10 наурыз 2010
Елена Хрусталева: Мылтығымнан медалiм ауыр

Өткен аптада Алматыда биатлоннан Ванкувер олимпидасының күмiс жүлдегерi Елена Хрусталева бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткiздi. Журналистердiң басын қосқан жиынға елiмiздегi биатлон қауымдастығының президентi Владимир Смирнов та қатысты. Бұған дейiн Ресей мен Беларусь елiнде өнер көрсетiп келген Елена Хрусталеваның Қазақстан азаматтығын алғанына да бiраз жылдың жүзi болды. 2007 жылы Қытайдың Чангчун қаласында өткен Азия ойындарында ел қоржынына қос медаль салған Е.Хрусталева БАҚ өкiлдерiнiң алдында ағынан жарылды.
– Қазақстанға келгенiме көп уақыт өте қоймаса да, бұл елдiң маған деген ықыласы ерекше болды, – дейдi Олимпиада ойындарының күмiс жүлдегерi Е.Хрусталева. – Олимпиада ойындарының қарсаңында Қазақстанның спорт басшылары кем дегенде үздiк бестiкке кiру туралы талап қойды. Ойындардың екiншi күнi 7,5 шақырым қашықтықта мәре сызығын бесiншi болып кестiм. Өзiмнен бiраз қателiктер кеттi, оны мойындаймын. Бiрақ алған бетiмнен қайтпадым.15 шақырымдық жарысқа түскенде сол қателiктердiң орнын толтырдым деп ойлаймын. Нәтижесiнде қазақ халқы көптен күткен медальға қол жеткiздiм. Қазақстанға алғаш келгенiмдегi мақсатым да Олимпиада медалiн жеңiп алу едi. Мен өз мақсатымды орындадым. Ендi Алматы мен Астанада өтетiн қысқы Азия ойындарында мiндеттi түрде алтын медаль алуға тырысамын. Қазақстан халқы Азия ойындарында маған үмiт артатынын да бiлемiн. Елiмiздiң маған деген ерекше ықыласын байқадым. Олимпиада ойындарынан келе салысымен баспаналы болдым. Бұл мен үшiн өте қуанышты жайт. Баспасөз мәслихатына қатысқан Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов былай дедi: – Дәл қазiр қысқы спорт түрлерiне елiмiздегi спорт басшылары жақсы қолдау көрсетiп отыр. Бұйырса келесi жылы өз елiмiзде қысқы Азия ойындары өтедi. Сол додада елiмiздiң шаңғышылары жоғары жетiстiкке жетедi деп сенемiн. Әсiресе, Елена сияқты биатлоншыларға үмiт артамыз. Өкiнiшке қарай, Ванкуверде Еленадан басқа биатлоншыларымыз жоғарғы жетiстiкке жете алмады. Қысқы Азия ойындары қыр астында. Уақыт тез өте шығады. Сондықтан дайындықты қазiрдiң өзiнен бастап кеткенiмiз жөн...
Елена Хрусталева баспасөз мәслихатына күмiс медалiмен қатар сол медальдi “атып алған” мылтығын да ала келiптi: “Мылтығым мен медалiмдi баспасөз мәслихатына арнайы алып келдiм. Ауыр дейсiз бе? Жоқ, медальға қарағанда мылтығым жеңiл сияқты. Күмiс медальдiң көтерер жүгi өте ауыр”, – дейдi Е.Хрусталева.




