25 ақпан 2010
Алманиядан алтынмен оралды
Ақпанның 17-23 аралығында Германияда бокстан жастар арасында “Браденбург” кубогы сарапқа салынды. Бұл сында өнер көрсеткен елiмiздiң жас боксшылары 3 алтын, 1 күмiс, 1 қола медальға ие болды.
Алман жерiнде өткен халықаралық турнирге 17 елдiң былғары қолғап шеберлерi қатысты. Қазақстан құрамасының жастарын бұл жарысқа бас бапкер Назар Iлиясов бастап барды. 48 келi салмақта жұдырықтасқан алматылық Әнуар Мұзапаров шаршы алаңда қарсылас шыдатпай жеңiмпаз атанса, Әнуардың жетiстiгiн 54 келi салмақтағы қарағандылық Руслан Мәдиев те қайталады. 81 келi салмақта ел намысын қорғаған тараздық Арбек Әбдiғаниев та алтыннан алқа тағынып, қоржынымызды молайта түстi. Астаналық Нұрлан Әбжановқа бұл турнирде күмiс медаль бұйырса, жартылай финалда жеңiлген Алматы облысының боксшысы Жәнiбек Әлiмханұлы (69 келi) қола медальдi қанағат тұтты.




