1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №47 (16233) 13 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
13 маусым 2017
«Жұмыс істеп жатыр» деген анықтама үкіметтің есебі үшін керек пе?

Қазақстан университеттерінде төрт жыл бойы білім алған студенттер диплом қорғап, оқуын аяқтап жатыр. Әлі маман иесі атанып жұмысқа тұрмаса да, университет әкімшілігі қандай да бір қызмет орнынан «жұмыс істеп жатыр» деген қағазды талап етіп жатқанын айтып, «Жас Алашқа» бірнеше студент хабарласты. Бірақ ЖОО өкілдері мұны жоққа шығарып отыр.
Гүлжан Хали – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті химия және химиялық технологиялар факультетінің 4-курс студенті. Дипломын сәтті қорғаған ол факультеттің «жұмысқа тұрғаны туралы анықтаманы әкеліп өткіз» деген талабын қалай орындарын білмей дал болып жүр.
– Біз сияқты тәжірибесіз, әлі жұмыс істеп көрмеген студенттерді кім бірден жұмысқа алады? Бұл анықтама «университет түлектері толықтай жұмыспен қамтылған» деп айту үшін сұратылып жатқан қағаз екенін бәрі біледі. Факультет мұғалімдері «құжатты өткізбесең, қолыңа диплом бермейміз» деп айтты, – дейді ол.
Гүлжанның айтуынша, мұндай тапсырманы факультет деканының өзі берген. Ол тобындағы өзге студенттердің туыстары мен таныстарынан өтірік қол қойғызып алып, өткізіп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, мұндай анықтама университеттің рейтингі үшін қажет. Бірақ факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балақыз Қымызғалиқызы мұндай анықтама тек жұмыс істеп жатқан студенттерден ғана алынып жатқанын айтады.
– Біздің студенттерімізді жергілікті, шетелдік компаниялар жұмысқа шақырып отыр. Түрлі жобалар бойынша жұмыс істеп жатқан студенттеріміз бар. Солардан ғана анықтама сұратып жатырмыз. «Жұмысқа тұрғаны туралы» құжатты бәрінен сұратып жатыр деген өтірік ақпарат, – дейді ол.
Қазақ ұлттық университетіндегі экономика факультетінің 4-курс студенті Айман да оқу орны әкімшілігі қандай да бір компаниядан студентті жұмысқа алатыны туралы анықтаманы әкелуді талап еткенін айтады. Айман анасының жұмыс орнынан тобындағы өзге студенттер секілді «өтірік қол қойдырып, әкеліп өткізе салған». Жұмысқа орналасқаны туралы анықтама әкелмесе «диплом бермейміз» дейтін ҚазҰУ ғана емес, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Меруерт те оқу орнының «жұмысқа тұрды деген қағазды талап етіп жатқанын» айтады.
– Кез келген компаниядан әкеліп жатырмыз. Біреулер ата-анасының жұмыс орнынан ала салады. Бұл анықтама университетке «түлектерімізді жұмыспен қамтамасыз етіп жатырмыз» деп айту үшін керек. Әкелуді университет міндеттеді, – дейді.
Университетке хабарласқанымызда аты-жөнін атамауды өтінген оқу орнының оқытушысы мұндай талап тек жұмыс істеп жатқан, яки қызмет орнын тапқан студенттерге ғана қойылып жатқанын айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қазақ ұлттық университетінің аты құпия қалғанын қалаған оқытушысы мұның бәрі бәсекеден туып жатқан нәрсе екенін әрі барлық университеттерге тән құбылыс деп түсіндірді.
– Бұл – «түлектері толықтай жұмыспен қамтылған» деген атақ үшін жасалып жатқан нәрсе. Бәсеке университеттер арасында ғана емес, факультет арасында да жүреді. Сондықтан мұндай нәрсе ашық әрі тұрпайы сипатта өтеді. Студент әкеле алмаса, оқытушылар «диплом бермейміз» деп қорқытады. Олар амалсыз жалған құжат жасайды. Осылайша университет түлектерінің осынша пайызы жұмыспен қамтылған деп жалған дерек таратады. Оқу орнына қандай жұмыс, қандай қағаз екені бәрібір, мысалы филология факультетінің студенті «жұмысқа алынды» деген қағазды құрылыс компаниясынан әкеле салуы мүмкін. Осылайша жұмыссыз жүргендер «жұмысқа орналасқан» болып шығады.
Бұған дейін Қазақстандағы жұмыссыздар үлесінде жоғары білімділердің саны артып келе жатқаны сарапшылар арасында біраз талқы тудырған. Экономика ғылымының кандидаты, Қазақстанның экономика және сауда экс-министрі Жақсыбек Күлекеев мұны «елдегі жұмыспен қамту жүйесінің дұрыс қалыптаспағанынан» деп айтқан.
– 2016 жылы жоғары не орта білімі бар болса да, жұмыссыз отырғандардың саны 30 пайызға дейін артқан. Бірақ ешқандай жоғары білімі жоқ жұмыссыздар саны, керісінше, азайды. Бұл нені білдіреді? Мемлекет жоғары білікті емес, білімі жоқ азаматтарға жұмыс орнын ашып жатыр. Ал жоғары білімі барларға, керісінше, жағдай жасалмаған, – дейді экономист.
Ресми статистикаға қарасақ, сарапшының сөзі негізсіз емес екеніне көз жеткіземіз. 2017 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша, елде жұмыс істейтін азаматтардың 4,9 миллионы, яғни 58 пайызы өзінің мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал жалпы жұмыссыздар саны 2016 жылдан бері 10 пайызға артып, 2017 жылдың сәуірінде 438 мыңға жуықтаған.

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті