2 ақпан 2010
Дипломды сатып алу сәнге айналды
Кейiнгi жылдары студенттер арасында дипломдық жұмысты iзденiп, еңбектенiп, өздерi жазып жатқандары некен-саяқ. Бұл ненi көрсетедi? Студенттердiң оқуға, iзденiске деген құштарлығының төмендегенiн бе? Әлде оқытушылардың өз студенттерiнiң шама-шарқын бағамдай алмауын ба? Мүмкiн, бұл шарасыздықтан туған мәжбүрлiк шығар? Бұл құбылыстың белең алуына не себеп?
Қазiр дайын дипломдық жұмыстарды сататын арнайы дүңгiршектер аз емес. Алматы қаласын аралап шықсаңыз ондайларды көптеп кездестiресiз. Дипломдық жұмыс қалаған тақырыбыңызға, қалаған мамандық бойынша табылады. Олардың бағасы да тақырыптың ауыр-жеңiлiне қарай әртүрлi болып келедi. Бiрi дипломдық жұмысты сатып нәпәқасын тауып жүрсе, ендi бiреуi сатып алған жұмысын қорғап, «диплом алдым» деп мәз болып жүр. Студенттердiң өздерiнiң осы мәселеге байланысты ойы қандай? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында бiрнеше студенттi сөзге тартқан едiк:
Айгерiм Ибрагимова:
– Дипломдық жұмысты сатып алу мүлде дұрыс емес. Өз еңбегiңмен жазған дипломдық жұмыс кейiн өзiң үшiн керек. «Еңбегiң қатты болса, татқаның тәттi болады» дейдi қазақ. Дипломдық жұмысты сатып алып, оқуды бiтiрген студенттi толыққанды маман деп айтудың өзi қиын. Егер төрт жыл бойы оқыған бiлiмiңдi сарп етiп, бiр кiшiгiрiм ғылыми жұмысты жаза алмасаң, онда бос уақыт өткiзгенiң. Желге кеткен алтын уақыт пен қаражат.
Марат Дүйсекеев:
– Шынымды айтсам дипломдық жұмысты жазып отыруға уақытым жоқ. Әйтпесе өзiң жазғанға не жетсiн?! Күнде жұмыстамын. Уақыт жоқ. Ал қолым босай қалса, демаламын. Жұмыстан қатты шаршап келемiн. Ал жұмыс iстемей-ақ, тек сабақпен айналысайын десем, оқуымның ақшасын төлеуге ауылдағы әке-шешемнiң жағдайлары келмейдi. Грантқа түсуге бiлiмiм жеткiлiктi едi, бiрақ сәтсiз болды.
Ғалия Нұржiгiтова:
– Оқуды бiтiргенiме екi-үш жыл болып қалды. Бiтiрер кезiмде дайын жұмысты дипломдық жетекшiмнiң өзi ұсынды. Мен үшiн бағасы жағынан жеңiлдiк жасайтынын да айтты. Ол кезде жұмыссыз болатынмын. Ақшам болмағандықтан бас тарттым. Оныма қазiр өкiнбеймiн де. Әрi сатып алуға арым да жiбермедi.
Жоғарыдағы пiкiрге бiреу қосылар, бiреу қосылмас. Мәселе онда емес. Диплом «саудагерлерiнiң» сөзiне қарағанда, «бизнестiң» бұл түрi соңғы кездерi өте қарқынды дамып келедi.
Сатушы:
– Дипломдық жұмыс сату – жеңiл. Интернет арқылы жарнама берiп қойғанбыз. Бiр дипломдық жұмыс, шамамен – 15000 теңге тұрады. Бұл тұрақты жұмысы бар студент үшiн түкке тұрмайтын сома. Жұмыстарды оқытушылар мен бiтiрушi студенттерден арзан бағаға сатып аламыз. Өздерi әкеп бередi.
Әсем Жақып.





Уәж айту