1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №47 (16233) 13 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
13 маусым 2017
«Таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді»

А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кiтапханада Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері және қала жастары жазушы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтаймен кездесті. Кездесуде жазушы әдебиет жайлы ағынан жарылып, оқырмандарымен сырласты. Әдебиет, шығармашылықтың қыр-сыры жайлы студент-жастар сауалына берген жазушы жауабын көпшілікке ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
– Асқар аға, сіздің әкеңіздің аты Құмар, ал фамилияңыз Алпысбай болған екен. Бүгінде тегіңізді Асқар Алтай деп өзгертуіңіздің себебі туралы айтып берсеңіз, – деген сауалмен кеш шымылдығын ашты кездесу кешін жүргізіп отырған Ж.Отарбекова.
– Сыртта жүрсе де, қазақ үшін еңбек еткен зор тұлғалар болды. Солардың бірі – Алтайдан шыққан Хасан Оралтай ағамыз. Әкесі Қалибек Шығыс Түркістандағы Сауан ауданында әкім болған, белгілі батыр. Хасан Оралтайдың тегін барлық басылымдар «Оралтай» деп жазады. Қазақта Оралтай – ер адамның емес, әйел адамның аты. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінде «Хасан Оралтайдың тегі дұрысы «Өралтай» ғой» деп шағын реплика жаздым. Ол кезде газеттің бас редакторы – Ш.Мұртаза, бас редактордың орынбасары – Оралхан Бөкеев ағамыз. Газетке «Ол кісінің аты – «Оралтай» емес, «Өралтай» деген шағын мақалам шықты. Мақала авторы – Асқар Алпысбаев дегеннің орнына Асқар Алтай деп тұр. Ол уақытта мен қала сыртында тұратындықтан, жұмысқа таң атпай келемін. О.Бөкеев те жұмысқа үнемі ерте келеді. Не де болса мұны бүлдірген Оралхан ағам-ау деп ойладым. Ерте келіп, О.Бөкеевті күтіп отырдым. Анадайдан дәлізде ағама бас салдым. «Ор-аға, неге менің ататегімді бұзып, «Алтай» деп атағансыз?» – дедім. Көмірдей қара шашы иығын жапқан, басын кекжитіп жүретін, Алтайдың кербұғысы секілді кербез ағамыз қарқ-қарқ күлді де, мені қапсыра құшақтап кабинетіне алып кірді. Мен кішкентай адаммын. «Асқаржан, сен ренжіме. Менің аузым дуалы. Менің «Алтай» деп қойған себебім – Қалихан ағаңнан бастап, Дидахмет ағаң, Кәдірбек Сегізбаев бар, Ұлықбек Есдәулетов, Әлібек Асқаров – бәріміз де Алтайдың атын шығарып жүрміз ғой... Алтайдың атын шығаратын енді сен боласың. Мына мақалаңды оқыдым, осының алдындағы дүниелеріңді де оқып жүр едім. Мақалаға «Асқар Алтай» деп қойып жібердім. Енді көресің, осы ат саған үлкен бақ әкеледі», – деді. Бәрі де осыдан басталды...
– Алтай демекші, сіз тауға құмар, тауға ғашық адамсыз. Себебі көп шығармаларыңызға шығыстың таулары арқау болған. Мәселен, «Алтайдың ал қызыл модағайы» новеллаңыз, «Альпинист», «Шың», «Қызыл бөлтірік» секілді әңгімелеріңіздің негізгі арқауы – тау. «Тау – философ. Тауда сарын бар» деп толғанасыз. «Ол – ажал сарыны, бір жағынан, күрес сарыны» дейсіз. Осындай шығармаларды жазуыңызға не себеп болды?
– Мен тауда туып, тауда өскен адаммын. Таудың ерекшелігі маған таныс. Басын бұлт басып тұратын тау басына шыққан кезде төменде, аяғыңның астында бұлттар арасында қанатын кең жайып, бүркіт қалықтап ұшып жүреді. Міне, біздегі биік таулар осындай. Альпинистер неге тауға құштар? Оларға ешкім ақша төлемейді. Олар шыңға шығудан шаршамайды да, жалықпайды да. Сондай-ақ альпинистердің тағдыры бір-біріне тәуелді. Бәрінің тағдыры бір арқанға байлаулы. Нағыз адамдық асыл қасиет – тау басында. Таудағы достық – бәрінен биік. Таудай биік, таудай қатал, таудай төзімді. Таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді. Төменде “достық” дегеннің өзі “қастық” дегенмен қатар жүреді. Ойда достыққа да, қастыққа да орын бар. Ал тауда орын жоқ. Құз қиясында қатар жүрген, бар қиындықты қара нардай бірге бөліскен альпинистер етекке түскенде бұзаубас кесірткедей құбылып сала береді. Қар құлайтын, мұз жылайтын жалама беткейлерде адамдық жанашыр сезімдеріне сызат түспестей, сына қағылмастай боп көрінгенімен, қалаға кіре бере бәрі жөн-жөнімен кетеді. Тіпті бір-бірін танымай да кетеді. Рухтың бірігуі, рухтың шарықтау шегіне жетуі тау басында ғана болады. Мұндай күйді адам баласы далалы жерде, суда, теңізде білмейді. Жоғарыда аталған шығармаларым осындай сезімдердің әсерінен жазылды. Мен алты жасыма дейін ауыл дегенді білмей, тауда, шырша арасында, қалың жылқы арасында өстім. Алты жасымда анам мектепке апарды. Тұңғыш рет көп адамды, мыңға жуық оқушының бір жерге жиналғанын көрдім. Бұл маған ерекше әсер етті. Аң-құс сияқты саяқ өскен маған, расында да, табиғат жақын. 16-17 жасыма дейін атаммен ілесіп аңшылыққа көп шықтым. Шығармаларымда аң-құстың көп аталатын себебі осыдан. Адамның балалық шағында көрген дүниелері, сезінген дүниелері, әсіресе, жазушыға кейін бейсаналы түрде әсер етеді.
– Сізді жұрт жазушы ғана емес, сыншы деп те таниды. Әдебиет жайлы ой-пікірлеріңізді білдіріп жатасыз. «Жазушы – жанкешті альпинист» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Альпинист боп тау шыңына шыға алдыңыз ба, әлде әлі өрмелеу үстіндесіз бе?
– Жоқ, шыға алмадым шыңына. Өйткені әлі өрмелеп келемін. Жазамын деген дүниелерім алдымда. Адамның ойы мұхиттағы акула секілді: ұстай алсаң, шығарма туады; ұстай алмасаң, қаншама ойлар мұхит ішінде кетеді. Сондықтан болашақта жазатын дүниелерім бар.

Б.СҰЛТАНОВА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті