1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
АҚШ президенті Барак Обаманың 8,3 миллион доллары бар. Қазақстан президенті Н.Назарбаев неге әріптесі сияқты байлығын жария етпейді?
Ұялады...
Санайын десе, есебі жоқ
Қазақ қоғамынан сескенеді
Өйткені түк те бай емес
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №15 (15473) 23 ақпан, сейсенбі 2010
23 ақпан 2010
Бiз өзгерiстi қалаймыз!

 

Жанболат МАМАЙ,
“Рух пен тiл” клубының жетекшiсi: Жастардың да саяси күш екенiн танытатын күн жеттi
– Бүгiн “Рух пен тiл” клубы “Жас Алаш” газетiнiң редакциясында жастардың басын қосып, алқалы жиын өткiзiп отыр. Қазақ баспасөзiнiң қара шаңырағының бiрi “Жас Алашта” жиналуымыздың өзiндiк мәнi бар. Өздерiңiз бiле­сiздер, бұл басылымның негiзiн жалынды қайраткер, отты азамат, жастардың көш­басшы­сына айналған Ғани Мұратбаев қалаған болатын. Жаңа өмiрге құштар, сол үшiн күрескен аға буынның бүгiнгi жас өркендерi – сiздерсiздер. Осында келген қазақстандық жастар ұйымдарының қазiргi жетекшiлерi жас та болса қоғамдық өмiрде өз орнын тапқан, елге танылып та үлгерген ақындар, журналистер, студенттер, өнерпаздар қазiргi жағдайға бей-жай қарай алмаймыз деп ойлаймын.
Соңғы кездерi президенттiң бiраз қателiктерге бой алдырып жүргенiн байқап жүрмiз. Оған ең соңғы оқиғалардан үш қана мысал келтiрейiн. Өткен жылдың аяғында “Ұлт көшбасшысы” деген идея көтерiлдi. Жеке басым оны ақтө­белiк профессордың ойлап тап­қаны дегенге сенбеймiн. Себебi, ақтөбелiк профессор да, жоғары билiк өкiлдерi де президенттiң өзiнiң рұқсатынсыз мұндай ұсыныс жасамас едi. Бiздiң елде бәрi бiр адамға байлаулы. Мұны сiздер де жақсы түсiнесiздер. Жоғары билiк тарапынан ұсынылған, “ұлт көш­басшысы” бастамасы қоғамның үлкен қарсылығына ұшырады. Саясаттанушылар, саясаткерлер, басқа да қоғамдық күштер бұл идеяны қабылдамады. Екiншi мәселе, президенттiң Қазақстан халқы ассамблеясында ұсынған “Ел бiрлiгi” доктринасы. Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған көптеген азаматтар, соның iшiнде осында отырған бiраз жiгiттер де бұған өз қарсылығымызды бiлдiрдiк. Жоғары билiк­тiң бұдан да аузы күйдi. Нәтиже­сiнде оны тоқтатуға мәжбүр болды. Үшiншiден, қазақ жерiн Қытайға беруге қарсы шыққан ұлтшыл-патриоттар мен оппозицияның бiрiгiп, бiр жұдырық болып әрекет етуi. Жерiмiздi аспанасты елiне беруге қарсы түрлi шаралар ұйымдастырылды. Соның нәтижесiнде, “жердi сатпаймыз да, жалға да бермеймiз” деген мәселенi айтуға билiк мәжбүр болды. Осының өзi үлкен жеңiс емес пе? Бұдан халық ұтты, ал би­лiктiң әлсiрей бастағаны байқалды.
Бүгiнгi жиналуымыздың басты себебi – жастардың басын қосып, олармен көптеген ағымдағы проблемалар бойынша ой бөлiсу. Кейiнгi кезде ұлтшыл-патриоттар мен оппозиция бiрiгiп, қоғамдағы тегеурiндi күшке айналды. Өкiнiш­ке қарай, жастар қоғамдағы маңызды мәселелерден, оқиғалардан әлi де шет қалып жатыр. Жеке азамат, жеке ұйым ретiнде митингi­лерге қатысып, белсендiлiк танытып жүргендерiңiздi жоққа шығара алмаймын. Дегенмен, жастар бiрiккен бiр күшке айналған жоқ. Қоғамдағы белсендiлiк жағынан бiз өзiмiздiң грекиялық, франциялық замандастарымыздан көп артта қалып қойдық. Өкiнiшке қарай, бiз көштен қалып бара жатырмыз. Орыстiлдi, қазақтiлдi деп бөлмей, барлықтарыңызды ортаға шақырдық. Бiрiгу үшiн, бiрлесу үшiн. Жастардың да саяси күш екенiн танытайық. Сондықтан да сiздердiң бастарыңызды бiрiктiрiп, ортақ келiсiмге келiп, өзiмiздiң саяси күш екенiмiздi көрсетiп, үнiмiздi билiкке жеткiзсек деген ой бар. Өткен жолы президентке ашық хат жарияладық. Оны осы жерде отырған азаматтардың басым көпшiлiгi, оған қоса Алматы, Астана қалалары, Оңтүстiк Қазақстан облысының жетi мыңға тарта студентi қолдады. Бұл хатымыздың өзi қоғамда үлкен мәселе көтердi. Бiз ұлт жанашырларын қолдайтынымызды, “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық қозғалысына кiруге де дайын екенiмiздi мәлiм­дедiк. Осының iзiн суытпай, бастарыңызды қосып, “ары қарай қандай қадамдарға барамыз?” “не iстеймiз?” деген сауалдарға бiрлесiп жауап iздесек. Қоғамда қордаланған жастардың проблемалары өте көп. Неге оларды бiрiгiп шешпеске? Ол мәселелер­дi жұмылған күш болып көте­рейiк? Мәселен, интернетке байланысты проблема туындағанда, бiр топ жастар өз қарсылығын бiлдiрдi. Бiрақ, қалғанымыз интернеттi пайдаланғанымызбен, бұл мәселеден шет қалдық. Егер сол кезде бәрiмiз бiрге әрекет еткенде, мәселе басқаша шешi­лер ме едi? Осындай түйiткiлдi мәселелердiң шешiмiн ақылдасып, кеңесiп, бiрге iздесек дұрыс болар едi. Бiздiң қазiргi ойымыз – сiздердiң ағымдағы мәселелерге көзқарастарыңызды, ойларыңызды бiлу. Сол ойларыңызбен бөлiссеңiздер. Оларды ашық тал­қыға салайық.
 
Өркен КЕНЖЕБЕК,
“Журналист:
ЗАМАНДАСТАРДЫ ҮРЕЙДЕН ҚҰТҚАРАЙЫҚ
– Менiңше, жастардың саясат­қа енжар қарауының негiзгi үш себебi бар. Бiрiншiден, жастар өзiнiң күнделiктi тiршiлiгi үшiн сая­саттың еш қажетi жоқ деп санайды. Күнделiктi күйбең тiрлiктен ары аса алмай жүр. Екiншiден, “менiң сөзiмдi кiм тыңдайды?” деген кiнәмшiл көзқарас. Яғни, ол өзiнiң қоғамдағы маңызды орнын түсiн­бейдi. Бәрi жоғары жақта жасалады деп ойлайды. Үшiншiден, аға буынның жастарға көңiл бөлмеуi. 18-25 жас аралығындағы жастар сайлауда белсендiлiгi төмен электорат болып саналады. Сондықтан, осындай үш мәселе қазiргi таңда тұйықталған бiр шеңбердi түзiп отыр. Саясаткерлер “бiзге дауыс бермейдi” деп жастарға көңiл бөлмесе, ал жастар “саясаткерлерден еш қайыр жоқ” деп оларды қолдамайды. Осының нәтижесiнде екi топ арасында бiр-бiрiне деген кереғар көзқарас туындаған сияқты. Ал ендi мұндай жағдай қандай нәтижеге алып келуi мүмкiн? Мәселен, қазiр ешбiр саяси партияда күштi жастар қанаты жоқ. «Жас Отанды» бұл қатарға қоспай-ақ қойыңыз. Оны қазiргi таңда тәуелсiз жастардың көпшiлiгi қолдамайды. Ал демократиялық пар­тия­ларда жастар қанаты жоқтың қасы. Жастардың өмiрiн махаббат немесе оқумен ғана байланыстыруға болмайды. Кезiнде Бауыржан Момышұлы: “20 жас – тарихи ерлiктер жасайтын жас” деп атап кеткен. Яғни, жастардың сая­сатқа араласуының астарында үлкен мағына жатыр. Шын мәнiнде солай емес пе? Тарихтың қай бетiн ашып қарасаңыз да, жастар қоғамдық өмiрдiң алға сүйреушi күшi бол­ған. Интеллигенция жастардың арасынан шықты. Қазiргi билiк жүргiзiп отырған әрекетке қарап, жастарды әдейi саясатсыздандыру қимылдары жасалып отыр ма деген ой келедi. Себебi, жастар саясатқа араласса, революциялық өзгерiс­терге, жаңашыл идеяларға деген сұраныс та артады. Мысалы, Грузиядағы Саакашвилидi билiк басына әкелуге көп ықпал еткен “Кмара” жастар қозғалысы екенiн бiлесiздер. Украинадағы билiктiң ауысуына да жастар араласты. Яғни, қай кезеңде де өзгерiстiң бас­таушы күшi жастар болған. Мұны неге айтып отырмыз? Мақсат – қазақ жастарын бiрiктiру. Өздерi iске араласпай, олардың басындағы мәселелер шешiлмейтiнiн түсiндiру керек. Осы орайда мынадай мысал еске түседi. Пiлдi үйретушi жаттықтырушылар ең алғаш жаттықтыруды бастағанда, бала пiлдiң аяғына ағаш байлап қояды екен. Пiл ары-берi тартылады, бiрақ, ағаштан босай алмайды. Пiл солай өсе бередi. Бiрақ, оның салмағы қырық тоннаға жеткенде де жаттықтырушылар кiшкене шыбыққа байлап қоятын көрiнедi. Сонда оның жас күнiнде қалыптасқан “мен бұдан босай алмаймын” деген көзқарасы оған тұсау болады. Қырық тонналық алып пiлдiң өзi жаңағы кiшкене ғана шыбықтан босай алмайды. Себебi, оның санасы шырмалған. Сондықтан, қазiргi бiрiгу­дегi бiрiншi мақсатымыз – жастардың бойындағы үрейдi құрту. Кеңес кезеңiнен әке-шешелерiмiз­дiң бо­йында қалған, одан қазiргi билiк кезiнде “оппозиционер болсаң, атылып кетесiң” деген үрей жастардың ойына сiңбесе екен деймiз. Олар шын мәнiнде тәуелсiз болса, тәумендiлiктен арылса деген принциптi ұстанып, әрекеттенейiк. Сондықтан, қазiргi ұлтшыл-па­триот­тардың бастамасы, ұмтылысы қолдауға лайық. Билiк тарапынан сан түрлi бағдарлама ұсынылып жатыр. Бiрақ, нәтиже жоқ. Себебi, елiмiзде кадрлық дағдарыс өршiп тұр. Жаңа жоба, ескi орындаушылардан қандай нәтиже шықсын? Сондықтан да жастарға жағдай жасау керек. Оларды саяси ойынның бөлшегi ғана емес, тәуелсiз күш деңгейiне жетелеу қажет.
 
Алмас КӨШЕРБАЕВ,
 тәуелсiз журналист, “Еркiн интернет үшiн” қоғамдық қозғалысының мүшесi:
БЕЛСЕНДIЛIККЕ ШАҚЫРАМЫН
– Осындай жиынға қатысқаныма әрi оны жастар ұйымының ұйымдастырғанына қуаныштымын. Қазiргi таңда жастар қалалық, ауылдық, қазақтiлдi, орыстiлдi болып бөлiнгенi анық. Бiрақ, бүгiнгi жиын олардың бәрiнiң басын қосты. Бiз, жастар, ешбiр тiлдiк кедергiлерге қарамастан, бiр үстел басына жиналып, барлық мәселе­лердi ашық талқыға сала алатынымызды көрсетiп отырмыз. Елiмiздегi барлық жастар ұйымдарының басын қосып, жиын өткiзгенi үшiн “Рух пен тiл” клубына рахмет айтамын. Сондықтан, бұл бастаманы қолдаймын. Жастардың саяси белсен­дiлiгiн арттыруымыз керек дегенге де қосыламын. Себебi, қандай да болсын демократия тып-тыныш, бiр қағазға қол қоюмен, жастардың қатысынсыз орнай қалмайды. Бұл демократия радикалды күшпен ғана орнайды деген сөз емес. Бiрақ, бiр серпiлiстiң, жастардың саяси күшке айналуының бұл iсте мәнiсi зор екенiн түсiнуiмiз керек. Орталық Азияда, ислам әлемi елдерiнде жастар екiншi кезектегi саяси күш ретiнде қалыптасқан. Олардың қоғамдағы маңызы өздерiнiң Еуропалық құрдастарымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сондықтан, сол үрдiстi жоюға деген ұмтылыс жастардың өздерiнiң бастамасымен көтерiлуi тиiс. Осы кезде ғана белгiлi бiр өзгерiстерге үмiт артуға болады. Әр-түрлi жиындарда өздерiнiң өткiр ойларын айтып, белсендiлiк танытып жүргендер бар. Ендi солардың басы бiрiгiп, бiр күшке айналса дұрыс болар едi. Себебi, жастар үлкен буыннан кейiнгi адамдар емес, керiсiнше, жол бастаушы, алдыңғы қатарлы күш болуға тиiс. Осындағы бәрiмiз басымызды бiрiктiрiп, осыны дәлелдей алсақ, бұл өзге жастарға үлгi болар едi. Сондықтан, осындай дөңгелек үстелдердi, азаматтық акцияларды, флэш-мобтарды жиi ұйымдастырып, жастарға өз алдына дербес саяси күш болып келе жатқанын көрсетуге тиiспiз. Осындай iс-әрекеттер көбейiп, жастар арасынан лидерлер суырылып шыққан сайын, позициямыз ай­қындалып, мүмкiндiктерiмiз арта түседi. Ол үшiн қазiргi БАҚ, интернет сынды барлық ақпарат құралдарын пайдалана бiлуге тиiспiз. Мұндай бастамаларды бiз қолдауға дайынбыз. Барлықтарыңыздан белсендiлiк күтемiз.
 
Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ,
ақын, “Серпер” сыйлығының лауреаты:
ҚОҒАМ ТҮРЛI ТОПТАРҒА БӨЛIНДI
– Қазiргi таңда жастар өз алдына, саясат өз алдына өмiр сүрiп жатыр. Оған негiзгi дәлел, осындай жиындарға шақырсаңыз, жастардың көпшiлiгi кел­мейдi. Барлық мә­се­ле онсыз да шешiлетiн сияқты болып көрiнедi. Бұл қазақ жастарының бойындағы кереғарлықты көрсетедi. Оны жасыруға болмайды. ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларын алайық. Олар Батыс, Шығыс демей, тiптi Қытайдағы қазақ жастарының басын бiрiктiре бiл­ген. Олардың сөзiн жастар үндеу ретiнде қабылдап, бiр тудың астына бiрiккен. Сол кездегi жастардың топтасуын ұлт төңiре­гiн­дегi бiрлесу деп қабылдауға болады. Жиырма жыл бұрын тәуел­сiздiк алсақ та, ұлттық тұтастығымызды жоғалтып алдық. Қайта тәуелсiздiк жылдарында тiлге, дiнге, дiлге деген көзқарас қайшылығы үдей түстi. Әр түрлi топтарға бөлiндiк. Дiн қарама-қайшылығы қазiргi қазақ жерiндегi ең қатерлi мәселелердiң бiрiне айналып, ұлт тұтастығына қауiп төндiруде. Жуыр­да есiгiмдi қағып, үйiме Иегова куәгерлерi келдi. “Қазақсыңдар ма?” десем, “қазақпыз” дейдi. Бiрақ, ата дiнiмiз исламды мойындамайды. Мiне, бiздiң жағдай. Ұлт болашағын ойлаумен емес, келiм­сек дiннiң қолшоқпары болып жүр олар. Жастардың жұмыла жұдырық болуына осы мәселе де үлкен кедергi болып тұр. Екiншi мәселе, жастардың қазақтiлдi және орыс­тiлдi болып бөлiнуiнде. Осы екi топ арасында белгiлi бiр дәрежеде түсiнбестiктер бар, мұны бiз ашық мойындауымыз керек. Сондықтан, қазiр тұтастығымызға кедергi келтiретiн жайттар өте көп. Осы себептi де дәл қазiр бiрiкпесек, кешiгетiн сияқтымыз. Өзiмiздiң күш екенiмiздi танытайық. Ерте ме, кеш пе, бүгiнгi заманның келеңсiз­дiктерiмен бiрге күресуге тура келедi Сондықтан, ерте қимылдаған жөн.
 
Жарас КЕМЕЛЖАН,
“Общественная позиция” газетiнiң тiлшiсi:
ЕЛГЕ ДЕГЕН СҮЙIСПЕНШIЛIКТI ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ РЕТIНДЕ ҚАБЫЛДАЙЫҚ
– “Қазақстан кiмге керек?” деген сауалға жауап тауып алуымыз керек. Ойланып қарасақ, мемлекет бiзге және бiздiң ұрпаққа қа­жет. Менiңше, бар­лық жастардың басын бiрiктiретiн ұлт­тық идея болуы керек. Ол идея Отанға деген сүйiс­пеншiлiк, отаншылдық сезiмi болуға тиiс. Мiне, қазiргi кезде жастар бiрiксе, осы идея үшiн, елiмiздiң болашағы үшiн бiрiгуi керек. Тiптi орыстiлдi жастарды да бауырымызға тартайық. Қоғамда аға буын саясаткерлерiне деген сенiм аз. Сондықтан барлық күрделi iстi қолымызға өзiмiз алайық.
 
Кәмшат ТАСБОЛАТ,
журналист:
КӨШБАСШЫ ТҰЛҒА ЖЕТIСПЕЙДI
– Қазақ тарихының қай кезеңiнде де қазақ жастары үлкен ұлттық мүдденiң, ұлт-азаттық көтерiлiстердiң негiзгi қозғаушы күшi болған. Кезiнде Алашордашылар да жастардың басын бiрiктiрiп, оларды ұлттық идея төңiрегiнде топтастырып, қазақтың мемлекеттiк дербестiгiне қол жеткiзу мәселесiн қойды. Қазiргi таң­да “қазақ жастарының басын не бiрiктiредi?” деген мәселе өте өзектi. Қазiр қазақ жастарының шашыраңқылығы бiрден көзге түседi. Тiл­дiк бөлiнiс те бар екенiн мойындаймыз. Бұл бүкiл қоғамға тән дү­ние. Қазақ же­рiн­де ғана емес, шетте де қазақ жастарына тiкелей қатысты көп мәселелер орын алды. Мәселен, Ресей жерiнде скинхедтер бауырларымызды қазақ тiлiнде сөйлегенi үшiн өлтiргенде, оған қатысты үкiметтiң өзi тiс жармады. Тек жастардың наразылығынан кейiн мәлiмдеме жасағандай болды. Жастар осындай көптеген күрделi мәселелерге бейжай қарамауы керек. Ол проблемалардың бiзге түк те қатысы жоқ сияқты көрiнуi мүмкiн. Бiрақ, ертең-ақ олар алдымыздан шығады. Сол кезде ғана, шын мәнiнде бiз саясатпен айналыспағанымыздың салдарынан, саясат бiзбен айналысып кеткенiн түсiнбей де қаламыз. Көп саясаттанушылардың пiкiрi де осыған саяды.
Менiң айтарым, қаланың қазақылануына да жастардың қосар үлесi мол. Қазақ ұлты жас ұлттардың қатарына кiредi. Статистикаға сүйенсек, қазақ ұлтының құрамында қарттардан гөрi жастар көп. Бұл фактор қоғамдағы жастардың маңызды рөлiн айғақтайды. Қазақ жастары ауылдан қалаға келгенде көптеген кедергiлерге ұшырайды. Осы мәселелердi де ескеруге тиiспiз. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылынан келген қазақ баласын қаланың орыстiлдi мәдениетi жұтып қоймауға тиiс. Керiсiнше, ондай жастар қаланы қазақыландыруы керек! Бастысы жастардың бойындағы патриотизмдi тәрбиелеу. Осы тұста қазақ жастары отансүйгiштiк қасиет көрсетiп, басқа ұлт өкiл­дерiн де қазақ идеясының төңiрегiне топтастыруға ұйытқы болуы тиiс. Қазiр қазақ жастарының әлеумет­тiк мәселелерден бастап, ұлттық мәселелерге дейiн толғандырар проблемалары көп. Қазақ жастарының басым көпшiлiгi қазақша оқы­ғаны­мен қоғам орыстiлдi болғандықтан, олар соған бейiм­делiп кетедi. Сондықтан, тiл мәселесi – өте өзектi. Бұл мәселе­лердiң шешiмiн табуда жастардың белсен­дiлiгi маңызды екенi айтпаса да белгiлi. Оларға қазақ тарихында үлгi боларлықтай тұлғалар да аз емес. Мәселен, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллиндер өздерiнен кейiнгi жастар­ға шын мәнiнде үлгi боларлықтай тұлғалар. Ендi қазiргi мәселе – бүгiнгi күннiң көшбасшысын, ұлттық идеалдарды iздеу. Өзiмiзге үлгi тұтатын мықты тұлғалар керек. Оған деген iшкi сұраныс бар. Ендi осы сұранысты өтеуге тиiспiз.
 
Ернат ӘЛIМҒАЗИЕВ,
Азат “ЖСДП” жастар қанатының жетекшiсi:
БӘРI ДЕ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ СӨЙЛЕУГЕ ТИIС
– “Жастар саясатта енжар” деген пiкiрге айтарым, әлеуметтiк жағдайы төмен жастар саясатпен айналысуға мүмкiндiгi жоқ. Олар жағдайын түзеп, жұмыста нәтижеге жетуге көп көңiл бөлiп кетедi. Ал әлеуметтiк жағдайы жоғары жастар уақытын түнгi клубтарда, басқа да көңiл көтеру орталықтарында өткiзедi. Ал негiзi, бiздiң елiмiз бен жерiмiздi қорғайтын түбiнде қазақтiлдi жастар болады, бұған мен сенемiн. Орыстiлдi жастар бұл мәселеге көп араласпайды. 86-жылы алаңға шыққандар – қазақ жастары. Себебi, олар мемлекет үшiн жауапкер­шiлiктi сезiнедi. Мем­лекеттiк тiл мәселе­сiне бұрылу керек. Кеңестiк саясаттан арылатын уақыт жеттi. Орыс болсын, ұйғыр болсын, бәрiн қазақша сөйлеуге үйрету керек! Тәуел­сiздiк алғалы 20 жыл өттi. Отаншылдық, мемлекетшiл­дiк, ұлтжандылық қайда? Неге бiз керi кеттiк? Осы тұрғыда жастардың бiрiгуiн қолдаймын. Бiрлескен iс-қимылдарға көшу керек дегенге де келiсемiн.
 
Санат УРНАЛИЕВ,
“Свобода слова” газетiнiң тiлшiсi:
БИЛIКПЕН КҮРЕСУ ҮШIН БАҒЫТ-БАҒДАРЫМЫЗДЫ АНЫҚТАП АЛАЙЫҚ
– Менiңше, әр-түрлi саяси көзқарастағы жастардың бiр үстел басына жиналғанының өзi жақсы. Бәрiмiзге ортақ мәселелердi талқылау үшiн ең әуелi “Бiз кiмбiз?” деген сауалға жауап табуымыз керек сияқты. Қазақ ұлтына басқа ұлт­тар­ға қарағанда мол жауапкер­шiлiк жүктелген. Себебi, ол – мемлекетқұрушы ұлт. Елдiң де, жердiң де егесi. Репрессия кезiнде қаза бол­ған ұлт қаһармандарын естен шығармай, олардың тарихтағы орнын белгiлеу керек. Десек те, жастарға жаңа заманның жаңа тұлғалары қажет. Тарихтағы тұлғалардың суреттерi емес, өз ортамыздағы қаһармандардың жалынды сөздерi жастарға кө­бiрек әсер етер едi. Бiздiң арамызда да, қа­зiргi жастарды алға сүйрер, басын бiрiктiрер тұлғалар аз емес. Олардың есiмi соншалықты атақты емес, әрине. Бiрақ, жастарға үлгi боларлықтай тұлғалар бұлар. Мәселен, Қанат Ибрагимов. Оны Мәскеу­де “орыс радикализмiнiң төрт апостолының бiрi” деп атайды. Мiне, осындай адамдардың жарқ етiп көрiнуiне қоғамда мүмкiндiк берiлмейдi. Өйткенi, олар адамдардың санасын өзгертедi. Ойлануға шақырады. Ал бұл режим үшiн қауiптi. Сондықтан, бiз бұл режимге қарсы тұра алу үшiн ең әуелi кiм екенiмiздi, қайда бара жатқанымызды, ендi не iстеу керек екенiн түсiнiп алуымыз керек. Бiз ертең не iстеу керек екенiн бiлсек те, одан кейiнгi күнi не iстеу керек екенiн түсiнбеймiз. Қоғам дағдарыста. Бiр жылдан кейiн не боларын бiл­меймiз. Бiз бәрiмiз күйбең тiрлiктiң қамымен, өзiмiздiң өмiрдегi басты мақсаттарымызды ұмытып кеткен сияқтымыз. Қазiр азаматтық мiнез танытуға көпшiлiгiмiз жұмыстан айырылып қалмас үшiн бармаймыз. Ал үлкен кiсiлер, бәрiнен шаршады, жалықты, бiзге де күмәнмен қарайды. Бiрақ, олардың сол ойын өзгертуге тиiспiз. Үлкендер көптен берi жұмыс iстеп келедi. Бәрiнiң қыр-сырын жақсы бiлдi. Бiрақ, олар дәл қазiр алдымыздан ашылып отырған мүмкiндiктердi пайдалана алмайды. Себебi, бүгiн оларда күш-қайрат, қуат жоқ. Бiрақ, осыны бiз тиiмдi пайдалануымыз керек. Мүмкiндiктi мүлт жiбермейiк.
 
Ырысбек ДӘБЕЙ,
“Алаң” әдеби жастар бiрлестiгiнiң жетекшiсi:
ҚҰЛДАРДЫҢ ҚҰЛЫНЫҢ ҚҰЛЫНА АЙНАЛДЫҚ
– Жастардың басының қосылып, ортақ күшке айналуын толық қолдаймын. Бiр жазушы: “Бiз төңкерiс алдында құл едiк. Төңкерiстен кейiн құлдардың құлына айналдық.,” – деген екен. Қазiр бiз бұдан да құлдырадық. Бұрын құлдардың құлы болсақ, қазiр құлдардың құлының құлына айналдық. Сатылмаған дүние қалмады. Билiк, бәрiн сатты. Тәуелсiз­дiк алғанда билiкке кiм келдi? Ескi жүйеде тәрбиеленген екiбеткей, сатқын, тота­литаризмнiң “өнiмi” алды би­лiктi. Бұлардан не жақсылық күте­мiз? Олардың ұлттық мүддеге бұрылуға құлқы жоқ. Ал жастар олардың орнын баса алатындай белсен­дiлiк таныта алмауда. Сондықтан, митингi болсын, басқасы болсын, азаматтық қоғамның iс-шараларында жастардың үлес пайызы аз. Сондықтан, осы бастаманы толықтай қолдап, iлiп әкетуге тиiспiз. Қажет болса, наразылық шараларын бастайық.
 
Жанбота ҚАРАШОЛАҚОВ,
 “Абырой” жастар қозғалысының белсендiсi:
КҮРЕСТI БҮГIННЕН БАСТАУ КЕРЕК
– “Жастардың болашағы бар ма?”. Осы сауалға жауап iздеп көрсек. Жастар деп 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтарды айтады. Елiмiздегi олардың жалпы саны 4,5 миллион адам. Халықтың отыз пайызын құрайды. Бұл категорияға кiретiндердiң елу пайызы, яғни, екi миллионнан астамы жұмыссыз. Ал оларды бiздiң әлеуметтiк қорғау министрлiгi “жеке шаруасымен” айналысып жүргендер қатарына қосады. Елiмiзде 700-ден астам жас­тар ұйымы бар, дегенмен де, олардың нақты жұмыс iстейтiндерi оннан аспайды. Жастар әлеуметтiк мәселелер бойынша үн көтер­генiмен, саяси процестерге араласпайды. Жастарды қандай мәселелер қызықтырады дегенге келер болсақ, ең әуелi бiлiм алу, жұмысқа тұру және үйлi болу. Бiздiң жүргiзген шағын сауалнама осыны көрсеттi. Жоғарғы бiлiм алу жылдан-жылға қымбаттап барады. Ең арзан оқу орындары 300-400 мың теңге тұрады. Байлар мен кедей­лердiң арасы тым алшақтап кеттi. Жоғарғы оқу орнын бiтiрген күн­нiң өзiнде жастар жұмыс таба алмайды. Ректорлар бiтiрген студенттерден жұмысқа кiргенi жөнiндегi анықтаманы алдырып, министр­лiктерге жалған есеп бередi. Осыны бәрiмiз бiлемiз ғой. Бұл мәселенi неге көтермеймiз? Оның бәрi жоғар­ғы билiктiң халықтан алшақтап кетуiнен және халықтың өзiнiң де билiкке талап қоя алмауының салдары. Ал бiзге бабамыздан қалған жер асты байлығы ат төбелiндей топтың қолына өттi. Көпшiлiктiң бұл байлыққа қолы жетпедi. Назарбаев та орнынан кетедi, сол кезде жаңа саяси жүйенi құрайтын бiздер боламыз. Сонда осының салдарымен бiз күресемiз. Ал бұл күрестi бүгiннен бастау керек. Сондықтан, ертеңгi болашағымызға сенiммен қарайтындай деңгейге жетуiмiз керек. Әлем өзгерiп жатыр. Бiз ғана орнымызда тұрмыз. Ресейде үшiншi президент ауысты, ал бiзде бiр ғана басшы отыр. Бұл елдiң болашағы үшiн де, мемлекет үшiн де қауiптi.
 
Ирина МЕДНИКОВА,
“Жана – Су” жастар орталығының жетекшiсi:
БӨЛIНУДIҢ АРТЫ ҚАТЕРЛI
– Тақырыптық, құрамдық жағынан да дөңгелек үстел жоғары дәрежеде ұйымдастырылыпты. Мен өз кезегiнде, жастар ұйымдарының, жастар қозғалыстарының мәселе­лерiне тоқтала кетсем. Ең әуелi қандай ұйымдар бар, олар қалай жiктелетiнi жөнiнде қысқаша айтсам. Бiзде жетi жүзден астам жастар ұйымдары, жетi жүз мыңнан астам студенттер бар. Жастар қозғалыстары негiзiнен жергiлiктi, республикалық және халықаралық болып бөлiнедi. Оның iшiнде жекелеген топтардың мүддесiн қорғайтын ұйымдар, партиялардың жастар қанаты, оппозициялық, тәуелсiз және билiктiң қол астындағы жастар бiрлестiктерi болып бөлiнедi. Жастардың осылай сан түрлi себептермен бө­лiнуi­нiң астарында үлкен қауiп жатыр. Қазақтiл­дi және орыстiлдi бол­ып бөлiнуiмiз тағы бар. Бұл да қатерлi. Екiншi­ден, мемлекеттiк қаржыландырудың жоқтығы да жастар саясатының кенжеленуiне әкеп соқты. Кейiнгi кезде халықаралық қорлар тарапынан да қолдаудың азайып кеткенiн байқауға болады. Мiне, демократия­ның дамуына керi әсер ететiн осы факторлардың кесiрiнен, бiз бiр орында тұрып қалған сияқтымыз. Жастардың өзiндiк ойлауына, қалаған тақырыптарын қозғауына мүмкiндiк аз. Егер мемлекет тарапынан жастар тақырыбындағы жобаларға қаржы бөлiнсе, оның тақырыбы алдын-ала белгiленiп қояды. Одан ауытқуға болмайды. Яғни, ол жобадан еш нәтиже шықпайды. Ал жобаны жасаушы ұйым соған амалсыз көнедi. Бұл да бiздiң мүмкiндiктерiмiздi шектеп жатыр. Үшiншiден, жастарға кәсiпкерлер тарапынан қолдау жоқ. Бiзде ондай мәдениет қалыптаспады. Өзге­рiске деген құштарлығы бар жастарды жан-жақты қолдау мәдение­тiн қалыптастыруға тиiспiз. Ендi бұдан кейiн не iстеймiз деген сауал­ға жауап iздеу қажеттiлiгiне келi­семiн. Осыны талқылауымыз керек. Бiрiге қадам жасайтын кез жеттi.
 
Дөңгелек үстелге қатысқандар қатарында “Жас Алаш” газетiнiң тiлшiсi Дилара Иса, “Мемлекеттiк тiл” қоғамдық қозғалысының алқа мүшесi Еркiнбек Тұрғынов, “Жалын” журналының тiлшiлерi Майра Алдабергенова мен Бейбiт Молдахмет, “Әдiлдiк” қорының төрағасы Павел Морозов, қоғам қайраткерi Ұлан Шәмшет, “Green” ұйымының мүшесi Павел Коктышев, “Күретамыр” қоғамдық қозғалысының белсендiлерi, “Болашақ” жастар қозғалысының мүшесi Елнұр Бейсенбеков, “Правда Казахстана” газетiнiң тiлшiсi Айнель Меделханова және тағы басқа жастар ұйымдарының өкiлдерi мен Алматы ЖОО – ның студенттерi болды.
Жастар қоғамдағы өзектi проблемаларға қатысты өздерiнiң ойларын ортаға салып, бiрiгiп, бiр жұдырық болуға дайын екенiн ашық мәлiмдедi. Дөңгелек үстелде ел басшылығына ескертпе хат қабылданды.
Дөңгелек үстел әңгiмесiн қағазға түсiрген – Инга Иманбай
 
 
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТI Н.НАЗАРБАЕВҚА, 
ПРЕМЬЕР-МИНИСТРК.МӘСIМОВКЕ,
ПАРЛАМЕНТСЕНАТЫНЫҢТӨРАҒАСЫҚ.ТОҚАЕВҚА,
МӘЖIЛIССПИКЕРI О.МҰХАМЕДЖАНОВҚА
 
ЕСКЕРТПЕ ХАТ
 
Қадiрлi мырзалар!
Осыдан оншақты күн бұрын «ЖасАлаш», «Общес­твенная позиция», «Қазақстан» және басқа да бiрқатар республикалық басылым беттерiнде бiз және бiздi қолдаған Алматы мен Астана, Оңтүстiк Қазақстан облысының жетi мыңға тарта студентi Сiздiң атыңызға «Ұлтыңызды, тiлiңiздi ардақтаңыздеген тақырыппен ашық хат жолдаған болатынбыз. Бiрақ, Сiздiң өзiңiз де, жоғары билiк өкiлдерi де бiздiң пiкiрiмiз бен көзқарасымызды ескерiп, заңды талап-тiлектерiмiзге орай нақты жауап берген жоқ. Жастардың үндеуiне, оның ойы мен сөзiне жауап бермеу, тiптi оны құлағына да қыстырмай, ұлттық мақсат-мүддеден аттап өту бүгiнгi билiктiң үйреншiктi әдетiне айналды. Бұл бiздi қатты өкiндiредi.
Бүгiнгi жастар Қазақстан тәуелсiз­дiк алған кезде дүниеге келдi. Ашығын айтқанда, бiз дәл қазiргiдей жемқорлыққа белшесiнен батқан, парақор, сат­қын, ұлттық мүддеге мұрын шүйiре қарайтын, өзгеше ой айтқаны үшiн ғана көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерiне қастандық ұйымдастыратын, оппозицияны қуғындап, жас­тарға қысым жасайтын билiктiң кезiнде бал дәурен жастық шағымызды өткiзiп, орта жасқа келгенде оның себеп-салдарымен күресiп, қартайып, қария атанғанда да ел болашағына күмәнмен қарайтын заманда өмiр сүрудi армандаған жоқ едiк. Бiз азат, тәуелсiз, егемендi, болашағы зор, халқының күш-қуаты орасан, экономикасы қарыштаған, ертеңiне сенiммен қарайтын Қазақстанда тiршiлiк еткiмiз келедi! Өкiнiшке қарай, мұндай елдi тек «Хабар» мен «Қазақстан» арналарынан ғана көре аламыз, ал шынайы өмiрдiң бет-бейнесi көңiлiмiзге кiрбiң ұялатып, жанымызды жабырқау тарттырады. Бүгiнгi жастардың бойында отаншылдық, ұлтжандылық, мемлекет­шiл­дiк қасиеттерi жоғалып барады. Бұған елiмiздiң жастар қауымы емес, ең алдымен билiкте отырған аға буын өкiлдерi кiнәлi. Неге дейсiз ғой? Мысал ретiнде американдық патриотизмдi алайық. Батыс елдерiнен келген азаматтар өздерiнiң Еуропадан, АҚШ-тан келгенiн ерекше мақтанышпен айтады. Себебi, бұл елдерде әр азаматтың конс­титуциялық құқы қорғалады, заң алдында әр азаматтың тең құқы сақталып, ешкiмге де артықшылық берiлмей­дi, олардың әлеуметтiк-экономикалық жағдайы да мемлекет қарауында, тiптi «бомждарының» өзi бiздiң зейнеткерлер мен қарапайым студенттерге қарағанда әлеуметтiк жағынан әлдеқайда жақсы қорғалған. Өркениеттi елдерде әр азамат мемлекет үшiн өзiнiң жауапкер­шiлiгiн сезiнiп, оның келеше­гiне алаңдайды. Ал бiздегi жағдай мүлде басқаша. Қазақтың кең-байтақ жерi ат төбелiндей топтың, яғни олигархтар, мемлекеттiк шенеунiктер мен iрi латифундистердiң қолында шоғырланған. Өз елiнде, өз мемлекетiнде ұлтарақтай жерi жоқ жастар кiмнiң жерiн қорғайды? Не үшiн қорғайды? Өзiнiң мол байлықтан үлесi жоқ, қайыршының күйiн кешкен жас азаматтар мемлекет үшiн өзiн жауапты сезiне ала ма? Жоқ! Өз ана тiлiмiз, яғни мемлекеттiк тiл аяқасты етiлетiн, ел басшылары өзге тiлде сөйлейтiн, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани бiтiм-болмысымыз табан астында жататын мемлекетте өз елiмiздi қалай сүйемiз? 2020 жылға дейiнгi Қазақстанның стратегиясы қабылданды. Онда да ұлт мүддесiне қатысты мәселелер жоқтың қасы. Дүниеге шыр етiп келгенi үшiн де пара беретiн, мектепте оқығанда да, жоғары бiлiм ал­ғанда да, жұмысқа тұрғанда да пара беретiн, тiптi бақилық болып, көз жұм­ғанда да тiлiмдей жер үшiн пара бе­ретiн мемлекеттiң келе­шегiне қалай сенемiз? Халқымызды осындай күйге душар еткен не? Мұндай халге қалай түстiк? Мемлекеттiгiмiздi, тәуелсiздi­гiмiздi сақтай аламыз ба, әлде «көп­век­торлы саясатты ұстанып», әлем алпауыттарына жұтылып кетемiз бе? Бұл сауалдар бiздiң әрқайсымызды мазалайды әрi ойлантады.
Сталиндiк дәуiрде дүниеге келген, өсiп, ержеткен, содан кейiнгi заманда оқып, бiлiм алған билiктегi аға буын өкiлдерiнiң саясаты бiздi тығырыққа тiредi. 20 жылдан астам уақыт бойы халық оң өзгерiстердi күттi, алға басушылық пен iлгерiлеушiлiктi аңсады. Өкiнiшке қарай, халықтық, ұлттық мүдденi ту еткен өзгерiс те, реформалар да елде болған жоқ. Барлығы көзбояушылық пен жұртты алдау ғана болды. «Бiз Өзбекстаннан, Қырғызстаннан немесе Тәжiкстаннан жақсы тұрамыз», – деп мақтанасыздар. Сонда артта қалған елдерден «оздық» деп мақтану да – жетiстiк пе? Ұлы Абай айтқан: «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда не­ше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар едi деп сұрағанның несi сөз? Мен бес аттан, он аттан iлгерi едiм дегеннiң несi қуаныш?». Расында да, бiз неге Франциядан, Ұлыбританиядан, Италиядан, ең құрығанда Балтық жағалауы елдерiнен, Украинадан оздық демеймiз? Өркениеттi елдердiң дең­гейi­не, олардың озық құндылықтарына неге ұмтылмаймыз? Бiр сөзбен айтқанда, бүгiнгi елдегi жағдай Қазақстанның мәдениеттi әрi өркениеттi көштен кенже қалғанын анық байқатады. Бiз бұдан шаршадық! Осы халге жеткiзген Сiздер де шаршаған боларсыздар. Бiзге жаңа өзгерiстер керек! Сондықтан да, ел саясатына, қоғамдық тiршiлiкке белсендi түрде араласатынымызды мәлiмдеймiз! Ұлтшыл-патриоттар мен оппозиция секiлдi Қазақстан жастарының да сая­си күш екенiн көрсетемiз!
 
Республика басшылары!
Президентке жолдаған үндеуiмiзде бiз былай деген едiк: «Егер жоғары билiк өкiлдерi ұлт тұлғаларының және оны қолдаған халықтың талап-тiлегiн ескерусiз қалдырса, бiз заң жолымен тыйым салынбайтын наразылық шараларының барлық түрiне қатысатынымызды және оны ұйымдастыру iстерiн қолға алатынымызды ескертемiз!». Мемлекет басшысы да, елiмiздiң лауа­зымды шенеунiктерi де бiздiң сұрақ-сауалдарымызға, талап-тiлектерiмiзге жауап қатқан жоқ. Демек, жастардың үнi мемлекет басшыларының құлағына жетпедi деп санаймыз. Осы себептен, жастардың жан айқайын, олардың қордаланған проблемаларын жоғары билiк пен қоғамға жеткiзу үшiн 11 сәуiр, 2010 жылы Алматы қаласында «Жастардың жалпыұлттық митингi­сiн» өткiзетiнi­мiз­дi мәлiмдеймiз! Шыдамның да шегi мен шетi бар. Бiздiң шыдамымыз таусылды! Әрекет ететiн, өзiмiз қимылдайтын кез келдi деп санаймыз.  
Ескертпе хат елiмiздiң жастар ұйымдарының, қоғамдық қозғалыс жетекшiлерiнiң, журналистердiң, ақындар мен жазушылардың, қоғам қайрат­керлерiнiң және студенттердiң қатысуымен өткен «Бiз өзгерiстi қалаймыз!» атты дөңгелек үстелiнде қабылданды.
 
Алматы қаласы,
18 ақпан 2010 жыл

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар