26 қаңтар 2010
«Қошмамбет», сенi қайтейiн?!

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты “Қошмамбет-2” ауылы Алматы қаласынан небәрi 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда дәл қазiр шамамен 150 отбасы күнелтуде. Бұлардың басым көпшiлiгi көршi Өзбекстаннан көшiп келген қазақтар. Әрбiр отбасында орташа есеппен алты жан бар. Яғни, дәл осы елдiмекенде бүгiнгi күнi тоғыз жүзге жуық адам түтiн түтетiп, тiршiлiк жасауда. Әйткенмен, алғашқы шаңырақтың қазығы қағылғанына бес жыл толса да, қатқыл жол төселмеген, ауызсу жоқ, көгiлдiр отын тартылмаған, қоғамдық көлiк жүрмейдi. Бiрiнiң үйiнде жарық бар, екiншiсiнде жоқ. Балалар май шаммен сабақ оқиды. Мектеп, балабақша, медпункт, азық-түлiк дүкенi, дәмхана сынды тұрмыстық қызмет көрсету орындары атымен жоқ.
125 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕУГЕ ШАМАСЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ӘЛI ЖАРЫҚСЫЗ ОТЫР
Aйқай-шумен төрт жыл дегенде әрең жарық тарттық. Өз есебiмiзден. Әрбiр шаңырақ 125 мың теңгеден төледi. Ал 125 мың теңге төлеуге шамасы жетпегендер әлi жарықсыз отыр, – деп сөз бастады 74 жастағы зейнеткер Талшын Алдашова. – Мұнда я таза ауызсу жоқ, я қатқыл жол жоқ. Мектеп, медпункт атымен жоқ. Балабақшаны тiптi сөз етпей-ақ қоялық. Не керек, мәселе шаш-етектен. Жағдайымызды айта-айта шаршадық. Нешеме мәрте баспасөз қызметкерлерi келдi. Жазды. Әкiмқаралар жиналыс өткiзедi. Уәде етедi. Бiрақ, пәлендей өзгерiс жоқ.
Зейнеткер апайдың айтуынша, “Қошмамбет” елдiмекенiнде шиеттей бала-шағасы бар отбасы көп. Күндерiн әрең көруде. Жұмыссыз, екi қолға бiр күрек таба алмай жүргендер қаншама. “Жағдайымыз қиын. Ең болмағанда ауыз су, жарық, қатқыл жолды түзеп берсе екен. Атақ-даңқы жер жарып тұрған Қазақстанда, одан қалса, мына Алматыға тиiп тұрған “Қошмамбеттiң” жағдайы осындай болса, өзгелерге не жорық?!” – дейдi тұрғындар таңданып.
“БҰРЫН ШОПАНДАРҒА КҮЛУШI ЕДIК”
Үш жылдан берi жарықсыз отырған Болат ағай: “Ауылдың ахуалын айтып қанша шырылдасақ та, ешкiм құлақ түрмейдi”, – дейдi әбден күдер үзген кейiппен. Отағасының отбасымен Қазақстанға көшiп келгенiне алты жыл болыпты. Он сотық жердi үш жыл бұрын үш мың долларға сатып алған екен. “Өзбекстанда жүргенде шопандарға күлетiн едiк. “Жарықсыз, майшаммен отырады” деп. Бүгiнде шопандардан да бетер болдық”, – дейдi ол.
Тұрғындар жер телiмiн сатып алғанда “Қошмамбет-2” ауылына жарық, ауызсу, қатқыл жол, жаңа мектеп, медпункт салынады” деп аудан әкiмшiлiгi уәде еткен екен. Бiрақ, қазiр түк те жоқ. Әсiресе, мектептiң жайы қиын-ақ. Балалар күнде үш шақырым жердегi “Қошмамбет-1” ауылындағы мектепке қатынап оқиды. “Қошмамбеттiң” балалары майшаммен сабақ оқитындары аз болғандай, сабаққа бару үшiн бiр күнде алты шақырым жолды жаяу жүредi.
“Мына ауызсуды қаланың итi де iшпейдi”
Ауыл iшiн аралап келемiз. Қабырғасын қалап, шатырын жапқан, алайда құрылысы толық аяқталмағандығы сонадайдан менмұндалап тұратын үйлер көп-ақ. Сыртын лаймен сылап қана қойған шағын үйдiң жанында екi-үш бала ойнап жүр. Балалардың өздерi де, киiмдерi де жүдеу.
Төрт бала тәрбиелеп отырған Ләззат Ботаева: “Жасыратын түгi жоқ, ауылдың жағдайы өте нашар. Мектеп – қашықта. Жолымыз батпақ. Балаларымыз кейде сабақтан қалып қояды. Күн қатты суып кетсе, жiбермеймiз. Сырқаттанып қалса, көмек беретiн дәрiгер де жоқ. Ауызсуымыздың сиқы мынау. Мал iшетiн арықтан су аламыз. Сенбесеңiз, iшетiн суымызды көрiңiз. Қаланың итi де iшпейдi бұл суды. Шынын айту керек, Өзбекстанда мұндайды көрмеген едiк. Судан қиналмадық. Аулада тұп-тұнық таза су ағып тұратын. Газ күнi-түнi гүрiлдеп жанатын. Ал мұнда ше? Жұтқанымыз – көмiр, түкiргенiмiз – лай. Асылы, “Қошмамбеттiң” мұндай тiршiлiгi, тұрғындардың жанайқайы әкiм мырзалардың құлағына жетпей жатқан сыңайлы. Әйтпесе, төрт-бес жылдан берi, ең болмаса, бiр мәселемiздi шешiп бермес пе едi? – деп, бар шындықты ашық жайып салды.
“ДАҢҒАРАДАЙ КЕҢ БАСПАНАМ КIШКЕНТАЙ ЛАШЫҚҚА АЙНАЛДЫ”
“Мәселен, – дедi осы арада сөзге қосылған Жұмабай Жарылқағанов, – Өзбекстанда үйдiң қазығын қағып, қабырғасын көтере бастағаннан үкiмет жарықты жалғап, газды тартып беретiн. Ауызсудан да кенде болған емеспiз. Тек жұмыс жоқ болатын. Егiн егiп, мал ұстайтынбыз. Ал мұнда ше? Тұйыққа тiрелдiк. Кейде: “Ауылға қайтып кетсек пе екен?” – деп ойлаймыз. Мүмкiн қайтатын да шығармыз. Естуiмiзше, бес жылдан кейiн керi қайтуға болатын көрiнедi. Керек болып жатса, алған квотаны қайтарып беремiз”, – дейдi.
“Қайда барсақ та, парасыз жұмысың бiтпейдi. Тiптi, анықтама қағазды әрең аламыз. Қазақстанның қағазстанға айналғаны рас. Азаматтығың жоқ болса, тiптi жаман”, – дейдi тұрғындар қынжылып.
– Үй-жайымыздың сиқы мынау. Өзбекстандағы даңғарадай кең баспанам, Қазақстанға келiп кiшкентай лашыққа айналды, – дейдi Жұмабай Жарылқағанов.
“Қошмамбеттiң” тұрғындары “қызықтың көкесiн” көктемде көредi екен. Нақ тiзеден келетiн лай-батпақты әрлi-берлi кешу кiмге оңай тиедi дейсiз?! Ұмытып барады екенбiз-ау, Қарасай ауданының әкiмшiлiгi жазда қатқыл жол салып берiптi. Екi машина тас төсеп. Бiрақ, әлгi жол бiр-екi рет жаңбыр жауғаннан кейiн кәдуiлгi лайсаң жолға айналыпты. Қиыршық тастың бәрi жерге сiңiп жоғалыпты.
АЛТЫ ЖАН БIР АЙДАБЕС МЫҢ ТЕҢГЕНI ТАЛШЫҚЕТЕДI
Тұрғындардың сөзiне сенсек, осы 150 үйден жоғары бiлiмi бар жүз адам табылады екен. Бiрақ, олардың iшiнде жұмыс тауып жатқаны шамалы. Жұмыссыздардың саны тым көп. Қалтасында дипломы бары да, жоғы да базар жағалап кеткен. Бiреуi – сауда жасайды, екiншiсi – арба сүйрейдi. Таңғы бесте шығып, түнгi тоғызда бала-шағасына әрең оралатын ата-аналар қаншама?! Әйтеуiр, күнкөрiстiң қамы. Төрт баласына берiлетiн бес мың теңге жәрдемақымен күнелтiп отырған отбасының қатары да бұл ауылда көп екен. Былайша айтқанда, алты жан бiр айда бес мың теңгенi талшық етiп отыр.
60 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТКЕН?
“Қошмамбет-2” ауылына көшiп келiп жатқан отбасы көп. Қазiрдiң өзiнде мұндағы оқушы балалардың саны 105-ке жетiптi. Сөз жоқ, ауылға мектеп ауадай қажет. Дәл қазiр, ең болмаса, 1-4 сыныпта оқитын балаларға бастауыш мектеп салып берудi ойластырған жөн. “Көгiлдiр отын тарту үшiн әрбiр отбасы 300 мың теңгеден жинауы керек” деген сыбысты да осы ауылдан естiдiк. Жұмыссыз, әупiрiмдеп күнкөрiп отырған жұрттың бұған шамасы жете ме?
Кейбiр ресми емес деректерге сенсек, дәл осы ауылдағы қордаланып қалған мәселелердi шешу үшiн үкiмет 60 миллион теңге бөлген көрiнедi. Бiрақ, бұл қаржының қызығын, неге екенi белгiсiз, ауыл тұрғындары көрмей отыр.
Айтпақшы, ауыл балалары оқитын Қошмамбет орта мектебi “Қошмамбет-1” ауылындағы 250 оқушыға арналған. Дегенмен, бүгiнгi таңда мұнда 602 бала оқиды. Екi ауысымда. Әр сынып шамамен отыз-отыздан үшке бөлiнген. Аталған мектептiң директоры Ольга Ордабаеваның айтуынша, аудан әкiмшiлiгi осы жылдың жоспарына су жаңа мектеп салуды енгiзiптi. “Мектеп пен ауылдың арасы үш шақырымдай. Қыс мезгiлiнде, әсiресе, аязды күндерi балалар қатты қиналады. Бастауыш сынып оқушыларын кейде ата-аналары алып келсе, сабақ аяқталған соң, балалар бiр-бiрiн күтiп, бiрiн-бiрi сүйрелеп, жетелеп өздерi кетедi. Сондықтан аудан әкiмшiлiгi осы тоқсанда арнайы көлiк бөлуге уәде еттi”, – дейдi мектеп директоры.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң таратқан мәлiметтерiне қарағанда, 2009 жылы республика бойынша аймақтық елдiмекендер саны 7093-ке жетiптi. Бұлардың 2473-iнiң жағдайы – жақсы, 4490-ы – орта, 103-i – төмен деп бағаланған. Қалған 27 ауылда ешкiм тұрмайды (көшiп кеткен). 116 ауылға электр энергиясы, 6522 елдiмекенге газ құбыры тартылмаған.
Қазақстанның 3019 ауылында – кiтапхана, 4224-iнде – клуб, 7074-iнде – кинотеатр жұмыс iстемейдi. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң деректерiне сүйенсек, елiмiздiң 1434 елдiмекенiнде мектеп жоқ. Ал 7093 ауылдың қаншасында балабақша, қаншасында денсаулық сақтау нысаны бар екенi, қаншасы ауызсумен қамтылғаны, қаншасына қатқыл жол салынғаны нақты көрсетiлмеген.
Дилара ИСА,
Асылхан ӘБДIРАЙЫМ (фото)




