1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16241)   11 шілде, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
11 шілде 2017
Құрдасыңызбен қалжыңдаса білесіз бе?

«Құрдастардың қалжыңы» дегенде есіме Сламбай атам түседі. Біздің Майбұлақ ауылы екі құрдас – Сламбай мен Сейфолла аталарымыздың қалжыңдарын әлі күнге жыр ғып айтады. Сламбай Тоқбергенұлы 1989 жылы қайтыс болып кетті. Сейфолла Әшірбекұлының о дүниелік болғанына да біраз жылдың жүзі болды. Жатқан жерлері жәннат болсын. Осы екі атамның қызық уақиғаларын естіген сайын құрдас болып қалжыңдай білу де бір өнер екенін сеземін. Ол да бір ғанибет тірлік екен. Ал сіз құрдасыңызбен қалжыңдаса білесіз бе? Қалжыңның да түр-түрі бар. Бірақ құрдастардың қалжыңына ештеңе жетпейді.

МОЛДА ШАҚЫРУ
Жаздың шіліңгір ыстығында Сламбай атамның дүкеніне көрші өзбек ауылынан бір жігіт келіпті. Мотоциклдің бір темір-терсегін іздеп жүр екен. Ол кездің дүкеншілері өте паң, тәкаппар, бар заттың өзін «жоқ» деп отыра беруі мүмкін. Іздеген затының осы дүкенде бар екенін біреуден естіген өзбек жігіті атама «тауып беріңіз» деп жата жабысыпты. Атам: «Мейлі, тауып берейін, бірақ бір өтінішім бар, орындайсың ба?» – депті. «Не айтсаңыз да орындаймын», – деп жігіт одан бетер жік-жіпар болады.
– Онда, былай, – депті сонда Сламбай ата. – Ауылдағы Сейфолланы танисың ғой, сол кеше қайтыс болған, соның жаназасын шығаратын молда таппай жатырмыз. Біздің ауылдың молдасы алыс жаққа сапарлап кетіпті. Сен ауылыңдағы молдаға айтшы, келіп жаназасын шығарып берсін, – дейді. Іздеген темірін алып, өзбек жігіті атымен ауылына құйын болып шаба жөнеледі.
Арада біраз уақыт өтеді. Дүкеннің көлеңкесінде Сламбай ата пісте шағып отырса, есіктің алдына бір «Москвич» келіп тоқтапты. Алдында сәлде таққан бір молда отыр.
«Әй, балам, – деп дауыстапты молда. – Сейфолланың үйі қай жақта?»
Іші қылп ете қалған атам жүгіріп барып молдамен амандасады.
«Ойбай, молдеке, көліктен түссеңізші, кішкене дем бассаңызшы», – дейді ғой сасқанынан.
Сөйтсе, молда «жоқ, түспеймін, әлгі Сейфолла қайтыс болған екен, молда таппай жатыр дейді, күн қызбай тұрып жаназасын шығарып тастайын» дейтін көрінеді.
Енді болмаса ойыннан от шығарып аларын сезген Сламбай ата өзбек молданың асты-үстіне түсіп, зорға дегенде дүкенге кіргізеді. Сөйтіп, мұның бәрі құрдастық қалжың екенін түсіндіріп, «айыбым» деп молдекеңе бірнеше пашкі шай, өрік-мейіз, кәмпит арқалатып жіберген екен.

ҚОЙШЫ МЕН ДҮКЕНШІ
Ауылдың қақ ортасында жапырайып, іргетасы жерге кіріп кеткен жаман дүкен болатын. Сламбай атам сол дүкенде сатушы. Дүкеннің іші тар болғандықтан, жәшіктер, тай-тай мата, май құйылған темір бөшке, темір-терсек, басқа да тауарлар араласып, сығылысып тұрушы еді. Ал Сейфолла атамыз тауда қой бағады. Қойды ауысыммен бағады. Яғни екі күн тауда, екі күн үйінде болады. Кім ойлап тапқанын қайдам, әйтеуір, тауда екі қойшы кезек ауыстыратын кезде міндетті түрде бір шиша арақ ішу дәстүрге еніп кетіпті. Яғни ауылдан барған қойшы қоржынға екі шиша арақ сала барады, біреуін екеуі қақ бөліп ішеді, қалған біреуін тауда қалған қойшы екі күн бойы «талғажу» етеді. Әр екі күн сайын араққа ақша таба беру оңай емес. Содан Сейфолла атамыз тоғайдан сары жылан ұстап алып, дүкенге келеді екен. Жаратылысынан жорғалаған нәрседен қатты қорқатын Сламбай атамыз ысылдап, ирелеңдеген жыланды көргенде көзі бақырайып, қабырғаға жабысып қалатын көрінеді. Сейфолла бір қолында жылан, екінші қолымен жақын тұрған жәшіктен екі шиша арақты іліп алып, қарқ-қарқ күлген күйі шығып кетеді екен. Осы жағдай бірнеше мәрте қайталаныпты.
Бірде тағы да араққа ақша таппай қалған қойшы атамыз жылан ұстап дүкенге кіреді ғой. Жайлап жәшікке қол созып жатса, Сламбай атамыз: «Әй, Сейфолла, сен өзі бала болып кеткенсің бе? Біз құрдас емеспіз бе, сұрасаң екі шиша арақты әшейін-ақ беремін ғой», – депті.
«Ойпырмай, сенің ақылың кірейін депті ғой. Осы сөзді қашан айтар екен деп жүр едім. Әкел, арағыңды...» – дейді мынау елп етіп.
Дүкенші екі шиша арақты алдына қоя салады.
«Е, бәсе, осылай болуы керек қой, маладес...» – деп Сейфолла атамыз арақты құшақтаған күйі қарқ-қарқ күліп, дүкеннен шыға береді.
Тау алыс. Жол бойы дүкендегі әлгі жағдайды қайта-қайта есіне алып, іштей мырс-мырс күлген Сейфолла қойға түске жақын жетіпті. Сонадайдан оны көрген қойшы алдынан жүгіріп шығады. Сәкең аттан түсіп, амандасып болған соң, қоржындағы арақтың біреуін қойшыға ұстатып, «ашып, стаканға құя бер» дейді ғой.
Екі күн тауда жатқан қойшы да осы сәтті қатты күтсе керек, апыл-ғұпыл тісімен арақты ашып жіберіп, стаканға толтыра құяды. Аттың тартпасын босатып жатқан Сейфолла атамыз анаған «алдымен өзің тартып жібер» дейді. Стаканды басына бір-ақ көтерген қойшы көзі бақырайып тұрып қалыпты. Сөйтсе, шишаның ішіндегі арақ емес, кәдімгі су екен. Жапатармағай екінші шишаны ашады. Ол да су.
«Әп, бәлем, Сламбай... Бәсе, екі шиша арақты қалай ғана тегін бере салды деп едім, қатырған екен ғой», – деген Сейфолла атамыз сылқ етіп отыра кетіпті. Сөйтсе, Сейфолланың жылан ұстап, әйтеуір, дүкенге бір бас сұғатынын сезген Сламбай атамыз екі шишаға су құйып, аузын қолмен бекітіп, арнайы дайындап қойған екен.
«Сөйтіп, Сламбай атаң мені қатырған, екі күн бойы тауда боқтап жаттым», – деп Сейфолла атамыз мені көрген сайын жыр ғып айтып беретін.

ОЛ ҚАЙ НАТАША?
Бірде Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Сламбай ата, ол кісінің жұбайы Мәрия апа және менің әкем Әбдіраш үшеуі Торғай жаққа сапарлап барады. Ол кезде інісі Есілдің бойында тұратын. Шу стансасынан түскен бұлар ары қарай басқа пойызға отыруы керек. Перронда пойыз күтіп отырғанда Мәрия апамның ойына бір қулық келе қалады. Мәрия апамыз орыс мектебін бітірген, бір кісідей орысша сауаты бар. Сол жерден бір «открытка» сатып алып, Наташа деген қыздың атынан Сейфоллаға құттықтау жібереді. Жаңа жылмен құттықтай отырып, Сейфолладан баласы бар екенін, баласы тура өзіне ұқсайтынын, жасы жетіге келіп қалғанын жұқалап жеткізеді ғой. Ол жылдары Сейфолла атамыз ауылдан қалаға қатынап, үлкен зауытта жұмыс істейтін.
Арада бір апта өткенде көкемдер Торғайдан оралады. Ол кезде көкем колхозда санақшы, жұмыс бабымен әр үйге кіреді.
Содан таңертең Сейфолла атамыздың үйіне бас сұғады. Баласы, кемпірі үшеуі шай ішіп отыр екен, «кел-кел, жоғары шық» деп Сәкең бәйек бола кетеді. Шай үстінде байқайды, үшеуінің де көңіл күйлері жоқ, бір-бірін жақтырмай отыр. Тіпті кемпірі атамызға теріс қарап отырған көрінеді. Соған қарағанда үйде бір ұрыс-керіс болғаны анық. Шайдан кейін апамыз самаурынды көтеріп сыртқа, баласы басқа бөлмеге кетеді.
Осы кезде Сейфолла атамыз терең бір күрсінген көрінеді. Сонда әкем түк білмегенсіп: «Көке, не болды, қатты күрсіндіңіз ғой?..» – деп сұрайды ғой. Сонда Сейфолла атамыз: «Мына бір Наташа деген біреу бәле болды, «балаң бар» деп хат жазыпты. Қай Наташа екенін есіме еш түсіре алмадым. Жұмыстағы анау қыз ба деп қоямын... Содан бері үйде береке жоқ, күнде ұрыс-керіс. Бала жүр қырын қарап, апаң жүр теріс қарап... Атаңа нәлет, ол қай Наташа болды екен, ә?» –деп бұрқылдай жөнеліпті.
«Сейфолла көкемнің үйінен күлкіден жарылатын болып әрең шықтым», – деп айтып жүруші еді осы оқиғаны көкем марқұм.

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті