10 наурыз 2010
«Тұрмыс» - ақпарат
ҚАЗАҚ 3752 ЖЕТIМIН ШЕТЕЛ АСЫРДЫ
ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың ресми мәлiметiне сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстанда 37 450 бала асырап алынған. Оның iшiнде 8 мыңнан астам баланы шетелдiк азаматтар асырап алды. Нақтылап айтсақ, АҚШ-қа – 6406, Испанияға – 600, Бельгияға – 343, Германияға – 173, Канадаға – 167, Ирландияға – 140, Францияға – 131 бала кеткен. Жас шамасын да тiлге тиек етсек: 1-3 жас аралығындағы балалардың саны – 5892, 4-6 жасқа дейiнгiлер – 1278, 7 жастан жоғарғысы – 999. Өкiнiштiсi, 10 жылдың iшiнде қазақ 3752 жетiмiн шетел асырыпты. Кезiнде қазақ жесiрiн қаңғыртпаған, жетiмiн жылатпаған. Ал бүгiнгi таңда жыл сайын шамамен төрт жүз қара көзiн жәудiретiп жат елге қос қолдап табыстап отыр.
КҮРIШТIҢ БАҒАСЫ: ҚЫЗЫЛОРДАДА – 150, АСТАНАДА – 306 ТЕҢГЕ
ҚР Статистика агенттiгi ақпан айын қорытындылап, азық-түлiк тауарларының орташа бағасын анықтады. Сондай-ақ, негiзгi 16 азық-түлiктiң 1 келi бағасы қай қалада қанша екенiн жариялады. Мәселен, бiрiншi сұрыпты бидай ұны Павлодарда 39 теңге болса, Астанада 107 теңгеге жеткен. Дәл осы ұннан пiсiрiлген нан Таразда – 57, Ақтауда – 105 теңге. Қызылордадағы сауда орындарында 1 келi күрiштiң бағасы – 150, Астанада – 306 теңге. Сиыр етi Көкшетауда – 507, Алматыда – 807 теңге. Картоп Павлодарда – 45, Ақтауда – 91 теңге. Алманың құны Талдықорғанда – 138, Астанада – 302 теңге екен. Қай қала қымбатшылықтан бiрiншi орынға шыққан? Сараладық. Алматы қаласы бiрiншi орыннан ойып тұрып орын алыпты. Екiншi орынды Ақтау, үшiншi орынды Астана иемденген. Осыдан-ақ қай қаланың тұрғындары қалай күнелтiп жүргендерiн таразылай берiңiз.
ҚАРА ҚАЗАНДЫ ҚАЙНАТУ ҮШIН ҚАНША ҚАРЖЫ КЕРЕК?
2010 жылдың ақпан айында елiмiзде күнкөрiстiң ең төменгi деңгейi шамамен 12438 теңгеге жеттi. Оның iшiнде азық-түлiк тауарларына – 7463, азық-түлiк емес тауарлар мен ақылы қызметтерге – 4975 теңге жұмсалған. Жiлiктеп айтсақ, бiр ай күнкөрiс үшiн 13 жасқа дейiнгi балаларға – 9885, 14-17 жастағы жасөспiрiм жiгiттерге – 15752, қыздарға – 12048, 18 жастан асқан еңбекке қабiлеттi ерлерге – 14 826, әйелдерге – 11 770, зейнеткерлерге – 11 642 теңге қажет. Ендеше 13 жасқа дейiнгi – 1, 14-17 жас аралығында – 2 баласы және бiр қарты бар отбасының бюджетiн есепшотқа салып көрейiк. Кем дегенде 75 896 теңге қажет екен. Ауылдағы ағайынның азық-түлiк емес тауарлар мен ақылы қызметтердi аз пайдаланатынын ескерiп бiр айға дәл осындай мүшесi бар отбасына қанша қаржы қажет екенiн де есептедiк. 45 539 теңге шықты. Ең төменгi күнкөрiс деңгейiмен шаққанда қара қазанды қайнату үшiн қаладағы отбасына – 75 896, ауылдағысына – 45 539 теңге қажет. Көрсетiлген сома бiр айда бiр отбасы бюджетiне түсiп жатыр ма, жоқ па? Әй, қайдам? Өйткенi, қалада жұмыссыз жүргендер көп. Ал 7 миллион 400 мыңға жуықтаған ауыл жұртшылығының басым бөлiгi қартының зейнетақысымен, балалардың жәрдемақысымен күнкөрiп отыр.
АУЫЛДЫҚ АУРУХАНАЛАР ЖАБЫЛУЫ МҮМКIН
Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Сейiтсұлтан Әйiмбетовтiң айтуынша, 2010 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында енгiзiлiп жатқан жаңа реформа ауылдық жерлердегi қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесiн күйзелтiп, оның ыдырауына әкеп соғуы әбден мүмкiн. Өйткенi, ауылдағы ауруханалар мемлекеттiк мекеме мәртебесiн жоғалтып, аудандық ауруханалармен бiрiктiрiлдi. Ал реформаға сәйкес, сырқат қай ауруханада ем қабылдаса, қаражат сонда аударылады. Бұл материалдық техникалық жабдықтармен, бiлiктi мамандармен толық қамтамасыз етiлмеген ауылдық ауруханалардың жабылуына жол ашады.
– Мысалы, – дейдi депутат, – Қаңтар айында Қызылорда қалалық ауруханасына қарасты Қараөзек ауылындағы 10 төсектiк ауруханасынан ешбiр сырқат ем алмаған. Қалалық аурухана Қараөзектегi аурухананы өз есебiнен ұстауы екiталай. Бұл ауылдық аурухана шығындарының төленбеуiне, кредиторлық қарыздың қалыптасып, аурухананың жабылуына әкеледi. Сонда ауылдағы дәрiгерлер мен медбикелер қайда барады? Белгiсiз. Және жұмыссыздық саны көбейiп, ауылдың әлеуметтiк ахуалы төмендеуi мүмкiн.
Аурухана ғимараты иесiз қалып, ауыл келбетiнiң бұзылмайтынына кiм кепiл? Дәл осындай жағдай негiзiнен көптеген ауылдық ауруханаларға тән. Барлық ауылдардағы науқастардың аудандық, қалалық және облыстық ауруханаларға келiп емделуге мүмкiндiктерi жоқ, – дедi депутат. Осындайда Қазақстанның бас дәрiгерi Ж.Досқалиев мырза жаңа реформаны жасаған сәтте не ойлады екен дейсiң ерiксiз.
Аурухана ғимараты иесiз қалып, ауыл келбетiнiң бұзылмайтынына кiм кепiл? Дәл осындай жағдай негiзiнен көптеген ауылдық ауруханаларға тән. Барлық ауылдардағы науқастардың аудандық, қалалық және облыстық ауруханаларға келiп емделуге мүмкiндiктерi жоқ, – дедi депутат. Осындайда Қазақстанның бас дәрiгерi Ж.Досқалиев мырза жаңа реформаны жасаған сәтте не ойлады екен дейсiң ерiксiз.




Уәж айту