1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
Ауыл бюджеті ауылды көгерте ме?

Айдос САРЫМ арнайы «Жас Алаш» үшін
Қыркүйек айының соңында Өскемен қаласында Ауыл әкімдерінің І республикалық форумы өтті. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері, соларға қарасты аудан, ауыл әкімдері, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшылары бас қосқан алқалы жиында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін қалыптастыру, ауыл деңгейіндегі коммуналдық меншікті енгізу сияқты кешенді мәселелер сөз болды.

Жалпы алғанда, еліміздің 1995 жылы референдумда қабылданған Конституциясына сай, елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасуы тиіс болатын. Билігіміздің шынайы сайлау атаулыдан қорқып-үркуі, жергілікті жерде ауыл әкімдерін ашық және тіке сайлаудан қашқақтауы бұл үдерісті кемі 20 жылға кешіктірді. Конституцияның осы бағытқа қатысты баптары тек осы күндері жартылай болса да, шала-жансар болса да, енді ғана жүзеге асып жатыр деуге болады. Халыққа ең жақын, ең түсінікті, ең қажетті билік деңгейіне қатысты «ойын ережелері» енді ғана жасақталып келеді десек артық кетпеспіз. Бұл – еліміздегі саяси реформалардың алғашқы қадамы ғана.
Ал енді осы реформалар қалай жүзеге аспақ? Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәлімдемесіне сенсек, бүгінгі реформалар Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту пайымын айқындайтын негізгі құжат – ҚР Президентінің 2012 жылғы жарлығымен бекітілген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы екен. Сол құжатқа сай, ауылдардың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін 2018 жылдан бастап халық саны 2000-нан асатын ауылдық округтер деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде енгізу қарастырылған.
Сүлейменовтің сөзіне сенсек, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздері салықтық түсімдерден (төлем көздерінен алынбайтын табыстардан жеке табыс салығы, жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы, жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы; жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан елді мекендердің жеріне алынатын жер салығы және басқалары) және салықтық емес түсімдерден (мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдаудан (жалгерліктен) түсетін табыстар; коммуналдық меншікті сатудан түсетін табыстар; жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымы; «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімдердің төлететін айыппұлдары) тұратын болады. Есесіне шығындар «Қолданыстағы Бюджет кодексіндегі ауыл әкімдерінің 19 бағыттағы шығындары деңгейінде анықталды: мектепке дейінгі тәрбие мен білім; елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру; автожолдар құрылысы, қайта ұйымдастыру, жөндеу және ұстау; елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру және басқалары», – дейді министр.
Бұл әзірге қағаз, ұран жүзіндегі реформалар. Ал іс жүзіндегі жағдай қалай? Қалай жүзеге асуы керек? Соған тоқталайық.
Бүгінгі күнге дейінгі ауыл, кент әкімдері аянышты жағдайда ғұмыр кешті. Қолында еш билігі, бюджеті жоқ, жоғарыдан облыс-аудан басшылығы түтіп жесе, төменнен ауыл шалдары мен жұртшылығы жүндеп отыратын мемқызметшілер еді. Қит етсе болды, «Менен не сұрайсыздар? Қолымда нем бар?» деп жоғарыдан да, төменнен де жалтаратын. Басты жұмысы науқаншылап шапқылау, сайлауда үй-үйге таяқ алып жүгіру, келген-кеткен қонақты қарсы алу болатын. Ендігі уақыттан бастап елімізде республика-облыс-аудан бюджеттік деңгейлеріне осы әкімдерге қатысты төртінші – ауыл деңгейлік бюджет қосылады. Шындап келсе, төртінші билік баспасөз емес, осы ауыл-кент деңгейі болмақ. Себебі бюджет қайда болса, билік те сонда.
Жоғарыда аталған жиынға өзім де қатыстым. Біраз шенді-шекпенділермен, оның ішінде ауыл әкімдерімен әңгімеге келіп, пікір алмастық. Шынын айту керек, ауыл әкімдерінің өзінде үміттен гөрі күдік, қорқыныш пен үрей басым сияқты болып көрінді. Сол әңгімелерден түйгенім негізгі төрт мәселеге тіреледі.

Бірінші мәселе.
Ауыл әкімі – халыққа ең жақын билік тармағы. Облыс, аудан, қала жұртшылығы өз әкімін білмеуі, танымауы, ешқашан да көрмей кетуі ықтимал. Ал ауыл әкімін сол ауылдың жұрты жатқа біледі, күнде көреді. Ауыл әкімі халқына жақсылығын да, жамандығын да жасыра алмайды. Олай болатын болса, осы халықтың, сайлаушылардың өз әкімін өзі сайлауға толық мүмкіндігі, әлеуеті жетеді деген сөз. Ауыл әкімін аудан әкімінің ұсынысымен аудандық мәслихат арқылы сайлау үрдісі, айналып келгенде, сол ауылдың халқына білдірілген сенімсіздік, түптеп келгенде сол қауымды қорлаумен тең. Президентін, парламентін, облыстық, аудандық мәслихатын сайлай білген ауыл халқы өз ауылының әкімін сайлай алмайды, жаңылысады дегенге өз басым өлсем де сенбеймін.
Олай болатын болса, мемлекеттік билік органдары жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін өзінің логикалық қисынына дейін жеткізуі абзал. Ол үшін бүгіннен бастап арнайы құжаттар, қажет болса заң қабылдап, ауыл жұртшылығына нақты сигнал берілуі тиіс. Мәселен, бүгінгі бюджетті бөлу, бюджет деңгейлерін анықтау, жергілікті коммуналдық мүлікті жасақтау 5-7 жылда аяқталып бітеді, қажетті тәжірибе жинақталады деп топшыласақ, кемі 2025 жылдан бастап Қазақстандағы барша ауыл-кент әкімдерін жергілікті халық тікелей сайлауы тиіс. Мұндай шешім ауыл жұртшылығының өз болашағына деген сенімін арттырып, ауыл болашағы туралы нақты көкжиекті айқындап береді. Нағыз, нақты демократия осыдан бастау алмақ. Патриотизмнің, шынайы жауапкершіліктің ең үлкен мектебі осы ауыл-кент-қала әкімдерін сайлаудан басталады.

Екінші мәселе.
Бүгінгі күні ауыл әкімдерінің бюджетке еш қатысы болмады. Облыс-аудан әкімдері не шешсе, сол болатын. Ауыл әкімінің бюджет ақшасын игеруге, оны қадағалауға еш мүмкіндігі, құқы болмады. Ендігі кезде белгілі бір мөлшердегі, белгілі бір қажеттіліктерді өтейтіндей бюджет әкімдердің өзіне тиесілі болмақ. Бір күнде бастарына топ етіп түсе қалған билік пен бюджетті ауыл әкімдері көтере ала ма? Әлде ертең бар ақшаны дұрыс игере алмай, тіпті оны майшелпекке айналдырып, артынан топырлап қылмыскер атанып абақтыдан бір-ақ шыға ма? Шынын айту қажет, ауылдық жер түгіл, аудан дәрежесінде бюджет заңдарын, мемлекеттік сатып алу заңдарын жілікше шаға білетін мамандар көп кездесе бермейді. Ал ертеңдері белгілі бір қаражатты қолына ала тұрып, сол ауыл әкімдері оны оңдырып жарата алмай жатса не болады? Жақсы болсын, жаман болсын үкіметке – парламент, облыс әкімдігіне – облыстық мәслихат, аудан әкімдігіне – аудандық мәслихат бар. Ал ауыл әкіміне ай дейтін ажа, қой дейтін қожа бар ма? Жоқ! Заңда, заң аясында қабылданған құжаттарда «жергілікті қауымдастық», «жергілікті қауымдастық құратын комиссия» деген ұғымдар бар. Бірақ олардың қауқары, шешімдерінің күші, құрылу тәртібі туралы нақты талаптар жоқтың қасы. Көбіне-көп жалпылама сөздер ғана.
Яғни ауыл бюджеті дұрыс, орынды жұмсалуы үшін қалай болғанда да жергілікті жұртшылықтың араласуы қажет. Әкімнің әрбір қадамын, әрбір шығындаған бюджеттік тиынын қарап отыратын белсенді топ қажет. Оның заңдық қауқары, сөзінің пәрмені, әкімді белгілі бір жауапкершілікке шақыра алатын уәкілеттілігі болуы шарт. Ең абзалы – заңға өзгеріс енгізіліп, ауылдық, кенттік кеңес деген институт пайда болуы керек. Жергілікті кеңеске ауыл-кент халқы өз арасынан беделді-белсенді азаматтарды сайлап, бұл кеңес ауыл әкіміне жергілікті бюджет туралы ұсыныс беріп, қолға түскен бюджеттің шығындалуын қадағалайтын функция берілуі тиіс. Кеңестің шешімдері мен қарарлары ауыл әкімі үшін орындалуға міндетті құжатқа айналуы міндет. Сонда ғана ауыл бюджетінің шығындары заңды, бюджеттің жұмсалуы жергілікті халықтың мүддесінен туындайтын болады.
Қарапайым тілмен айтатын болсақ, биліктің ең үлкен, ең күрделі түрі осы бюджет, оның шығындалуы мен қадағалануы. Жергілікті ауыл жұртын осыған үйрете білсек, осыған баулысақ, нағыз елдік, нағыз мемлекеттік сананы, жақсы саяси мәдениетті қалыптастыра аламыз. Өз бюджетіне өзі жауапкершілік ала білген, оның жұмсалуын қадағалай алатын қауымның арасынан ғана шынайы патриоттар, шынайы азаматтар шыға алады. Ауылдағы саяси мәдениет күшейсе ғана елдік, мемлекеттік саяси мәдениет пен саяси сана қалыптаса алады.

Үшінші мәселе.
Біздің елдегі бюджет пен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сапасы өте төмен. Ең әккі, ең тісқаққан сарапшылар мен мамандар шатасатын, адасатын, адастыратын заңнама. Біздегі тендер өткізу туралы заңнамаға салсақ, кез келгені бойынша қылмыстық іс ашып, күшін бұзып, орындаушысын түрмеге тығуға болады. Ал енді осындай заңнаманың ауылдық жерде орындалуы үлкен күдік тудырады. Себебі ауыл түгіл, үлкен қала деңгейінде мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарын түгел орындау мүмкін емес. Мысалы, ауыл әкімі арықтарды жөндеуді немесе үзілген тоқ сымын түзеу туралы шешім шығарды делік. Оған тендер өткізіп, тиісті үш қатысушыны қайдан таппақ? Оның сыртында тек осыны күтіп отырған қулар мен ойыншылар да дайын отыр деп бір саусағымызды бүгіп те қоялық. Түптің түбінде тендер өтпей, өткен жағдайда жұмысы бітпей жатса не болмақ? Ауылдың күнделікті күйбің тірлігі бітпейді, кейде ауыл тіршілігіне қатысты белден басып, шешім де шығаратын жағдайлар болады. Артынан тексерушілер келіп, ауыл әкімінің үстінен қылмыстық іс ашып, бюджеттің ақшасын дұрыс жұмсамады, заң бұзды деп әлгі әкіміміз қамалып, қарабет болып жатпай ма? Яғни тиісті бақылаумен қатар, ауыл әкімдеріне бюджет пен мемлекеттік сатып алу туралы заңдардың аясында белгілі бір дәрежедегі кеңдік пен еркіндік берілгені абзал. Демек, төтенше жағдай, ауыл инфрақұрылымына қауіп төнген жағдайда белгілі бір мөлшерден аспайтын соманы ауылдық комиссиямен (дұрысы – кеңеспен) ақылдаса жұмсайтын құқықтары берілуі керек. Сонымен қатар осы кезден бастап ауыл-кент әкімдерінің біліктілігін арттыратын, заң талаптарын түсіндіретін курстар, сабақтар, семинарлар ауадай қажет. Облыс-аудан дәрежелерінде ауыл әкімдеріне әдістемелік тұрғыдан кеңес беретін, қас мамандардан құрылған топ немесе мекеме құрылуы дұрыс болар еді.

Төртінші мәселе.

Ауылдың бюджеті ғана емес, нақты коммуналдық мүлкі болуы тиіс. Яғни ауыл айналасындағы жер, ауыл ішіндегі жол, арық, мекемелер, электр шамдары, гүлзарлар ауыл әкімінің меншігіне өтуі тиіс. Сол меншікті басқара алатындай әкімнің біліктілігі, қауқары мен пәрмені болуы тиіс. Мұның барлығы да, айналып келгенде, салық мәселесі, ауыл бюджетінің қайнар көзі.
Ауыл әкімі – жерге ең жақын билік тармағы. Ал жер мәселесі елімізде әлі де шешілген жоқ. Жердің нарықтық бағасы анықталмаған. Президент жариялаған Жер кодексіне қатысты мораторийдің бір жылы өте шықты. Билік тарапынан жердің болашағы осылай болуы керек деген нақты шешімдер мен түсініктеме жұмысы әлі басталған жоқ. Ел ішінде жер тағдырына қатысты барлық талқылар тұралап қалды. Егер бұлай кете беретін болсақ, төрт жыл өткеннен кейін тағы да жер-жер деп дүрлігіп, тағы да митинг жариялауға мәжбүр боламыз. Ал жер мәселесі айқындалмаса, оның нарықтық құны белгілі болмаса, ауыл бюджеті қалай толықпақ? Еліміз ұлан-байтақ. Ауыл мен ауылдың айырмасы жер мен көктей. Қалаға жақын ауылдардың жағдайы жақсы болса, жырақтағы ауылдардың бүгіні мен болашағы бұлыңғыр. Курортты, тірлігі бар, үлкен жол торабындағы ауылдардың тіршілік етуге мүмкіндігі болса, облыс-аудан орталықтарынан 400-500 шақырым жерде жатқан кейбір ауылдың әкімдері жылап жүріп мүлік салығы ретінде 100 мың теңге де жинай алмайтын жағдайда. Яғни елімізде мүлік, салық, мүмкіндігі жағынан болашағы зор, болашағы бұлыңғыр ауыл-кенттердің нақты картасы, бағдарламасы жасалуы тиіс. Соған сай бюджеттік, салық жинау саясаты жүзеге асырылуы қажет.
Бүгінде ауыл әкімі түгіл, облыс әкімдерінің салық базасын, қорын кеңейтуге деген ықылас-ниеті жоқ. Басты мәселе – жоғары жақпен дұрыс қатынас орнату арқылы субсидия мен субвенцияға қол жеткізу. Оның үстіне ауылдық жердегі экономиканың басым көпшілігі көлеңкелі немесе сұр экономика дәрежесінде өмір сүріп жатыр. Мұны жеңудің басты жолы – барша әкімдерді жыл сайын жиналатын салық көздері мен базасын арттыруға міндеттеу, жұмысын осы принципке негіздеу. Сонда ғана әкімдер әрбір кәсіпкердің артынан қалмай, «Айналайын, сен жұмыс істеші! Саған тиімді жұмыс істеуге не кедергі болып жатыр?» деп жүгіріп жүруге міндетті болар еді.
Жоғарыда аталған жиында ШҚО әкімі Д.Ахметов мынадай мысал келтірді. Алакөл жанындағы Қабанбай деген курортты ауыл бар. Соның айналасында 10 миллиард теңгенің қаражаты жүрсе де, салық ретінде бюджетке 24 миллион теңге ғана түседі екен. Жиынға қатысушылар басқа да деректер келтірді. Ауыл әкімдерінің иелігінде қалатын төрт салық түрі бойынша ауылдық жерден небары 10 миллиард теңге салық жиналады екен. Қалғанының бәрі дерлік республикалық, облыстық бюджеттен берілетін субсидия.
Ендігіде ауыл әкімдерінен ерекше белсенділік қажет болады. Әрбір әкім ауылыма қайтсем турист алып келемін? Қайтсем кәсіпкерлердің санын арттырамын? Қайтсем тиесілі жерлерді дұрыс пайдаланып, одан табыс таба аламын деп ойлануға мүдделі болуы керек. Бұл барша ауыл жұртшылығына да қатысты сұрақтар болмақ. Дүкендерде касса аппараты орнатылып, әрбір сауда операциясынан арнайы кассалық түбіртек берілуіне мүдделі болады. Тіпті ауылдың үстінен өтетін көшедегі жарнама билбордын орнатып, одан да ақша табу қажет. Себебі болашақтағы ауылда жиналатын салықтар ауылдың бюджетін жасақтайды, сол ауылдың бюджетіне тікелей жөнелтілетін болады. Егер жергілікті ауыл азаматы өз болашағын өзі ойламаса, салығын төлемесе, оның жүгі барша ауылға, барша ауыл жұртына жасалған қиянат болмақ.
Болашақта ауыл әкімі салық төлеушілердің санын арттырып, салық жинауды белгілі дәрежеге өсіретін болса, оған сол мөлшерде субсидия берілуі мүмкін. Ауыл әкімі қалада жүрген жерлестеріне үндеу тастап, оларды салық төлеуші ретінде сол ауылда тіркелуін қамтамасыз ете алатын болады. Мысалы, қаладағы ірі кәсіпкер барша салығын өз ауылына төлейтін болса, ауылдың әлеуеті де артатыны анық. Тағысын тағы...
Мұның барлығы да, айналып келгенде, ауыл тірлігін, тіршілігін, өмір салтын, адами болмысын өзгертуі тиіс реформа. Егер осымыз іске асатын болса, еліміз де жақсы жаққа өзгеретін болады. Тек осыған қоғам, халық ретінде дайын болуымыз қажет. Болашағын ойлаған ауыл азаматы қазірден бастап құрылатын комиссияға мүше болуға, ауыл қауымдастығының барша жиынына белсенді қатысуға, бюджет ісіне араласуға мүдделі болғаны абзал. Ауыл да ел мен мемлекеттің кішігірім моделі. Ауылды басқара білсек, мемлекетті де басқара аламыз. Болсақ, боламыз!

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Балмаханұлы Нағашыбай, журналист | 7 қазан 2017 11:12
Айдос ініміз баршамызға ой салып отыр. Түйіндері бюджетке байланысты ақиқатты ашады. Шындығында да, ауыл көгерсін десек, бюджетке қоса оның дербес коммуналдық шаруашылығы болуы тиіс. Сонда ғана ауылды абаттандыруға, көркейтуге жағдай туады. Жарықтандыру, тазалықты сақтау сияқты көптеген мәселелер шешімін табар ма еді?...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті