1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
26 қыркүйек 2017
Қазақ көшінің алдындағы кезекті ор немесе «үкіметтегі бесінші колонна қайда отыр?»

Қазақстан үшін шетелдегі қазақты атажұртына қайтару стратегиялық аса маңызды саясат екенін біздің үкімет ұқпай-ақ қойды. Қашан көрсең үкіметтің қазақ көшінің алдынан кесе-көлденең тартатын бір арқаны дайын тұрады, әйтеуір. Кім ойластыратыны, қайдан шығаратынын білмейсің.

Бір кедергі алынса, екіншісі дайын тұрады. Содан келіп «бұл өзі қазақ көшіне қасақана әдейі қолдан ұйымдастырылатын дүние емес пе екен?» деген де бұлыңғыр ойға берілесің. Берілмейін десең, үкіметтің әрекеті солай ойламасқа орын қалдырмайды. Үкімет Қытайдан келген қазақтардан «сотталмағаны туралы анықтама» әкелуді талап етіп, арғы беттен келген ағайынды талай жыл зар жылатты. Анықтаманың әуресі бітіп, мәселе шешіле қалып еді, енді келіп «қазақ ұлтының потенциалын біздің қандастарды тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану қажет» дегенді ойлап тауыпты. Көшке тұсау салатын мұндай сөзді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 19 қыркүйек күнгі үкімет отырысында көші-қон саясаты тұжырымдамасы жобасын таныстыру кезінде айтқан.
Сөз танитын адамға жоғарыдағы сөйлемнің қандай мағына беретіні айтпай-ақ түсінікті. Тіпті де түсініксіз болып бара жатса айтайық. «Қандастарды тұрғылықты жерінде қалдыра отырып» деген сөз шетелдегі қазақтарға «келмей-ақ қойыңдар, әуре боп қайтесіңдер, біз сендердің потенциалдарыңды отырған жерлеріңде-ақ пайдалана аламыз» дегенге саяды.
Бірақ министр ханым шетелдегі қазақтардың потенциалын қалай пайдаланатынын ашып айтпаған. Дейтұрғанмен тұжырымдаманың сыртқы көші-қонға қатысты тұсында «білімі қазақстандық кадрлардан жоғары мамандарды жұмысқа тартуға жеңілдетілген тәртіппен рұқсат алуды» енгізу мәселесі бар көрінеді. Шетелде тұратын білімі жоғары қазақты жұмысқа тартсақ, орта және арнаулы білімі бар, бар болашағын Қазақстанмен байланыстырып, қашан көшем деп елге қарап елеңдеп отырған қалың қарапайым қазақты не істейміз сонда? Ә, ұмытып барады екенмін, айтпақшы, оларды «тұрғылықты жерінде қалдыра отырып потенциалдарын пайдаланады» екенбіз ғой.

ОНЫ БІЛЕТІН ҮКІМЕТ ҚАЙДА?
Жалпы, көші-қон мәселесіне келгенде әрқашан есте тұтатын бірнеше нәрсе бар. Біріншіден, этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіріп алу – ұлттық стратегиялық ұзақ мерзімді саясат. Өйткені ұлттың санын арттыру, сол арқылы сапаға өту біз үшін қашанда маңызды іс болып қала бермек. Екіншіден, көші-қон – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Ұлттың үні анық, даусы басым түскен жерде оның қай саладағы ұпайы да түгел болатыны рас.
Қазіргідей ұлт терең рухани дағдарысқа түсіп, ұлттық құндылықтар босағада қалған өліара кезеңде шетелден келетін қазақ көшінің бұрынғыдан да қарқынды жүріп, сөйтіп, ертеңгі ұлт қауіпсіздігінің қорғанысын арттырғаны абзал. Үшіншіден, территориялық һәм мемлекеттің біртұтастығын сақтауда да көші-қонның маңызы төтенше зор. Шетелден келетін қазақ көшін шекарадағы аймақтарға бағыттау, сол арқылы өңірлердегі қазақ рухын нығайтып, аймақтық ұлттық мәселелердің шешілуін жеделдетуге болатынын үкімет бізден жақсы білсе керек еді. Бірақ үкіметтің әрекетіне қарап бұл айтылғандардың өзі түгіл, көлеңкесін де көре алмаймыз. Үкіметтің бар ойлайтыны, жалғыз уайымы – әлеуметтік мәселелерден қашу. Яғни сырттан келген көштің әлеуметтік мәселелерімен бас қатырғысы келмей, одан да олардың білімділерін жұмысқа шақырып, қалғандарын «отырған жерлеріңде потенциалдарыңды пайдаланамыз» деп алдаусыратып қою. Көші-қон саясаты тұжырымдамасындағы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мақсаты осыған саяды.

СЫРТТАҒЫ ҚАЗАҚТЫ АЛАЛАУДЫҢ ЖАҢА «ҮЛГІСІ»
Статистика комитетінің деректеріне қарағанда, 2017 жылдың жартыжылдығында сырттан келген қазақтың саны – 5238. Соның ішінде ТМД елдерінен келгені 2950 болса, басқа елдерден келгендері – 2288. Ал кеткендердің саны – 613. Біздіңше, бұл сан аз. Егер де көші-қон саясаты тұжырымдамасы мақұлданып кетсе, сырттан келетін қазақтың саны күрт азаяды. Өйткені үкімет «қазақ ұлтының потенциалын біздің қандастарды тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану қажет» деп отыр ғой. Демек, қазақ көшінің толқыны қолдан тоқтатылады деген сөз.
Енді білімі жоғары мамандарға келейік. Министр Тамара Дүйсенова таныстырған көші-қон саясаты тұжырымдамасында «білімі қазақстандық кадрлардан жоғары мамандарды жұмысқа тартуға жеңілдетілген тәртіппен рұқсат алу» көрсетілгенін айттық. Мұны «сотталмағаны туралы анықтама» талап етудің жұмсартылған түрі деп қарастырған жөн шығар. Өйткені «білімі қазақстандық кадрлардан жоғары мамандарды» үкімет қалай таңдайтыны белгісіз. Әрі білімі асып тұрса да, «білімі жетпейді екен» деген қорытынды шығара салмасына кім кепіл?! Көз жетпейді. Мұның ең ауыр жері – білімдісін шақырып, өзгесін қалдырып, шетелдегі қазақты алалауы.
Білімді мамандарды шақыруға қатысты бір деректі осы жерде айта кетпесе болмас. 2009-2011 жылдар аралығында Қазақстаннан жоғары білімі бар 22 596 адам шетелге кеткен екен. Ел ішіндегі жоғары білімді азаматтардың білімі мен білігін, потенциалын пайдалана алмаған үкімет шетелдегі білімді қазақтарды жұмысқа шақырып жарылқап, қалғандарының потенциалын пайдаланады дегенге сену, әй, қиын, өте қиын.

«БЕСІНШІ КОЛОННАНЫҢ» КӨРІНБЕЙТІН «ҚОЛЫ»
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында президент Н.Назарбаев қазақ көшінің маңыздылығын санамалап айта келіп: «Үшіншіден, елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ», – деп еді. Ал көші-қон саясаты тұжырымдамасында айтылып отырған жайт жоғарыдағыдай. Сонда президенттің сөзіне пысқырмайтын үкіметті қазақ көшіне қарсы айдап салып отырған қандай күш? Осы сөздің орайында еске түседі, 2008 жылы сол тұстағы көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев: «Моңғолиядан келетін қазақтардың 98 пайызы сауатсыз, білімсіз», – деп елді шулатқан еді. Ал 2011 жылы Жаңаөзендегі еңбек дауына қатысты ереуілдеген халықты сол кездегі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаев: «Түрікменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар», – деген еді. Бұл екі азаматтың сөзі сол кездерде қоғамда үлкен дау туғызғаны мәлім. Айта берсек, ағайынға қатысты мұндай ауыр сөздер аз айтылған жоқ. Осының бәрін ой тізбегінен өткізіп отырғанда президент Н.Назарбаевтың ақпан айындағы үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан бір сөзі ойға оралады: «Үкіметтің ішіндегі бесінші колонна қайда отыр?» Шынымен, ол қайда отыр? Болмаса қазақ көшіне әркез кедергі жасау үкіметтің мақсаты емес шығар? Қашан көрсең қазақ көшінің алдынан ор қазып, арқан керіліп жатқанын көресің. Көрген сайын «бесінші колоннаның» көрінбейтін «қолы» көз алдыңа елестей береді...
Айтпақшы, біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, «Көші-қон саясаты тұжырымдамасы жобасымен танысуға бола ма?» деп салған сұрауымызға «болмайды!» деген жауап алдық. Себебі тұжырымдама бекітілмеген, жоба күйіндегі дүние екен. Әдетте, жоба талқыға ұсынылып, кем-кетігі түзетілетін еді. Оның үстіне бұл – халықтың ішкі-сыртқы көші-қонына қатысты маңызды жоба. Мұндай жобаны министрлік ешкімге көрсеткісі келмей, тартпасына сақтап отырғаны түсініксіз.

Ерлан САИРОВ, саясаттанушы:
– Мен біздің өкіметке таңғаламын да, қайран боламын. Бізде әлеуметтік процестер өз алдына жүріп, өкімет өз алдына жұмыс істейтін тәрізді. Жақында еліміздегі миграциялық саясаттың концепциясы қарастырылыпты. Бұл – өте жақсы, бүгінгі өзекті мәселе. Өйткені елімізді халықпен толтыру, жұмыс күшін тарту өзекті. Экономиканы дамытудың негізгі қайнар-көзі – халық. Бірақ өкіметтің позициясы мемлекет құрушы ұлттың мүддесін қорғау емес, шеттен келген «келімсектерді» жақтауға ұқсайды. Неліктен? Өткен жылы Қазақстанға ұзын саны 30 мыңнан аса еңбек мигранты келген. Олардың ішінде қытайы, шүршіті, үндісі, арабы, түркі бар. Сонымен бірге үй-жайда жұмыс істеу үшін тағы да 200 мың адам келген. Бұл – ресми тіркелген азаматтардың ғана саны. Шеттен келетін жұмыс күшіне тағы да жеңілдік берілген.
Ал миграциялық концепцияның жаңа мәтінінде сырт көзге көрінбейтін бір «гәп» жатыр. Концепцияда былай жазылыпты: «Қазақ ұлтының потенциалын біздің қандастарды тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану қажет». Бұл тезистің не екендігін білесіздер ме? Бұл – шетте жүрген ағайынға «елге келмеңдер, сол жерде жарылқаймыз» деген сөз.
Сонымен бірге шенеуіктер шетте жүрген қандастарымызды категорияға бөліп қойыпты. Бірінші категория: білімі бар. Оларды қабылдауға болады. Екінші категория: білімі жоқ, олар шетелде тұра береді. «Өлмесең өмірем қап» деген пиғыл. Сонда Қытайда зорлық-зомбылық көріп жатқан қазақтарға ары қарай қытайлана бер, бізге қажетің жоқ деген сөз ғой бұл!
Кей кездері ойлаймын, осы біздің шенеуіктер Марста тұрып жұмыс істей ме? Өткен жылы 16 500 қандасымыздың отбасы елге оралыпты. Әлде үкімет осы санды көпсініп отыр ма? Жақында ғана «Әбу-Даби Плазадағы» мәселеден неге сабақ алмайды? Жарайды, ол сабақты қойшы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайында елбасы ашық түрде «елге көшіңдер» деп мәлімдеді ғой. Сонда үкімет елбасының тапсырмасына «саботаж» жасап отыр ма?

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 26 қыркүйек 2017 13:21
"Елбастауды еркекке емес қатынға тапсырған ҚАЗАҚҚА,ЕЛГЕ жаны ашымас биліктен көр бұл былықты.Әйтпесе"көш бастау"қатынға емес АЗАМАТТАРҒА тапсырылады. Қ.Жұмаділов ағамызға тапсыр.ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ көбеюі "Нұрбануға",Божкоға,Алжас Амаровичке т.с.с.орыстілді"орысқұлдарға"керек емес.Мұндай ҰЛЫ науқанды басқаруға,ҚАЗАҚТАРДЫ бір ЕЛГЕ,бір КӨКТУДЫҢ астына жинауға бұл"төмен етектінің"ақылы,өресі"елбастарлық"НАМЫСЫ жетпейді.Сосын білімі ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕЛ болуына қарсы шпионның жазғанын оқығаннан аспайды
Абылай хан | 26 қыркүйек 2017 18:02
Осының бәрін сол кісінің өзі жасап отырғанын неге түсінбейсіңдер. Қай уақытта ол шындық сөз айтып еді, кілең шылғи өтірік. Бұл системадан құтылмай ел өркендемейді де, қазақ елге келіп толыққанды ел азаматы бола алмайды.
Ғұмар | 26 қыркүйек 2017 19:12
Босқын статусын сұрап Венгриядан босқын қабылда деп сұрау керек қытай қазақтары.сосын венгр жерінен бері қарай келу оңай..басқаша жол жоқ.Дана қазақ-заманың түлкі болса.. деген сөзі бар.
Тоқтар | 27 қыркүйек 2017 00:04
Қалай айтсаңда билiк қорқады шеттегi қандастарды елге кiргiзуге. Құрылтайдағы сөз көп өтiрiктiң бiреуi ғана.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 27 қыркүйек 2017 11:35
"Стратегиялық маңызы зор", бір елде туып сонда өскен,ағайыны,ата-бабасы жерленген жерді тастап,тарихи отаны болса да көшіп-қону ҚАЗАҚ ҮШІН өте ауыр. Біз еврей,орыс,сыған емеспіз. Әке-шешесіне қарамай көңіліне ұнаған жерге кете беретін. Біз үшін ата-бабамыз жерленген мола да ыстық,қасиетті жер. Олай болса мұндай ауқымды нәрсені жүрегі ҚАЗАҚ деп соғатын,ҰЛТЖАНДЫ,ешкімге жалтақтамайтын ЕРКЕК-АЗАМАТ басқаруы керек.Түсінікті шығар нені меңзеп отырғаным..!Ал,"жепутаттарды"қоя бер.Олар ұлтжанды еркек емес..
Қазақ | 28 қыркүйек 2017 01:03
Е деген екен (((((((((
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар