1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (16255)   31 тамыз, бейсенбі 2017
31 тамыз 2017
Жаңа да ескі Өзбекстан

Өзбекстандағы жоғарғы биліктің ауысқанына бір жыл толды. Көрші елдің тізгінін тәуелсіздік алғаннан бері мығым ұстап келген Ислам Кәрімов өмірден өткелі бұл биліктің тұңғыш ауысуы болды. Ендеше, осы мерзім аралығында өзбек ағайында не өзгерді, дамудағы негізгі үрдістер қандай және ең бастысы – олардан не күтуге болатыны жайлы ой түйіп көрелік.

2016 жылғы 28 тамызда Ислам Кәрімовтің денсаулығы кенеттен сыр беріп, емханаға жатқызылғаны туралы қысқа хабар тарады. Диагнозы – инсульт және миға қан құйылу. Тәуелсіз деректерге сүйенсек, сол күні президент клиникалық өлімге душар болған. Алайда ресми басшылық Кәрімовтің қазасы туралы ақпаратты тек 2 қыркүйекте растады. Осы екі ортада не болғаны нақты белгісіз. Алайда осындай жағдайдағы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Өзбекстанның келесі қожайыны кім болатыны дәл осы өліара бес күнде шешілгенін жорамалдауға негіз бар. Алдыңғы жылдары президент болуға ықтимал үміткерлер қатарында үш адамның есімі аталушы еді: премьер-министр Шавқат Мирзияев, вице-премьер Рустам Азимов және ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятов.
Дағдарысты һәм шешуші сәтте осы үштіктің ұйғарымымен билік тұтқасы Мирзияевқа бұйырғаны, ал қалған екеуіне қауіпсіздік кепілдемесі берілетіні шешілді. Бұл жерде жағдайдың дәл осылай өрбуіне Ресейдің зор әсер еткенін айтып өткен жөн. Әсіресе Мәскеуде тұратын және Путинмен етене аралас ықпалды өзбек олигархы Әлішер Усмановтың да себебі болды. Есесіне Мәскеу Тәшкенттен не талап еткенін түсіну қиын емес. Қалай болғанда да 8 қыркүйекте парламент қос палатасының отырысында Шавқат Мирзияев президент қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Өзбекстан Конституциясына сәйкес, бұл орынды меншіктеуі тиіс сенат төрағасы Нигматулла Юлдашевті ешкім елеген де жоқ.
2016 жылғы 14 желтоқсанда өткен сайлауда элита ертеректе қабылдаған шешім толық рәсімделіп, Шавқат Мирзияев Өзбекстан тарихындағы екінші президент атанды. Билікке келгендегі алғаш күндерінен-ақ жаңа басшы Ислам Кәрімовтің жолынан таймайтынын мәлімдеумен болды. Сонымен қатар тығырықтан шығуда реформаларға мүдделі екенін танытты.
Ішкі саясатта, мәселен, Мирзияев биліктің халыққа ашық болуын талап етті. Осы мақсатта Кәрімов кезінде болып көрмеген тәжірибе – үкіметте азаматтардың шағымы үшін арнайы жәшіктер орнатылды. Министр мен аймақ әкімдеріне аптасына бір күн азаматтарды қабылдауға нұсқау берілді. Әрине, жылымық нышаны деп танылған бұл әрекеттер қоғамда құлшыныс тудырды. Айталық, әлгі шағым жәшіктері ашылған соң оларға шенділер үстінен бір айдың ішінде 400 мыңнан астам арыз келіп түсті. Бұл науқан түрлі деңгейлі лауазым иелерінің наразылығын тудырды. Кейбірі тіпті жергілікті әкімге сенбей, «президенттің өзіне барам» деген шағым түсірушілерді жол-жөнекей тоқтатып қорқытуға дейін барған.
Жылымықтың ендігі көрінісі – Ислам Кәрімов кезінде шетелге ауып кеткен қоғам мен мәдениет қайраткерлерін елге оралуға үндеу. Дәл осындай ұсыныс Ресейде, Қазақстанда, басқа елдерде жүрген өзбек бизнесмендеріне капиталын Отанына салуына қатысты жасалды. Бірақ тиісті уәделер берілгенімен, бұл шақыруға құлақ асқандар әзірше некен-саяқ.
Президенттің өзі теледидарға жиі шығуды, министрлер мен әкімдердің селекторлық жиындарын ашық та жария түрде өткізіп, шенділерді қатқыл айыптауды дағдыға айналдырды. Сондай басқосулардың бірінде, мәселен, Шавқат Мирзияев прокурорларға «еліміздегі ең бірінші ұрылар өздеріңсіңдер» деп дүрсе қойды. Популизм, яғни халыққа жағудың әдістері жаңа юртбашиның абыройының өсуіне, оған деген сенімнің күшеюіне мүмкіндік берді.
Жүре-бара тұғырын нығайтып алған соң, 2017 жылғы көктемнен бастап Мирзияев биліктен «ескі гвардияны» алыстатуға, ал олардың орнына өз адамдарын қоюға кірісті.
Айталық, талай жылдан бері вице-премьер және қаржы министрі болып келген Рустам Азимов қызметінен босатылып, әлдеқайда төмен мансапқа көшірілді. Ресми түсініктеме бойынша, мұндай өтінішті Азимовтың өзі жасапты-мыс. Біраз уақыттан кейін «елдегі экономикалық былықтарға бұрынғы вице-премьер кінәлі деп айыпталса таңғалмаймыз» дейді кей сарапшылар. Өзбек билігіндегі екінші «күшті адам» – Рустам Иноятовқа келсек, оған президенттің әзірше тісі батпай отыр. Десе де, қауіпсіздік күштерін жұдырығында ұстаған Иноятовтың да жағдайы әлсіреді. Таяуда оның сөзсіз қарамағында болып келген ұлттық гвардия Мирзияев бақылайтын ішкі істер министрлігінің құзыретіне өтті. Бұрынғы юртбашиның кадрларын алшақтату науқанына бірқатар министр мен аймақ әкімдері ілінді. Тіпті Ислам Кәрімовтің жеке қызметшілері, атшабарлары, күзетшілері, ұшағының пилоты және де басқалары жұмыстарынан айырылды.
Ал ең мүшкіл жағдай экс-президенттің туыстарын тапты. Ислам Кәрімовтің үлкен қызы Гүлнара бас бостандығынан айырылды. Оның миллиардтаған қаржысы мен активтері тәркіленіп, Өзбекстанға қайтару жөнінде өтінішті ресми Тәшкент Ресейге және бірқатар Еуропа мемлекеттеріне жолдап үлгерді. Кәрімовтің әйелі мен кіші қызы Лолаға келсек, олар бейресми түрде үйқамаққа алынған.
Өзбекстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалын сөз етсек, рас, көршілерімен салыстырғанда әжептәуір алға басу бар. Атап айтқанда, соңғы бірнеше жылда көршінің жалпы ішкі өнімі 5-6 пайызға өскен. Ірі өндірістік, аграрлық, инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Әсіресе ел астанасы Тәшкентте заманауи ықшамаудандар, жолайрықтар қарқынды бой көтеріп жатыр. Мирзияевтің өзі бұған дейінгі экономикалық тұйықталу саясатынан бас тартуға ынталы. Дегенмен Өзбекстан әлі де патриархалдық қалыптан айтарлықтай айықпаған, жемқорлықтан тұншыққан, ұлттық валютасының заңды бағамы мен көлеңкелі нарықтағы құны әрқалай, демографиялық өсімі экономикалық дамуынан басым түскен ел болып тұр. Осыдан келіп еңбекке қабілетті 3 миллионға жуық азамат шетелде, негізінен Ресей мен Қазақстанда жұмыс іздеуге мәжбүр.
Өзбекстан билігі үшін бас аурудың бірі – күнкөріс қамы ғана емес, идеологиялық келіспеушіліктен шетелге ауып кеткен азаматтар болып тұр. Олардың біршамасы бүгінде Сирия, Ирак, Ауғанстан және де басқа шиеленіскен аймақтарда терроршыл ұйымдардың қатарында жүр. Өзбекстанның өз ішінде діни экстремизмге қатысы бар деген айыппен 10 мыңға жуық азамат түрмеде отырғанын ескерсек, таяу жылдары бұл мәселе де Тәшкент үшін үлкен емтиханға айналары хақ.
Сыртқы саясатта Шавқат Мирзияев бұрынғыдан әлдеқайда ашық саясат жүргізуге ынталы. Бірінші кезекте онысы аймақтағы көршілеріне қатысты. Президенттің шетелге тұңғыш сапарлары Орталық Азиядағы Түрікменстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанға жасалғаны соны айғақтайды. Кәрімов дәуірінің ауыр мұрасы саналған Түркиямен арадағы салқындық саябырсыды. Соңғы 20 жылда екі мемлекет арасында сақталған визалық қатынас тәртібі алынып тасталды. 1990 жылдардың басынан бері арасы дауға қалған тәжіктермен де жаңа өзбек басшылығы әуе қатынасын қайта жандандырды.
Десе де, жаңа басшымен пайда болған осындай жылымықтар сан жылдан бері қордаланған түйткілдерді еңсеруге мұрындық болары күмәнді. Біріншіден, аймақ елдерінің сыртқы күштерге тәуелділігі Өзбекстанға оңтайлы емес. Мәселен, Қазақстан мен Қырғызстанның кіндіктері Ресей басшылық жасайтын Еуразия экономика одағының шарттарымен байланған. Екіншіден, Орталық Азияда талай жылдар бойы шешілмеген проблемалар (қауіпсіздік шаралары, тарифтік келіспеушілік, су-энергетика саласы т.б.) одан әрі ушығып барады. Үшіншіден, аймақ елдерінің көшбасшылары өзара тығыз интеграцияға дайын емес, көбі екіжақты ынтымақтастықпен шектелмек. Мұның барлығы жалаң сөзден іске көшкенде Тәшкент сыртқы саясатының айтарлықтай өзгермесін меңзейді.
Әрине, өз ұстанымында Шавқат Мирзияев реформатор, демократияшыл саясаткер болуы ықтимал. Әйткенмен бұл Өзбекстанның халықтық билік жолымен жүруіне еш кепіл емес. Бұл сөзімізге келтірер дәйек жеткілікті, оның бірқатары жоғарыда айтылды. Солардың ішіндегі ең шешушісі – ұзақ жылдар қалыптасып орныққан авторитарлық жүйе қанша жерден жаңашыл болса да, түбінде жеке тұлғаны жеңіп шығады. Тиісінше шірік жүйе өзгермей, бір басшының екіншісімен құр алмасуымен жағдай оңалмайтыны анық. Мұны кезінде Түркменбашының орнына екіншісі келгені, қалған істерде мемлекет пен халықтың өмірі өзгеріссіз қалғаны дәлелдеді.
Олай болса бір жыл бұрын Өзбекстанда орын алған билік ауысуын шартты түрде қараған жөн. Шын мәнісінде іске асқан ауыс-түйістің дені тек ескі саясаттың жалғасуы ғана.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
qazaq | 31 тамыз 2017 21:51
Қазақ өзбек шекарасын жабу қажет! Мұндағы қазақтарға экономикалық залалын тигізіп жатыр
Данияр | 4 қыркүйек 2017 18:45
Қазақ өзбек шекарасын жабу қажет! Мұндағы қазақтарға экономикалық залалын тигізіп жатыр

Дұрыс айтасың ең бірінші еңбек жұмыс күшіне өте қатты тиіп тұр өзбектер өте арзанға істейді оның зардабы Қазақтарға тиіп тұр шекарадан еңбек күшін тежесе онда Қазақтардың жағдайы оңалар еді
Қызылордалық Балталы Төлеген | 5 қыркүйек 2017 15:44
Мұның шешімі"шекараны жабу"емес,пайдасы жоқ саммиттер,қажеттілігі жоқ құрылыстар салу,"ЭКСПО"сияқты бір адамды жарнамалайтын,елге тиер пайдасы жоқ даңғазалыққа жол бермей,ЕЛГЕ келер ақшаның,техникалық салықтың 70% қарпитын"еуроазиялық одақтан"шығып,ішкі рынокты қалыптастыру.Ел байлығын шетелдіктерден алып,МЕМЛЕКЕТКЕ қайтару.Сыртқа тек өзіміздің ішкі рыноктен артылғанын ғана шығару."Тендер"дегенді жойып,барлық"заказдар"мемлекетпен тапсырылып,қадағалануы керек.Болды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар