1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №76 (16262)   26 қыркүйек, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
26 қыркүйек 2017
Нұрсұлтан Жаңабаев: ҮШ САЛМАҚТА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒЫМ КЕЛЕДІ

Бірінші орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев (3-0, 2 КО) Астанада өткен бокс кешінде бразилиялық Алекс Сандро Дуартені І раундта нокаутпен жеңді. Кездесуден кейін Нұрсұлтанды әңгімеге тартып, алдағы жоспарларын білуге асықтық.
– Екі кездесуіңізді – Қытайда, үшіншісін Астанада өткіздіңіз. Қазір нақты бір промоутерлік орталықпен жұмыс жүргізіп жатырсыз ба? Астанадағы жеңісіңізден кейін ұсыныстар түсетіндігі белгілі.
– Бұйыртса, келесі жекпе-жектеріме NelSons промоутерлік орталығы қолдау білдіреді. Қанат ағаның қасында жұмыс жүргіземін. Бастапқыда Қытай елінде екі кездесу өткізгенімде сол мемлекеттің азаматтығын және үлкен қаржы ұсынды, чемпиондық белдіктерді де қарастырды. Мен бас тарттым.

– Қанат Ислам былтыр Алматыдағы жекпе-жегі алдында өзіңізбен спарринг өткізді. Жалпы, Қанат қандай боксшы? Оның сізге деген бағасы қалай болды?
– Қанат аға – өте шыдамды, төзімді боксшы. Соққысы қатты. Қорғанысы тасқамал. Ол кісімен жаттығу кездесуін өткізгенде бесінші-алтыншы раундтарда күшім сарқылып, қолымнан әл кетті. Алаңда өзінің дегенін жасайтын азамат. Баға турасына келсек, сізге айтайын, мен ауылда тұрамын, міне, тағы ауылға кетіп барамын. Ал сол шалғайдан шақырып, үлкен бокс кешіне қосып, менің халық алдына шығып бокстасуыма себепкер – Қанат Ислам. Ол кісіге деген алғысым шексіз.

– Жаттығуларыңыз қалай жүргізіледі, қай жерде өткізесіз? Демалыс күндері қалай?
– Астанадағы бокс кешіне дайындығымыз «Астана Аренаның» жертөлесіндегі жаттығу залында өтті. Таңғы сағат бестен бастап жаттығулар жүргізілді. Жүгіреміз, залда темір көтереміз, жылдамдық арттыру үшін түрлі жаттығулар жасаймыз. Сенбі-жексенбі күндері ғана бір уақыт жаттығу болды. Ал тағамға келсек, мені тәбеті жақсы боксшылардың тізіміне қосып қойсаңыз болады (жымиып). Шыны керек, тамақты көп талғамаймын, қалап тұрған нәрсемді мөлшерімен жеймін, сусындарды ішемін. Салмақ түсіру болмаса арттыру керек болған жағдайларда ғана майлы тамақтардан уақытша бас тартамын.

– Кәсіпқой боксты 10 раундтық жекпе-жектен бастаған сирек боксшылардың қатарынансыз. Бұған қалай қол жеткіздіңіз? (Қытайда өткізген екі кездесуінде 10 раундтық жекпе-жекке уағдаласса, Астанадағы кездесуде тек 6 раундтық кездесуге келіскен).

– Былтыр Қанат ағаның жанында жаттығу кездесулерін өткізіп, залда жүргенімде ұсыныс түсті. Мен тек қабыл алдым. Ол сәтте «мен боксты осылай жалғастырамын, ал егер жеңіліп жатсам қоямын» деген таңдау алдымда тұрды. Өзіңіз көргендей, мен әлі шаршы алаңда жүрмін, ешқайда кеткенім жоқ. 10 раундтық кездесуге ұсыныс түскенде өзімді психологиялық тұрғыдан, физикалық жақтан қатты дайындадым. Залда 10 раундты есептеп, әр минуттарын санап отырып қаптарды ұрдым, қимылдарымды жылдамдату үшін тер төктім.

– Астанадағы кездесуге тоқталсақ. Бірінші раундта бразилиялық Алекс Сандроның тас-талқанын шығардыңыз. Жекпе-жекті жылдам аяқтау жоспарыңызда болды ма, жоқ әлде реті соған келді ме? Салмақ өлшеу сәтінде қарсыласыңның кішігірім белбеуін «аламын» дедіңіз, бірақ кездесуден кейін қолыңыздан көрмедік.

– Жоспарлағаным рас. Өйткені бұл жерде өзімді көрсетуім қажет еді. Қарсылас қалай қателік жібереді, сол тұста жойқын соққы жұмсау міндеті жүктелді. Мен тапсырманы жоғары деңгейде орындадым. Жекпе-жек алдында қарсыласымның жекпе-жектерінің бейнеүзіктерін қарадым. Оның оң қолмен жақсы қозғалып, күшке салғаннан гөрі айлаға жүгінетінін көрдім. Шаршы алаңға шыға салып ес жиғызбай ұрғаным да содан. Төрешінің белгісінен кейін бірден шабуылдап, қолының астынан өтіп соққы жасап, бірден құлатуға тырыстым. Бір нокдауннан кейін қолын қалай болса солай сілтей берді. Яғни өзін сол жерде жоғалтып алды.
Жалпы, жетістіктердің жаманы жоқ қой. Бірақ кішігірім белдіктер қажет болса, Қытайдағы кездесулерден де алуға болатын еді. Кәсіпқой бокста алғашқы қадамдарымды жасап жатқандықтан, «әкел, менікі» деу тіпті артық. Бұйыртса, алдағы уақытта ірі белбеулер үшін кездесу өткіземін деп үміттенемін.

– Астананың оң жағалауында, Есілдің жағасында «Мен қазақпын» деп өлең оқып тұрған бейнеүзікті көрдім. Жалпы, жиі кітап оқисыз ба, соңғы оқыған кітабыңыз?
– Спортшылар белгілі бір уақытта серуендейді. Сол кезге тап келді. Ол жердегілердің барлығын орыстілділер дей алмаймын, бірақ ұйымдастырып тұрған азаматтар қазақ бола тұра, орыс тілінде өлең оқып, сол тілде еркін сөйлеп жатқаны жаныма батты. Содан кейін намыстанып қазақтың рухты өлеңдерін легімен оқыдым. Жалпы, кітап оқуды хоббиім десе де болады. Өйткені жаттығудан кейін жата-жастанып оқимын. Әсіресе өлең жаттағанды жақсы көремін. Сол арқылы өзімді жігерлендіремін, қайраймын, жаман қылықтар мен істерден арыламын. «Мен қазақпын, өте кеңмін, даламын, Намысымын, бұзығымын даламның» деген өлең қандай рухты! Өзің оқып отырып, оны айту арқылы өзгеге де ой қосып, тәрбиелейсің.

– Талай спортшылар спорттан кейінгі өмірінде көп қателікке бой алдырып жатады. Осы тұрғыда мақсатыңыз айқын ба?
– Әрине, мақсатсыз адам болмайтын шығар. Ең әуелі спорттағы мақсаттарыма жетіп алайын. Бұйыртса, үш салмақта әлем чемпионы болғым келеді. Ол – мен үшін арман, соған қол жеткізу үшін барымды саламын. Күнделікті спортзалдарда тер төгіп, жаттығуларды үзбеуге тырысамын. Кей сәттері зал жабық болып қалған жағдайда тауға болмаса ұзақ қашықтыққа жүгіремін. Қандай істі бастайын – бар ниетіммен, ақ пейіліммен кірісіп, адал істегім келеді. Жетістіктің бәрі еңбектен тұрады. Бос уақыттарымның барлығын өзімді тәрбиелеумен өткіземін. Осы тәрбие болашақта көмегін тигізер. Барлығы Алланың құзырында. Біз тек үміттіміз.

– Келесі жекпе-жекті қай уақытта өткізетін ойыңыз бар?
– Мен дайынмын. Тек енді шет мемлекеттерде өткізу үшін виза, құжат жағын және келісімшарт қағаздарын ыңғайлап жатырмыз. Бұйыртса, Қанат ағамның алдағы кездесуіндегі андеркартқа шығып қалармын.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Серік ҚАНТАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар