1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (16149) 23 тамыз, сейсенбі 2016
23 тамыз 2016
«Тамыз бүлiгiне» – 25 жыл

25 жыл бұрын, 1991 жылдың 19 тамызында кеңестiк билiктегi бiр топ адам КСРО президентi Михаил Горбачевтiң Кеңес Одағын тәуелсiз мемлекеттердiң федерациясына айналдыру жоспарын жүзеге асыруға кедергi жасамақ болды. Iс жүзiнде, “Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң” мүшелерi қызыл империяның ыдырауын өз қолдарымен жеделдетiп жiбергендерiн ол кезде түсiнбедi.  

1991 жылдың 20 тамызында КСРО президентi Михаил Горбачев бейресми түрде Одақ келiсiмi дейтiн құжатқа қол қоюы тиiс болатын. Ол бойынша КСРО атауы өмiр сүруiн тоқтатып, оның орнына тәуелсiз мемлекеттердiң Федерациясы дүниеге келуi тиiс едi. “Тамыз бүлiгi” деген атпен тарихта қалған мемлекеттiк төңкерiс жасау әрекетi осыған кедергi болуға тырысты.
КСРО вице-президентi Геннадий Янаев бастаған елдiң жоғарғы басшылығындағы бiр топ адам Қырымда резиденциясында демалып жатқан Михаил Горбачевтан бұл құжатқа қол қоймауды және елде төтенше жағдай жариялауды талап етедi. Президент келiспеген соң, Мәскеуге қайтып келген Янаев КСРО президентi мiндетiн мойнына алғаны туралы қаулыға қол қойып, ТЖМК құру туралы бұйрық бередi. Комитет құрамына Янаевпен бiрге КСРО премьер-министрi Валентин Павлов, қорғаныс және iшкi iстер министрлерi Дмитрий Язов пен Борис Пуго, мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Владимир Крючков, КСРО қорғаныс кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары Олег Бакланов, КСРО Шаруалар одағының төрағасы Василий Стародубцев, КСРО мемлекеттiк кәсiпорындары мен өнеркәсiп нысандары, құрылыс, көлiк және байланыс құрылымдары қауымдастығының президентi Александр Тизяков кiрдi.
Мәскеу уақытымен таңғы сағат 6-да КСРО Орталық телевизиясы мен радиосының дикторлары ТЖМК мүшелерiнiң Горбачевтың билiктен шеттетiлгенi және елде төтенше жағдай жарияланғаны жөнiндегi мәлiмдемесiн оқыды.
Халықтан оқшауланып кеткен кеңестiк билiк элитасы қоғамды кеш еске алды. Адамдарды партияның айдауымен жүретiн тұрғындар есебiнде санап келген партиялық номенклатура кеңес халқының көзқарасы өзгерiп кеткенiнен хабарсыз едi. Сол себептi ұзақ жыл билiкте отырған қабақтары қатулы шал-шауқандардың ежiктеген мәлiмдемесiнен дым түсiнбеген жұрт иықтарын қиқаң еткiздi де қойды.
Сол кезде жасы он бiрге толған мақала авторының есiнде елдiң абдыраған түрi қалыпты. Теледидардан күнi бойы әдетте елдегi бiрiншi басшы өлгенде қоятын “Аққу көлi” балетiн көрсеттi. Кешке таман үйдегiлермен ТЖМК мүшелерiнiң ең алғашқы және ең соңғы баспасөз жиынын тамашаладық. Үлкендердiң айтуынша, олар не үшiн төтенше жағдай жариялағандарын жарытып түсiндiрiп бере алмаған. Есейген соң, бала кезде көрген алғашқы саяси шараны қайталап қарап шыққанымда, ТЖМК мүшелерiнiң бәрi қатты қобалжып отырғанын, Янаевтың қолының дiрiлдеп тұрғанын жасыра алмағанын байқадым. Төрдегi бұл адамдар тамақты талонмен алып, күнделiктi қолданатын тауарға ұзын-сонар кезекке тұрудан ығыры шыққан кеңес халқына түсiнiктi және жаңа ештеңе ұсына алмады. Олардың әрекеттерi билеп-төстеуге үйренiп қалған, өздерiне тиiмсiз өзгерiстермен келiспеген жандардың аяқастынан жандәрмен ышқынғанына ұқсайды. ТЖМК-ны құрғандардың бiрi Валентин Павлов жиын алдында араққа уланып, қатыса алмай қалғаны да соны меңзейдi.
Ақырында бұрынғыша басқаруға үйренiп қалған “төтеншелер” жағдайды пайдаланып “демократтарға” айналған Ельциннiң тобымен текетiресте халықпен тiлдесу, қолайына жағатын сөздер айту, қоғамдық психологияны бiлу жағынан жеңiлiске ұшырады. Оларды ешкiм тыңдамады да, естiмедi де. Жетпiс жыл бойы темiр құрсауда болған халық тартатын темекiсi мен жейтiн шұжығын да қымбатқа, оның өзiн ұзын-сонар кезектiң таласында тұрып сатып алудан шаршады. Сондықтан үкiмет пен партияның айтқанын шындық деп қабылдауға үйренген кеңес азаматтары “қайта құрудың” лебiмен келген жариялылықты “қолдаған” Ельциндi құтқарушы есебiнде қабылдап, ТЖМК мүшелерiн бостандықты тұншықтырушылар ретiнде көрдi.
Жариялылық кеңес азаматтарының бойында өзiн асырайтын, ол үшiн болашағын ойлайтын партия мен үкiметке деген қарсылық сезiмiн тудырды. Қайта құрудың бесжылдығының нәтижесiнде Кеңес Одағы экономикалық дағдарысқа ұшырап, ал билiк саяси ықпалынан айырылып қалған тұста, қоғамдық пiкiрдiң де аласапыранға ұшырағаны түсiнiктi. Оның үстiне бейбiт заманда қалаға танк мен ауыр техника кiргiзгендердiң әрекетi жұртшылықты шошытты. Көшедегi терроршыларға да бой үйреткен бiзбен салыстырғанда ол заманның адамдары үшiн бұл өте сұмдық жағдай едi.
Бұл орайда танктiң үстiне шығып халыққа сөз сөйлеген РСФСР президентi Борис Еьцин сәттi саяси пиардың үлгiсiн көрсеттi.
ТЖМК-нiң сәтсiз бүлiгi оның мүшелерiнiң тұтқындалуымен, Горбачевтiң билiктен кетуiмен, одақтас елдердiң тәуелсiздiгiн жариялауымен, 26 желтоқсанда Кеңес Одағының ресми түрде мемлекет ретiнде өмiр сүруiн тоқтатқанын әйгiлеген КСРО Жоғарғы кеңесiнiң декларациясын жариялауымен аяқталды. Және Жоғарғы кеңестiң сол отырысында М.Горбачевтың егемен елдердiң Федерациясын құру туралы ойы жартылай жүзеге асты: Тәуелсiз Мемлекеттердiң Достастығы дүниеге келдi. Бiрақ ол Кеңес Одағының президентi мен оның тiлеулестерi қалаған құрылымнан мүлдем басқаша едi. Ал жаңа өмiрге, болашаққа үмiтпен қараған кеңес азаматтарын алда “демократтармен” бiрге жекешелендiру, рэкет, барахолка, жаппай жемқорлық сияқты құбылыстар күтiп тұрды.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ.
 
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті