1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №52 (16238)   30 маусым, жұма 2017
30 маусым 2017
Сұлтан РАЕВ, саясаттанушы: БІЗ БЕСІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІ САЙЛАҒАЛЫ ЖАТЫРМЫЗ

Қазанның 15-і күні өтетін Қырғызстандағы президент сайлауы қазірден қызу талқыға түсіп жатыр. Батыс баспасөзінде «Орталық Азиядағы демократия аралы» деп сипатталатын көршіміздің ішкі жайына қатысты
Қырғызстандағы өте белгілі және ықпалды тұлға, халық жазушысы, Қырғыз Республикасы және ТМД бойынша Мемлекеттік сыйлығының иегері, жеті жыл мәдениет министрі және екі президенттің кеңесшісі болып қызмет еткен тәжірибелі саясаткер Сұлтан Раевты аз-кем әңгімеге тартқан едік
.

– Қырғызстан үшін бұл президенттік сайлаудың бұрынғысынан не айырмашылығы болады деп ойлайсыз?
– Биылғы жылдың қазан айында өтетін президенттік сайлаудың Қырғызстанда ғана емес, Орталық Азияда, жалпы әлемде өзіндік саяси мәні бар деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет президенттік сайлауды заңды түрде жүргізбекшіміз. Қазіргі президент конституция бойынша өзінің өкілеттігін атқарғаннан кейін міндетін келесі сайланушыға өз еркімен беріп отыр. Бұл біз үшін өте маңызды жағдай. Бұған дейін елде екі рет халық көтеріліп, дүмпу болғанын білесіздер. Әрине, оның жақсы жағы және жаман жағы болды. Қанша дегенмен халықтың мұндай толқуы мемлекеттік басқарудың қалыптасуына өз зиянын тигізеді екен. Билікке адамдар таласты, қандай жолмен болса да оған қол жеткізді. Сол үшін қаншама адамдар құрбан болып кетті. Осыдан кейін ел арасында депрессиялық жағдай орын алды. Осынау аумалы-төкпелі сәтте билікке кездейсоқ адамдар көп келді. Мемлекеттік қызметте өмірі жұмыс істемеген, кәсіби емес мамандар келді. Сондықтан бұл президенттік сайлау қалай болғанда да әділетті өтуі керек. Бұл бізге берілген жалғыз мүмкіндік.
Айтайын дегенім, бұл сайлауда да көлденең көк аттылар билікке келіп, елдің ынтымағы мен бірлігіне сына қақпауы тиіс. Билік ауысуы әділ әрі ың-шыңсыз жүргені дұрыс. Ең бастысы, мемлекеттің жаңа саясаты қалыптасуы керек. Әрине, қазіргі билікте жүрген элитаның елдің дамуына қосқан үлесі зор. Дегенмен де сонау 1990 жылдардан бері биліктен түспей, ескі көзқараспен қалғандар көп. Ал билікке жаңа күш, жаңаша сілкініс қажет. Үлкен өзгеріс болып, жаңаша көзқарастағы саяси реформалар жүруі керек. Биліктен кетіп жатқан саясаткерлер бір-бірін өте жақсы біледі. Олар жұмылып бір күш болғанда алмайтын асулары жоқ. Бірақ саяси көзқарастары сай келмей қалса, бір-бірінің кемшілігін қазып, аймандай қып көрсетуден алдарына жан салмайды. Мұның бәрі билікке талас-тартыстан туындайды. Содан барып ел топ-топқа бөлініп, арасы бұзылады. Осындай сорақылықты болдырмау үшін президенттік сайлауды әділ өткізудің маңызы өте зор.

– Жаңа конституция бойынша өтетін бұл сайлау ел ішіндегі тұрақтылыққа кепіл бола ала ма?
– Иә, сайлау жаңа ереже бойынша өтеді. Бұл жаңалық биліктің табиғатын өзгертеді, әсер етеді деген ойдамын. Сөз жоқ, парламенттік-президенттік басқару елдің дамуына өз ықпалын тигізеді. Парламент президенттен де жоғары тұруы тиіс. Биліктің басым бөлігі премьер-министрге беріледі. Ол елдің ең ауыр, түйткілді мәселелерін шешуі керек. Ең алдымен экономика, одан кейін тұрақтылық.

– Қырғыз елінде осымен бесінші президент сайланғалы жатыр. Қалай ойлайсыз, билік жиі ауысып кеткен жоқ па? Бұл елдің дамуына қаншалықты әсер етті?
– Қырғызстан – Орталық Азиядағы өзгеше мемлекет. Тәуелсіздік алғалы бергі 25 жылда, міне, бесінші президентті сайлағалы отырмыз. Бұрынғы президент Асқар Ақаев үш мерзімді, одан кейін билікті қолға алған Құрманбек Бакиев екі мерзімді атқарды. Роза Отынбаева өтпелі кезеңде, Алмазбек Атамбаев бір мерзімде президент болды. Қазіргі конституция бойынша президент жеті жылға бір-ақ мәрте сайланады. Әрине, президенттің жиі ауысып жатқаны дұрыс. Денеде қан жиі алмасып тұрса, адам ширақ болады емес пе? Бізбен көрші Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстанда президенттер билікте өте ұзақ отырды. Әлі де билігін жалғастырып келе жатқандары бар. Меніңше, президенттер қанша отырса да, ең бастысы, елде тұрақтылықтың болғаны жақсы екен. Кедей бол, бай бол, елде тұрақтылық пен тыныштықтан асқан байлық жоқ. Сонда ғана даму болады. Мысалға, мен Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдерінде жиі боламын. Әрине, әрқайсысы өз шамасына қарай дамып жатыр. Дегенмен тұрақтылықтың арқасында мемлекеттік басқару жүйесі өте жақсы жолға қойылған. Кез келген саяси кезеңде билік жағдайды уысынан шығармайды. Мысалы, өз басым мәдениет министрі болып жеті жыл қызмет еттім. Басқа әріптестеріме қарағанда осы салада министр боп ең көп жыл жұмыс істеген мен. 2005-2010 жылдар аралығында мәдениет министрі болдым. 2010 жылы жаңа президент мәдениет министрі етіп басқа біреуді тағайындады. Мен үш жылға отставкаға кетіп, 2013 жылы сол қызметіме қайта оралдым. Осы үш жылдың ішінде мәдениет министрі тоғыз рет ауысты. Тіпті бұл саланы мүлдем білмейтін адамдар билікке келді. Бұрынғы ветеринар, милиционер боп жұмыс істегендер мәдениет министрі болды. Және бәрі «мен революционермін, қанымды төктім» деп кеуделерін ұрып келді. Тек мәдениет министрлігіне ғана емес, басқа салаларға да осындай делитанттар келіп алды. Бұлай болмайды ғой. Осыдан-ақ біздің елде кадрлық мәселенің әбден шиеленіскенін, бетімен кеткенін сезуге болатын еді. Басшылыққа сол салада еңбек еткен, тәжірибесі бар, кәсіби мамандар келуі керек емес пе? Кейбір мәдениет министрлері, шынын айту керек, театрдың қайда екенін білмеген күйі кетті. Балет деген не, опера деген не екенін сол күйі түсіне алмады. Әрине, цивилизациялық сайлауды, жаңа реформаларды қолдаймын. Бірақ басшылыққа нағыз лайықтылар келіп, істі нағыз профессионалдар жүргізуі керек деп ойлаймын. Қалай айтсақ та, билікке жаңа толқын керек.

– Президенттік сайлауға түскелі жатқан үміткерлер туралы не айтуға болады?
– Әл-әзір не айтуға болады? Қазір үміткерлер осы бастан-ақ іске белсене кірісіп жатыр. Мұның алдындағы президенттік сайлауда 70-ке жуық үміткер бағын сынамақшы болған-ды. Бұл жолғы сайлауда, құдай біледі, үміткерлер саны 100-ге жетіп жығылатын шығар. Бірақ халық кімнің кім екенін жақсы біледі. Кімге сеніп, кімге дауыс беруге болатынын іштері жақсы сезеді.

– Байқауымша, Қырғызстанда халықтың саяси белсенділігі өте жоғары сияқты...
– Осыған кейде өзім де таңғаламын. Шынында, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін саяси іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Меніңше, сайлауда заңсыздықтың орын алуына халықтың өзі жол бермейді. Бізде электораттың саяси белсенділігі өте жоғары. Қырғыз елінің кез келген азаматы өз пікірін ашық айта алады. Дегенмен де бұл демократиялық процестің өз плюс-минусы бар. Псевдодемократия болса, билікке демократтар емес, «дермократтар» келеді. Тамақтың да тұзын көп салып жіберсең, астың дәмі бұзылады. Яғни бәрінің өз өлшемі бар. Сол сияқты демократияның да өз өлшемі, өз дозасы бар.

– Қырғыз президенті А.Атамбаевтың Мәскеуге сапары туралы ел ішінде түрлі әңгімелер айтылуда. Рас болса, Атамбаев өз орнына ұсынатын елдің премьер-министрі Сооронбай Жээнбековтің кандидатурасын Ресей президентімен келісіп алмақ болған көрінеді. Бұған не айтар едіңіз?

– Иә, ақпарат құралдарында осындай әңгімелер айтылып жатыр. Бірақ, меніңше, олай емес. Бұл сапар мемлекеттік деңгейде алдын ала жоспарланған. Енді үш-төрт айдан кейін президент өз постын тапсырады. Мүмкін, екі президент арасында бұл туралы әңгіме болған да шығар. Бірақ кандидатураны нақты келісіп, бекітіп алды деп ойламаймын. Өйткені кімді сайлау керек екенін халық шешеді. Біздің жүйе сондай...

– Сайлауға түсуге бел байлаған үміткерлер өте көп. Бұл демократияның жемісі ме? Қалай ойлайсыз, сананы тұрмыс билеген заманда мәселені ақша шешіп кетпей ме?
– Жоғарыда биыл үміткерлердің саны 100-ге жетуі мүмкін деп айтып қалдық қой. Қырғыз елінде ірісі бар, ұсағы бар – 100-ге жуық партия бар. Осының өзі-ақ бұл сайлаудың өте тартысты, қызу өтетінін байқатып тұрғандай... Шынын айту керек, үміткерлердің мұншама көп болуы демократияның бір көрінісі екені анық, бірақ бұл жағдай бір жағы күлкіңді де келтіреді. Бұл жағдай сатиралық әңгімеге сұранып тұр емес пе? Қырғызстанда өзіне сенген адам сайлауға түсе береді. Әрине, өзін насихаттау үшін сайлауға үлкен қаржы салады. Бұған дейін сайлаушыларды сатып аламын деген де әрекеттер болған. Бұл жолы да сондай лас әрекеттерге баруы мүмкін. Дегенмен бұл сайлаудың елдің болашағы үшін маңызы зор екенін электорат жақсы түсінеді деп ойлаймын. Нағыз лайықты кандидаттарға дауыс береді.

– Билікте трайбализм, жершілдік бар ма?
– Жасыратыны жоқ, біздің билікте ондай кесел бар. Сайлау кезінде мұндай «дерттердің» қозатыны да рас. Әдейі қоздыратындар да бар. Әйтеуір, сайлауға дейін үміткерлер тарабы әр қандай әрекеттер жасайды. Бірақ ел тағдырын шешуге келгенде бұлардың бәрі екінші планға ысырылып қалады деп ойлаймын. Мысалға, Атамбаев президенттік сайлауға түскенде электорат жақсы дауыс берді. Ешқандай трайбализм, жершілдік рөл ойнай алмады. Бәрі бір тудың астынан табыла білді.

– Ал бұған дейінгі президенттік сайлаулар таза өтті деп ойлайсыз ба?
– Әрине, барлық жерде де, барлық сайлауда да ептеп бұрмалаушылықтар болады. Бірақ максималды түрде таза өткізуге әрекет жасауымыз керек. Ел үміткердің ақшасын алып сатылып жатса, бұл сайлау таза өтті деп айтуға болмайды. Сондықтан елдің азаматтық жауапкершілігі, азаматтық ары дәл осы сайлауда сынға түскелі тұр.

– Қырғыз үкіметі мен парламентінің арасында бітіспес тартыс бар сияқты...
– Бұл бұрыннан бар. Үкімет пен парламенттің табиғаты бұрыннан солай. Үнемі тартыс. Парламент үкіметтің әрбір мүшесін сұраққа алып, әрбір нәрсені тәптіштеп тұрып сұрайды. Бұғып, жасырып қалмайды. Бұл жақсы дәстүр деп ойлаймын.

– Билік партиясы, яғни КСДП-ның ішінен бөлініп шығып, өз алдына сайлауға түсуге ниет еткен кандидаттарды да байқап қалдық. Бұл билік партиясы ішіндегі алауыздықты білдірмей ме?
– Шынында, билік партиясы бір-ақ үміткерді ұсынып, басқалары соны қолдап, тек соған жұмыс істеуі керек. Бұл партияның ынтымақ-бірлігін көрсетеді. Иә, билік партиясының ішінен бөлініп шығып, бағын сынаймын дегендер бар сияқты. Бұл, әрине, ыңғайсыз жағдай болғанымен, олардың да өз жоспарлары бар ғой. Өз бағынан көрсін...
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Сұхбатты жүргізген Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар