенiн мәлiм еттi.
 
ЯНУКОВИЧ НЕДЕН АЯҚ ТАРТТЫ?
Осы күнге дейiн елдегi наразылық шерулерiн күшпен басуға оқталмаған Янукович Еуропамен интеграцияны талап етушiлердiң талабын қолдайтынын, бiрақ наразылықты саясиландыруға қар­сы екенiн айтқан.
Ал Украинаның премьер-министрi Николай Азаров Еуроодақпен қауымдастық жөнiндегi келiсiмге қол қоюды кейiнге шегерудiң сырын ашып бердi. Оның айтуынша, Ресей осындай талап қойған. Ресей жағы “инте­грациядан кейiн сауда-экономикалық режимдердi талқылаудың қажетi болмай қалатынын” алдын ала ескерткен. “Еуроньюс” арнасының хабарлауынша бiрнеше күн бұрын Янукович пен Путин құпия жағдайда кездесiп, онда Ресей президентi Еуроодақпен келiсiмге қол қойылса, Украинаны қандай санкциялар күтiп тұрғанын ескертiптi. Осыдан аяғын тартқан Янукович амалсыздан Еуроодақ мүшелiгiне жол ашатын алғашқы келiсiмнен бас тартуға мәжбүр болыпты.
Украина үкiметiнiң жетекшiсi Н.Азаров шетелдiк журналистермен болған кездесуiнде мемле­кетi Еуроодақ пен Ресейдiң күрес алаңына айналып кетпей ме деп алаңдайтынын жасырмаған.
Осы уақытта Италияда iсса­пар­мен жүрген В.Путин Украина Еуроодақпен жақындасуды қалай ма, әлде Ресеймен инте­грацияны қолдай ма, бұл жағын өз бетiнше шешу керек деп көрегендiк танытыпты. Бiрақ Украина Еуроодақпен келiсiмге қол қойған жағдайда бұл Ресейге қалай әсер ететiнiн сөз еттi. Айтуынша, Еуроодақпен еркiн сауда-саттық келiсiмiнен кейiн екi айдан соң Украина кедендiк ставкаларды 85 пайызын нөлдiк деңгейге дейiн түсiруi керек. “Ал егер бiз Украинамен еркiн сауда-саттықты сақтап қалсақ, еуропалық тауарлар транзит арқылы бiздiң нарыққа келiп түседi деген сөз”.
Украинаның Еуроодақ қауымдастығымен келiсiмге қол қоюды кейiнге қалдыруы әсер еттi ме, Ресей жаздан берi тыйым салынған Roshen кәмпиттерiн елге кiргiзуге рұқсат еттi. Ол ол ма, Мәскеу Киевке қорғаныс саласындағы мемлекеттiк тапсырыстың 10 пайызын орналастыруы мүмкiн. Ондай жағдайда Киев 10 миллиард долларға жуық тапсырыс алмақ. В.Путин еуроинтеграция тақырыбын саясиландырмай, Ресей, Украина және Еуроодақ бизнес-қауымдастықтары тiкелей қарым-қатынасын жолға қоюды ұсынды. “Украина президентiнiң үшжақты формат туралы ұсынысын қабыл алып талқылау қажет. Брюссельдегi бiздiң достарымызды қатаң мәлiмдеме жасамауға шақырамын”, – дедi ол.
Сонымен, Украина билiгiн Еуроодаққа жол ашатын келiсiм­нен бас тартуға мәжбүрлеген не? Еуроодақтың қатаң талаптары ма? Жоқ Ресейдiң санкциялары ма? Мүмкiн, Еуроодақтың түрме­дегi Тимошенконы босат деген шарты шығар?
Ресейшiл пиғылдағы президент саналатын Янукович Вильнюс­те өтетiн жиында Еуроодақпен келiсiмге келмесе, бүгiн Киевтiң Майданына жиналған мыңдаған адам тарамаймыз, ал студенттер сабаққа бармаймыз деп нық бекiндi. Украина дәл қазiр Еуромайданды ғана бастан өткерiп жатқан жоқ, ол Батыс пен Шығыс майдандарының арасында тұр.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар