Жадыра БАЙБҰЛАНОВА: Мен оған жазғым келеді...

Сайт Әкімшілігі - 30.07.20201189


                               ***

Неге екен, балалыққа көп оралам,

Ол кезді сағынбайтын бола ма адам?

Жүрекке титтей күдік жоламаған,

Мен әйтеуір, сағынышты содан алам.


Сол менің сайран күнім, сый-күмісім,

Құдай да құтты аяққа құйды ырысын.

Алайда... анам жиі ауыратын,

Басатын көңілсіздік үйдің ішін.


Күн тұрған аспанымда бұлт ұйысып,

Көздерден күлкі атаулы үрки ұшып,

Шулаған алты бала бір бұрышта

Қалушы ек балапандай үрпиісіп.


Жыласақ, орнайтындай жастан дауыл,

Абдырап алты бала басқан бауыр.

Үнсіздік сонда орнаған мұздан суық,

Тыныштық сонда орнаған тастан да ауыр.


Ауырлау естелікті сақтап өстіп,

Балалық шақтан дана шаққа көштік.

Жүректі сонша жүкпен қақтап өстік,

Жүректің дәрілерін жаттап өстік.


Даусыңнан тұтқадағы қырылдаған,

Балалық келді ойыма шуылдаған.

Маматааааай!

Ауырмашы! Бүкіл әлем

Көңілсіз боп кеткендей бүгін маған.



                            ***

Арылам қалай тып-тыныш күйден?

Өртенген дұрыс!

Дұп-дұрыс күйген!

Құтқарыңдаршы домалақ жерден,

Құтқарыңдаршы тікбұрышты үйден!


Тыныштық кейде керек, десе де...

Шығып кетсем бе бөлек көшеге?

Ерін боясам, өзгере ме әлем?

Шашымды қисам, көмектесе ме?

Күй іздеп жүріп, күйікке өтемін,

Жанымды солай биіктетемін.

Төрткіл әлемге сыймай тұрам да,

Төрт жол өлеңге сыйып кетемін.



                       ***


Мен оған жазғым келеді:

Кеудемнен сыртқа тепкенді,

Сезімді, бәлкім, кектерді...

Маxаббаттан да жоғары,

Патшалық құрып кеткенді,

Сағынып жүрмін деп әлі...


Мен оған жазғым келеді:

Таң ата, кейде кеш мүлде,

Қарайған әрбір кескінге,

Елеңдеп, сен боп елестеп,

Елжірегенмен, ешкім де,

Өзіңдей мөлдір емес деп...


Мен оған жазғым келеді:

Әлемде мына күнде шу,

Бек мүмкін емес тілдесу.

Естілер елін мекендеп,

Ессіздеу болып күн кешу

Қиыннан қиын екен деп...


Мен оған жазғым келеді:

Болса да сырым сонда әйгі,

Жаныма тұнған сор, қайғы,

Жазғым келеді азабын…

Келеді,

Бірақ болмайды!

Сондықтан өлең жазамын.


                                 ***


Адам іздеймін.

Тірі адам...

Жанары да емес, жыласа жаны жылаған.

Көздері жалған күлетіндерден жалықтым,

Ойлары және кіл арам.


Соншалық биік болуы керек о кісі,

Соншалық терең – бөлектеп тұрар сонысы.

Таскереңдерге айтылған сырды қайтейін,

Тыңдағанменен, естімейді екен көбісі.


Айналам толы құлтемір,

Қарағанменен, көрмейді жанды кіл тобыр.

Тірі адам керек!

Тірі адам іздеп жүргенде,

Өзімді «өлтіріп» тастамас па екен қырт өмір?



                           ***


Ол жаққа мүлде жол жабық дейді,

Бармаймын мен де.

Ол да күтпейді...

Неге онда жанды жегідей тесіп,

Көбелек-көңіл торға үгіттейді?


Жауап алмап па ем жалынғанда – «ұмыт...»

Сарп етер бәрін сағынғанда үміт.

Қалған көңілден ауыр ма, әйтпесе

Қалаға тұтас салынған құлып?


Алдына талай жығылғам барып,

Ұтылып, соны ұғынған – ғаріп...

Ол жаққа мүлде жол жабық дейді,

Ол жаққа жолдар бұрыннан жабық.


                            ***

Дос деп ем... Жауым ба, кім?

Бөтендеу бауырларым...

Мен енді кімге айтамын,

Жанымның ауырғанын?


Сүйемін, сезім деппін,

Ес жиған кезімде ұқтым –

Өзіме өзім жалғыз,

Өзіме өзім көппін!


Бақ бар ма, бес күнде көп?

Сұрама кештің бе деп.

Жадымда талай жан бар –

Жанымда ешкім де жоқ.


Жақыным – жауым, бәрін

Тағдыр деп қабылдадым.

Көшемде – көктем, көктем!

Көңілде – жауын, жауын...


                     ***


Босаттым ішімдегі бір адамды,

Кешірдім кінәларды, күнәларды,

Сөйтті де, өмір мұңнан бір тазарды,

Сөйтті де, көңіл кірден бір ағарды.


Арылып күллі қоңсық, кір-қоқыстан,

Шаттандым!

Жүрегім де күлді оқыстан.

Күтпеймін енді өзгеріс көктем келсе,

Күтпеймін енді хабар жылда құстан.


Орын жоқ тіпті ішімде енді мұңға,

Көз күліп, көңіл тасып, сел қылуда.

Әлемді құшып, сүйіп алғым келді –

Өкпесіз ғұмыр – маған, мен – ғұмырға.


Болса екен ұзағынан осы күндер,

Бәлкім, ел қателік-ау шешімің дер.

Ей, адамдар, бақытты болғың келсе,

Бақытсыз қылған жанды кешіріңдер!


                            ***


Аман жүрші...

Не дейін басқа саған?

Айтарым көп болса да, аспас одан.

Қауырсынмен жазылған тағдырынан,

Қанат байлап алса да, қашпас адам.


Көңіл суып тұрса да, күш күрмеліп,

Саған қарай талпындым ұшқым келіп.

Жатқа айналып кеткен сол жанарыңнан,

Бір жалт еткен, қалсам ғой ұшқын көріп.


Қалар еді құнсыз боп сонда бәрі,

Әттең, менің қалауым орнамады.

Сен көктеммен бірге еріп келген жоқсың,

Мені де алтын жалатқан тор қамады.


Жалғыз сәтке сыя ма жылдық аңсар?

Қолдан келсе, жүрекке қылбұрау сал.

Бұл күндері бағым – гүл, торым – алтын,

Мен салатын ән неге мұңдылау сәл?


                АҚ КӨЙЛЕК


Айта алмас ғашық кезде қой деп арман,

Аса алмай ар да олардан, ой да олардан,

Есімде... сеніменен кездесуге

Тым аппақ көйлек алғам.


Сүйген жан соқыр көзді – көрмейді алдын,

Мен де сол бір үмітім өлмей бардым.

Есімде... көптен күткен кездесуге,

Сен бірақ келмей қалдың...


Сол күні ұялым да үндемеді,

Сол күннен бастап мені мұң демеді.

Есімде... аппақ сезім айғыз жас боп,

Ақ көйлек кірлеп еді...


Сендегі бөтен екен арман, сенім,

Бөтенге бар сезімің арналса – өлім!

Жоқтығын адалдықтың білгенде ғой,

Ақ көйлек алмаушы едім.




                                 ***


Көп нәрсе айтсам деп қалғанда кезігіп,

Жүр едім.

Барлығы болды ғой тез ұмыт.

Ал енді жанарда жазылған сөйлемнің

Айтқысы келгенін өзің ұқ.


Жалғызым, жасырған күн мен ай, жер-көктен,

Есіңде не қалды біз кешкен ертектен?

Не деді, есіте алдың ба, кірпігім құлаған –

Бір тамшы сағыныш мөлт еткен?


Сор қалың, содан ба, мендегі мұң қалың,

Не керек жасанды әңгіме құрғаның?

Қастарын дәл мендей кере алмас сұлуға,

Өзіңе белгісіз не айтып тұрғаның.


Қайтемін қызғанып? Маған тән ой деп біл:

Қызғантқың келген жан – қып-қызыл көйлек құр.

...Көзіме қарашы, мендегі маxаббат,

Үнсіздік тілінде сөйлеп тұр.

                 СӘЛЕМ


Сәлем айттым бұлттан кеше,

Саған барып жылады ол.

Жаңбыр-мұңнан құтқар десе,

Мені мұңсыз қыла көр.


Сәлем жолдап құстардан да,

Жібергенмін, барды ма?

Күн ұзап, түн қысқарғанда,

Жалғыз келді алдыма...


Сағыныш кеп қосылғанда,

Жолдап xаттың жүзін мен.

Сәлем айттым досыңнан да,

Жасымнан да үзілген...


Айтқанымды жаттап тұрды:

«Жағдайымды біліп кет...»

Саған қарай бақбақ гүлді,

Үрлегенмін

Үміт көп...


Бір қуантып кетсе дедім,

Күн сөне ме күтсе Айды?

Сен келер ең,

Тек сәлемім

Жетпей қалғанға ұқсайды.


                                 ***


Екеуміз дос емеспіз, дұшпан да емес,

Түсімде қуандым тек құшқанға елес.

Бақыттың бағасы кем қонғанда ерте,

Бақыттың бағасы артық ұшқанда кеш.


Екеуміз бейтаныспыз – ескі таныс...

Бір сезім жетпейтіндей бос тұрады іш.

Әрқашан жаныңдамын деген бәрі

Жаныма сыйлай алмай еш қуаныш.


Артыма қараймын көп, шақырғандай,

Дүдәмал күйде қонсын ақыл қандай?

Жақыным деуге сені хақым болмай,

Ешкімім емес деуге дәтім бармай.


Кеудемде тоң боп қалды өткен уақыт,

Жіпсімей жанардан жас төккенде ақық,

Сен қазір бақыттысың ба екен, мені

Себепсіз айырбастап кеткен бақыт?

                  БӨТЕН АДАМ


Саған айтар сөзім жоқ енді, бақсам...

Кешіргім кеп тұратын, сен жылатсаң.

Алқа қылып, аппақ мұң тағар ма едің,

Мойнымдағы қап-қара меңді ұнатсаң?


Көзді ұнатсаң, ұнатсаң қылықты үнді,

Ашылар ма ең...

Кеудеңде құлып тұрды.

Терезеңнен сығалап, жарық күтіп,

Сынық көңіл ақыры суып тынды.


Жалғыз ғана шындық ең бес күндегі,

Өзің жақтан өзгеше ән естілмеді.

Кешсін мені тамбайтын жас та көзден,

Жазылмайтын өлең де кешсін мені!


Сезім ғана өкініп өтеді оған,

Маған салса, сау жүрсең жетеді, аман.

Саған айтар жалғыз-ақ сөз қалыпты –

Қош болыңыз, құрметті бөтен адам!



                             ***


Ұмытып жеңілгенді, егілгенді,

Мен сені құлай сүйдім дегім келді.

Сезімді айта алмаудың азабын-ай,

Күрсініп, бар сөзім сол демімде өлді.


Айтуға болмас армен өлшенгенді,

Бұзбадым, бұза алмадым ол шеңберді.

Мен саған қаншама өлең жаздым, бірақ,

Мен саған айта алмадым сол сөйлемді.


Жазғанмен, жазылмады жан дамылсыз,

Қан жұтып, қаншама рет қалғам үнсіз.

Тек сені құлай сүйдім дей алмадым –

Қайтейін, сезім де – аппақ, ар да – мінсіз...




Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Берешекке белшесінен батқан беткеұстарлар

Сайт Әкімшілігі

Берешекке белшесінен батқан беткеұстарлар

Коронавирус індеті кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті - ІІМ

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус індеті кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті - ІІМ

Диқандар неге ашулы?

Сайт Әкімшілігі

Диқандар неге ашулы?

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?