1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №58 (16244) 25 шілде, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
25 шілде 2017
Нұрлан ҚОЯНБАЕВ: Түпкілікті мақсатым – президент болу

Арман адамды алға жетелейді. Қоянбаевты да. Иә, иә, кәдімгі «Түнгі студияның» қожайыны, жалпақ жұртқа «КВН-щик» болып танылған Нұрлан Қоянбаев. Қазір Нұрекең дүрілдеген атақ-даңқы мен аса танымал тележүргізушілігімен қоса, үлкен қызметте – «Қазақстан» РТРК-ның бас продюсері. Осылайша асығы алшысынан түсіп, тасы өрге домалап тұрған Нұрлан Қоянбаевтың түпкі мақсаты президент болу екенін көп жұрт білмесе керек. Есесіне жұрт енді біліп жүреді.
«Жас Алаш» газетінің 1999 жылғы қараша айында шыққан «Студент» қосымшасында Н.Қоянбаевтың сұхбаты жарық көрген екен. Біздің сүйікті Нұрекең сонда бүй депті. Не дегенінен үзінді алып, шып-шырғасын шығармай сөзбе-сөз келтіруді жөн санадық.

– Тарих факультетін тәмамдаған соң бойыңдағы қабілетіңді әрі қарай дамыту үшін театр институтына баратын шығарсың?
– Жоқ, өкінішке қарай, олай болмай тұр: ендігі кезекте заң-құқық білімімен «қарулансам ба» деймін. Өйткені менің түпкілікті мақсатым президент болу ғой. Қазіргі ісімнің бәрі сол үлкен мақсат жолындағы әрекет болып табылады. Осы күндегі басты арманым – қазақ жастарын ортақ мүддеге топтастыру, олардың өз Отанына, халқына деген сүйіспеншілігін ояту. Мен өте-мөте ұлтжанды жігітпін. Маған бір мұжықтың кемпірі «сен ұлтшылсың» деген-ді. Ұлтым үшін қажет болса, мен мұндай айыптаулы атақтан да бас тартпас едім.
– Үлкен саясатқа қашан араласасың?
– 15 жылдан кейін. Сол кезде мен 35 жаста боламын.
– Кешігіп қалмайсың ба?
– Күтпеген сауалым. Бірақ әлгі уақыт аралығында «ай қарап, жұлдыз санап» жүрмесім анық қой. Әзірге барша тарихи оқиғаларды талдап, сараптау үстіндемін. Мұның өзі көп пайдалы көрінеді. Өзіндік пікірің, көзқарасың қалыптаса бастайды.
Міне, 18 жыл бұрын Нұрекең осылай деген екен. Қарап тұрсақ, Нұрлан Қоянбаев шынымен де өзінің түпкілікті мақсатына қарай бет түзеп бара жатқандай. Айталық, «Түнгі студиядан» түнгі Қазақстанды билеп-төстеп отыр. Оған бас мемлекеттік арнадағы лауазымды қызметін қосыңыз. Қоянбаевтың телетанымалдығы өте жоғары, оны еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін біледі. Демек, президенттік сайлауға түссе, Нұрекең сөзсіз жеңеді. Бүкілхалықтық танымалдылығына қарап жеңбейді деп айта алмайсыз. Тек бір болымсыз кедергі болып тұрғаны... Түнеугүні президент сайлауына түсетін кандидаттарға талап өзгеріп, өзгеріс заңға еніп кетті. Ол заңның талабы бойынша, президенттікке кандидат кемі бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген болуы шарт. Нұрекеңнің қазіргі қызметі мемқызметке жатпайды-ау, шамасы. Бірақ Нұрлан Қоянбаев мұндай кедергінің де амалын табатынына шүбә келтірмейміз. Бәлкім, түпкілікті мақсатына жету жолында Нұрекең қосымша мемлекеттік қызмет істеп жүрген де шығар, кім біледі... Қалай болғанда да президент болу мақсатында Ақордаға бет түзеген Нұрлан Қоянбаевқа ақ жол дейміз!

«Жас Алаштың» мұрағатымен жұмыс істеген – Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті