Жұмаділов Жаркент жұртынан кешірім сұрауы тиіс

Ислам-Ғали Жаркенти - 15.01.20203843

Біздер, Панфилов ауданының тұрғындары, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста аттары тарихта қалған Елтінді, Бағай, Ұзын мұрт Ұзақ, Аралбай, Сатай, Бөлек тағы басқа батырлардың ұрпақтары, жазушы Қабдеш Жұмаділов жазған «Орбұлақ шайқасы тарихта болған емес» атты мақалаға түбегейлі қарсылық білдіреміз! Себебі көп. Біріншіден: Қабдеш қария әруаққа шет келіп, Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» атты тарихи кітабын жоққа шығарады. «Орбұлақ шайқасының» түп тамыры – «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген жалған кітапта жатыр» дейді ол кісі. Біз алдымен жалалы болған осы кітаптың «қара күйесін» тазалап алайық.

Жаркент өңірінде жоғарыда аттары аталған батырлардың ұрпақтары өмір сүріп жатырмыз. Суанның он тоғыз рудан тұратын тайпалар одағы екенін білесіздер. Сол батыр бабамыз Суанның ұрпағымыз. Соның ішінде Елшібек руы, өзімізге тікелей қатысы бар екі бабамызға келетін болсақ оның бірі Елтінді, екіншісі Бағай батыр. Қазыбек бек Тауасарұлының Қабдеш мойындамай отырған аталмыш кітабы халыққа жария болмай тұрып біз сол бабаларымыз жәйлі аңыз – әңгімелерді жиі естуші едік. Мәселен: «Әкелі-балалы екеуі батыр болған, қалмақтарға қарсы жан аямай күрескен. Бағай батыр үйленбей, ерте шейіт болыпты. Ал, Елтінді бабамыздан Молақ атты бір ғана ұл қалыпты. Қазіргі он тоғыз рудың бірі – Молақ руы сол адамның атымен аталған екен т.б.».

Міне, бұл дегеніңіз біздің көнекөз қариялардың есінде қалып, ұрпақтан – ұрпаққа ауызша тарих болып айтылып жүргендердің бір парасы ғана...Ал енді, егер Қазыбек бектің кітабы болмаса, өз ұрпағы білмейтін кітаптағы олардың ерлігі жәйлі мәселелерді Балғабек Қыдырбекұлы мен Бексұлтан Нұржекеұлы қайдан білген?! Басқаларын айтпағанда, Елшібек руында осындай адамдар болғанын қайдан оқыпты. Кімнен естіпті? Ұлы жырау Бұхардың Бағай туралы «Бағайым аз Суаннан, Бағай атқа мінгенде барлық елі қуанған» дегені, «Қасқары ұлы Молдабай, қара күші мол Бағай, бірің батыр, бірің бек, тұрсың-ау ығай мен сығай» деген жыр жолдары ше? Сонда Қабдеш ақсақалдың  Бұқар жырауды да жоққа шығарып отырғаны ғой?

Бағай бабамыздың қара күштің иесі екенін ауылдың бұрынғы ақсақалдары айтып отырғанын сан естіген едім. (Ол туралы кейінгі жылдары жазылған мақалалар да баршылық). Он екі-он үш жасар баланың қалмақтың батырын тұтқындап айдап келгенін естігенде бәріміз де таң – тамаша болып ертегі тәрізді сезінетінбіз. Ал, сол Бағай, туған әкесінің ағасы Елтінді батырға ілесіп жүріп шыңдалады. Жаугершілік жорықтарда досы Қасқарыұлы Молдабайдан ат үстіндегі айқастардың қыр-сырын меңгереді. Бойындағы алапат күштің көмегімен Наурызбай батырдың жекпе-жекке шығатын батырларының құрамына кіреді. Текелі ойпатындағы айқаста жаудың атышулы батыры Мұқырымен шығып, ақыры басын шабады. Аталмыш кітапты түгел оқыған адам сол кездегі ерлердің жанқиярлығына таңқалары анық. Айтпаса да түсінікті, сол батырларымыздың өшпес ерліктері болмаса қолтығына орыстар су бүркіп айдап салып отырған қапатаған қалмақтан жерімізді қалай тазартар едік?...

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, ойда-жоқта жазушы қауым аузынан тастамай құрметтейтін Қабдеш қарияның мұнысы не масқара? Неліктен бүкіл бір тайпа елдің тарихын күйелеп, аруақтарымызды күйзелтіп отырғанын түсінбедік. Іргелес жатқан Орбұлақ пен Үшсудың құйғаны аталатын жерлерде  сол қанды шайқаста атамекеннің азаттығы  жолында қаза тапқан ерлеріміздің сүйегі ақсөңке болып әлі де жатыр. «Қазақ әдебиетіндегі» мақаласын оқып отырып, бұл ағамыз  Б.Қыдырбекұлы мен Б.Нұржекеұлына деген ренішін «Қазақ деген айбынды ұлттың  шаңырағына уық  болып қаланған бір қауым рулы елден алмақшы ма?...» - деп, әрі-сәрі болдық. Сүйектері әлдеқашан қурап қалған әруақтарға топырақ шашқаны қалай? Жарайды, ағайын арасында реніш болмай тұрмайды, бірақ, ондай  өкпе-реніштен – Ел, Жер ,Ұлт тарихы қиянат көрмеуі керек екендігі «...бесенеден белгілі емес пе, ағалар..?». Еліміз егемендік алып еңсемізді көтеріп, өткенімізді түгендеп, өлгенімізді тірілтіп жатқанымызда халықтың ауызбірілігін ойлайды-ау деген қарттарымыз шалғайына шалынып, өнбес дауды тілге өзек етіп отырғаны жан ауыртады. Рас, Орбұлақ шайқасы туралы бастапқыда  аздаған қателіктер де болғанын Бексұлтан ағамыз ауданда өткен үлкен жиында ескертіп өтті. Оны сол жиынға қатысқан Талас Омарбекұлы, Берекет Кәрібаев т.б. майталман тарихшылар өз құлақтарымен естіген еді. 1993 жылдың жазында «Орбұлақ шайқасының» 350 жылдық тойын әйгілі Белжайлауда атап өткеніміз белгілі. Сол жиында баяндама жасаған жазушы, алаштың арда ұлының бірі - Әбіш Кекілбаев тойды ұйымдастырушыларға «Мен бұл баяндамамды жазу үшін көп толғандым, көп ғалым, жазушы, тарихшылармен екі жыл көлемінде ақылдастым. Демек, бұл менің ғана пікірім емес жігіттер...» дегенін өз құлағымен естіген сол тойды ұйымдастырушылардың бірі - Болатбай Көбенбаев, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Исламғали Үркімбайұлы, ақын, этнограф  Ә. Төреханұлы, аудандық газеттің бас редакторы Нұрәділ Бегімбетов, «Ел газеті» басылымының редакторы Роза Ыстай, т.б. көптеген азаматтарымыз әлі де арамызда.

Қабеңнің «Орбұлақ шайқасы» атты телехикаяны  көріп, ел  тарихын  күстаналап отырғанын байқадық. Ол киноға біз де іштей соншама риза емеспіз.  Қырғыз елін шауып, мыңдаған адамдарды  тұтқынға алып, тоқалын босатып   келе жатқан Батұр қонтайшы қатты қырғынға ұшырайды. Елу мыңға жуық жауынгерлерінің он мыңдайынан  өлі айырылып, қазақтардан азар қашып құтылады. Осы барысында оның  қол астындағы тайпаларға беделі кетеді. Қазақтарды қайта шабам деп қол жинағанда көбі бас тартады. Шайқас Қазыбек бек Тауасарұлы жазғандай,  Жаркент шаһарынан күншілік жердегі Жарбұлақ шатқалында өтеді. Ол кезде Орбұлақ деген сөз атымен жоқ. Ал, онда қалайша Орбұлақ аталды деген сұрақ туады. Себебі: жергілікті ел ор қазып жаумен шайқасқан бабалар ерлігін ұмытпаған. Сол себепті ол жер Орбұлақ деп аталған. Құланға емес, қалмаққа қарсы ор қазылғанын бұрынғы көнекөз қариялардан еміс-еміс естіп өскен жандармыз. Осы өңірдегі қазақтардың тағдырын осы ор қазып шайқасқан жанкешті 600 батырдың ерлігі шешкендіктен ел жерді «Орбұлақ» - деп атап кеткені айтпаса да белгілі емес пе? Бұл тарихи соғысқа тек қана батырлар ғана емес бүкіл өңір жұртшылығы қатысып, еңкейген кәрі мен ат жалын тартып мінген  ұл – қызы түгелдей қарсы тұрып  туған жерді жанкештілікпен қорғады. Ерліктің , елдіктің ерен үлгісін көрсетіп, мәңгі өшпес өр рухты ұрпағына аманат етті.   Ендігі ойымызды жинақтай келе мына бір тарихи деректерге де аз-кем тоқтала кетейік: «...Бұл мәселеге кезінде беделді тарихшымыз Мұхаметжан Тынышпаев та көңіл аударған екен. «Киргиз-кайсаки в17 и 18 веках» деген еңбегінде : «Хонтайши, решив жестоко отомстить казакам, вторгся в 1643 году с 50000 войска в пределы казахской территории («киргизской» демейді-Б.Н.) и успел покорить часть их владений. Джангыр сумел собрать только 600 человек. ...он устроил засаду в ущелье, окопал глубокий ров и обнес высоким валом »,-дейді  (А.П. Чулошниковтың «Очерки по истроии казак-киргизского народа в связьи с общими историческими судьбами других тюркских племен» деген кітабының ішінде. Орынбор, 1924 ). Халел Досмұхамедов те  «Родословная Жалантус-Батыра» деген мақаласында: «...казахский хан Жангир (т. наз. Великолепный), сын хана Есима Храброго,  в 1643 году с 600 воинами победил пятидесятитысячного войско Калмыкского хана Контайши-Батура», -дейді (В.З. Галиевтің кітабы ішінде, 120 бет). («Қасиетті Орбұлақ» кітабы, 71 бет). Бұған біздің алып қосарымыз жоқ. Осыншама жылдар бойы жазылған тарихи деректер мен мәліметтерді  «Орбұлақ шайқасы тарихта болмаған» - деп,  танымал ғалымдарымыздың  маңдай терімен жазылған еңбектерін бірақ сәтте жоққа шығарған Қабдеш ағаға не шара?!...

Сенбейтіндер, сенбейді өлдім десең» дегендей, сол әруақтардан қолхат алып қалмаған енжарлығымызға ғана қынжыламыз. Ал, әйтпесе...

«Тұйықсыз келген жауға алты жүз  қолмен ғана қарсы тұрған Жәңгір сұлтан жергілікті аңшы-батыр Елтіндімен жер жағдайын ақылдаса келіп, мергендерді ор ішінде отырғызып, түрлі әдістермен жауды көп шығынға ұшыратады».

Әйгілі «Орбұлақ шайқасын» жоққа шығарып, жергілікті елдің  өткеніне күйе жағуды біз, ұлт  тарихына жасаған қастандық деп түсінеміз.  Жазушы Қабдеш Жұмаділов осы өрескел қылықтары үшін Жаркент өңірі жұртынан  және сол шайқаста қаза болған ерлердің аруағының алдында кешірім сұрауға тиіс!

Ислам-Ғали ЖАРКЕНТИ

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, Панфилов ауданының

Құрметті азаматы, Панфилов аудандық

«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің     

төрағасы, «Жаркент жауһарлары» халық

шығармашылығы орталығының тәлімгері.




Мақала авторы:

Ислам-Ғали Жаркенти

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.