2 наурыз 2010
Әлем кубогынан екi медаль
Өткен аптада Прага (Чехия) мен Варшава (Польша) қалаларында дзюдодан кезектi әлем кубогы мәресiне жеттi. Бұл сында бақ сынаған елiмiздiң дзюдошы қыз-жiгiттерi Қазақстан құрамасының қоржынына бiр күмiс, бiр қола медаль салды.
Ербол Қырғызбаев баптайтын елiмiздiң дзюдошы жiгiттерi Чехияның астанасы Прагада белдесiп жатқанда, Жанна Нұртазина бастаған бойжеткендерiмiз өз күштерiн Варшавада сынады. Өкiнiшке қарай, жетi салмақ дәрежесi бойынша белдескен он төрт бойжеткенiмiздiң арасынан 78 келiден жоғары салмақта белдескен Гүлжан Исанова финалда француз палуанынан ұтылып, күмiс медальдi иелендi. 57 келi салмақта күрескен Алина Тен мен 70 келiдегi Мариям Ордабаевалардың Варшавадан жүлдемен оралатындай жөнi бар едi, алайда екi палуанымыз да қола медаль үшiн болған белдесуде жеңiлiс тауып, бесiншi орыннан бiр-ақ шықты.
Ерлер арасындағы әлем кубогына елiмiзден он тоғыз палуан қатысса да, соның бiреуi ғана қола медальмен оралды. 66 келi салмақта татамиге шыққан Дастан Үкiбаев өзiне берiлген мүмкiндiктi мүлт жiбермей, қола медальдiң иесi атанды. Ширек финалда армениялық Армен Назаряннан жеңiлген Дастан қола медаль үшiн болған белдесуде екi бiрдей палуанды жығып, жүлделi орыннан көрiне бiлдi. Дәл осы салмақта белдескен Саят Әлмұқашев бельгиялық палуаннан айласын асырғанымен, келесi кезеңде украин жiгiтiнен жеңiлiп, жарыстан шығып қалды. 100 келiден жоғары салмақтағы Бейбiт Ыстыбаев жетiншi орынды мiсе тұтты. Өкiнiшке қарай, Дастан мен Бейбiттен басқа он жетi палуанымыздың ешқайсысы да үздiк сегiздiктiң қатарына ене алмады.




