1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №34 (16220)   29 сәуір, сенбі 2017
29 сәуір 2017
Нұрғиса АСЫЛБЕКОВ, аудармашы: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МҮМКІНДІГІ ШЕКСІЗ

Бұл азамат қоғамдағы шетін мәселелердің бәрінен шет қалған емес. Өз ойын, пікірін айтып отырады. Үлкен компанияларда Наурыз сияқты мерекелер өткізуге ұйытқы болып, ел аумағында «Домбыра-пати» ұйымдастырылуына жол ашқанын естіп сүйсіндік. Футболға жанкүйерлігі де алабөтен. Дегенмен бізді Нұрғисаның бірнеше тілді қатар меңгеріп, қазақ тілінен басқа да тілдерге еркін аударма жасауға машықтанғаны қызықтырды. Әңгімені де осы тақырыпқа арнайы бұрдық.
– Әуелі әңгімені қанша тіл білетініңізден бастайық. Қай тілді қашан, қанша уақытта, қандай қажеттіліктен үйрендіңіз? Жалпы, қазақ баласы осы заманда көп тіл игергені дұрыс па? Неше жастан құлшынғаны дұрыс?
– Әрбір қазақстандықтың білуі парыз мемлекеттік тілді айтып бас бармақты бүгейік. Сұқ саусақтың еншісінде – бізбен шектесетін жақын шетелдің бірі – Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі. 1993 жылы елімізде қазақ-түрік лицейлері ашылғанда алғаш қабылданған лекке іліктік. Лицей қабырғасында түрік, ағылшын тілдерін маңайладық.
Тілді меңгеруге қажетті таймфреймге келсек, бұған дейін зерттеулер сан қайтара көрсеткендей, адамның балаң кезі мейлінше ұрымтал шақ екен. Тілдің табиғаты, болмыс-бітімі, сөзжасам архитектурасы – рецепторларымызға емін-еркін қонақтайтын шақ 12-18 жас аралығы сияқты. Бірінші мүшеліне кіргенше ана сүтімен дарыған тіл тұла бойға тарап үлгереді, нығыздалады. Дүниетаным қазақ тілі призмасы арқылы жүреді. Кейінгіде бұл бұлтартпас формула түзеді. Шет тілдер куррикулумға содан кейін барып қана енсе деймін. Өз тіліне басыбайлы қанып үлгермеген балдырғанға бөгде морфологияны, синтаксис пен лексикалық бірліктерді тықпалау шәкірттің үлгерімін ғана емес, үйренбекке құлшынысын, құмартуын тежеп, ақпаратты жүйелеу машығын әлсіретуі мүмкін бе деймін. Лицейде жаратылыстану пәндерін 7-сыныптан бастап ағылшын, түрік тілдерінде оқыды демесеңіз, ағылшын тілін асыра жүктемемен оқуға 9-сыныпта кірістім. 11-сыныпта облыстық олимпиадада ағылшын тілі пәні бойынша бірінші орын бұйырды. Бұл үшін жата-жастана, «нетто» шамада 1,5 жылдай дайындық керек болды. Айтпағым, бұлақтың көзін ашарда асыра сілтемей, жүктемені жүйелеп, сатылай арттырса игі. Одан анық ешкім ұтылмайды.
– Ана сүтімен дарыған тіл – қазақ тілі. Салыстыра қарағанда жүре үйренген тілдер қазақ тілін толықтырушы болды ма, әлде санадан өз орнын тауып ала қоя ма?
– Қазақ тілі – негіз қалаушы тіл. Санаңның жерұйығынан ойып тұрып орын алатын «үй иесі». Қалғандары – «квартиранттар».
– Қай уақыттан бері тікелей аудармамен айналысып жүрсіз? Оған қалай жол ашылды?
– Шымкенттегі Қ. А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің 2002 жылы «Аудармашылық іс» мамандығы бойынша дипломын алар кезімде қаладағы мұнай өңдеу зауытына аудармашыларға іріктеу жарияланды. Алып-ұшып бардым, екі аптадан соң зауыттың техникалық аудармашысы қызметіне кірісіп кеттім. Бұл ретте мына бір жайтты ескеру керек – аударма ісі жазбаша, ауызша боп негізгі екі тарауда тіршілік етеді. Біреудің жазбаша аудармаға икемі мықты болса, енді бірі ауызша аудармада жүйрік. Ал кадрлық тапшылықтан тарыққан компаниялар ауызша-жазбаша деп бипаздап жатпайды. Қазақстанда ағылшын-қазақ және кері бағытта аударма мектебінің қазық қағып, өркен жаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан екі компанияда жұмыс істедім: бірі – Теңіз кен орнын игеріп жатқан ТШО, екіншісі – Қашаған мұнай жобасына жауапты НКОК компаниясы. Бұл қос өркештің өзгелерден басым түсер артықшылығы – сан мыңдаған жергілікті, келімді-кетімді шетелдіктерден құралған командада ішкі-сыртқы коммуникацияларды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бірізділікке түсіруі. Экономикалық дамудың елеулі секторына жауапты мұндай жобаларда қағазбастылық аз емес. Ал әрбір кіресілі-шығасылы құжат міндетті түрде үш тілде сүйемелденеді. Оны қамтамасыз етуге білікті аудармашылар жұмылдырылады. Жауапкершілік жүгі орасан, аудармада көпе-көрінеу ағаттық кетпесін деп түрлі заманауи «софттардың» (бағдарламалар) лицензиялық нұсқалары алынады. Ондай софттар аудармадағы терминдердің біркелкілігін, алдында ұшырасқан тіркестердің «меморизде» (жадыда) сақталған қалпында берілуін қамтамасыз етеді. Жадыны толтыру, кемшін тұсын түзеп-күзеу оңай жұмыс емес. Бірақ айналдырған үш-төрт жылдың ішінде жадыны жүйелі түрде байыта отырып, бірнеше буынның кәдесіне жарайтын мақұлданған салалық глоссарий жасап шығаруға болады. Міне, осындай орта аудармашы болуыма ықпал етті. Аудармашылықтың ұнамды бонустары – түрлі деңгейдегі басқосуларды аудара жүріп, заманауи ой-пікірден құлағдар боп жүресің, алуан өркениет өкілдерімен аралас-құралас боласың, білмегеніңді ізденесің, білім көкжиегіңді ұдайы кеңейтумен боласың...
– Аударма кезінде қазақша оралымдар ауызға бірден орала ма, әлде басқа да білетін тілдер «көмекке» келе ме?
– Әр тіл – өзінше бір кодтау жүйесі. Аударылатын (source language) және аударатын (target language) тілдер қайсы болса, мидағы дешифрлеу машинасы сол кодтау жүйесіне ыңғайлануға бейім. Айталық, ағылшын тілінен орысшаға синхронды аударып отырған болсам, қайнаркөздегі сөз бен тұрақты тіркестердің орысша баламасын ойша пысықтап, пісіріп отырасың. Зейінің толықтай сол екі тіл өрісінде, сол тілдердегі эквиваленттерде. Орысша аударып отырып қазақ тіліндегі баламаларды да ой елегінен өткізер болсаңыз, іс насырға шабуы мүмкін. Синхронды аударма мейлінше жинақы болуды, спикердің айтқанынан ауытқымауды, аударатын тілге дәлме-дәл, лезде «төңкеруді» қажет етеді. Тиісінше қазақ тіліне аударып отырсам, тек сол қазақ тілінде ойланам, қазақша пісірем. Үштілділік апшыңды қуыратын кездер де кезігіп жатады. Бірде құзырлы органдар мен шетелдік ірі инвесторлардың бір жоба төңірегіндегі талқысын аударып отырғанмын. Алдын ала сол жобаға тән терминдерді сүзіп өттім, қатысушылардың тізімін сұраттым, алдымда екі бөтелке су, қойын дәптер мен қалам. Бәрі хаттамаға сай. Төрде отырған модератор кіріспеден соң, күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бір парасын жайып салды. Таратып айтуы үшін сөз сол тақырыптың кәнігі маманына берілді. Маған о баста орысша-ағылшынша өтетін басқосу деп нұсқау берілген, әлгі маман баяндамасын қазақша оқи жөнелді. Іркіліске уақыт жоқ, іліп әкеттім. Шетелдік инвесторлар ешқандай кідіріс болғанын байқамады. Артынша ағылшынша оқылған баяндаманы байқамай қазақша аударып отыр екенмін. Алдыңғы баяндаманың әсерімен қазақ тілі кодтау жүйесінен қайта орыс тіліне өтуді ұмыт қыппын. Бір нәрсенің қалыптан айнығанын тыңдаушылардың бір бөлігінің жүзіндегі қобалжудан түсіндім. Шетелдік өкілдерге білдіртпей ала-құла орыс тіліне көштім де, алдында айтылған маңызды тезистерді ықшамдап орысшалап, ары қарай қалыпты режимге түсуге тура келді. Мұндайда аудармашы үшін бастысы – жиналыс ауанын сезу, ашу-ыза, қайғыру, тынышсыздану сияқты іріткі салушы эмоциялардың ығына берілмеу. Классикалық синхронды аударма жұптаса жұмыс істеуді көздейді. Яғни аудармашылар 20-30 минут сайын бір-бірін алмастырып отырулары керек. Бірақ бізде ұйымдастырушылар бір аудармашыны табады да, бәрін соған жүктей салады. Бұл нендей кемшілікке әкеп соғарын талдай бергісі келмейді. Синхронды аударма деген не? Синхронды аударма жай бір тілдегіні екінші тілде сайрап айтып бере салудан тұрмайды. Спикердің сөзін дұрыс естіп қабылдау, санада қорыту, аударылатын тілде эквивалент тізбегін ойша тізу, сөйлем құрылысына икемдеу, тыңдаушыға ұсыну. Мұның барлығы – дереу, лезде болатын процестер. Айналдырғаны 1-1,5 секундта. Сіз аударамын дегеніңізше, спикер күтіп отырмайды, регламент шектеулі болғасын көп ретте судыратып оқып шығады. Яғни баяндамашыға ілесе отырып аударасыз: ол дамылсыз сөйлейді, сіз де дамылсыз сөйлейсіз. Жиылған мұқым көпке түсінікті тілде. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымында баяндама жасаушылар оқитын мәтінінің бір көшірмесін аудармашыға күні бұрын ұсынады. Аудармашы, тиісінше, тыңғылықты дайындалады. Баяндама барысында спикер ол мәтіннен ауытқыса да, аудармашы ондай ситуацияны дайындықтың арқасында оңай еңсереді. Одан соң, синхронды аудармада дайындықсыз аудару барысында (аудармашымен алдын ала жұмыс істелмесе) бастапқы сөздің 80 пайызға жуығы аударылса, оны қалыпты көрсеткіш деп қабылдау орныққан. Бәрін түгел аудармадың деп шікірею, көңілің көншімегенсіп шекеден қарау жоқ. Саламыздың сипаты мен ішкі «кухнясына» тым терең бойламай-ақ, синхронды аудармада біз кәсіби қиыншылықтармен бірге, кейде ұйымдастырушылық деңгейдегі олқылықтарды да еңсеруімізге тура кеп жатады. Шетелдермен байланыс нығайып, барыс-келіс көбейгесін ол тектес кемшіліктердің қыртысы жазыларына сенемін.
– Өкініштісі, қазір қазақ тіліндегі оралымдардың көбі калька – орыс тіліндегі тұрақты тіркестер, ұғымдар, тіпті мақалдар тілге бірінші келеді. Ресми аударма кезінде осындай «ұры» тіркестерден қашасыз ба?
– Қашуға тырысамын. Бірақ аудармашының мақсаты – мессендждердің құлақтарға жетуі, түсініліп қорытылуы. Кей жағдайда калькаларға да ерік беруге мәжбүрміз. Ол кәсіби біліксіздігімізден емес, қазақ тілінде тұрақты тіркестердің жоқтығынан не қолданыс аясы кеңейе қоймауынан. «Болып табылады», «өздеріңіз жақсы білесіздер» сияқты «әрлеуіштерден» қашамын, синхронды аудармада әр секунд алтынға бергісіз. Бірақ қысасқан бір догма бар – сен бар болғаны аудармашысың, екі тараптың дәнекерісің. Өз ойыңнан қосып жіберуге әсте болмайды. Спикердің айтпағанын айтпауың керек. Тыңдаушы аудиторияңа жағынамын деп артық сөйлеп қойып, ал талқы үстінде тараптар түсініспеушілік кесірінен шарт-шұрт кетсе, одан кейінгі мансабың құрдымға кетті дей бер.
– Жалпы, қазақ тілінің аударма мәселесінде заман тілі болуға мүмкіндігі қандай? Аудармада да тым бейнелі етудің қажеттігі жоқ шығар?
– Он бес жылдық аударма ісіндегі өтілім бар болғасын, тіліміздің мүмкіндігі зор екенін нық сеніммен айта аламын. Тіліміздің әлеуеті, сөздік қоры, иілімділігі, икемділігі керемет. Жалпы, лингвистикадағы заманауи трендтерден қалыс қалмай, қазақша неологизмдермен жұмыс істеуді қолға алу керек. Біз әлі сол «мұражайды музей деуіміз керек» деген сияқты тым қарапайым мәселелермен аударма мектебімізді тежеп жатқан сияқтымыз. Ал, мәселен, Американың Беркли қалашығында орналасқан Калифорния университетінде «Тақ үшін талас» сериалы негізінде дотраки тілін үйрету курстары ашылып жатыр. Мұның қызығы сол – дотраки тілі табиғатта жоқ, сериал үшін арнайы ойлап тапқан. Лингвистика маманы Дэвид Петерсон қызығушылық танытқандарға дотраки тілі туралы, жаңа тілдерді қалай ойластырып шығаруға болады деген тақырыпта 40 сағаттық лекция оқымақ. Бізге, аудармашыларға, жаңа формалар маңызды. Сөз саптаудағы тың құбылыстар, ауылдың алты ауызы, күнделікті ауызекі айтылымдар. Халықтан асырып айта алмайсың. Ал, бірақ, аудармада айтатын сөзің халыққа ұғынықты болуы – басты шарт. Бұл ретте, қазақ тіліндегі аудармашылар кейде әсіреәдеби формаға ұрынып, мәтіндерді мейлінше күрделендіріп жіберетінін айтқым келіп отыр. Бірақ аударып отырған адамың үнемі әдебиетшілер симпозиумындағы профессор деңгейінде сөйлей бермейді ғой. Қарапайым формаларды қарапайым бере алу да маңызды. Біреу қарапайым сөйлеп, мен қаз-қалпында аудара салсам, мені нашар лингвист, дарынсыз аудармашы деп ойлайды деген фобиядан арылмақ қажет. Бізде тіпті кинолардағы жеткіншек ағылшын балалар қазақ тілінде филология ғылымдарының докторы деңгейінде көсіледі... Стилистикадағы ондай алшақтықтар көзге бірден ұрынады.
– Қазақша ілеспе аударманы қажет ететін жиналыс-жиындар көп пе?
– Негізі, қазақ тілінде сөйлейтіндерді жинап, басқа тілдерде баяндама жасайтын жиынның бәріне аудармашы алдырту керек. Былай қарасаңыз, ол қазақ тілінде ұғынысатындарды қасақана шет тіліне мәжбүрлеу. Ал нарықтағы үлес салмаққа қарасақ, аударма бизнесінде қазақ тілі Қазақстанда қосалқы рөлдерде. Көп ретте қазақ тіліндегі аудармашыларды жиналыстың мәртебелі екендігін көрсету үшін ғана алдыртып жатады. Аударма мектебімізді жаңғыртып, модернизациялаймыз десек, түрлі деңгейдегі басқосуларда қазақ тіліндегі аударманы міндеттеу керек. Иә, ә дегеннен барлығы тап-тұйнақтай бола қоймас. Бірақ бетбұрыс жасалса, мектеп өкілдері шыңдалып, біліктілігі артар еді. Әлемдік деңгейдегі стандарттар бойынша аудару үшін тілдік ортада эквиваленттеріміз бен баламаларымыз 7-10 жыл көлемінде пісіп, құлаққа үйреншікті болып үлгеруі керек. Яғни қазақ тіліндегі аударма мектебінің көкжиегін серпінді түрде кеңейтеміз деп қазір кіріссек, 2025 жылдарға қарай толымды нәтижелер күтуге болады.
– Орыстілді ортада көп жұмыс істедіңіз. Оларға қазақ тілінің қажеттілігін қалай арттыруға болады?
– Бұл мемлекет деңгейінде күрмеуі шешілмеген мәселе сияқты. Біз Қазақстанда ешкімге жалтақтамай, тілдің мәртебесін Конституцияда ғана бекітіп қоя салмай, практикалық негізде абырой-беделін жаңа форматқа лайықтауға талпынып келеміз. Қазақ тілі тек амандасу мен ұрсысу тілі емес, инженерлік, инновациялық ойдың тілі болар күнді аңсаймыз. «Құнанбай» фильмінде абақтыда жатқан кезінде Құнанбайды тергейтін эпизодтар бар. Ол кезде патша ағзамның билігі жүріп тұрған кез. Қазақ даласында кіл орыстілді орындаушылар. Сонда әлгі тілмаш екеуара әңгімені сыбырлап аударып тұрады. Ол сол заманның қажеттілігі. Қазіргі Қазақ елі де, қазақ жеріндегі қажеттіліктер де өзгешелеу. Мәселен, Асқар Жұмаділдаев ағамыздың үнемі қазақша сөз саптауы арқасында математикаға қанша қарадомалақтың әуесі артып жатыр. Дәл осындай тренд жаратылыстану пәндерінде, өміріміздің басқа да тұрлаулы салаларында модаға айналса, тілдің өрісі де, өресі де заңды түрде беки түсер еді. Қазақ тіліне қажеттілік артуы үшін алдымен көшедегі жазбалар қатесіз жазылуы шарт. Заңмен бекітілген нормалар телеэфирде қатаң бақылануы шарт. Анау шарт, мынау шарт... Біз шарттардың қандай екенін білеміз, тек іссіздік пен көпсөзділік тұсау сияқты. Шындап келгенде, бұл тірліктерге қан жүгіртуге бір мықты пәрмен болса жеткілікті...
– Үлкен компанияларда қазақы салт-дәстүр, мереке, басқа да шараларды өткізуге де тер төккеніңізді құлағымыз шалды. Олар қалай қабылдайды?
– Компанияішілік тіршілік көбінесе бірсыдырғы, біркелкі. Бір есептіліктен екінші есептілікке дейінгі тынымсыз тірліктің матрицасындасың. Ондайда атылып, өзің ұсыныспен шығып, бастама танытпасаң, аса құлшына қоятындар аз. Шетелдік компанияларда қандай да бір іс-шара болсын ешкімді мәжбүрлемейді. Ондайда тізгінді өз қолыма алуға тырысамын. Бұған дейінгі істеген орындарымда шама-шарқым жеткенінше домбыраның күмбірін әуелетуге тырыстық, шілдеханадан бастап, үйлену тойына дейінгі жөн-жоралғыларды қарапайым тілмен жеткізіп отырдық. Ондайда қазақтың мәдениетін, арғы-бергі тарихын тануға ықылас артады. Шетелдік әріптестердің ішінде мәдениеттанушылар, антропологияға үйірсектері көп. Үйлеріне арнайы қонақ етіп шақырады, ұлы қазақ даласы туралы өз бетімен оқып-білгендерін естігенде таң-тамаша боласың. Қазақстанда елдің табиғатын суреттейтін, ұлттық бар болмысын ашатын ағылшын тіліне аударылған дүниелер аздық етіп жатқанын айтады. Ондай мысалдар аз емес. Студент күнімде Қызылордадағы күріш алқаптарына мақта еккісі келген америкалық инвесторға ердім. Алқаптарды кездік, шаруашылықтардың жай-күйімен таныстық. Кешқұрым дастарқан жайылып, мәртебелі меймандарға бас әкелді. Шетелдіктерде жиі болатын мәдени алшақтықтың классикалық үлгісі. Мұндайда жай аудармашы ғана емес, мәдени медиатор рөлінде еңбектенуге тура келеді. Енді бірде шетелдік үлкен басшылармен Маңғыстау өңірінің киелі жерлерін, сай-тасын түгел кездік. Төңкерілген кесе кейпіндегі Шерқала, балбас тастар, Шақпақ ата, Тамшалы, тауда ойып жасалған Бекет ата мешітіне бардық. Жолсапар кезіндегі гидтің әңгімелері қатты әсер етсе керек, басшылар Маңғыстау төсінде орналасқан киелі жерлер туралы арнайы кітап сұратты. Бізде кереметтердің көп екенін жиі айтамыз. Кереметтерімізді жинақ етіп сапалы аудармасымен басып шығарсақ, оған сұраныс барын сеземін.
– Жалпы, қазақ қоғамында бірін-бірі мойындай қоймайтын екі тілді тараптар бар екені жасырын емес. Оларды қалай жақындатуға болады?
– Әлеуметтік желіде қазақ тілінде, орыс тілінде жазатын корифейлердің парақшаларына жазылып қойғанмын. Қаузайтын тақырыптарынан-ақ екі тілде сөйлейтін жамағат екі әлем екенін аңғарасың. Діңгегі бір демесең, бөлек өскен қос бұтақ. Шын өмірде де сол. Консолидациялық күш ретінде ұлтты ұйыстыратын, ұйытқы болатын ұлттық идеология туралы көп айтылып еді. Сол ауқымды желпінулер бәсеңсіп қалды. Меніңше, қай тілде сөйлемесін, қазақстандықтардың проблемалары ортақ. Ол тек күйкі тірліктегі түйткілдер емес, перспективадағы даму алғышарттары, экология мәселелері, сыбайлас жемқорлық, тағысын тағы. Бүгін үшін өзекті жанға бататын ауыр әңгімелерді біріге талқыласақ, ортақ ұйғарымға келіп, жоспарлы тонымызды келісіп пішсек, инклюзивті қоғам екеніміздің бір көрінісі болар еді. Ортақ коммуникация үшін платформалар жоқ емес, бар, мысалы...
– Латын қарпіне көшсек, тіліміз жаңғыра ма? Неден ұтамыз, неден ұтыламыз?
– Әліпби – тек графикалық сызба емес, ол күллі бір жұртшылықтың даму траекториясына әсер ететін жойқын құрал. Сыртқы формасымен өлшесек, латын қарпі – ғаламдық қауымдастыққа интеграцияланудың алтын көпірі. Қазір пікірлердің қақ айырылып жатқаны көбіне-көп келер ұрпақтың сауаттылық деңгейіне қатысты үрейлер сияқты. Түсінуімше, көшу туралы емеурін біржақты қабылданбай, жалпыұлттық кеңауқымды ой сүзгісінен кейін ғана бетбұрыс болатын сияқты. Дәл қазір біз көшу-көшпеудің артықшылықтары мен ауыртпашылықтары туралы әңгіме қозғауымыз керек. Неден ұтамыз, неден ұтыламыз? Бұл жайттарды егжей-тегжейлі талдамай, соңғы аялдама қайсы болуы керек дегенге таласу әзірше ертелеу.

Сұхбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар