1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №66 (16148) 18 тамыз, бейсенбі 2016
18 тамыз 2016
Күштiлердiң ойыны Шам елiнiң сорына айналды

Осы аптаның басында Ресейдiң Ту-22М3 және Су-34 бомбалаушы ұшақтары Сирия аумағын тұңғыш рет Иранның Хамадан әскери әуежайы­нан ұшып шығып бомбалады. Ресейдiң қорғаныс министрлiгi Иран Ислам республикасындағы Хамадан әскери әуежайында барынша бомба толтырылған ауыр ұшақтарының Сирияның Алеппо, Дейр-эз-Зор және Идлиб провинцияларындағы “Ислам мемлекетi” мен “Джебхат ан-Нусра” террорлық ұйымдарының шептерiн шабуылдағанын мәлiмдедi.

Бұған дейiн Ресейдiң алысқа ұшатын бомбалаушы ұшақтары Сирияға Ресей аумағынан ұшатын, ал жойғыш, шабуылдаушы ұшақтары Сириядағы Хмеймим әуе базасынан көтерiлетiн. Ресейдiң әскери ұшақтары ирандық Хамадан әуе базасын пайдаланатыны туралы хабар былтыр пайда болған. Осы күнге дейiн әуе базасынан түсiрiлген ресейлiк ұшақтардың суретiн ресми түрде ешкiм мойындамады. Ендi ресейлiк әскери сарапшылар Хамадан әуежайының бұған дейiн жанармай құюға, ұшқыштардың тыныстауы үшiн пайдаланылғанын ашық айтуда. Бұл жолы Иран ресейлiктерге өзiнiң ең үздiк әскери әуе базасы саналатын Хамаданды толық әскери, соғыс мақсаттарына пайдалануға рұқсат етiп отыр.
 Британдық әскери сарапшылардың түсiндiруiнше, Иранның Иракпен шекарасына жақын жерде орналасқан әуежай ресейлiк бомбалаушы ұшақтардың ұшатын қашықтығын 3 мыңнан 700 шақырымға күрт қысқартады. Оның сыртында ендi ұшақтар 20 тоннадан астам бомба көтерiп ұша алады, бұған дейiн әр ұшақтың бортындағы бомба 5-8 тоннадан аспаған. Сириядағы жартылай азаматтық болып табылатын Хмеймим әуежайымен салыстырғанда Хамаданның инфрақұрылымы басы бүтiн әскери мақсатқа арналып жасалған. Және Хмеймимге қарағанда ана­ғұрлым берiк қорғалатындықтан терроршылар үшiн ол алынбас қамал iспеттi.
   Хмеймим әуежайы әлi күнге дейiн жолаушы ұшақтарын да қабылдап жатқандықтан ондағы әскери ұшақ санын көбейту мүмкiн болмаса, Иранның әскери әуе базасы қалаған ұшақ санын ұшырып-қондыра бередi. Ол аз болса, Ресейдiң қорғаныс министрлiгi Иран мен Иракқа қанатты зымырандарының өз аумақтарынан ұшып өтуiне рұқсат етудi сұрап, өтiнiш жолдады. Бұған дейiн аталған елдердiң мақұлдауымен Каспий теңiзiндегi ресейлiк кемелерден Сирия аумағындағы терроршылардың бекiнiстерiне зымырандар ұшырылған болатын. Демек, биылғы жылдың басында АҚШ бастаған Батыс коалициясымен Сириядағы әскерiнiң бiр бөлiгiн алып кетуге келiскен Ресей керiсiнше, әуеден соққы беруiн бұрынғыдан да үдетпек. Ең алдымен Ресейдiң әскери әуе күштерi Алеппоны нысанаға алады. Сирия­ның ең iрi елдi мекенi саналатын өңiр стратегиялық маңызға ие. Одан бөлек Башар Асадтың әскерi Ресей және Иранның қолдауымен Алеппоны алса, бұл Батыс елдерiмен өтетiн алдағы келiссөздерде үлкен саяси көзiрге айналады. Оның өз мәнiсi бар.
Сирия президентi Башар Асадтың билiгiн қарумен қорғап жатқан Ресей мен Иранның одақтастығының күшеюi Шам елiнде өз ойынын жүргiзiп жат­қан АҚШ-қа ұнамайды. Бұған жауап ретiнде АҚШ қолдайтын Сирияның демократиялық күштерi Сирияның Манбидж қаласын “ИМ” содырларынан азат етiп, онда оппозиция күштерiнiң билiгiн жариялады.
   Құрама Штаттар Ресей тарабын үнемi терроршылармен бiрге бейбiт тұрғындарды, оппозиция әскерiн де қырып жатыр деп айыптайды. Өз кезегiнде түрiк президентi Ердоған Путинмен қайта тiл табысқанымен Башар Асадқа қарсы соғысып жатқан радикалды топтарды қолдайтын Сауд Арабиясы мен Катардың қару-жарақ, ақша, азық-түлiк тиеген керуендерiн Түркия аумағынан өткiзуiн тоқтатпады. Өйткенi Анкара бұл өңiрдегi Иранның ықпалының күшейгенiн қаламайды және iргесiндегi күрд жасақтарының қуатты әскерге айналып бара жатқанына алаңдаулы. Дәл қазiр Алеппода Ресей мен Иранның және Ливанның қолдауына сүйенген Башар Асадтың әскерi мен Түркия арқылы сүнниттiк араб елдерiнен қолдау алып отырған Джабхат Фатах әл-Шам басқаратын көтерiлiсшiлер кескiлесуде. Ендi Ресейдiң әуеден бомбалауының күшеюiнен таразының басы Басадтың жағына аууы мүмкiн. Әлемдегi саяси сарапшылар Сириядағы соғысты осындай стратегиялық ойындар түрiнде түсiндiрiп жатқан тұста Шам елiнде нағыз сойқан болып жатыр.
    5 жылдан берi соғыстан көз ашпаған елде Сириядағы адам құқықтарының сақталуын қадағалау жөнiндегi Орталықтың дерегiнше бүгiнге дейiн 300 мыңға жуық адам қаза тапқан. Олардың 15 мыңы – шиеттей балалар. 9 мыңнан астам әйел көз жұмған. Әлдебiреулердiң сасық мүддесiнiң кесiрiнен 84 мың бейбiт тұрғын шейiт болған. Қолына қару алған тараптардың әрқайсысы кемiнде 50 мыңнан адам жоғалтқан. 3 мыңнан астам мәйiттiң кiм екенi сол күйi белгiсiз қалған. Оның сыртында туған елi мен жерiн тастап, қияндағы Еуропаға бас сауғалаған миллиондаған босқын тағы бар. Сирия елiнiң экономикасы бас көтермейтiндей тұралап қалды. Қираған қалаларды қалпына келтiру былай тұрсын, үйiндiлерiн тазалаудың өзiне қаншама жыл қажет болады? Бiрақ қазiр оған бас қатыруға ешкiмнiң шамасы жоқ. Ежелгi өркениеттiң бесiгi болған Шам елiнiң халқы ертеңiнен бұрын бүгiн аман қалғанын ойлайды. Өйткенi Сирия топырағы күштiлердiң қаруын сынайтын алаңға айналып кеттi. Баяғыда АҚШ пен КСРО Вьетнамда, Ауғанстанда жаңа қаруларын қалай сынаса, қазiр Ресей содырларды сылтау қылып, қуатты бомбалары мен зымырандарын тастауда. Каспий теңiзiнен ұшырылған қанатты зымырандар бұған дейiн соғыс жағдайында сынақтан өтпеген су жаңа “Калибр” зымыран кешенi болып шықты. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Ресейдi түскен жерiн тып-типыл өртеп жiберетiн жанғыш бомбаларды пайдалануда деп айыптайды. Ұйымның мәлiметiнше, соңғы 9 аптада қарудың бұл түрi кем дегенде 18 мәрте қолданылған. Ресейлiк ұшақтар тастаған бомбалардан мерт болған, денесiн түгел күйiк шалған жас балалар мен аяғы ауыр әйелдердiң мүрделерi бейнеленген көрiнiстер бұл айыптаулардың шындыққа жанасатынын айғақтайды. Тұтас отбасынан айырылып, аңыраған сириялық шал Ресей билiгiн тектен-текке қарғамайды. Бiрақ, олардың зарын тыңдар құлақ болса мағынасыз қырғын баяғыда-ақ тоқтар едi. Ал әзiрге Ресей Сирияға ұшатын ұшақтарының бұрынғыдан көп бомба көтере алатынына масаттануда. Күштiлердiң ойынында жемтiкке айналған қайран сириялықтардың басынан сор арылмай тұр.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті