1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
22 маусым 2017
«Дамыған елдерде полицияны құрметтейді»

23 маусым – Қазақстан полициясының күні. Жиырма алты жыл бұрын қос жанарынан айырылып, қызметтен кеткен Асылбек Османов үшін бұл күн әрі мейрам, әрі көңілсіз күн. Көңілсіз болатыны – «қызметте жүріп мүгедек болып қалған немесе қаза тапқан полицейлердің бала-шағасын мемлекет қараусыз қалдырды» дейді.

– Сіз құқық қорғау органдарының мүгедектері мен қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына көмек көрсету орталығын басқарып отырсыз. Бұл орталықты құру не үшін қажет болды?
– 1983 жылы Қостанай қаласында өрт шығып, соны өшіріп жүрген кезімде қос жанарымды жарақаттап алдым. Кейіннен ауруым асқынып, қызметтен шығып қалдым.
Бұл орталықты ашуыма Алматыдағы 1989 жылғы жағдай түрткі болды. Ол кезде қаладағы теміржол вокзалының қасында жүк вагонын тартып келе жатқан тепловоз «пропан» тұрмыстық газы толтырылған алты цистернаға соғылып, алапат өрт шықты. Кешкі 19:30-да басталған тілсіз жауды түнгі сағат 01:45-те әрең ауыздықтады. Амал не, осы төтенше жағдай кезінде тоғыз өрт сөндіруші, 40 бейбіт тұрғын қаза тауып, жүзден астамы ауыр жарақат алды. Қаза тапқан өрт сөндірушілердің арасында бірге оқыған достарым да бар еді. Содан да болар, осы төтенше оқиға жаныма қатты батты. Кейіннен қос жанарымдағы ауру асқынып, көзім көрмей қалды. Мүгедектің күйін кештім. Қоғамнан бөлініп, қараусыз қалдық. Бірақ тірі адам тірлігін істейді екен. 1995 жылы орталықты ашып, өзім сияқты қызметте жүріп мүгедек болған немесе қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетудің амалын іздеген болдым.
– Қызметте жүріп мүгедек болып қалғандар немесе қаза тапқандардың бала-шағасы мемлекеттің қарауында емес пе?
– Сөз жүзінде солай, ал іс жүзінде басқаша. Әдетте қызметтік борышын өтеп жүріп ерлікпен қаза тапқан полицейге басшылары құрмет көрсеткендей болып жиын өткізеді, медаль береді, сосын жердемақы тағайындайды. Бұл дұрыс, керек іс. Бірақ қызмет бабында қаза табатындардың көбі жастай кетеді. Әйелдері бесіктен белі шықпаған, бұғанасы қатпаған балаларымен жесір қалады. Ал бала өскен сайын жалғызбасты әйелге ақша табу қиын. Асыраушысынан айырылған деп беретін мемлекет қаржысы тиынға татымай қалады. Мысалы, шетелде мұндай отбасыларға коммуналдық қызметін төлеп береді. Балаларының оқулары, демалысы тегін. Бізде мұндай жоқ. Мүгедек болып қалғандарға да берілетін жәрдемақы тым аз. Мүмкіндігі барларын қолымыздан келгенше жұмысқа орналастырамыз, кеңес беріп, материалдық көмек көрсетеміз. Бізге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған, коммуналдық қызметтерді қарапайым адамдармен бірдей төлейміз. Біздің орталық түрлі мекемелермен, кәсіпкерлермен сөйлесіп, мұқтаж жандарға жеңілдік сұрап, қолымыздан келгенше жәрдем беріп келеміз. Одан бөлек, мереке күндері басымызды қосып, түрлі мәдени шаралар өткізіп, араласып тұрамыз. Әйтпесе біз сияқты құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін, олардың бала-шағасын елеп, ескеріп, іздеп жатқан не әкімдік, не үкімет жоқ.
– Қазіргі қоғамда құқық қорғау органдарына теріс көзқарас қалыптасқан. Мемлекеттің өзі саптан шығып қалған бұрынғы қызметкерлерді елеусіз қалдырды дейсіз. Өзіңіз құқық қорғау саласында қызмет еткеніңізге өкінбейсіз бе?
– Жоқ, өкінбеймін. Бірақ тұрғындардың полицейлерді жақтырмай қарайтыны жаныма батады. Жалақы аз, толық жағдай жасалмаған соң қызметтің сәнін кетіреді ғой. Әйтпесе полиция қызметі мәртебелі жұмыс. Дамыған елдерде жұрт полицияны құрметтейді. Себебі оны заң өкілі деп біледі. Ал біздегі жағдайда басқаша. Оның түрлі себебі бар. Оған жеке басын қатерге тігіп, қарапайым тұрғындардың тыныштығын сақтап жүрген полицейлердің қатысы жоқ.

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар