1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
19 қыркүйек 2017
Билік салафизмге күшпен тыйым салғысы келмейді

Бүгінде еліміздің діни кеңістігі әлі де жат пиғылдағы қауіп-қатерлерден арыла алмай отыр. Ақпараттық қауіпсіздігіміз де толыққанды қорғалмағандықтан, діни түсінігін шыңдауға ниет еткендердің басым бөлігі теріс ағымдардың шылауына оп-оңай-ақ ілініп кетіп жатыр. Қажет болса, діни білім беретін мекемелердің өзі арнайы органдар тарапынан бақылауға алынбайды екен. Осының салдарынан елімізде мыңдаған бала заты ислам, алайда заты күмәнді білім алуға мәжбүр болып отыр.

Бұл туралы кеше мәжiлiс үйiнде елiмiздегi дiни ахуал талқыланған үкiмет сағатында депутат Мәулен Әшiмбаев мәлім етті. Оның айтуынша, еліміздегі арнайы діни білім беретін мекемелерден дәріс алып жатқан 30 мыңдай баланың қандай тәлім алып жатқанын ешкім білмейді. «Қазіргі таңда елімізде мыңға жуық бiлiм беру мекемесi жұмыс iстейдi. Өз кезегiнде олар бiлiм беру орталығы, интернат, қор, курс және жазғы лагерь деп аталады. Ол жерден жылына 30 мыңға жуық бала діни білім алып шығады. Бiздiң тексеруiмiз бойынша, өкiлеттi органдар бұл ұйымдардың көбiнiң нақты немен айналысып жатқанын бiлмейдi. Бас прокуратураның мәлiметiнше, олардың қатарында күмәндi ұйымдар да бар», – деген М.Әшiмбаев билікке балаларды «күмәнді діни құрылымдар» қызметіне тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы мәселені қарастыру қажеттігін айтты. Депутаттың сөзінше, тиісті заң жобасы парламенттің қарауына биылғы жылдың соңына дейін түспекші.
Арнайы баяндама барысында дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та мұндай кемшіліктердің бар екенін, тіптен діни ахуалға тікелей қатысты бірқатар сын-қатерлер тұрғанын атап өтті. «Бүгінде Қазақстанда 18 конфессияны қамтитын барлығы 3600-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді. Заң бойынша барлық дін тең, ешқайсысы да артықшылыққа ие емес. Алайда үкіметтің теріс ағымдар мен псевдосалафизмге қарсы жұмыстарына қарамастан, діни ахуал күрделі күйінде қалып отыр.
Кейбір азаматтар діни мәдениет пен қасаң догмаларды ажыратып жатпайтын болды. Осының салдарынан кейбір діншіл адамдар діни қағидаларды сөзбе-сөз бұлжытпай орындауды заңдар мен зайырлы ғибраттарынан жоғары орынға қоюда. Бұл отбасы ғана емес, жалпы мемлекеттік тұрғыда күрделі сын-қатерлерге алып келіп отыр», – дейді Н.Ермекбаев. Ол сондай-ақ соңғы уақыттарда Қазақстанның діни аудиториясына да сыртқы теріс әсерлердің күшейіп отырғанын айтады. «Біздің діни аудиториямызға сыртқы теріс ықпалдар күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің бақылаусыздығы мен жаһандану процестері әсер етіп отыр. Жат ілімді ашықтан-ашық насихаттайтын сайттар, әртүрлі әлеуметтік желілер мен басқа да коммуникациялық құралдардың да үлесі өте зор болып отыр. 2017 жылы министрлiк мамандары 15 мыңға жуық сайтқа талдау жасау барысында 3371 ғаламтор ресурсының теріс бағыттағы материалдар жариялаумен айналысқанын анықтады», – дейді ол. Сондай-ақ баспа өнімдерін шығаратын 3000-ға жуық нысанды тексеру барысында тағы 136 нысанның заңға қайшы тірлікке барғаны ашылыпты.
Талқылау барысында дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев елімізде салафизм бағытын ұстанғандар үлкен мәселе болып тұрғанын да айтып қалды. «Ел үкіметі псевдосалафизмнің бізге жат екендігін ашық білдіріп келеді. Соған қарамастан, кейбір адамдар бұл ағымды негізгі ұстанымы ретінде қабылдап отыр. Қоғамда қызу талқыға түскенімен, біз қатаң тыйым салу жолына әзірше барған жоқпыз. Есесіне түсіндіру және алдын алу жұмыстарына басымдық береміз. Осы негізде арнайы заң жобасы әзірленді. Онда 12 заң мен үш кодекске шамамен 60-қа жуық түзету мен толықтыру енгізу қарастырылуда. Бұл өзгерістерге дінге деген көзқарастарына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтарын қорғау, діни бірлестіктердің қызметіне қолайлы және түсінікті жағдай жасау, деструктивті насихаттың кез келген түріне тосқауыл қоюдың тиімді тетіктерін енгізу секілді мәселелер қарастырылған», – дейді ол.
Министрдің айтуынша, діни экстремизмнің алдын алу жүйесіне жаңа тәсіл енгізіліпті. «Сонымен қатар үкімет жанынан алғаш рет діни саладағы мәселелер бойынша ведомствоаралық арнайы комиссия құрылды. Оны бірінші вице-премьер басқарады. Комиссия және терроризмге қарсы орталық арасындағы жауапкершілік аясы нақты белгіленді. Комиссия діни экстремизмнің алдын алудың әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық мәселелеріне, ал терроризмге қарсы орталық құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимылдарға жұмылдырылған. Өңірлерде барлық аталған мәселелермен терроризмге қарсы комиссиялар айналысады», – деп атап өтті министр.
Тағы бір айта кетерлігі, мешіттердегі тәртіптің бірыңғай ережесі қабылданып отыр. Ермекбаев мырзаның атап өтуінше, соңғы кездері Қазақстанда дәл бір жоралғы өңірлердегі имамдармен әртүрлі жасалатындығына шағымдар жиілеп кеткен. «Сондықтан да ҚМДБ-ға жоралғылардың бөлігін бір ізге салу жайында ұсыныс жасадық, қазіргі кезде бұл жұмыстар жақсы жүріп жатыр» деп атап өтті ол.
Бір қызығы, дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың өзі «еліміздегі салафизм бағытын ұстанғандар үлкен мәселе болып тұрғанын» ашық айтып қалса да, депутаттар одан «ол қандай мәселе?», «неге салафизмнің соңына майшам алып түспейміз?» дегендей сұрақтар қоймады, «ұлттық дәстүр мен салтқа қатерлі қауіптің бетін қайтарайық» деп ұсыныс та айтпады. Айтпашқы, депутаттардың уысынан оңай құтылған министр Н.Ермекбаевты парламент дәлізінде журналистер біраз тергеуге алды. Сондағы бір сөзінде министр 2,5 мың адамды дәстүрлі дінге қайтарғандарын айтып қалды.
Ал былтыр сол кездегі мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин: «Қазақстанда исламның салафиттік бағытын ұстанатындар саны шамамен 15 мыңдай. Бірақ бұл – «айсбергтің» жоғарғы бөлігі ғана. Олар айтарлықтай көп, идеяларын тығып жүреді», – деген еді. Сонда дін істері және азаматтық қоғам министрлігі осы күнге дейін 2,5 мың ғана адасушыны дұрыс жолға түсірсе, қалғаны қашан түзеледі? Өлім жазасына кесілген терроршы Руслан Күлекбаевтың қырғынын (былтыр Алматыда полицияның сегіз қызметкері мен екі тұрғынды атып өлтірді) енді қайтып басқа бермесін. Құдай «сақтансаң – сақтаймын» демеуші ме еді... Олай болса салафизмге қарсы күреске келгенде биліктегілер мен депутаттар ұялшақ қыздай неге сызыла қалады?

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Тоқтар | 19 қыркүйек 2017 22:31
Ұлттың әл-ауқаты түзелмей ешқашан дiни санаң түзелмейдi!!! Сотталғандардың, ажырасқандардың, жұмыссыздардың немесе осылардың балаларының барар жерi дiн болды, ендi кiмдi түзеймiн деп жүрсiңдер? Жүрегi жаралы қоғамға наразы адам ғана дiндi паналайды.
Мағжан | 20 қыркүйек 2017 14:34
Олардың қолынан ауыз тиіп қойғандары бар ғой
qazaq balasy | 20 қыркүйек 2017 16:39
Күлекбаевың діни көзқарасы үшін емес! Ақтөбедегі қырғын да діни көзқарасы себеп емес. Көздеріңді ашыңдар! Ислам бұл Аллаһтың хақ діні. Оған қарсы болғандар құриды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар