24 қараша 2009
Жоғары бiлiмi түкке де жарамады

“Есiк, Ават, Алексеевка!!!”. Айдардың әр жұмыс күнi осы сөздермен басталады. Осы сөздермен аяқталады. Ол көк базардың төмен жағындағы Есiк – Алматы бағытындағы маршруттарға адам “жинайды”. Бұл – оның кәсiбi.
Иә, бүгiнгi күннiң бiр кәсiбi – бұл. Ал Айдар осы кәсiптiң иесi және осы iске әбден икемденiп алған. ЖМУ-ды бiтiрiп, заңгер мамандығын алып шыққанымен, дипломы бойынша жұмыс таппағандықтан осыны нәсiп қылып отыр. Таңнан қара кешке дейiн күн ұзақ “айқайлау” да оңай емес. Бұған шыдам керек, төзiм керек. Айдар айтпақшы, дауыс та керек. “Бiрiншi кезекте – дауыс. Таңертең осы жерге сағат жетiде келем, содан кешкi жетi-сегiзге дейiн, кей күндерi көлiк көп болып жатса, тамағымыз қарлыққанша тоғызға дейiн айқайлап, толтырамыз. Күнi бойы айқайлап, адам жинау оңай шаруа емес. Бiрақ, жұмыс болған соң, қиындықсыз болмайды. Жеңе бiлу керек. Мүмкiн мұны жұмыс деп айтуға да келмес. Мұның бәрi де уақытша, болашағы жоқ қой. Бүгiн бар болғанымен, ертең кiм бiледi?.. Тiптi, бiр күнi бұл жерде құрылыс жүрiп кетуi де мүмкiн ғой? Ал әзiрше байып кетпесем де, күнделiктi шәй пұлымды осымен тауып жүрмiн”, – дедi Айдар бiзге ағынан жарылып.
Иә, Айдардың бұл жерде тұрып, байып кетпесi айдан анық. Күнделiктi табысы келiп-кететiн көлiктерге байланысты. Кей күндерi көлiк болмай, Айдар үйiне бос қайтады. Ең жоғарғы деген бiр күндiк пайдасы – 2 200 теңге болса, кей күндерi бес-алты жүзге де жетпей қалады. Ал 500-600 теңгесi келiп-кетер жолы мен тамағын да айырмайды. Жақында мұнда бригадир сайланыпты. Көлiктердiң келiп-кетуiн қадағалап және осыған байланысты жиналыстар өткiзiп тұрады екен. Маршруттар белгiлi жүйемен тұрақты жүрсе, Айдардың тапқан табысы да нашар болмайды. Ал қазiр бiр ай бойы көлiктер жақсы жүрiп тұрғанның өзiнде оның жалақысы 30 мыңға да толмайды. Және мұнда екi адам кезектесiп “айқайлайтындықтан”, бiр айдың он бес күнiнде ғана жұмысқа шығады. Ал қалған жарты айда Айдар басқа қара жұмыстармен айналысады. Себебi, “айқайлап” табатын 15 мың теңгенi пәтерақыға бередi, ал қалғаны әлi жасқа да толмаған баласының керек-жарақтары мен iшiп-жемге де жетпейдi.
“Саяхат” пен “Көк базардың” ғана арасында осындай көлiкке “адам жинау” немесе “адам толтыру” кәсiбiмен айналысатындардың саны жиырма шақты екен. Ал темiржолдар мен Сайран автобекетiнiң жанында мұндай адамдар қаншама?! Өкiнiштiсi, бұлардың бәрi қазақтың жастары. Олардың арасында Айдар сынды жоғары бiлiмдiлерi де бар. Қолдарында дипломы бола тұра мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, қара жұмыс iстеуге мәжбүр. Мұның бәрi билiк тарапынан кадрлық саясаттың дұрыс жолға қойылмағанынан. Егер мемлекет өзiне қазiргi таңда қандай мамандық иелерi керек екенiн анықтап алып, жоғары оқу орындарына соған байланысты мемлекеттiк тапсырыс беретiн болса, дәл қазiргiдей жағдай орын алмас едi. Мұны қолға алып жатқандар да көрiнбейдi. Бұл – жас мамандарға деген салғырт көзқарастың салдары. Сондықтан, қазiр Қазақстанның жүз жетпiстен астам жоғары оқу орындарында Айдардың қанша iзбасарлары отырғаны белгiсiз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ.




