9 ақпан 2010
Соғым сойдыңыз ба?
Мен, мына мен, ет жегендi жақсы көремiн. Сорпа iшкендi ұнатамын, ал қазы-қарта, жал-жаяны бар ғой, сүйемiн. Сүйемiн...
Қазы-қартаны үйдегi жеңгелерiңнен де жақсы көретiнiмдi, сүйетiнiмдi үйдегi жеңгелерiң бiлмейдi, әрине. Бiлмей-ақ қойсын.
Көзiңе елестетшi ендi, бiр семiз жамбасты қазанға салып, оған бiлектей бiр қазыны қосып, бiр-екi майлы қабырғаны және салып, екi-үш сағаттай былқытып пiсiрiп, арасында дәмiн татып, көбiгiн алып... қалай, ә?! Әрi қарай тыңдаңыз, ет пен қазы жұп-жұмсақ болып пiскен кезде, дәу табаққа буын бұрқыратып түсiрiп, сарымсақ пен тұздығын қосып, дәмiн келтiрiп, паһ, шiркiн, қалай, ә? Мұны оқыса, қазақ оқысын...
Әрi қарай кеттiк. Ендi-ендi езiлiп кетейiн деп тұрған жұп-жұмсақ еттi өткiр пышақпен жапырақтап турап, қазыны кесiп, содан соң, бiр май, бiр ет қылып, кешiрiңiздер, ауызды толтыра асаса, шiркiн, асаса, асай берсе...
Бұл рахатқа кезегiн күтiп тұрған құрт қосқан сорпаны қосыңыз. Ту, шiркiн!
Содан соң сар самаурын келсе қайнап,
Отырса жеңгелерiң көзi жайнап...
Қалай ұнады ма? Әй, “Мың бiр түн” ертегiсi мұның жанында жайында қалмай ма? Бұдан артық дүниеде рахат бар деп бiреу айтып көрсiншi, тура дуэльге шақырайын.
Шiркiн, әр қазақтың, әсiресе қалада тұратын қазақтың асыл арманы, iшкi сыры осы ғой. Америкалық тауықтың аяқтарынан әбден жерiп, мезi болған қала қазақтарының қиял-ғажайып түсi ғой бұл! Мен өзiм де талай рет түсiме ет кiрiп, жылап оянған кездерiм болды, несiн жасырайын...
Бiрақ мұндай арман-қиялдың шынға айналуының бiр жолы бар. Бiр-ақ жол! Ол – соғым сою. Қала қазағының қолында қайдағы соғым?..
Бiрақ мұндай арманның шынға айналуының да бiр жолы бар. Бiр-ақ жол! Ол –ауылдағы ағайынмен телефон арқылы хабарласу: “Осылай да осылай, мейрамдарың құтты болсын,қораларың малға толсын... Кешiрiңiздер, маған бiр соғым тауып бермес пе екенсiздер...” деп. Қаланың адамы мәдениеттi болуы керек. Сондықтан “ақшасын жуық арада бере қоям деп айта алмаймын, тiптi мүлдем бермей кетуiм де мүмкiн, бiрақ тiрi болсам бiр қайтарам...” дегендi мiндеттi түрде айтасыз. “Тiрi болсам” деген кезде даусыңды мейлiнше дiрiлдету керек...
Қайран ағайын-жұрағат-ай, “тiрi болсам” деген сөздi естiп шошып кетедi. “Өй, ақшаңның керегi жоқ, кел, бiрдеме табылады ғой” дейдi. Болды...
Бұл ендi сенi соғымсыз қалдырмаймыз деген сөз. Ешкiмге айтпаңыздар, биыл мен де ауылдағы ағайыннан осындай уәде алып, “соғым қайдасың” деп ауылға тартып отырдым.
Сонымен төрт күн жүрiп, аяздатып-борандатып, ойқы-шойқы жолдармен әрең дегенде ауылға жеттiм. Мен жалдап барған “Жигулидiң” дөңгелектерi төрт түрлi екен. Бiр дөңгелегi өзiнiкi, бiр дөңгелегi “КамАЗдiкi”, тағы бiреуi “Белорустiкi“, соңғысы “Запорождiкi”... Бұл неге олай десем, ойқы-шойқы жолдарға әр түрлi дөңгелектер ыңғайлы екен, шайқамайтын көрiнедi. Расында да, ауылға шайқалмай жеттiм. Бiздiң елге төрт дөңгелегi бiрдей мәшинелердi кiргiзуге тыйым салу керек қой деймiн, осы...
Ағамның маған арнаған “бiрдемесi” бiр қара қасқа семiз құнажын екен. Құнажын әрине, жылқы емес, бiрақ тауықтың сирақтарымен салыстырғанда...
Әлқисса, ендiгi шаруа құнажынды сойып, ауа райы “фокус” көрсетпей тұрғанда “қала қайдасың” деп керi қайту. Бұл – менiң ойымша, ал өкiметтiң заңы бойынша бұл мүлдем олай емес екен. Қағазы жоқ соғым ұрланған соғым болып есептеледi екен, сондықтан қасқа құнажынға қағаз керек дейдi бiлетiндер. Алдымен қасқа құнажынды ауылдың әкiмiне көрсету керек. Әкiм құнажынды қарап, көрiп, байқап, сипап, өтiрiк қара ма, жоқ әлде шын қара ма деп, жүнiн жұлып, оны сiрiңкемен өртеп, құйрығы өзiнiкi ме деп құйрығынан тартып, кешiрiңiздер, еркек пе, ұрғашы ма, соған көзiн жеткiзiп, “өтiрiк мүйiз емес пе?” деп, мүйiзiн таяқпен ұрғылап, “түс көрiп тұрған жоқпын ба?” деп өзiн бiр шымшып, сиырдың иесiн де бiр шымшып.., бәрi рас болғаннан кейiн ғана сиырға қағаз жазып бередi екен. Қағазға “ХХI ғасырдың бәленбайыншы жылы, түгенбайыншы жұлдызында үш жастағы қара қасқа құнажынның иесi Мырқымбай Тырқымбайұлы екенiн растап жаздым һәм мөрiмдi бастым. Және осы қағазды берген сәтте сиырдың иесi Мырқымбай Тырқымбайұлының арақ iшпегенiне, шылым шекпегенiне, анаша иiскемегенiне, тiлiнiң астына насыбай салмағанына шымшу арқылы көзiмдi жеткiздiм” деп жазады екен. Мiне, заң осыны дұрыс дейтiн көрiнедi.
Өкiмет пен партияға рахметiмдi жаудырып, ауыл әкiмiнен әлгi қағазды алып, ал ендi сиырды жығайық десем, әлi ерте дейдi бiлетiндер. Бұл сиырға ендi бiр қағаз керек көрiнедi. Полициядан. “Ең қызығы ендi басталады” дедi бiреулер. Қызығы сол, ең жақын полиция аудан орталығында екен. Одан да қызығы аудан орталығы ауылдан жүз елу шақырым жерде.
Әлгi әкiмнiң берген қағазын алып, полиция қайдасың деп аудан орталығына тарттық. Жол жаман, бұл жолмен тек танк қана жүре алады. Немесе төрт дөңгелегi төрт түрлi “Жигулилер” ғана. Бiреудiң “Жигулиiне” он адам мiнiп, екi күн жүрiп, жолда жетi рет сынып, әрең дегенде аудан орталығына жеттiк.
Уһ, аудандық полиция бөлiмiне келдiк-ау, мiне. Ауыл сиырларына қағаз жазып беретiн бiр лейтенант екен. Әлгi лейтенантқа “Құдай бұйырса, соғым сояйық деп едiм, ол соғымды Н. деген қалаға жеткiзiп, құдай бұйырса, қыс бойы бала-шағамызбен жейiн деп едiк, соған айналайын, құдай бұйырса бiр қағаз жазып берiңiз”, – дедiк бiз ағамыз екеумiз әлгi офицердiң алдында басымызды иiп.
Офицер “сиыр қайда?” дедi бiрден.
– Сиыр? Сиыр ауылда...– дедiк бiз.
– Сиырды осында алып келiңдер, рұқсат қағаз тек сонда ғана жазылады, – дедi әлгi лейтенант бетi бүлк етпестен.
– Өй, бауыр, қағазымыз бар, ауыл әкiмi берген, сиыр бiздiкi екенi, ұрланбағаны, мiне жазылған, – деп әкiм берген қағазды, ондағы мысықтың көзiндей мөрдi көрсеттiк.
– Мен ешқандай қағазға сенбеймiн, құнажынды менiң кабинетiме алып келiңдер, бiттi! Ендi кетiңдер, басқа шаруаларым да жетедi, мен асығып тұрмын...
Лейтенант мiз бағар емес, қағазды жазар емес.
– Өй, басеке, құнажын бiздiкi, иесi мiне, ауыл әкiмiнiң қағазы мiне! Жүз елу шақырым жердегi сиырды бiз қалай әкелемiз?!.. Әлде ауыл әкiмiне сенбейсiң бе? Жоқ әлде тiрi құнажын көрмеп пе едiң?
– Ауыл әкiмiнде, оның қағазында шаруам жоқ,– дедi әлгi сабаз саусағын шошайтып, – Құнажынды көрсетесiңдер, оған шейiн соғымды ұмытыңдар!
Ой, Алла! Мынау неғылған заң, неғылған тәртiп?! Полиция әкiмге сенбейдi. Ауыл әкiмiне мөр не үшiн берген сонда?! А?.. Әлде ерiккен кезде қағазды былғап ойнау үшiн бе?
Әлде мына лейтенанттың басында бiр кiлтипан бар ма? Жоқ, лейтенанттың есi дұрыс сияқты. Онда не?
Мен әлгi ауыл әкiмi берген қағазды қайта қарадым. Маған ұнамағаны, ауыл әкiмiнiң мөрiнiң көлемi болды. Мысықтың көзiндей! Не жазылғаны көрiнбейдi, мөр деуге келмейдi. Аудан әкiмiнiң мөрi қандай болады екен? Сиырдың көзiндей шығар? Сиырдың көзiндей мөрге әлгi полицей сенер едi. Көлемiнен қорыққанынан. Ал облыс әкiмiнiң мөрi? Одан жоғары премьер-министрдiң мөрi... Түйенiң табанындай шығар? Сенбей көр...
Сөйтiп бiз полициядан қағаз ала алмадық. Ендi бiзге соғым сою үшiн бiр ғана амал қалды, қара қасқа құнажынды ауылдан әкеп мына капитан болмай қалғыр лейтенантқа көрсету.
Құнажын полициядан жүз елу шақырым жерде. Мына, өмiр бойы лейтенант боп өткiр полицейге, сиырды көрсетiп, ауылға қайтадан апарсақ, барлығы үш жүз шақырым болады. Үш жүз шақырым жердi мына аяз бен боранда... Не iстеймiз ендi, депутаттардың жылы кабинетте әппақ мүбәрәк саусақтарымен жазған заңдарын қақаған аяз бен үскiрiк боранда бiз орындаймыз да... Қара қасқа құнажынды бiреумiз жетектеп, бiреумiз айдап “А, құдай, жолыңды бер” деп аудан орталығына қарай кеттiк екi атпен. Бiздiң жақтың бораны мен қары, аязы қандай, биыл тiптi күшейiп тұр.
Қайран, қара қасқа құнажын, қайран армандаған соғым полицияға жете алмады. Орта жолда опат болды. Аязға шыдай алмай қатып қалды, бауыздап та үлгере алмадық.
Жануардың аязда жүре алмай мөңiрегенiн естiсеңдер ғой. Әсiресе, депутаттар естiсе ғой, халыққа осындай ыңғайсыз заң шығарған. Ауыл әкiмiнiң қағазы да жетер едi ғой бiр құнажынға?! Әттең, әттең... Мен биыл тағы соғымсыз қалдым. Америкаға рахмет, саудаласып жүрiп тауықтың жүз елу сирағын сатып алдым. Менiң биылғы соғымым осы болды. Оған да шүкiр.
Бiр танысым айтады, басың iстемейдi, полицияға екi мың теңге бере салсаң, қазiр соғым жеп отыратын едiң дейдi. Мен ойланып қалдым...
Егер мен екi мың теңге берiп, сен екi жүз мың берiп, ол екi миллион берiп заңды аттап өте беретiн болса, онда ондай заңның не керегi бар? Заңын әркiм аттап өте беретiн мемлекеттiң не керегi бар?...Кей күндерi түсiме қасқа құнажын кiредi. Мөңiрейдi... Көздерi көз емес, мөр екен деймiн...
Қабдырахман Отарбай




